• Мәдениет
  • 11 Ақпан, 2016

Сиқыршы

Жер бетінде сиқыр өнері қанша ғасыр өмір сүрсе, ол сонша ғасыр бойы адамдарды таңғалдырумен, тамсандырумен келеді. Сиқырдың сырын білу, оның жұмбақ тұстарына бойлау қарапайым халық үшін әрі қызық, әрі құпиясы ашылмайтын тылсым дүниедей әсер береді. Менің кейіпкерім Ғабдукамал Конкараевты, өзінің айтуынша, бұл өнерге өмірдің өзі әкелген. Ол сиқыр өнерін меңгеруді 40 жасында бастапты. Бүгінде Камал деген есіммен танымал болған өнерпаз Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында мектепте сурет және еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарыпты. 1990 жылдары Алматыға қоныс аударған соң 7 жылдай әртүрлі жұмыстарды істепті. Газет-журнал сатқан, күзетші, аула тазалаушы да болған. Бәрі де күнкөрістің қамы ғой. Бірде «Көк базарда» шемішке сатып жүрген жерінен милиция сержанты ұстап әкетіп, қамап қойыпты. «Мен қылмыскер емеспін, мұғаліммін» десе де тыңдамай, жауып тастапты.

Сол жағдай өміріне үлкен соққы беріпті. Әрі-бері ойлана келе елімізде кенжелеу дамыған өнердің түрі – сиқырмен айналысуды жөн көріпті. Кітапханаға барып, сиқыр туралы кітаптарды алдырып, оқи бастаған. Әр ғасырда өмір сүрген сиқыршыларды зерттепті. Мысалы, ХХ ғасырда күллі әлемді таңғалдырған америкалық сиқыршы Дэвид Корперфильд, ХІХ ғасырда Гари Гудини, ХVIII ғасырда қытайлық сиқыршы Фу Син Е, XVI ғасырда норвегиялық Мэттью Бучингер тәрізді сиқыр­шылардың өмірі мен шығармашылық жолын, кітаптарын оқуға ден қойған. – Сиқыр өнері Вавилоннан басталған. Содан әрі Қытайда, Батыста дамыды. 3 айда осы өнер туралы 60-қа жуық кітапты тапжылмай оқып шықтым. Сиқырдың даму тарихымен, оның ішінде түрлі мектептерімен таныстым. Суреттерін салдым, схемаларын сыздым. Түрлі нұсқаларды жасадым. Бұл істі бастағанымда менде сиқыр туралы ешқандай ақпарат болған жоқ. Біреуден сұрасаң ешкім айтпайды. Ұстаз да, үйрете қоятын адам да жоқ. Содан біраз әдебиеттермен таныс болған соң, сиқырды өз бетіңше үйреніп, меңгеріп алуға болады екен ғой деген ой келді. Жүрегімді тыңдасам, жасай алатын сияқтымын. Жолым болатындай сезілді. Менің бағыма қарай – өмірімде жақсы адамдар кездесті. Солар менің өнерімнің өрлеуіне, дамуына ықпал етті, жолымды ашты деп айта аламын, – дейді. Камал Конкараев сиқыр өнерінің бес ғасырын қамтитын кітаптардың барлығын оқып шығып, теориялық білімін толықтырған соң, оны іс жүзінде қалай бастау керектігі жөнінде көп ойланыпты. Ойлана келе, бір мықты режиссерден ақыл-кеңес сұраған. Ол Камалдың жасын білгеннен кейін бәрі де кеш екенін (ол кезде сиқыршының жасы 40-та болған екен – Авт.), сиқырды ерте жастан бастау керектігін айтып: «В возрасте Калинина нельзя играть Онегина» деп шарт кесіпті. «Режиссердің бұл сөзі менің барлық үмітімді, жігерім мен талпынысымды құм еткендей болды. Екі-үш күн есімді жия алмай жүрдім» дейді сиқыршы. Сөйтіп, есін жиған соң көздеген мақсатына қалайда жетуді ойлапты. Кітаптарды оқуды, сиқырдың тарихымен егжей-тегжейлі танысуды жалғастырып, алғашқы нөмірлерді жасай бастапты. Нәтижесі бірден сәтті болып шыққан. Басында өнерпаз «мен сиқыр өнерін үйрене алмаймын-ау, бұл қиын өнер ғой» деп өз-өзіне деген сенімін нықтай алмапты. Үмітімнен күдігі басымдау болып жүргенде бұл өнерді меңгеруге Мэттью Бучингер деген сиқыршының өмір жолымен танысқаннан кейін түбегейлі шешім қабылдаған екен. – Бучингердің ерік-жігері маған үлкен күш берді. Үлгі алу үшін ол кісінің суретін үлкен етіп салып, үйімнің қабырғасына іліп қойдым. Бучингерді сахнаға екі адам көтеріп алып шығатын болыпты. Сиқырын кептерлермен, картамен, түрлі шариктермен жасайды екен. Міне, көрдіңіз бе, мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан, ол өзін жеңе білген. Адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екенін өз ісімен дәлелдеген. Өз заманының атақты әрі бай сиқыршысы болған, – дейді Камал. Бучингер өмірге келгенде мүгедек болып туылған екен. Бойы – 70 сантиметр. Қолының ұзын­дығы иығынан өлшегенде 17 сантиметр. Саусақтары – қысқа-қысқа болғанына қара­мастан, сиқыр өнерін жан-жақты меңгеріп алған. Оның пікірі бойынша, сиқыр өнерін үйренуге туабітті таланттың қажеті жоқ. Он саусағың, зеректігің, ықыласың мен ниетің болса болғаны, оның қыр-сырын, тәсілдерін үйреніп алуға болады. «Қазір ғаламторда сиқырдың көптеген құпияларын үйрететін видеожазбалар бар. Оны да үйреніп алуға болады. Бірақ бәрібір білім керек, яғни сиқыр туралы көп оқу керек». Бұл сиқыршының өнер тәжірибесінен тағылым алып, көңілге түйген пікірі. Ең алғашқы сахналық нөмірлерін «Бауыржан шоу» театрында көрсетіп жүріпті. Уақыт өте келе Алматы циркіне жұмысқа шақырған. Бірінші қомақты табысын Италияға жасаған сапарында тапқанын айтады. – Өнер көрсеткенім үшін төленетін ақшаны еуромен берген еді. Көлемі де әжептәуір. Ол кезде еуро валютасы жаңадан шыққан. Алматыға келген соң менің осы сиқыр өнерін бастауыма себепкер болған милиция сержантына рақметімді айтқым келіп, базарға іздеп бардым. Бірақ таба алмадым. Сөйтсем, ол милициядан кетіп қалыпты. Егер де сол сержант мені базарда шемішке сатып жүрген жерімнен ұстап алып, қамап қоймаса, мен бұл өнерге келмес едім, – дейді Камал өткен өмірінен сыр шертіп. Алғашқы гастролдік сапарларынан кейін сиқыршының өнері өрге жүзеді. Шығармашылық еңбекке, үлкен ізденістерге қызу кірісіп кетеді. Мейрамханаларда, түрлі кештерде, тойларда өнер көрсете бастайды. Бүгінде танымал сиқыршыға айналған Камал әлі күнге дейін мейрамханадан өткен үйрену мектебін жадынан шығармай келеді. «Өнерімді шыңдауыма, қалыптастыруыма мейрамханада жасаған еңбегім үлкен әсер етті» дейді. – Сиқыр өнерімен айналысу үшін адамға ең алдымен білім керек. Білімің болмаса, бұл өнерді алып жүре алмайсың. Мысалы, сахнаға шыққанда көрермендер сенің кәсіби дәрежең қандай, білімің бар ма, жоқ па, әлде біреуден көшіріп үйреніп алдың ба, соның бәрін тез біліп қояды. Халықты алдай алмайсың. Сиқырға қызықпайтын адам жоқ. Бұған еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қызығады. Сондықтан қызықтыра білуің керек. Қазіргі тілмен айтқанда «шоу» жасай білуің керек. Сол кезде ғана сұранысқа ие болып, шақыртулар аласың. Ізденбеген адам шығармашылық тоқырауға ұшырайды. Қазір сиқыр өнеріне көптеген жастар келіп жатыр. Олардың көбісі сиқырды ғаламтор арқылы үйреніп алғандар. Арасында сиқырдың тарихын білетіндер өте аз. Сондықтан мен жастарға ылғи да айтам: алдымен тарихын оқыңдар, бұл өнер қалай пайда болды, бастауы неде, көрнекті өкілдері кімдер? Мұның барлығын білмей, сиқырды терең меңгере алмайсың, – деді өнер иесі. Айтуынша, сиқырдың ең басты мақсаты көрермендерді, жалпы халықты таңғалдыра білу. Сахналық нөмірлеріңді әсерлі етіп көрсету. Камал өз-өзіне ешуақытта жарнама жасамайды екен. Болмысы – қарапайым. Кішіпейіл. Өз өнерінің шынайы өкілі, хас таланты деуімізге болады. Мұны мен Камалдың сиқырын тамашалаған соң және алдағы уақытқа дайындап жатқан жаңа нөмірлерін көрген соң айтып отырмын. Өйткені, жаңа туындыларының арасында кез келген сиқыршы меңгере бермейтін қиын әрі күрделі дүниелер жетерлік. Олардың бәрін Камал екі жетідей уақыттың ішінде дайындайды екен. Әрбір нөмірін видеоға түсіріп, кемшіліктер орын алса, оларды жөндеп, жетілдіреді. KAmalҚазіргі таңда ол қазақтың сиқыр өнерін дамытып, әлемдік деңгейге шығаруды армандап жүр. Мұндағы мақсаты ұлттық фольклорды, этнографиялық туындыларды кеңінен пайдалану. Осы орайда бір айта кетерлігі, әрине, сиқыр өнері ұлтқа бөлінбейді. Дегенмен, әлемде мыңдаған, миллиондаған көрермен жинайтын салада өз ұлтыңның ұлттық нақыштарын қолданып, бет-бейнеңді айшықтай түскенге не жетсін. «Мен өзімнің нөмірлерімде баяу музыканы қолданғанды ұнатамын. Жалпы сиқыршының жүріс-тұрысы, киген киімі, сахнада қосылып тұрған музыкасы – бәрі өзіне сай болу керек» деген пікірін ортаға салды. – Қазақтың сиқыр өнері кезінде жақсы дамығанын білеміз. Мысалы, 1969 жылғы «Құлагер» деген фильмде сиқыр өнерін көрсеткен Базарбаев деген өте дарынды сиқыршы болды. Мені ол кісімен ақын, композитор Талап Қараш таныстырды. Үйіне барып, кездестік, әңгімелестік. Сөз жоқ, талантты адам. 1974 жылдары Сұлтанғали Шүкіров пен Сара Қабиғожина деген сиқыршылар шықты. Олар да халыққа кеңінен танымал болды. Сиқыршылардың халықаралық фестивальдерінде қатарынан 5 жыл бас бәйгені бермей келді. Елге алтын жүлделермен оралып жүрді. 1980-85 жылдары Балтабек пен ­Раиса Жұмағұловтар есімі белгілі болды. Күні кеше дүниеден өткен Алтынай Байтоқанова деген өте талантты сиқыршы қызымыздың өнері қандай еді. Қарап тұрсақ, бұл өнер кенже қалуы тиіс емес. Міндетті түрде дамытуымыз керек. Бір қуанатыным, бүгінде қаншама жастарымыз осы өнерге қадам басып, игеруге талаптануда. Менің басты арманым – сиқырды қазақшаландыру. Сиқырда қазақтың ұлттық фольклорын пайдаланып, ұлттық нақыштарды енгізу. Бұған бізде ұлттық аспаптарымыз да, ұлттық дүниелеріміз де жеткілікті, – дейді Камал. – Домбыра, қобыз, сандық, қымыз, бауырсақ, тайқазанымыз бар. Бәрі де сиқыр жасауға дайын тұрған нәрселер. Мұндай дүниелеріміз есепсіз көп. Бұл бағытта 1-2 нөмір жасап көрдім. Бастамасы жаман емес. Ұлттық бағытта әзірленетін дүниелерді «Этноиллюзион-шоу» деп атадым. Жуырда француздардың алдында өнер көрсеттім. Олар жақсы қабылдады. Сиқыр көрсетіп жатқанда фольклорлық ансамбль ән-күйлерді орындап сүйемелдеп тұрса, өзің ұлттық киімді киіп, ұлттық заттармен сиқыр жасасаң, мұның барлығы ұлттық келбетімізді айқындай түсер еді». Сиқыршы бірде Қытай еліне сапармен барып, қытайлардың өздері ойлап тапқан «қытай шеңберлерімен» (орысша атауы «китайские кольца») өнер көрсетіпті. Сөйтсе, ол қытайлар үшін жаңалық болмай шыққан екен. Сиқырдың ол түрін Қытайда жас балаларға дейін жасайтын көрінеді. Қысқасы, оларды таңғалдыра алмапты. Елге келген соң, тура сол «қытай шеңберлерімен» сиқырдың қиын түрлерін ойлап табуды мақсат етіпті. «Мұндай дүниені әлі ешкім жасап көрген жоқ» дейді Камал. Сиқыршының айтып отырған жаңа туындысын үйінде болғанымда экраннан тамашалап көрдім. Өзі айтып отырған «қытай шеңберлерін» қолына ұстамай шырқ үйіріп айналдырғанда қатты таңғалдым. Өнер иесінің сөзіне қарағанда бүгінде елімізде 27 сиқыршы бар екен. Оның ішінде 10-15-і қазақ сиқыршылары. Дарынды сиқыршы азамат Жеңіс Айтжановтың бастамасымен «Сиқыршылар клубы» құрылыпты. Аталған клуб осы өнерді серік еткен жандардың басын қосып, жұмыстарын үйлестіріп отырады екен. Камал бүгінде сиқырдың күрделі түрі – иллюзионшылыққа көбірек ден қойып келеді. Мұндағы басты ойы – ауқымды дүниелерді сахналау. Ол сиқырды үнемі шыңдап, жетілдіріп, ізденіп отырмаса, сиқыршы шығармашылық тоқырауға ұшырайтынын айтады. «Сиқыршылардың бір ғана жолы бар: сені халық қабылдайды не қабылдамайды. Сондықтан үлкен дайындықты қажет ететін сала. Мысалы, сиқырдың декорациясы, біздің тілмен айтқанда «реквизиттерінің» өзі арзан тұрмайды. 10-15 мың доллар тұратын ревкизиттер бар. Ондай құрал-жабдықтарды сатып алу үшін сиқыршыларға демеуші де керек. Кейбір әріптестерім маған таңғалады. «Сенде қалай үнемі тапсырыстар болады» деп. Ол үшін, әрине, халыққа ұнайтын, көрерменнің көңілінен шығатын қойылымдар көрсете білуің керек» деді. Сиқыршы биыл жеке шығармашылық концертін беруді жоспарлап қойыпты. «Өнеріме риза болған көрермендер алғысын білді­ріп жатады. Маған ұнайтыны – қариялардың, ақса­қалдарымыздың сахнаға шығып бата беретіндері. Мен үшін бұдан зор алғыс жоқ» дейді Камал. Ол ақшаға қатты қызығып, соңына түсуді қаламайды екен. Өмірдегі ұстанымы – «сен ақшаны емес, ақша сені іздеп табуы керек». Үлкенді-кішілі тойларға, әртүрлі кештерге, республикалық деңгейдегі концерттерге жиі шақырту алады екен. Еліміздің Астана, Алматы және өзге облыстарына, сондай-ақ шетелдерге көп сапарға шығып тұрады. Айтуынша, әлемді классикалық сиқыр түр­ле­рімен таңғалдыру қиын. «Сол үшін этноси­қырды дамытуға көңіл бөлген жөн деп шештім. Осы бағытта бірқатар жобаларды дайындаудамын. Сиқырды өзіміздің ұлттық бағыттағы этностильмен таныта білсек, сол бізге ұтымды болады». Жоспарлары көп екенін тілге тиек етті. Жуырда Астанаға шақырту алыпты. Амандық болса, биыл мамыр айында Қытайға гастрөлдік сапармен аттанбақ. Біз оған сәттілік тіледік.

Дәуіржан Төлебаев

10884 рет

көрсетілді

957

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы