• Руханият
  • 13 Сәуір, 2016

Өз өніміміздің өзгеден несі кем?

Отандық тауарлар  жайлы сөз қозғағанда  алдымен ұлттық тағамдарымыз ойға оралатыны белгілі. Қазақ жерінің қай пұшпағында да төрт түлік жеткілікті. Іргедегі Ресей саңырауқұлаққа дейін пайдаға асырып экспорттап жатады. Біз өзіміздің қазы-қартамызды, жал-жаямызды патенттеп әлемдік немесе Еуразиялық нарыққа неге шығармаймыз деген мәселе туындайды.

Бала кезімізде аналарымыз жылқы етін сатып алып қазы айналдыратын. Қазір базарда сатылып жүрген қазылардан мүлдем басқаша еді. Бүгінде де осындай қазыларды дайындап экспорттауға болады ғой. Сол сияқты қазақтың құрты қай елдің де ас мәзірінен кем түспейді. Бабаларымыз кезінде мал терісін ащы айранмен илеп жылы киімдер тіккені белгілі. Түлкі тымақ, ер-тұрман мен ат әбзелдерін аталарымыздың өзі жасаған. Әсемдеп қамшы да өрген. Қамшы әр шаңырақтың төріне ілінген. Белгілі қаламгер ағамыз Мұрат Аташов бір танысының туған күніне барарда атақты қамшыгерге 12 өрме тобылғы сапты қамшыны сыйға тартыпты. Мұны айтып отырған себебім, кейбір елдер сырттан келген туристерге кәдесыйлар сатып та пайда көреді. Тоқыма бөрік пен шұлықтың өзі бізге шетелден жеткізіледі. Бала кезімізде үлкендер қойдың жүнін қырқып, жуып, күнге кептіретін. Содан кейін бізге түткізіп қояды. Түтілген жүнді ұршықпен иіріп, жіп жасап, бояйды. Түрлі-түсті жіптерден әдемілеп бес саусақты қолғап пен жемпір, мойындық тоқиды. Ақ түйенің немесе ешкінің жүнінен тоқылған жемпірлер кигенде жып-жылы болып, сыртына жүні бұрқырай шығып тұратын. Көктемде киіп шыққанда ішіне қарай жел де, суық та жібермейді. Шетелдік бренд «oodji»-ден қай жері кем? Әрі арзан. Ол аз десеңіз, анамыздың дәлізге өрмек құрып, жұмыстан бос уақытын­да шетін түрлі-түсті жіппен көмке­ріп шағын алашалар тоқығанын да көрдік. Теріден былғары илеуді ұқсата алмасақ та жүннен бұйымдар тоқып, тұтынушыларға ұсынуға болады емес пе? Бұл да отандық тауарға жатпай ма? Қазақстанның оңтүстігіне қарай пойызбен жол тартсаңыз әр темір жол бекеті сайын жергілікті тұрғындар осындай тоқыма тауарларды ұсынады. Бізде де тоқыма өнеркәсібін жолға қойып, келісім жасасып, тауарларды дүкен сөрелеріне неге қоймасқа? Қыста жүннен түрлі кеудешелер, мойын қымтағыштар, қолғаптар, жазда шағын төсеніштер, тоқыма сөмкелер мен түрлі-түсті жіптер жасап сатса оған сұраныс болары анық. Жіпті еліміздегі және жеңіл өнеркәсібі дамыған жақын шетелдердегі ірі фабрикаларға шығарса, олар алар еді. Заманға сай жұмыс жасай білген жанның ұтылмасы анық. Көп нәрсе жарнамаға тіреледі. Қандай тауардың да сұранысқа ие болуы тікелей соған байланысты. Мейлінше, ең қолайлы орын – ғаламтор. Интернет дүкендер ұялы телефондарда да бар. Жарнаманы суретімен әлеуметтік желіге орналас­тырса тапсырыс беруші де табылатыны анық. 2015 жылғы 11 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық тауар өндірушілерді қолдауға шақырған болатын. Елімізде «Қазақстанда жасалған» деген шаралар да өткізілді. Мемлекетіміз отандық тауар өндірушілерге барынша мүмкіндік туғызуда. Тек соны пайдалана бермейміз. Бір нәрсені өзімізде жасағаннан гөрі шетелден тасуға әуеспіз. Мұнайы мен қазба байлығы жоқ елдер де көштен қалмай күндерін көруде. Жапондар мен қытайлықтар көп дүниені пайдаға асыруда. Біз болсақ шикізатқа ғана иек артып, барды ұқсатуға келгенде асықпаймыз. Сөз соңында айтарымыз, қазақ­стандық брендтің даму деңгейі қын­жылтады. «Міне, мынандай брендпен әлем бізді танып отыр» деп мақтана аламыз ба? Есесіне шетелдік брендтерге қызықпайтын жан бар ма? Бренд жағынан батыс елдерімен салыс­тырғанда кенжелеп қалдық. Оның негізгі се­бептері – тауарды өткізудегі оның рөлін дұрыс бағаламау және өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі. Отандық тауарлардың ішіндегі атақты брендтер саусақпен санарлық. Еліміз өркендесін, тұрмысымыз жақсара түссін десек, жапондар секілді отандық тауарлар өндірісі мен оны тұтынуға мән берейік.

Қанат ҒҰМАРОВ Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ганюшкин селосы

2191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы