• Тіл
  • 06 Мамыр, 2015

«Керуен» бүгінгі тарихи кезең үшін жаңа сөз, тың көзқарас әкелген туынды

Туған әдебиет тағдыры сын сағатта тұрғанда бұл тұрпатты кітаптың жарық көруі – қоғамымыздағы демократиялық үрдістің жемісі. «Керуен» үлкен өлшеммен қарағанда поэтикалық кітап. Сөз қуаты, қазақ тілі қадыр-қасиеті жарқырай ашылады. Алайда автор бұл поэтикалық атау анықтама аннотация­сында «Қазіргі қазақ әдебиетінің толғақты мәселелері» деп көрсетеді. Себебі түсінікті болса керек, қазақ әдебиетіне сын сәулесін түсіру арқылы негізінен қазақ сөзін әдебиетті жүйелейді. Сын жанрлары арқылы орыс әдебиеті классикалық өреге көтеріліп әлемге танылғаны белгілі. Алайда бүгінгі қазақ әдебиеті ХІХ ғасыр көгіндегі демократиялық сын үрдісін қайталап, ескі сүрлеу шаңын қабуына негіз жоқ. «Керуен» керісінше, әдеби схема-шарттылықтарды, кезіндегі тұрпайы әлеуметшілдік сын әкелген шала сауаттылықты, тіпті орнығып қалған санадағы академизмді ығыстыру бағытын тұтынады. Сондықтан оның қаламынан шыққан «сын» көбінесе эссе болып қабылданады. Ал мазмұндық тұрғыда, ұзақ жылдар қазақ әдебиеті мәселелерімен түбегейлі айналысқан білім-білігі автордың бай материалы негізінде қазақ әдебиеттануын кеңестік демагогиядан арылтады. Яғни жаңа сөз – бүгінгі әдебиет лебі, ғылыми стратегиясы айқын сезіледі. Сын жанрында қазақ әдебиеті-руханиятының әлемдік бәсекеде бой көрсетер биігін белгілейді. Жаңа сөз – «жоқ-барды, ертегіні термеу» Абай концепциясы. Кітаптың алғашқы беті «Абай – біздің замандасымыз» эссесімен ашылуы тегін емес. Олай болса, бүгінгі жаһандану тұсында әдебиеттің ежелгі екшеу-елеу принципін ұстаным етеді. «Керуен» – Бақыт Кәрібаеваның «Қа­зіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму ар­налары» (Елорда, Астана: 2001) атты монографиялық зерттеуінің концептуалдық тұрғыдағы заңды жалғасы. Осы зерттеудегі «Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі» «Керуенде» сөз шебері Ғабит Мүсірепов, қазақ сөзінің құнары Ғабиден Мұстафин, 60-ыншы жылдар қазақ әдебиеті Ренессансы саналатын Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденовтер арқылы қызыл жіп болып тартылады. Мәселе – қазақ көркемдік әлемінің ғылыми-сыни жүйеленуінде. Бұл үшін филологиялық білім ғана жеткіліксіз. Терең тарихи таным қажет. «Абайдан басталған жаңа әдебиет жалғасы» («Қазақ әдебиетінің қазіргі көркемдік даму арналары») танымына терең бойлаған ғалым-сыншы бүгінгі әдебиет биігін белгілеуде де талмай ізденуде: Нұрлан Мәукенұлы шығармашылығына жасалған талдауы Айбергенов, Нәжімеденов, Мақатаевтар сараптамасын сыншыны толықтыра түскен. Бұл бағытта «Керуеннен» біз мына жолдарды оқимыз: «Ескіріп, тозып енді өмірге жарамсыз, көне боп қалған дәстүрлерден өзінің негізін аулаққа салады. Іргесін ажыратып алып, тың дүниені тарихтық жаңа жолдан іздейді. Осылайша ақын мен ақындық туралы, олардың коғам тірлігіндегі міндет, мүддесі туралы өзінің үлкен өріс арнасын саралап алып, бұдан кейінгі шығармаларында дәл осы бір өлеңде қалыптанған негіз бойынша әрекет етеді» (21 бет) абайтануға Әуезов қадаған бұл кіндік қазық бүгінгі қазақ әдебиеттануының да болашағын айқындамақшы. «Ақын», «сыншы» атаулары көне заман­нан-ақ дәл осы миссияны көздегені, оның бүгіндік жалғасын табуы – тарихи құбылыс. Бүгін «әдебиет бар немесе жоқ» деген дүдәмалмен тұйықталып отырған кезең үшін «Керуен» – бұл мәселеге ғылыми жауап қатқан соқталы еңбек. Академиктен қатардағы студентке дейін берері мол, оқырман қауым қызығушылығын оятатын бағалы кітап. «Керуен» қазақ тарихына тұтастық тенденциясын тұтынады. Мәселен, Сәкен әзір әдебиет тарихында тек төңкеріспен ғана орайлас түсіндіріліп келсе, Бақыт Кәрібаева ақынды табиғи-тарихи тың фонда қарастырады. Буы бұрқыраған өмірмен беттестіреді. Бұл санаға басқаша таным сәулесін түсірері анық. «Керуеннің» үлкен бір тарауы «Тағдыры-тарих» аталуы тегін емес. Кезінде қазақ әдебиетінің есесі кеткен таным көздері тарқатылады. Бір ғасырлық таптауырын болған советтік танымнан ғасыр басындағы ғылыми сүрлеуге секіріп түсе алмаймыз: сана жарық шағын емдей алмаймыз. Оған көрнекілік-кәсібіне берілген рухтың тынымсыз жұмысы керек. Осы фактор «Керуеннің» кезеңдік тарихи сипатын арттырады. Автор кейбір нақты деректі мақсатты саналы түрде тарих үшін пайдаланатындай. Иә, мықты болсаң, бүгіннен бастап тарих жасап көр! Сонда ғана өткен тарихымызбен тұтаса аламыз. Осы бір көркем тетікті меңгерген қаламгер әдебиетке өзінше із тастайды. Бүгін мифке айналдырыңқырап алған тарихымызға жан бітіреді. Мәселен, Астана тарихы ғалым-жазушы қаламында әдебиеттегі жаңа парақтай оқылады. Арқаға Абылай салған «Шаңды жол» руханияттағы «Абылай аспас сары бел» афоризмнің астарына бойлай түседі: тарихи көрнекілік табады. Тың дерек көздері сабақтала түседі. Бұған «Шоң мен Шоқан», «Қарқаралы қазылық, жатырмысың жазылып», «Ұлы Жібек жолының бойымен» деректі хикаяттарын қоссақ, тарих қаймағы қалыңдай түспекші. Ал негізгі әдеби әдісі жағынан Мұхтар Әуезов негіздеген «тарихи тақырып» өміршеңдігіне ой жібергендейміз. Бұл бағытта ол материал су асты ағынымен толыға түсіп, Астана алтын көмбеге айналады. Оның Абылайдан бергі тарихи тұлғалары бой түзейді. Дала демократиясын негіздеген Шоң би озық ойларымен Шоқан ұштасып жатса, кешегі тарландар тобының соңғы болат тұяғы Сәйділ Омарұлы Талжанов Сәкен жаңашылдығымен, Алаш зиялылары құндылығында – Әуезов, Мағжан, Диваев кезеңіндегі Ташкент – САГУ жанды тарихымен ұласып кетеді. Сөйтіп ХХ ға­сырдың рухани тынысы эпикалық көрініс табады. Көркем ашылады. Бұған Сәкен – советтік заманның асыл мұраты ретінде тарих сахнасынан көрінген асқан талантты тұлға Кәрім Мыңбаевтың бүгінге беймәлім өмір парақтарын қосыңыз. Тағы да тарихи тұрғыда қарасақ, 50-жылдар келбеті – қазақ мәдениеті мен ғылымы – Әуезов, Қаллеки (Қалибек Қуанышбаев), Күләш Бәйсейітова, Дінмұхаммед Қонаев аумағында ашылады. Ал «Ұлы Жібек жолы бойымен» эссесінде сол Шоқан – Әуезовпен қайта табысамыз. Бұл жолы да тарихи дерек көркем өнермен әдемі қойындасады. Мәселен, Шоқанның Қашқарға сапары Құлжа жолымен келе жатқан жазушы жадында қайта тіріліп жанды өмірге айналады. «... Біз Кегенге келсек, жана ғана жаз болып тұрған күн күрт құбылып, қалыңдап қар жауып қойды. Күндіз шуақ төгіп, арқа-жарқа болып тұрып, керуен күркесі іргесінен түнімен жауған аппақ қар таңертең Шоқанның қап-қара шашын сенсендей басып қалған сурет-хал есіме түсіп өзіме-өзім жымидым» (330 бет). Сөз жоқ, бұл дерек Шоқан күнделігінен алынып отыр. Сол секілді, «... Япыр-ай, Ғайса тума тұрып ата-бабам мекен еткен бұл өлкеме өкшем тимей кете жаздаған екен-ау!» (337-бет) деуі де автордың мол тарихи материалға қанықтығын байқатса керек. Сол сияқты, сол Шоқан заманынан ағыны айнымаған Шарын өзені, Шоқан ұнатқан «Қоңырбас» өсімдігіне дейін автор назарынан тыс қалмай, оның ыстық демінде екінші өмірге айналады. Тарихи тұлға – тарихи тақырып Мұхаң (Әуезов) негіздеген көркем деңгейден құлдырап кетпеуі тиіс. Ал бірізділік – сөз, стиль қайталау өнерге жат, сын-мін екені белгілі. Бақыт Кәрібаева өзінің тұлғалы әдебиет концепциясын эсселік көркем жаңа нұсқада жазуды мұрат еткендей. Мұнда көркемөнер мен тарих әдемі қойындасады: әдеттегіше тұлға арнайы тақырып емес. Тарихи тақырып бүгіндік интеллекті сезімінде пісіліп жетіледі: тарихи тыныс оқырманға жаңа сөз болып жетеді. Мәселен, «Қарқаралы – қазақ қаласы» (Мағжан) тарихи тақырып оның «Қарқаралы қазылык, жатырмысың жазылып» эссесінде көптеген тарихи дерек-дәйек арқылы тарихи-көркем көкжиегімізді кеңейтеді. Іргетасы Құнанбай заманы болып ескек желдей есіп тұр­ған жақпар-жақпар ақ, қызыл, көк тастардан қаланған мешіт мәселен, эссеге тарихи ­сипат береді. Ал тарихи тұрғыда бұл заттық фактор тереңдей зерттеуге түрткі болады. Немесе осы шығармадағы Құнанбай, Абай, Әлихан, Ахметтер елесі қалған Бекметовтердің «жасыл шатырлы» Үйі тарих па, тарих! Бұл бірден-бір тарихи киелі орында жазушы жаңа буын ортасында Тәттімбет күйін тындап отыр. Бұл көрініс фотосуретпен көрнекіленген. Бір сәт үнсіздік оқырманға ой тастағандай. Эсседен үлкен тарихи ұлағат сезіледі. Шығарма шағын, алайда ондағы кең тарихи ауқым санаға салмақ салады. Міне, бұл тікелей авторлық қолтаңба жеңісі мен жетістігі. Бүгіндік – көркемдік талаптың жүзеге асуы. Яғни тарихи тақырыпты бүгінгі оқырманға ұсыну тәсілі жан-жақты ойластырылған. «Қарқаралы қазылық, жатырмысың жазы­лып» атауынан бастап тарих исі шығады. Мар­ғұлан қазбаларынан, Шөже ақын сөзінен са­­бақ тартады. Ол – өзінше тарихи арна. Мә­лік­­сайдағы Мәди бейіті, мұндағы Әлихан, Ах­­мет ізі әлі ашылмаған жаңа тарих беттері осы­­­ны сезінген автор терең демалып: «...алып­­тар ізіне түсіп кеткен менің ойым тұрмақ бой­ым да көрінбей қалды» (321) деуінде үл­кен міндет, алынбаған әдеби-тарихи асу белгі береді. Ал «...бұл шоғырдың жұп жазбай бірге қимыл көрсетуі, алмағайып күнде де сусымалы алтындай бархан ішінде із қалдырып жоталана көшуі де содан. Сол Кенттей ақыл-ойға кең өріс болған жазира мекен осы Қарқаралы қазылық еді-ау (329-бет) дегенде де, қазақтың Абайдан бергі тарихы терең тыныстағандай сезінесің. «Керуенге» енген Бақыт Кәрібаеваның көркем дүниелері осы үрдісте тарихқа осылайша өткір сәуле түсіріп оқырман сезімін ширата түседі. Бұл бағытта жазушы қаламына құнарлы да бай материал іліккен. Мәселен, Шоқан заманындағы Шоң би ақыл өресі, биік парасатымен туған тарихымызды Абай-Шоқан деңгейінде көрсетіп байыта түсетініне көз жетеді. Мұнда да аса бай тың дерек жаңаша пайымдаулар арқылы алтын тарихымыздың жаңа парағындай ашылады. Мұндағы материал өзінің берік негізімен «Абайға» барып құйылатын арналы өзен. Шоңның 13-14 жаста татар-орыс тілдеріне жетік араб графикасымен округ приказына жазған арызын архивтен аршып алғанда автор Шоң тарихының жанды тетігін тап басқан. Әрмен қарай Шоң би бүтін қазақ тарихымен тұлғалық биігінде тұтаса түседі. Бұл оны Шоқанмен бітістіретін-біріктіретін тарихи айғақ. Шоқанның «Сот реформасына туралы» мақаласына осы Шоң би арқау болған. Сол тұстағы осы би мектебінің белді бір мүшесі аты таңбаланған мөрдің фотокөшірмесі берілуі бұл тарихилықты бекіте түседі. Кітаптан бұл тәрізді айғақты деректерді санап шығу мүмкін емес. Көркемдік контекстіне табиғи сіңісіп кеткен. Бұлардың дені бұрын-соңды оқырман зердесіне ілікпеген тың материал. Мәселен, сол Шоң заманындағы Ақмола округын билеген 5 бірдей белгілі тұлғалардың фотосуреті ұсынылып отыр. 20-30-жылдардағы САГУ студенті Сәйділ Омарұлы Талжановтың оның туған ағасы Әшім Омарұлы (Сәкеннің үзеңгілесі), оның жары Ақмоладағы атақты Шақыш төре қызы Зуратайдың, тіпті аса көп зерттелген Сәкеннің бұрын еш жерде жарияламаған 32-інші жылғы фотосуреті жаңаша жазылып отырған қазақ тарихы мәтініне – көркем концепция тұрқына жіті сәйкестікпен үйлесім табады. Сөйтіп, «Керуен» – тұнба тарихымызды қозғалыс үстінде көре білген бүгінмен астасатын, жанды тетіктеріне бойлататын қасиетімен бағалы. Дерекке жан бітіру – жазушы жүгі. Қашанда ғұмыры ұзақ құнды жәдігерлер объективтік себеп-салдардан туындайтыны белгілі. Бұл тұрғыда кітап үлкен әдебиетпен араға көпір қызметін атқарардай өреде жа­зыл­ған. Әсіресе, әдебиеттанымдық ойлау машығы, теориялық пайымдары қазақ әде­биет шеңберін бүгінгі күні ұлғайтатыны дау­сыз. Бұл турасында оның ғылыми-сыни сарап­тамаларының орны бөлек: кезінде қазақ әдебиетінің есесі кеткен таным көздері па­рақталады. Бір ғасырға жуық таптаурын та­нымнан ғасыр басындағы ғылыми сүрлеуге біз тек сүбелі осындай еңбектер арқылы ғана арыла аламыз. «Керуен» қазақ руханиятының құн­дылықтарымен композициялық іштей тұ­тас­тықта көрініс берген жаңа сөз екені ақиқат. Тарихты догмаға айналдыруға еш болмайды – мықты болсақ, бүгіннен тарих жасайық. Өткен тарихты бүгінмен бүтіндейік. Бақыт Кәрібаеваның ғылыми-көркем тұлғалылығы, табандылығы осы жерден айқындалады. Мәселен, «Абылай аспас сары бел» афоризміне біз бұрын-соңды тарихи-көркем талдау жасаған кітап оқыған жоқпыз. Әңгіме қаламгер қалам қайратына орай қозғалып отыр. Тіл-афоризмдері ережесін немесе Абылайдың белгілі «тарихын» хрестоматиялық деңгейде қайталап беру – әдебиеттегі жаңа сөз бола алмасы белгілі. Бұл – Әуезовтің тарихи тақырыпты игеру сыр-сипатын еске салады. Ал Бақыт Кәрібаева тақырып етіп отырған би мектебі – бүгінгі қазақ әдебиеттану үшін тың тақырып. Мұнда бұрын естілмеген есімдер көптеп кездеседі. Ал Астана тарихына орай кітаптағы «Шоң мен Шоқан» тарауы дер кезінде айтылып отырған тың тарих – жаңа сөз. Сол секілді, жазушы қиялы советтік Сәкен тарихын басқаша, кезінде көре алмаған өмір деректерімен ұштап, уақыт талабынан табылуға қызмет етеді. Қызыл Сәкен төнкерістен емес, ендігі жерде ел мен жерден туған адами қоғамдық тарихи тамыры қазіргі Астана – Ақмола округі тарихымен астасып жатыр. Жоғарыдағы Шоң мен Шоқан тарихының жалғасы. 13-14 жаста осы округтың приказына іс жүргізуші қызметіне орыс-татар тіліне жетік қабылданған Шоң Марғұлан аңыздарында аты аталады. Кейін дала демократиясының негізін қалаған білімді би Шоң мен Сәкен тарихы тұтасып жатыр. Бұл – әлі түрен түспеген Астана – Арқа тарихы Сәкен сәулесі түскен «Тар жолдағы» Мыңбаевтар, Айнабековтер, Омаровтар осы жаңа тарихпен орайлас әрі кең тынысты қазақ тарихына ұштасады. Мәселен Кәрім Мыңбаевтың шығармашылық қуат көзін ол тұнба тарихымыздың тұма бұлағындай ағытады. Бұлар – бүгін қоғам қажетсініп отырған құндылық, ғылым-білімнің көзі-кені. Сәкеннің ауылдасы сол сары Омар ұлы Сәйділ – САГУ түлегі ол Сәкен үшін 19 жыл айдауда болып, қайтып оралғанда Шоң би оның қаламына сол совет тұсында-ақ іліккен еді. Сол секілді ол «Сейфолланың Сәкені» повесін де сол заманда-ақ советтік танымнан басқаша: төл тарихи танымнан қол аударған жоқ. Бақыт Кәрібаева: «Сәйділ Омарұлы ­Тал­­жа­­нов – қазақ руханиятын биіктетті» де­генде, ғылымдағы осы парасаттылықты нысана еткен болар. Күні кешегі бұл ғылым биігі бүгін еленіп-ескерілмесе арғы тарихқа қай концепцияда қол жеткізбекпіз?! Бұл сауалға жауапты да біз кітаптағы «Тарих пен танымы – егіз» атты тараудан табамыз. «Тар жолдағы» атақты Мыңбаевтың інісі Кәрім Мың­баев аса ірі реформатор ғалым ретінде Сталиннің көзі түскен: Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырған ВАСХНИЛ директорлығына тағайындалған. Автор 40-50 жылдардағы Алматыдағы қазақ зиялылары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Қуанышбаев, Б.Момышұлы тәрізді Ренессанстық тұлғалармен оны тұтас тарих ретінде танытады. Эсселік жазбадан уақыт лебі еседі. «От ұстаған» атауы шығар­ма­ға дұрыс берілгеніне көз жетеді. Небәрі 6 жыл ішінде Қазақстанда 17 ғылыми зерттеу институтын ашып, ауылшаруашылығын сан-сала­сын ғылыми практикалық жағынан рекорд­тық көрсеткішке көтерілгенін айтсақ та жеткілікті секілді. Қазақ ұлтының алып тегеуірін иесі расында да өзгеше бітімімен жоғарыдағы әдебиет, өнер майталмандарын тәнті еткені – тарихи шындық. Ол 30-жылдарда Халық Шаруашылық Институты (Нархоз) доценті Мәскеу-ленинградтық аса ірі тұлғалы ғалымдарымен қатар тұрып бәсекелестік қабілетін молынан танытқан. Бұл орыс ғалымдары мұның бәрін хатқа түсіріп кеткен. Тіпті әлденеше буын сұлулықпен сусындаған М.Горький атындағы паркты тұңғыш ғажайып гүлзарға айналдырған да осы Кәрім екен. Оның өнер-ғылым үшін туған дара талантты болмысын орыстың өнерлі ұлы әйелі Наталья Сац алтын қаламына өзек еткен. Осының бәрін біз «Керуеннен» қазақ мәдениетінің жетістігі ретінде оқып біле аламыз. Бақыт Кәрібаеваның қазақ тарихы құндылығын іздеудегі батыл да сәтті қадамы дей аламыз. ХХ ғасырдағы қазақ зиялылары бел орта­сы­нан табылған Әшім Омарұлы Омаров – Сәкеннің үзеңгілесі «төңкерістің» тұтқы­ны бо­лып қалған жоқ. Жалпыадамзаттық құн­ды­­лықтарға қол сермеді. Қазақ руханиятын ғы­­лым-біліммен молықтырды. Адамзат тари­хын тұңғыш қазақша сөйлеткен – осы жаңа көз­­­қарастағы Әшім Омаров болатын. Осындай сиректер болса керек, бізді адамзаттық құн­­ды­лықтарға бүгін де темірқазықтай жол көр­­­сететін. Міне, өркениеттік ғылым-білімге арқау боларлық тұлғалар қазақ тарихында жет­­кі­лікті екен. Ендеше, Бақыт Кәрібаеваның ғы­­лым мен білімді бөлмей тұтас концепцияда қарас­­тыруы, сараптамалық-практикалық ең­бек­­тер беруі – уақытпен үндестік табуы заңдылық. Ғалым-жазушы бұл құндылық іздеу концеп­циясын қазақ қоғамында бүгін ең өзекті болып тұрған білім саласынан бөле-жара алмас едік. Оның көркемдік концепция­сы қазақ классикалық әдебиетімен табиғи тұтастықта танылады. Абай, Ахмет, Әуезовтер өзегі өртене жазған ағарту арманы бүгінгі филология ғылымының докторы, профессор Бақыт Кәрібаева жазбаларындағы жан толғанысынан тыс дүниелер емес. Абайдың «Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды» – ащы сыны Әуезов сүйегіне сінсе, Ахмет «Маса» бо­лып ызындай берді. Міржақып «Оян, қа­зақ» деп ұран тастады. Сондықтан Әуезов тыр­нақалды Маххабат трактаты – трагедиясы «Еңлік-Кебекте» «біріңнің де нәрің жоқ, елім қайтып күн көрер» деп күңіренген еді. Сөйтіп, сол тұстағы интеллигенция тақырыбында жазған мақалаларының тереңіне-тамырына бойлай түсті. 30-нау­рыз күні «Астана» телеарнасында «Қазақ әдебиеті» оқулығы – мазақ-масқара. Болмысына қарсылық танытқан халық наразылығы шарасын көріп, әлгі көш-керуеннің бүгінгі «Керуендегі» бұл мәселенің себеп-салдарына бүгіннің биігінен барлаған, бағалаған Бақыт Кәрібаеваның эссе, мақалаларын оқыдық. Кезеңнің шындығы бүгіндік материалмен толыққан. Ол тәуелсіздіктің ақ таңы атқан күні-ақ: «Әдебиет пәні бет бұрысқа мұқтаж» депті. Сонау 80-90-жылдар «Тіл құны мен құнарын төмендетпейік», «Жан-жарасы» деп жарсала отырып, білім беру мәселесінің нақты деректерін көлденең тартады. Кәсіби маман шекпенін жамылып бұл атан тартар жүкке кеше өзін құрбан еткендер жолына түсіпті. Ол да: «Ақыл-ойды тұмшалау – өркениет алдында қылмыс» дейді. Қоғамның өткір мәселесіне арандаса да, ұлы ағартушылар арнасынан адаспапты. Өйткені солар секілді бұл да бала оқытты. Мектеп мәселесімен шұғылданды. Сондықтан күні кешегі халық наразылығы шарасын алдын алып жазған «Әдебиет пәні болашағы қандай» (105-бет) мәселе диалектикасын нақты көрсеткен: романтика емес, реализмге жүгінген жазушы ғана жаза алатын қолтаңба танытқан. Осы қатардағы «Интеллектуалды ұлт жайлы толғаныс» (118-бет) топтама көркем материалдар кезеңдік ағарту саласын салалайтын жоғарыдағы толғақты мәселелермен толыға түскен. Иә, «Керуен» – атына заты сай қазақ сөзінің керуені қызметін атқаратын кітап.

 Дәуіржан Төлебаев

3693 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы