• Тіл
  • 27 Шілде, 2016

Айташы мен айтаман

Қоғамдық байланыс мамандары адамдар арасындағы қарым-қатынасты игілікті іске жұмылдырушы, нәтижелі іске бағыттаушы, ұйымдастырушы, ұйыстырушы міндеттерін де атқаратыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде осы мамандыққа қатысты кейбір аталымдар төңірегінде ойлансақ, тек журналистика аясында шектеліп қалмас едік. Сөз «ведущий» дегеннің баламасы ретінде қолданылып жүрген «жүргізуші» деген атауға қатысты болмақ. Ендеше, ортаға салар ой бар. Сонымен...

Бұхар жыраудың: – Ей айташы, Аллаһты айт, Аты жақсы Құдайды айт. Төрт шарияр Мұстафа Мұсқап ашқан ғалымды айт... Құдіретімен жаратқан, Он сегіз мың ғаламды айт, Ақтан сия танытқан Дәуіт пенен қаламды айт... – деп бас­талатын жыры бар. Оның «Айташы» деп отырғаны Алланың сөзін, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының хадистерін елге жеткізуші, жұртты имандылыққа жұмылдырушы адам болса керек. Осы атауды анабір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасының журналистері қолдана бастаған болатын. Бірақ ол ниетті бастағандар басқа жұмысқа ауысып кетті ме, эфирден естілмей қалды... Бастаманы қостаушылар кейінгі лектен табыла қоймады-ау деп ойлаймын. Елдің есінде болса, « Айташы» сөзі көрерменнің құлағына жылы естілген-ді. Осы аталымның ұлттық тележурналистиканың төл термині ретінде қайта өмірге енетін кезі келді-ақ. Егер тележурналистикаға тән аталым деп қабылдасақ, онда «Айташы» деп кімді айтамыз? Айташы деп – теледидарда бір яки бірнеше айтарманның қатысуымен өтетін көрсетілімнің басталуынан аяқталуына дейін ортаға тасталған тақырыпқа қатысушыларды ұйытып, жұмылдырып және оларды қажетті кезде эфирдің сыртындағы көрерменмен немесе тыңдарманмен байланыстырып отыратын кәсіби маманды айтады. Алдында айтарман (немесе көрермен) отырмаса, ол айташыға саналмайды. Айташы өз атқарымын (функция) толық атқаруы үшін оның көз алдында нақты айтарман немесе көрермен болуы керек. Ол солармен тікелей тілдесе жүріп немесе бетпе-бет сөйлесе жүріп негізгі бағдарламаны жүзеге асыруға күш салады. Айташы тек теле бағдарламаларды ғана жүргізбейді, ол сонымен қатар концерттік бағдарламарды да атқара алады. Кей бағдарламаларды екі айташы қосыла жүргізеді. Біз жоғарыда «айтарман» деген атауды әдейі қолдана кеттік. Айтаман деп – радиода немесе теледидарда айтылымға немесе көрсетілімге арнайы шақырылған, белгіленген тақырып төңірегінде ой бөлісе алатын, пікір қозғайтын, өзіндік көзқарасын білдіретін тұлғаны айтамыз. Бағдарламаға жәй көрініп, өзінің бар екенін білдіріп қана кету үшін емес, белгіленген тақырыпқа қатысты қоғамдық санаға қозғау салу міндетін атқару үшін келеді. Айтарман неғұрлым білімді, білікті, кәсіби құзыретті, таңдалған тақырып төңірегінде жақсы айта алатын адам болса, бағдарлама соғұрлым қызықты да тартымды және сапалы болады. Айтарман біреу болса аз емес, он болса да көп емес, тек олардың бәрі тақырыпқа атсалысып отыруы қажет. Бағдарламаға қатысуға шақырылғанның бәрі айтарман міндетін атқарып кетуі мүмкін болмай да қалады. Бұл эфир уақытының тығыздығына, тақырыптың ауқымына сонымен бірге айташының бағдарламаны жүргізу шеберлігіне байланысты. Тегінде телестудияға немесе радиостудияға келген я шақырылған жеке тұлғаны «Қонақ» («Гость») деп жүрміз. Бірақ бұл сөз келген адамға ешқандай жауапкершілік жүктемейді. («Қонақ қойдан жуас, май берсе де жей береді» Халық мәтелі). Дәл осы тұста соңғы үш-төрт жылдың бедерінде ұлттық радио торабынан «айтаман» деген атауды жиі еститін болдық. Айтаман туралы басылымдардың бірсыпы­расында айтылды. Ойлы оқырман бұл жөнінде газет арқылы құлағдар. Дегенмен, газетті тыңдарманның бәрі оқи бермейтінін ескеріп тағы бір еске сала кеткен артық болмайды. Сонда «Айтаман» дегеніміз кім екен? «Айтаман» деген атаудың қазақ халық қорында (фольклорында) болғандығына дәлел ретінде халық ертегілерінің бірінде «Хан бұқараға айтайын дегенін айтаманына айтқызды» деген бір ғана сөйлемді еске алсақ та жеткілікті еді. Дегенмен, ол аздық етсе мына деректі де келтіре кеткен жөн: Журналистика факультетінде «Айтаманов» деген студент оқыған (1974-1979жж.). Ата-ана жақсылыққа жорып, ізгі ырыммен ат қояды. «Айтаман» деп қойғанындағы бір себеп – «балам патша жанында жүрсін, елге соның сөзін жеткізетін, дегенін істететін адам болғай» деген таза ниетінен туған. Сонымен, радиожурналистикадағы айтаман айтылымды алдын ала даярлаушы, ұйымдастырушы, студиядағы айтарман мен тыңдарманның арасын байланыс­тырушы кәсіби маман. Ол біреудің жазып бергенін оқымайды, өзі айтады. Микрафон алдында жанды даусымен өз пікірін ортаға салады. Сыртқы және ішкі мүмкіндіктің бәрін эфирдегі уақытқа бағындырады, айтылар ойға жұмылдырады, тақырыпқа ортақтастырады, айтылымның түпкі мақсатына яғни негізгі идеясына жетелейді. Айтаман – танымы терең, талғамы жоғары, кез келген адаммен байланыс орнатуға құмбыл, эфирден көптің көкейіндегі мәселені дөп басып айтуға шебер кәсіби маман. Ол – радиоэфир мүмкіндігі мен ерекшелігін әбден біліп алған, айтылымға қатысушы адамның психологиясын дер кезінде дәл танып, ойын дөп басып үйренген, айтымы, яғни сөйлеу мәнері – дауыс ырғағы, үн ­бояуы, тыныстау, дыбыстау әдеті мен ойын тиянақты жеткізу, сөздерді өз орнымен дұрыс қолдану машығы әбден орныққан тұлға.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы

2546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы