• Тұлға
  • 14 Мамыр, 2015

Бір сәттің мәңгілігі

Жылдар елді де, ерді де есейтіп жатыр. Сол ел мен ердің есею жылдарын қазақ елінің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап қарастырар болсақ, біз есейіп қана қоймаған екенбіз, біз көне тарихтың беттеріне жаңа сиямен өзіміздің жаңа тарихымызды жазып та жатырмыз. Тәуелсіз еліміздің ширек ғасырға жетер-жетпес сол жаңа тарихының әр беттерін тереңірек зерделеу де керек екен. Өйткені бұл тарих біздің Мәңгілік Ел тарихының жаңа да жарқын беттері болмақшы. Дәл осындай бір туынды кітаптың жарыққа шығып, қолымызға тигеніне қуандық. Бұл туынды тарихты жазған және де өзі баяндап отырған тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрген, жүріп қана қоймай, тәуелсіздігіміздің алғашқы сәттерінен бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болып келе жатқан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов еді. Жақында белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановтың  «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» деген кітабы жарық көрді. Қуаныш ағамыз бұл кітабында қазақ елінің өз тәуелсіздігін жариялар тұстағы және одан кейінгі аса күрделі де, тіпті қиын кезеңдердегі Ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жалғыз қазақ тарихының ғана емес жалпы дүние тарихының небір аласапыранды тұстарында шынайы парасатты да кемеңгер тұлға бола білгендігін сол кезеңдердің небір шырмалған шырғалаңдарын шешу үстіндегі шешімдері мен ұстанымдары арқылы әсерлі баяндап береді. Кітап негізінен әр жылдары жазылған және де өз кезінде түрлі бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланған дүниелерден тұрғанымен, бұл жинақта тұтас бір дәуірдің және де ел тәуелсіздігінің тұтас бір шежіресі жатыр. Бұл шежіре – сыр бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да керек. Бұл ешбір пікірталас тудырмайтын жай болса керек. Өйткені уақыттың зымыран көші бізден, біз кешегі өткен күндер жағалауынан алыстаған сайын сол өткен күндердің тарихи сәттері көмескіленіп қалмауы үшін керек. Мысалы, осы жинақтағы «Сын сағатта» атты еңбегінде автор Қарағанды кеншілерінің 1989-жылғы шілде айындағы отыз алты сағаттық ереуілі тілерсегі тәлтіректеуге айналған сол кездегі Кеңес Одағының апшысын қуырған ащы оқиға болғандығын айтады. Әлеуметтік жағдайлары әбден қиындап, тұрмыс титықтатып тастаған шахтерлер ереуілдеп, Мәскеуден келген небір шенді-шекпенділердің сөздерін тыңдамақ түгілі, мінбеге де шығармай, «біз сөзімізді тек қана Назарбаевқа айтамыз» деп отырып алуларында қарапайым халықтың әу бастан Назарбаевқа деген көңіл сенімінің ертеден орныққанын аңдатады. Назарбаевқа деген бұл сенімнің түп бастауы сол кезде жас та болса, өмірден бар көргендерін көкейіне тоқи білген және де өмір ұстаздың сәт сайын беріп келе жатқан сабағын зейінді зердесіне тоқи білген ой тереңдігі мен сана кемелділігінде жатса керек. Біз осылай деп түйдік! Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың түнді таңға ұластыра отырып кеншілердің бар мәселесін шешудің жолдарын айқындауы және де сол кеншілердің алдына шығып сөйлеген кезінде құрғақ уәдені үйіп-төкпей, «барды бар, жоқты жоқ» деп адал сөйлеуі барлық күрделі мәселенің түйінін шешер ең басты амал құралы еді. Тіпті ел билігінде отырған кезеңдердің қандай болмасын жағдайларында да Назарбаевтың өз халқымен күні бүгінге шейін ашық, тура және ешнәрсені жасырмай адалын айтып келе жатқандығы қазақстандық қоғамның тұрақты да сенімді ілгері басуының басты бір тетігі болып қалыптасып отырғандығын айтқан ләзім. Қуаныш Сұлтановтың қазақ елі тәуел­сіздігінің шежіресін жазып келе жатқан еңбектерінің әрқайсысының тартымды әрі нанымды да танымды болып шығарының басты бір сыры бар. Көзбен көріп, көңілге түйген жайларды әсірелемей және де тарихи оқиғаларды тарихи шыншылдықпен айтып, жаза білуі арқылы Қуаныш аға өзіне тән әңгімешіл сарынмен сөйлейді. Сөйтеді де, сол тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрген адамның әлдебір мақтаныш сарынымен емес, керісінше сол өзі куә болған әр оқиғадан бүгінгі де, келер ұрпақтар да сабақ алса екен, мына бір мәселені көкейлеріне түйіп жүрсе екен деген жанашырлықпен сөйлейді. Мұның өзін Қуаныш Сұлтанов атты тұлғаның бір ай­рық­ша ерекшелігі деп таныдық. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан­ның бүгінгідей әлемнің беделді бір мемлекет болып қалыптасуы жолындағы дара тұлға болғандығы тарихи ақиқат. Бұл орайда Қуаныш Сұлтанов өзінің «Президент және Астана» атты еңбегінде: «Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл халықтың көз алдында дара Тұлға болып қалыптасты. Халқының сеніміне ие болды. Елдің аманатын орындау мақсатында мемлекет басқару ісінде білімділік, біліктілік, қайраткерлік, салиқалылық, жанашырлық үлгісін көрсетіп, қазіргі ғаламдық құбылыстардың алапат дүрмегіне ұлтын сақтай, мемлекетін беделдендіре үйлесе алатын жол табуға мүмкіндігі де, қабілеті де мол Тұлға болып қалыптасты» деп Елбасының тарихи тұлғасына анық та қанық сипаттама берген. Өз пікірін жанды бір тарихи оқиғамен ұштастыра баяндау арқылы автор Назарбаевтың сол тарихи оқиғалардың басты әрі негізгі кейіпкері ретінде суреттейді. Алайда бұл суреттеме ойдан ешнәрсені қосуға болмайтын және де жазған жайыңның өзегінде ел, жалғыз ел ғана емес-ау, адамзаттың тұтас дәуірі жатқандығы болса, ол тек қана болған оқиғалар мен нақтылы айтылған сөздер мен пікірлер ғана негізделуі керек. Сол тұрғыдан келгенде, ел мен Елбасы жайында дәйекті те дәлелді де сөз айтып келе жатқан Қуаныш ағаның «Президент Қытайға не үшін барды?» атты еңбегін тәуелсіз ел шежіресінің құнды бір беттері деп қарастырар едік. Президентіміздің қазақ мемлекетінің Қытаймен арадағы шекараны анықтап, бекітіп алудағы қадамы ел тәуелсіздігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды бір тарихи қадамы болғандығы анық. Жетпіс төрт жыл билік құрған және де екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз болып шыққан кешегі Кеңес Одағы мен Қытай мемлекеті арасында ешқандай шекаралық келісімге қол қойылмай кеткендігін ескерсек, тәуелсіздігінің туы енді ғана көтерілген Қазақстанның өз елінің шекарасын анықтап алмаққа қойған ниеті бұл елдің басшысының адами да саяси зердесі терең екендігін аңдатқан болатын. Сол 1995-жылдың қыркүйек айындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың Пекинге келген сапары барысында басталған әңгіме осы көрші елмен күні бүгінге шейін іскерлік пен өзара сенім қарым-қатынасының алтын арқауы болып тартылды. Бұл – сөз жоқ, Назарбаевтай тұлғаның Қытайда тұңғыш рет мойындалғандығы болатын. «Нұрсұлтан Назарбаев әңгімеге бастамшыл болып, кездесуге мол дайындығын көрсетті. Әңгіме үстінде әлденеше рет тарих қойнауына бойлап қайтты. Қытай тарихының әр династиясының философтары мен ақындарының қанатты сөздері де, қытай мақалдары да айтылды. Қытай басшысы жас мемлекеттің жас басшысына дән риза болды. Сол жолда шекарадан бас­тап, шекаралық өзендер, Қытайдағы қа­­зақтар жағдайы, олардың өз тарихи Отанына көшуі сияқты түбірлі мә­се­ле­лер кеңінен талқыланды» дей отырып, Қуаныш Сұлтанов сол кездесуден: «Шүкір. Бір кездегі аңдыздаған жорық, бірін-бірі аяу­сыз жойып жіберуге ұмтылған соғыс замандары да тарихтың үлесінде қалды. Тәубе деп қуанарымыз – қазіргі бейбіт заман. Бұл – тағдырдың да, тарихтың да біздің ұрпағымызға берген теңдесі, бағасы жоқ керемет сыйы. Соның құнын, қадірін біліп, сақтай алу, болашаққа аманат ету – біздің парызымыз» деген ой түйе отырып, сол ойын ағалық айтарымен айшықтайды. Бұл – өлмес сөз! Бұл – Елбасының елімізді Мәңгілік Ел қылудың ұлы мұратын сәт сайын жадынан шығармай, ел болуымызды ойлай білер әр адамның қасиет тұтар киелі сөзі! «Ел беделі» атты шағын әрі әсерлі оқылар еңбегінде Қуаныш ағамыз Елбасының Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі алғашқы көңіл әсері мен ойларын тартымды жеткізе білген. «Мен де мемлекет құрған жоқпын. Ал енді тәуелсіз мемлекет құру бақыты да, жауапкершілігі де біздің үлесімізге тиіп тұр»  деген Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір-екі ауыз сөзінде оның бар жан дүниесін аңғаруға болар еді. Елбасының сол жан дүниесін осы екі ауыз сөзімен-ақ ашып беріп тұрған автор осы жолы да қазақ мемлекеттігін орнықтырудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін тағы да бір қырынан таныта білген. Әсіресе, өз кезінде әр жерде білім алып, әр мемлекеттерде қызмет атқарып жүрген қазақ азаматтарын енді өз еліміздің қызметіне жұмылдыру бағытындағы Елбасының өз елі мен сол өз елінің өз ерлеріне деген шынайы таза да адал ниеті жатыр еді. Без имени-6 Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күнде­рінен бастап, сол шетте жүрген оқығаны мен тоқығандары мол бір шоғыр қазақ азаматтарын бауырына тартып, олардың да өз елдеріне қызмет етулеріне бар жағдай жасай білді. Бұл орайда әуелі халықаралық дәрежеде қызмет атқарып жүрген қазақ азаматтары елге шақырылса, олардың әрқайсымен жеке-жеке пікірлесіп, әрқайсына қызмет беріп елге тарта білген Елбасының бұл қадамын тәуелсіз ел алдындағы ұлы жауапкершілігін шынайы сезіне білген кемеңгерлігі жатқан еді. Елбасы зор сенім артып, қазақ елінің тәуелсіздігіне қызмет етуге келгенде бар білімі мен біліктілігін барынша сарқа жұмсап келе жатқан сондай тұлғалардың бірі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жайлы автор аса бір қызықты да сүйсінерлік жайды баяндап кетеді. 1992-жылы Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Сергей Терещенконың Қытайға сапары кезінде Қытайдың Премьері Ли Пенмен арадағы келіссөз кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық кездесулердегі әңгімелер мен қабылданған құжаттарды қытай тілінен орыс тіліне, қажет жағдайда қазақ тіліне де шебер аударып, Қазақстанның абыройын асырса керек. Сол кездесудің қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз кон­фе­рен­ция­сына дүние мемлекеттерінің біразынан жиналған журналистер тарих сахнасына енді ғана алғашқы қадамын жасаған, ақиқатын айтар болсақ «Бұл Қазақстан не қылған, қайда жатқан ел?» деп бір-бірінен сұрай отырып өз сұрақтарын жаудырған сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қытайша-қазақша, қытайша-орысша және бұған керісінше шебер аударып отырса да, әуелден өздерін асқақ ұстайтын америкалық журналистің біреуі «мен сұрақты ағылшын тілінде қояйын деп едім» деп сынай қараса керек. Осы бір сәтті суреттеген Қуаныш Сұлтанов әңгімесінің қаймағын алмастан, өзінің дәмді баянымен бергенді жөн санадық. «Мен сұрақты ағылшын тілінде қояйын деп едім. Аудармашылар бар ма?» деп сұрады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ағылшын тілінде: – Сұрағыңызды қойыңыз,–деді. – Мен, аудармашылар бар ма, соны білгім келеді,– деп қайталаған шетел журналисіне Қасым-Жомарт: – Алаң болмаңыз, сұрағыңыз аударылады, – деп байсалды салмақпен жауап берді. Содан әлгі журналист ағылшынша сұрақ қойған кезде, Қасым-Жомарт Кемелұлы оның ағылшыншасын қытайша, қа­зақша, орысша – үш тілге аударып, жауа­бын ағылшын тіліне аударып, тайға таң­ба бас­қандай айшықтап сөйлеген кезде, әлгі жур­налист өзінің жөнсіз қойған сұрағына ұял­ғандай болып, өзі қол соғып жібергенде оны басқалар да қол соғып қолдап еді. Бір жақсы әсер болды». Міне, ел мерейінің асқан бір сәті! Міне, сол ел мерейін асырған ер келбеті! Осы бір сәтте Қуаныш Сұлтанов бізге тағы да Елбасының үш тұғырлы тіл саясатының өмірлік маңыздылығының терең мәнін ұғындыра түскендей әсер қалдырары бар. Алыс-берісі де, адамдарының қарым-қатынасы да суша сапырылысып араласып жатқан мына заманда көп тіл білу ең әуелі өзіңе, одан қалды еліңнің қажетіне жарар қағиданы ұстанып отырған бүгінгі күннің ақиқатымен бауырласып жатқан бұл тұғырдың ендігі біздің басты бір тұғырымыз болып орнығарына да сенер едіңіз. Тарихтың бәр сәті! Алайда сол бір сәтте тұтас бір дәуірдің тағдырын анықтап, шешіп берер уақыттың ғаламат өлшемі бар. Қас пен көздің аралығындай ғана өмірдің сол бір сәтінің тарих көшін мәңгілікке бастап та жүре берер тағы бір ғаламаты және де бар. Сол бір сәттік қана тарих өлшемдерінің әрбір оқиғалары мен жайларын қағазға түсіріп, әсерлі етіп баяндап бере алған Қуаныш Сұлтанов жазбаларының қай-қайсысын алсаңыз да, олардың әрбірінде ел мен ер тағдыры бар. Ел тағдырының жаңаша қалыптасуы мен қазақ халқының тарих сахнасына тәуелсіз ұлт есебінде шығу шындығының бір куәгері ретінде қалам тербеген Қуаныш ағаның ойлары мен пікірлері де өз ойыңды байытып, өз пікіріңді пайымды ете түсер пәрмен күші бар. Бұл жағдай автордың әр шығармасынан айқын аңғарылады. Өйткені Қуаныш Сұлтанов осы кітаптағы әр дүниесін ой қаламымен ойып жазып, көңіліндегі сол көрікті ойларын өз халқының адал бір перзенті ретінде адал ниетімен айтып бере алған. Қуаныш ағаның сол адал ниеті мен адал көңілінің ешқашан айнымас және де қайтпас қайсар рухының сөйлер сөзінің өзегі мен жазар қаламының ұшында өзінің туған елі мен туған халқының тағдыры жатыр, болашағы бар. Ал енді тағдыр мен болашақтың тиянақты да болжамды сөзін айта білу де екінің бірінің маңдайына жазылмағандығы және де бар. Ел алдында тұрып сөз сөйлеу және де сол еліңнің әр сөзіңді аузыңнан қағып алып, алдыңнан тосып отырар құрметі мен сеніміне ие болдың екен, «тура бише тура сөйлеуің» керектігі тағы да бар. Жалғандығыңды жалпақ жұрт тыңдамайды да, қабылдай да алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, Қуаныш Сұлтанов – бағы жанып келе жатқан адам! Өмірдің бүгінгідей биігіне талмай өрлеген Қуаныш ағаның сол бағы әрдайым өз елімен бірге жанып келе жатқаны да бар. Ел бақытты болмай, ер бақытты болмас! Қуаныш Сұлтанов ғұмырының жазбалары бізге осы бір ақиқатты ұғындыра түскендігі бар. Алдымызда жүрген абзал ағамыздың «Елбасы және қазақ мемлекеттігі» деп аталатын кітабындағы «Астана және Президент», «Астана – әлем назарында», «Үміт пен сенім», «Толғақты ой, толымды тұжырым», «Рух төрелігі», «Еуропаға жол» – өркениетке жол» атты кесек дүниелері біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің баянды болуын ойлап сыр толғаған сарабдал ойының сыры мен азаматтық үні болып қабылданары да анық. Қуаныш ағамыз қазақ елінің мақта­нышы мен абыройы. Ендеше, сол абыройлы ағамыздың әр сөзін біз де қазақ елінің сөзі деп қабылдарымыз және де бар. Сөзіне қарап өзі мен ісін таныр халқымыз Қуаныш Сұлтановтың бая­ғының билерінше сөз бастар қасиеті мен адами да кісілік келбетіне әрдайым сүйсініп отырары да өмір шындығы. Өз елінің адал да парасатты, жаны таза, рухы биік перзенті қандай болуы керек дегенде бірден Қуаныш Сұлтанов тұлғасы көңіл тұғырына көтерілері бар. Әркімнің өз көңіл тұғырының биік болып келетіні және де бар. Ендеше, Қуаныш Сұлтанов та елдің де биігі, әркімнің де өз биігі! Менің де биігім! Сол әр қазақтың көңіл төрінде тұрып, биік те асқақ сөзіңізді сөйлей беріңіз, жақсы аға! Жасай да беріңіз!

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Астана

17379 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы