• Тұлға
  • 11 Маусым, 2015

Ана мен бала денсаулығы жіті көңіл бөлуді қажет етеді

Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Керек десеңіз, бұл ұлт байлығы. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты. Осы орайда біз Алматы қаласындағы республикалық Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Талғат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВПЕН кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік. Талғат Құдайбергеновтің есімі тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жақсы танымал. Ол бүгінде ана мен бала денсаулығын сақтау жолында еселі еңбек етіп келеді. «Бұл мәселе өмірдің өзекті мәселесі» дейді білікті дәрігер. – Талғат Қапаұлы, теледидар бағдарламаларында, баспасөз беттерінде ана мен бала денсаулығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бірқатар ақпараттарда ана мен бала өлімі туралы да жиі айтылып қалып жатады. Сіз осы саланың маманы ретінде қандай ой-пікір білдірер едіңіз? Осы мәселенің негізгі себептеріне тоқталып өтсеңіз... – Сауалыңыз орынды. Ана мен бала өлімі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде кездесетін жағдай. Оның алдын алу үшін кешенді шараларды әрі тиімді шараларды атқаруымыз керек. Негізгі себептердің бірі ретінде біз ананың жүктілік кезіндегі денсаулығының ­на­шарлау­ын, оның бойындағы кейбір ау­ру түр­лерінің асқынуын айтамыз. Айналып келгенде бұл мәселе ананың жүктілікке дейінгі және жүктілік кезіндегі денсаулығына тікелей байланысты. Егер де әйел адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жүктілікке алдын ала дайындалып, өз денсаулығына жүктіліктен кейін де тиісті дәрежеде мән беретін болса, өкініш тудыратын жағдайлар аз кездесер еді деп ойлаймын. Медицина ғылымында «экстрагенитальді аурулар» деген термин бар. Бұл – жүрек қан-тамыр жүйесінің, бүйрек пен бауыр және де басқа ағзаларда кездесетін ауру түрлері. Әсіресе жүктілікке дейін болған, сондай-ақ жүктілік барысында, босануда, босану кездерінде асқынған экстрагенитальді аурулар ана өліміне әкеп соқтырып жатады. Денсаулықта, ағзада анықталған қандайда да бір ауытқушылық оның қызметінің бұзылуына себеп болып, ананың да, баланың да қалыпты дамуына айтарлықтай залалын тигізеді. – Мұндайдың алдын алу үшін не істеу керек? – Жоғарыда айтып өткенімдей, әрбір болашақ ана өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай білуі керек. Уақытылы дәрігерлік тексеруден өтіп, анықталған ауру түрлері болса оларды емдетіп, білікті дәрігерлерден ақыл-кеңес алып тұруы керек. Кейбір аналар осы жағына үлкен мән бермес­тен бала көтереді. Жүктілік кезінде денсаулығы сыр береді. Бұл баланың да қалыпты дамуына, жарық дүниеге келгеннен кейінгі денсаулығына әсер етеді. Азаматтар аурудың алдын алуды үйренуі керек. Әрине, өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады. Бірақ дүниеде адам денсаулығынан асқан құндылық та, байлық та жоқ. Біз осы жолда еңбек етіп келеміз және бар біліміміз бен біліктілігімізді ана мен баланың денсаулығын, өмірін сақтап қалуға арнаймыз. – Бұл орайда елімізде қандай шаралар қолға алынған? – Қазақстанда 2002 жылдан бастап әртүрлі топтағы балалар мен ересектер арасында кең көлемді алдын алу мақсаттағы медициналық тексерулер жүргізу жүйесі енгізілді. Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойын­ша арнайы шаралар қабылданып, медициналық көмектер көрсетеліп отырады. Науқас жандардың мониторингі өткізіліп, телемедицина арқылы жасалатын кеңестердің пайдасы мол. Бұл шаралардың барлығы жүкті және босанған әйелдердің жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. – Өзіңіз басшылық жасап келе жатқан республикалық Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мүмкіндігі қандай? – Орталығымыз ­заманауи ме­ди­циналық тәжірибелерді ендіру арқылы өз жұмысын жан-жақты жетілдіріп келеді. Бұл жоғары технологиялық акушерлік-гинекологиялық көмекті көрсету, инновациялық технологияларды жасау, қосымша репродуктивті техноло­гияларды енгізумен байланыс­ты ауқымды іс-шаралар. 27 ғылыми және клиникалық бөлімдер, 12 ғылым докторы, 24 ғылым кандидаты, жоғары категориялы 34 дәрігер қызмет атқарады. Орталық жаңа аппараттармен жабдықталған. Қазіргі таңда жоғары мамандандырылған көмек көрсете алатын жаңа технологиялар енгізілгенін де айта кеткеніміз жөн. Орталықтың қызметкерлері жыл ­сайын көптеген тәжірибелік, кеңестік, әдістемелік көмек көрсету мақсатында іс-шаралар жүргізеді. – Бала өсімінің бүгінгі жайын атап өтсеңіз... – Қазіргі кезде елімізде демографиялық көрсеткіштердің жақсарып келе жатқанын айтып өтуімізге болады. Мәселен, 2000 жылы 14,7 пайыз болса, 2013 жылы 22,73 пайызға жетті. Нәресте өлімінің көрсеткіші 19,6 пайыздан (2000 жылы) 11,3 пайызға дейін (2013 жылы) төмендеді. Республика бойын­ша босанған әйелдер саны 2000 жылы 220 мыңнан жоғары болса, 2014 жылы 400 мыңға жетті. Бұл ретте, біз ана мен бала денсаулығының көрсеткішін жақсартып, ана мен бала өлімін мейлінше азайту жолында еңбектене береміз деп айтқым келеді. – Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен  Нұрлан ҚҰМАР

5892 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы