• Білім және ғылым
  • 30 Маусым, 2016

БАҚ қызметкерлері марапатталды

Елімізде 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін марапаттауға байланысты көптеген шаралар өтті. Сонымен қатар осынау мерекелі күнге арналған байқаулардың қорытынды нәтижелері шығарылып, жүлдегерлерге сый-сияпаттар жасалды. Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елдің үздік журналистеріне Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсырып, алғыстарын жариялады.

Мемлекет басшысының өкімімен Президент сыйлығы «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Әшенқожаұлы Паттеевке, «­Казахстанская правда» республикалық газеті саясат бөлімінің редакторы Владимир Геннадьевич Курятовқа берілді. Ел тәуелсіздігінің мерейтойы жылындағы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттар «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының тілшісі Мұхтар Сейітқасымұлы Ибраймовқа, «Свобода слова» қоғамдық-саяси апталығының тілшісі Вера Андреевна Ляховскаяға тапсырылды. Қазақстан Президентінің алғыстары «Дойче Альгемайне Цайтунг» газеті, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Қазақ радиосы» радиостансасы және «РИКА-ТВ» телекомпаниясы шығармашылық ұжымдарына жарияланды. Биыл ақшалай жүлденiң жалпы қоры 8 млн 485 мың теңгенi құрады. Президент сыйлығының лауреаттарына 3 млн теңгеден және алтын төсбелгi, ал грант иелерiне 1 млн 242 мың теңгеден тағайындалды. *** БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай елімізде өзге де бірқатар маңызды шаралар, кездесулер, басқосулар өтті. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінде Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин журналистерді Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттаса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кеңейтілген отырысында «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісін ілгерілету мен оны жұртшылыққа түсіндіруде ҚХА Журналис­тер клубының рөлі талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми БАҚ басшылары мен қызметкерлерін құттықтап, Құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар тапсырды. *** «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында журналистер арасындағы дәстүрлі «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» аталымы бойын­ша сыйлыққа «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Татьяна ­Костина ие болды. «Нұр Отан» партиясының жұмысы жөніндегі ең үздік материалға арналған сыйлық «24.kz» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасының авторы және жүргізушісі Ерлан Игісіновке берілді. Сонымен қатар А.Әділов, Ә.Исабай, Б.Тәжібаев, Е.Сисенов, О.Дәуітов және т.б. журналистер жүлдегерлер қатарынан көрінді. *** Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құрал­дарында насихаттау белсенділігін арттыру мақ­сатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлдені «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шолушысы ­Сейсен Ұлықбеков иеленді. 1 миллион теңгенің сертификатын министр А.Мұхамедиұлы табыс етті. «Үздік мақала» аталымы бойынша 2-орынды «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Валентин Шипунов, 3-орынды «Жетісу» облыстық газетінің тілшісі ­Меруерт Молдағалиева жеңіп алса, «Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша 1-орынды «Қаз­контент» АҚ «e-histori.kz» сайтының тіл­шісі Алтынбек Құмырзақұлы, 2-орынды «Үркер.кз» сайтының тілшісі Нұрлан Құмар, 3-орынды «Абай.кз» сайтының тілшісі Меңдолла Шамұратов иеленді. Бір топ журналистер министрліктің ынталандыру сыйлықтарымен және Алғыс хаттарымен мара­патталды. Солардың қатарында «Ана тілі» газетінің тілшісі Динара ­Масакова да бар. *** Жуырда Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасында байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы өткен болатын. Байқау қорытындысы бойын­ша «Баспасөздегі үздік журналист» аталымы бойынша І орынды Көлбай Адырбекұлы иеленсе, ІІ орынға Сейсен Ұлықбеков, ІІІ орын­ға «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Дәуіржан Төлебаев лайық деп танылды. «Үздік тележурналист» аталымы бойын­ша І орын Жаңыл Асылбековаға, ІІ орын Ирина Алимжановаға, ІІІ орын Әмірболат Құсайынұлына берілді. «Үздік радиожурналист» аталымы бойынша І орынға Ғалым Есенсариев, ІІ орынға Бақыт Жағыпарұлы, ІІІ орынға Гүлбану Мұхтарқұлова лайық деп танылды. Ал «Интернет-сайттағы үздік журналист» аталымында Гүлмира Бижанова үздік атанды. ІІ орынды Айдос Қосубаев, ІІІ орынды Руза Бейсенбайтегі жеңіп алды. Бір топ журналистерге Алғыс хаттар табыс етілді. Алғыс хатпен марапатталғандардың қатарында «Ана тілі» газетінің тілшілері Бағдагүл Балаубаева, Ақбота Исләмбек, ­Динара Масакова бар.

Назимаш АХМЕТАЙҚЫЗЫ

Тілшілер мәртебесі артады

Қазір елімізде жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлі­гінің алдында ауқымды іс-жоспарлар тұр. Әсіресе, отандық БАҚ-тың дамуындағы бірнеше мәселелерге ерекше назар аударылуда. Бұл туралы Астанада Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты жиын барысында министр Дәурен Абаев мәлім етті. Шарада алдымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның құттықтау хаты оқылды. Дәурен Абаевтың айтуынша, ендігі жерде тілшілердің мәртебесі артып, құқықтары жан-жақты қорғалады. Мемлекеттік құрылымдар да бізге есіктерін айқара ашып, қажетті ақпаратты ұсынуға мүдделі болмақ. Министр өз сөзінде тәуелсіздік жылдарында байланыс саласында да өте мықты кадрлық құрамның қалыптасқанына тоқталды. Жиын соңында Д.Абаев кәсіби қызметте еңбегі еленіп, мәртебесі артқан БАҚ өкілдеріне арнайы төсбелгі табыс етті. «Үздік байланысшы», «Ақпарат саласының үздігі» номинациялары бойынша марапатталғандар қатарында телеарналар мен басылымдардың бас редакторлары және байланыс саласында көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген қызметкерлер бар. Еліміздің әр түкпірінен жиналған олар Ақпарат және коммуникация министрлігіне ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ Астана

«Алтын қалам» жүлдесін иеленді

Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесіне орай «Қазақ газеттері» ­ЖШС-на қарасты басылымдар арасындағы жыл ­сайын дәстүрлі түрде өтетін шығармашылық байқауда «Алтын қалам» жүлдесін «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Ақбота Исләмбек иеленді. «Күміс қалам» жүлдесі – «Уйғур авази » газетінің бөлім редакторы Рашидам Рахмановаға табыс етілсе, «Қола қалам» жүлдесі – «Ақиқат» журналының бөлім редакторы Серікқали Хасанға берілді. Сонымен қатар «Экономика» газетінің тілшісі Ибрагим Бекмаханов, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Ақтөбе облысындағы өкілі Жанғабыл Қабақбаев Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі төсбелгісіне» ие болды. Қаламгер, публицист Мақсат Рсалин Қа­зақстан Журналистикасы Академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Әріп­тестерімізді алған жүлделерімен, марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

3204 рет

көрсетілді

79

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы