• Білім және ғылым
  • 21 Мамыр, 2015

Корей ғалымдарымен жүздесті

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Әлемдік диаспоралар және олардың мәселелері» тақырыбында Чоннам ұлттық университетінің «Диаспора» және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философия пәндер кафедраларының бірлесіп ұйымдастыруымен халықаралық деңгейде дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелді ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры Мүбәрак Ермағанбетов диаспора мен ұлттар бірлігі бүгінгі күннің көкейкесті тақырыбы екенін атап өтті. Дөңгелек үстелге аталған екі университеттің ғалымдары ғана емес, жиында «Бүкіләлемдік диаспорлар ассоциациясының» президенті, саяси ғылым докторы, профессор Лим Че Ван, сондай-ақ саяси ғылым докторлары, профессорлар – Джу Джоң Мин, Джи Чуң Нам, Ли Чун Хо және т.б. сөз сөйледі. Мәртебелі меймандар конференция тақыры­бы аясында әлемде Корея диаспорасының мәсе­лелері төңірегінде ой қозғады. Олар бүгінде әлемнің әр түкпіріне таралып кеткен 7 миллиондай кәріс диаспорасының тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы мен қоныстанған еліндегі мәртебесі және өзге де өзекті мәселелер зерттеліп келе жатқанын айтты. Қандастары қоныстанған елдермен ғылым, білім, экономика, мәдениет салалары бойынша қарым-қатынас орнатып, әріптестік ықпалдастықтарын арттырып келеді. Корей халқының салт-дәстүрін, тілі мен ділін үйрету, дамыту жөнінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Ол «Корей диаспорасы: бизнес және мәдениет зерттеу орталығы» бастамасымен жүргізілуде. Аталмыш орталықтың директоры Чоннам ұлттық университеті, «Диаспоратану» кафедрасының меңгерушісі, профессор Лим Че Ван осы шаралардың қалай жүзеге асып жатқаны жайында сөз етті: – Қазақстанға келгенімде, өзімді екінші Отан­ыма келгендей сезінемін. 1937 жылы Сі­бір­ден 20 мыңға жуық кәрістер Қазақстанға жер аударылғаны баршаға белгілі. Міне, сол қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы кәрістерге қол ұшын бергенін ешқашан ұмытпаймыз, – дей ке­ліп қазақ халқына ризашылығын жеткізді. – Қа­зір Қазақстан гүлденген, дамыған елдердің біріне айналды. Корея мемлекетінде ешқандай қазба байлықтары жоқ. Соған қарамастан 40 жыл ішінде қаншама елдер­ден ілгері озды. Себебі Корея мемлекеті ең әуелі жастардың сапалы білім алуын басты на­зарға алды. Тіпті АҚШ Президентінің өзі Корея елінің білімі мен ғылымын мақтағаны бар­шаға аян. Ал Қазақстан өз тәуелсіздігін жария­лаған соң, аз ғана уақыт ішінде өзінің даму моделін қалыптастыра білді. Бүгінгі жастар ол дамуды әрі қарай жетілдіре түсетініне сенім­дімін. Корея мемлекеті Қазақ­станды өзінің серік­тесі санайды. Алдағы уақытта екі университет ара­сын­дағы әріптестік байланыс нығайып, өз жал­ғасын табады деп сенемін. Конференцияда Қазақстаннан ­Раушанбек Әбсаттаров, Тыныштық Қалдыбаева, ­Артур Артемьев, Жұлдыз Кабаева, Айжамал Құдайбергенова,  Ғизатулла Халидуллин, ­Найля Сейсен, Ғалымжан Әбсаттаров және т.б. ғалымдар сөз алып, тақырып аясында өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті. Корей елінің ғалымдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ға­лым­дарының жан-жақты білімділігіне, ғылыми жетістіктеріне жоғары баға берді. Мәселен, профессор Лим Че Ван: «Біз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философия пәндер кафедрасының ғылыми, оқу-әдістемелік, тәрбие жұмыстарының жетістіктерінен хабардармыз. Кафедра меңгерушісі, «Бүкіләлемдік диаспорлар ассоциациясының» вице-президенті, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор Раушанбек Әбсаттаров Кореяда танымал ғалым. Сондықтан біз арнайы сапармен осы университетке тәжірибе мен пікір алмасу және дөңгелек үстел өткізуге келіп отырмыз. Біз Қазақстан ғалымдарының ғылыми жетістіктерін тәжірибеде қолданатын боламыз» деді ол. Бұл пікірге Кореядан келген басқа профессорлар да, PHD докторанттар да қосылды. Корея профессоры баяндамасының тағылымы ерекше болды. Ол өз сөзінде елдің өркендеуі білімді жастардың қолында екенін баса айтты. Дөңгелек үстелге қатысушылар сапалы білім мен ғылыми әлеуетті арттыру кез келген мемлекеттің гүлденуінің кепілі деген қорытындыға келді. Шетел қонақтары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне халықара­лық деңгейде дөңгелек үстел өткізуге қолдау көрсеткеніне өз алғыстарын жеткізді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

2891 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы