• Мәдениет
  • 22 Қазан, 2015

Ақ универсиадаға дайындығымыз қалай?

Спорт әлемінде жарыс атаулы жетіп артылады. Олардың алды, әрине, олимпиадалық ойындар. Одан әрі Әлем чемпионаттары мен Әлем кубогі жолындағы жарыстар, құрылықтық ойындар мен чемпионаттар, сондай-ақ түрлі деңгейдегі халықаралық турнирлерге жалғасып кетеді. 2017 жылы елімізде алғаш рет ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алматыда өтеді. Алып шаһарда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылдың аяғында Брюссельде Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) дауыс беруінде қабылданған еді. Елімізде өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу мен ұйымдастыру бойынша келісімшартқа FISU, Алматы қаласы мен ҚР Ұлттық студенттік спорт федерациясының жетекшілері қол қойған болатын.

Спорттық құндылықтарды дәріптеуде, жастар арасында бұқаралық спорт және жоғарғы жетістіктер спортын дамыту үшін Бүкіләлемдік студенттік ойындар – Универсиада үлкен рөл атқарады. Бұл ойындар 50 жыл бойы жастар Олимпиадасы саналып келе жатыр, әлемдік спорттық аренада екінші санаттағы кешенді халықаралық іс-шара болып табылады. Бүкіләлемдік студенттік ойындарды ұйымдастыру мен өткізу әлемнің барлық студенттеріне достық рухында бір-бірімен жақындасуына, түсінісу мен бейбітшілік мақсатында спорттық жоғарғы жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Студенттік ойындардың тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Ал студенттер арасында жаппай бұқаралық сипат алуы 1959 жылдан басталған. Ең алғаш Италияның Турин қаласында алғашқы халықаралық ірі спорттық ойындары өткізіліп, «Универсиада» атын иеленді. Ол – өз атын «Университет» және «Олимпиада» сөздерінің қосындысынан алған. Ойындарды әлемдік деңгейде ұйымдастыруға Халықаралық студенттік спорт федерациясы (Іnternatіonal Unіversіty Sport Federatіon) жауапты болып отыр. Бүгінгі күнге дейін барлығы 28 Жазғы және 27 Қысқы Универсиада өткізілді. Қазақстандағы студенттік спорттың дамуы мадақтауға тұрарлық жетістіктерге толы. 1957 жылы Республикалық СДСО «Буревестник» кеңесі құрылды. Қазақстандық студенттік спорт ойынынан спортқа еңбегі сіңген КСРО жаттықтырушылары шықты. Мәселен, О.Жарылғапов (волейбол), А.Костин (штанга), П.Матущак (еркін күрес), М.Хван (конькимен жарысу), ал «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағына: Ә.Тұяқов пен А.Бадранков (жеңіл атлетика), Ж.Сауранбаев пен В.Кравченок (волейбол) және т.б. ие болған. Тәуелсіз Қазақстанда студенттік спорт федерациясы 1993 жылы құрылды. Сол жылы федерация FІSU мүшесі болып алғашқы рет 16-Қысқы Универсиадаға қатысып, Закопане қаласында (Польша) біздің хоккей командамыз тұңғыш күміс медалін иеленді. Олардың алдына тек Канада хоккейстері ғана түсе алды. Студенттік спорттың беделін арттыру үшін федерация шешімі бойын­ша елімізде 2002 жылдан бері жалпы қазақстандық универсиадалар өткізілуде. Осы Республикалық сайыс­тарды өткізу жалпы бұқаралық спорт пен жоғарғы жетістіктер спортына пайдалы әсерін тигізіп келеді. Федерация басшылығы бастамасымен 2006 жылы Алматы қаласында бокстан студенттер арасында Әлем чемпионаты өткізіліп, қазақстандықтар командалық есеп бойынша 11 медаль ұтып, бірінші орынды иеленді. Соңғы 4 жыл ішінде 40 спортшы студент Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары, Еуропа және Азия біріншіліктерінде жүлделі орындарға ие болды. 2007 жылы Азия студенттік спорт федерациясының (АUSF) Бас Ассамблеясы құрамына ҚР Студенттік спорт федерациясын енгізу жайлы шешім қабылданды. Бүгінгі күні Қазақстанның студенттері ең мықты студенттік командалар қатарына кіреді. Барлық Қысқы және Жазғы Универсиадаларда спортшы студенттер бірнеше жүлде алып, дүниежүзінде алдыңғы орыннан көрініп келеді. Қазіргідей дүние дағдарысқа тап болып тұрған шақта көрпемізге қарай көсіліп, ЭКСПО мен Қысқы Универсиаданы да абыроймен өткеріп алсақ, жаман болмас еді. Онсыз да елімізде бокстан әлем чемпионаты, ауыр атлетикадан әлем чемпионаты сияқты кешенді сындар өткізілді. 2011 жылғы Қысқы Азиада тәжірибесі қаншалықты сәтті өткенін де байқадық. Мемлекетімізде спорт дамып келе жатқаны анық. Тіпті, әлемдегі 57 мұсылман елдерінің ішінде Қазақстанның спорты ерекше дамыған. Бүгінгі таңда республикамыз бойынша 125 кәсіби спорт клубы жұмыс істейді. Мұнда 35 мың адамға денешынықтыру және спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар 3,3 миллион адамды қамтитын 92,5 мың спорт үйірмелері бар. Оның ішінде 1,6 миллион адам ауыл тұрғындары екенін айрықша атап өткен жөн. Бүгінгі таңда елімізде 4 миллион 300 мың адам әртүрлі спорт сайыстарына белсенді қатысып, тұрақты саламатты өмір салтын ұстанып отыр. Бұл – еліміз халқының 25,1 пайы­зын құрайды екен. Мұның бәрі аз көрсеткіш болмаса керек. Осы көрсеткіш аясында жастардың белсенділігі айрықша. Оған себептер де бар. Рас, еліміз жастарының елеулі толқынын студент жастар құрайды. Республикалық ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 126 оқу орны тіркелсе, оның басым бөлігі Алматы, Астана қалаларының, Оңтүстік Қазақстан облысының үлесіне тиеді екен. Сондықтан қоғамның басты толқынына деген көзқарас әлемдік мәселеге айналған. Еліміз 2017 жылы Бүкілдүниежүзілік Универсиада өткізуді қолға алып отыр. Мұнда мемлекетаралық өзара достық та, отансүйгіштік те бар. Бұл арқылы болашаққа қадам басып келе жатқан жастардың сенімін арттыруға болады. 2017 жылғы Универсиаданы Алматы қаласында өткізу ғажайып табиғи көріністерді, қазақстандықтардың ашық та жомарт қонақжайлылығын, Қазақстан Республикасының туристік тартымдылығын әлемге көрсетуге ерекше ұтымды мүмкіндік береді. Алматы әрқашанда мықты спортшылар шыққан бұлақтың бастауы болған және солай бола береді де, олар осы күнге дейін республикамызға спорттық даңқтар әкеліп, әлемдік спорттық аренада еліміздің имиджін көтеруде. Еліміздегі алып шаһар студент-жастар қаласы, халқымыздың үштен бірін 30 жасқа дейінгі жастар құрайды. Қазақстан университеттерінің басым бөлігі Алматыда орналасқан. Мұнда спорттық шаралардың көпшілігі өткізіледі. Олар жылына шамамен 250 шараны қамтиды. Бұл шаралар қала жастары мен тұрғындарын салауатты өмір салтына, денешынықтыру және спорт негіздеріне тартады. Демек, мұның барлығы Алматы қаласының жас студент-спортшылардың қатысуымен ең беделді халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге толықтай сәйкес келетінін дәлелдейді. Алматыда Қысқы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында 11 күн бойы өткізіледі. Болжамды бағалаулар бойынша, оған FІSU альянсына кіретін 50 мемлекеттен 5000-нан астам адам қатысады, ойындарды өткізуге 2000-ға жуық еріктілер қатысады деп күтілуде. Жарыстар бүкіл әлем бойынша 100 телеарнада көрсетіледі. Қысқы Универсиада шеңберіндегі жарыстарда 13 спорттық пән бойынша бәсекелесу жоспарланған. Бұның 8-і – міндетті, 5-уі – қосымша спорт түрлеріне жатады. Негізгі спорт түрлері — мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлин. Қосымша спорт түрлері — шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен сырғанау жарысы, бенди (допты хоккей). Қысқы Универсиаданың өз нышандары бар. 28-Бүкіләлемдік Қысқы Уни­вер­сиаданың тұмары ретінде Сұңқар таңдалған, ол жас спортшыларға тән сипат­та жылдамдықты, жеңілдікті, энергияны, жеңіске ұмтылысты бейнелейді. Универсиада ұраны – «Қанатынды кең серпі!», «Spread — FІSU!» жас спортшыларды спорттың шыңдарын бағындыруға шақырады. Алматы қаласы халықаралық деңгейдегі спорттық нысандарға ие. Олар — әлемге әйгілі «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, Тау шатқалындағы спорт­тық «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» Халықаралық трамплиндер ке­шені. Сонымен қоса, көптеген спорттық кешендер халықаралық ережелерге сәйкес келмейді, жаттығу – сабақ және жарыстар мен сайыстар өткізу үшін қойылған талаптарға сай емес. Қазір сапалы спорттық инфрақұрылым салуға ерекше мүмкіндік туындап тұр. Жаңадан 4 спорттық нысан құрылысы басталып кетті. Бұлар Алатау ауданындағы 12 мың орынға арналған Мұз сарайы, Медеу ауданының 3000 көрерменге арналған Мұз айдыны, Алатау ауданында 5000 адамға арналған атлетикалық қалашық, ол Универсиада аяқталғаннан кейін студенттердің шынығатын аймағына айналады. Сонымен қатар сыйымдылығы 500 орындық медиа-орталығы мен конференц-залы бар қонақүй де бой көтереді. Алматыда қысқы спорт түрлеріне қатысты спорттық кешендердің біразы бар. Дегенмен, әлі де спорт сарайлары қажет. Яғни екі мұзсарайы, студенттер қалашығы және Олимпиада ауылын салу керек. Демек, алда әлі екі жыл бар деп арқаны кеңге сала беруге де болмайды. 2011 жылғы Ақ Азиадаға арналған спорттық кешендердің құрылыстары қалай аяқталғаны әлі есімізде. Тек дүбірлі дода басталар кезінде қолданысқа берілгені болатын. Сондықтан ерте күнді кеш қылмай, Универсиада кешендерінің құрылыстарын да қазірден бастап қолға алған абзал. Универсиаданың ішкі мүмкіндік­тердің дамуына да әсері бар. Ішкі экономикамыздың дамуы, халықара­лық қауымдастық, әсіресе, жастар мен өскелең ұрпақ алдындағы ұлттық келбетіміздің көрінуі, ұлттық спорт­тық бағдарламаларға, әлемдік деңгей­дегі спортшыларға инвестиция тарту, болашақта Әлем чемпионаттары, Қысқы Олимпиада сияқты өзге де ірі спорттық шараларды өткізуге негіз қалайтыны анық. Қазақстанның ұсынып отырған Қысқы Универсиаданы өткізу жобасы халықаралық шараға жастардың қатысуын кеңейтіп, халықаралық бірлік пен татулыққа ықпал етеді, ірі әлемдік додаларды өткізу тәжірибесін қалыптастырады, Қазақстанның таңғажайыптарын паш етеді. Ірі спорттық шаралар өткізу тәжірибесі көп нәрсеге негіз болары анық. Расында, Сочи (Ресей), Бейжің (Қытай), Турин (Италия), Лейк-Плэсид (АҚШ) және Инсбрук (Австрия) қалалары осындай тәжірибе алмасуды негізге ала отырып, өздерінде Қысқы Олимпиада ойындарын өткізді. Ал Эрзурум (Түркия) мен Муджу (Корея) қалалары өздерінің спорттық нысандарын қайта құрылымдап, шаңғы спорты, хоккей, т.б. қысқы спорт түрлерінен Әлем чемпионаттарын ұйымдастырды. Аталған қалалар ірі спорттық шаралар өткізген тәжірибелеріне сүйеніп, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылым жасап, Олимпиадалық ойындарды қабылдауға қабілетті екенін көрсетіп отыр. Қысқы Универсиада өткен соң спорт нысандарын қалай пайдалануға болады деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат. Халықаралық стандарттарға сай спорт нысандары болғандықтан, қысқы спорт түрлерінен Әлем чемпионаттарын, Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныс жасауға болады. Елдің ішкі қажетіне пайдаланып, халықты қысқы спорт түрлерімен айналысуға жаппай тартуға болады. Әлемдік деңгейдегі, халықаралық додаларда сайысқа түсетін спортшыларымыздың дайындығы үшін де өте жақсы база қалыптасатыны анық. Жалпы, спорт нысандарының Универсиададан кейінгі болашағын қазақстандықтардың тұрмысы мен қажеттілігі үшін тиімді қылып нақтылап жоспарлау бүгіннен басталғаны абзал. 2017 жылы Алматыда өтетін Бүкіләлемдік Универсиада Қазақстан елінің халықаралық қауымдастықтағы абыройлы орнын айқындайтын, елдің ішкі өмірі мен экономикасына, спорты мен туризміне де оң әсер ететін ірі халықаралық спорттық шара болмақ. Алматыда Универсиаданың ойда­ғыдай өткізілуі Қазақстанның беделін оның тәуелсіз мемлекет ретінде жаһан­дық аренада ықпалын арттыруға мүмкіндік береді. Еліміздің әлемдік іс-шараларды өткізуге қабілеттілігін, қысқы туризм және шетелдік инвестицияларға тартымдылығын айқындайды. Бұл іс-шараның бейбітшілікті сақтау мен еліміздің гүлденуіне айтарлықтай үлес қосатыны айқын.

Нұрлан ҚҰМАР Алматы

4928 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы