• Мәдениет
  • 03 Желтоқсан, 2015

Ел жадында жаңғырар егіз әуен

«Өнер өлмейді» деген қанатты сөз бар. Бұл сөздің растығын облыстық филармонияда ғылыми-әдістемелік мәдени орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен еске алу кеші дәлелдеп бергендей болды. Кеш өмірден 54 жасында өткен талантты сазгер, ақын, журналист Талғат Атшыбаевқа арналды. Қаланың өнер сүйер қауымы кеш иесін қадір тұтатынын білдірді. Мәдениет сарайының іші Тәкеңді танитын, сыйлайтын тыңдарманға лық толды. Кештің беташар сөзін шайырлық ұстаз Оразғали Өтеуліұлы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Бекбол Базарбаев, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының директоры Жанахмет Ағыбаевтар алып, арамыздан бақилық сапарына аттанғанына екі жыл болған ақын-сазгер туралы естелік-сырларымен бөлісті.

«Сағыныш болсам арман не, Сағынатұғын сен барда!» деген ел сүйетін әнінің екі тармағы жұрттың жадында бар шығар. Өзін сағынған өнерсүйер қауымға кеш иесінің «Сағыныш» әнін Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, танымал әнші Асқар Көшеров қоңыр домбыраға қосып шырқады. Оны ең алғаш орындап, сахнаға шыққан Тәкеңнің інісі Ақжігіт ауылының өнерпазы Қанат Жанғалиев болатын. Ш.Есенов атындағы оқу ордасының жанынан құрылған «Жас өркен» студенттік театрының мүшелері Талғат ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, тыңдаушыларды риза етті. Сахнаға Тәкеңнің бір топ іні-бауыр, аға-туыстары шығып, жиналған өнерсүйер қауымға алғыс-тілектерін арнады. Бұдан соң көрермен қауыммен Талғат ағамыздың қаламдас-әріптестері – жазушы-журналист Әзірбайжан Қонарбаев, Қазақстанның құрметті журналисі Қожахмет Демеубергенұлы, ақын Сабыр Адай кеш иесі туралы естелік пікірлерімен бөлісті. Маңғыстаудың көркем табиғатымен көз тартатын бір пұшпағы Шайырда туып-өскен, күй мен жырдың ұясы – жыңғылдылық Айтуған – Есір – Арал – Шамығұл – Нәби – Атанғұл – Жұмағұл – Бекен – Елбай – Өтежан – Ізбасар – Күріш – Қалшабек – Рухия – Розадан жалғасқан желілі өнер керуенінің заңды жалғасы Талғаттың ән-әуенге, өлең-сөзге құмар болмауы да мүмкін еместей. Оның «Сағыныш» және «Шалқымалы» әндері тек маңғыстау лық жұртшылық емес, бүкіл қазақ халқына белгілі болып, Мақпал Жүнісова, Тоқтар Серіков, Жанар Айжанова, Ұлықпан Жолдасов секілді танымал әншілердің орындауында бүкіл қазақ даласына жайылды. Сонымен бірге, оның көпшілікке белгісіздеу әндері де болды. Аталмыш кеште Мұрат Өскенбайұлы атындағы облыстық филармонияның әншісі Кәмшат Ізтілеуова орындаған «Түн ортасы» деп аталатын ән сондай туындыларының бірі. Мұғалімдік мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған Талғат аудандық «Жаңа өмір» газетіне тілші болып қызметке тұрады. Ұжым құрамында өзін қарымды журналист ретінде танытып, газет бетінде аудан өмірін жан-жақты көрсетуге күш салады. Кезегі келгенде әскери борышын өтеп ауылға оралған соң, отау құрады. Тәкеңнің Түзел Сансызбайқызымен көтерген шаңырағы шаттыққа толып, артында ұл-қызы өсіп-өніп, немерелерін көріп кетті. Тәкең көгілдір экран арқылы өзіндік өрнекті қолтаңбасы бар тележурналист ретінде де өлке жұртшылығына танылды. Жергілікті «Қазақстан-Ақтау» арнасынан оның «Ауыл кеші көңілді», «Дала дидары» секілді авторлық хабарларын түбек халқы тамсана тамашалады. Әрбір өнерпаздың өзіндік ерекшелігі бар. Оның ерекшелігі – асықпай сөйлеп отырып, бүкіл тақырыпты аз уақыттың аясына сыйдыра білуінде еді.Сол жылдарда Тәкеңмен қызметтес болған қазақтың белгілі ақыны Темірхан Медетбек: «Талғатпен телеарнада бірге істедік. Маңғыстаудың даласындай кең, болмысы мол жаратылған жігіт еді. Ақкөңіл, адал болатын. Телевидение дегенің қым-қуыты көп, абыр-сабыр болып жататын мекеме ғой. Айқай-ұйқайы да аз емес. Табаға түскендей қуырыласың да жүресің. Бірақ Талғат аспайтын да саспайтын. Қандай бір асығыс кезде де оның апшып-шапшығанын көрген емеспін. Бәрін де баппен, сабырмен атқаратын» деп еске алады. Қазақтың қасиетті қара домбырасын қадірлейтін ел барда, сол егіз әуен ескірмес. Есті ұрпақ есіне алған сайын, ел жадында жаңғыра берер. Талғат Атшыбаев секілді халық арасынан шыққан таланттар ұмытылмақ емес!

Үміт ЖӘЛЕКЕ Маңғыстау облысы

4156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы