• Руханият
  • 29 Сәуір, 2010

Медресе - ғұламалар бесігі

d0bcd0b5d0b4d180d0b5d181d0b5«Өзінің дінін, тілін, елін білмегендерорысша оқыса, онан қайыр күту қиын». Шаһабуддин Багауиддинұлы Маржани

«Таза мінсіз асыл тас, Су түбінде жатады. Таза мінсіз асыл сөз, Ой түбінде жатады. Су түбінде жатқан тас, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады», – дейді Асан қай­ғы. Осы бір өлең шумағынан ұғарымыз, адам шын ниет, зор тебіреніс арқылы ғана жан дүниесіндегі ұлы құдіретті аша алады.

Асылды тот баспайтыны сияқты, әу баста тілі «Алла» деп шығып, ана сүтімен бір «Аллаға» деген құлшылыққа қанып өсіп, жасынан медреседе білім алып, халықтың мақтанышына айнал­ған тұлғалар қаншама?! Олар тарихта өз ғасырының ғұламалары атанып қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа тағылымдық-тәлімдік, білім мен біліктілік мәні жоғары мұралар қалдырды. Олар жа­йында айтылып-жазылып жүр, дегенмен сол ғұламалар бесігі – медресе туралы көпшілік көп біле бермейді. Оның басты себебі насихаттың кемдігінде деп ой­лаймын. Орта Азия мен Қазақстанда білімнің, ғылымның, мәдениеттің қайнар бастауы VIII-XII ғ.ғ. жататынын жадымыздан шығармауымыз керек. Еуропадағы алғашқы университеттердің ашылу мерзімінен 300 жыл бұрын қазақ даласында мұсылман мектептері мен медреселер қызмет етті. Олардағы оқыту мен сабақ жүргізуінде өзіндік дәстүр қалыптасып, ол бірнеше ғасырға дейін үзілмей жалғасын тауып, жаңашылдықпен дамыды. Мұсылман мектептері мен мед­реселеріндегі шәкірттер діни сауат ашумен қатар философия негіздері, математика, музыка, құқықтану, медицина саласынан білім алып, білікті маман ретінде қалыптасып, қоғамдық ортаға белсене араласқаны – белгілі жайт. Медреселерді сөз ете отырып, онда білім нұрын таратқан мүридтер мен шәкірттерге үлгі болған ұлағатты ұс­таздарды атай өткен абзал. Мұсыл­мандық танымда ғылым мен білім – тұтас ұғым. Бұл туралы ғалым, бас муфти, хазрет Әбсаттар қажы Дербісәлі былай деп жазған: «Исламда жалпы дін мен ғылым, білім – егіз ұғым. Исламда өзге діндердегі сияқты діни немесе дүнияуи деген түсінік жоқ. Өз кезінің озық ойлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Ұлықбектер де діни медреселер түлектері еді. Соған қарамай алғашқысы – энциклопедист-ғалым, екіншісі – атағы жер жарған дәрігер, үшіншісі мәшһүр астроном болды. Ал Мұхаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) ірі әскери қолбасшы, тарихшы ғалым, ақын болуына ислами білімінің көп көмегі тиді. Сол себепті де отырарлық Аббас әл-Жауһари бастаған даналар легін кезіндегі медресе талабалары Абд әл-Ғафур әл-Кердери (ХІІ ғ.), Шейх Баба Сығанақи (ХІІ-ХІІІ ғ.), Әбу-л Қасым әл-Фараби (ХІІ-ХІІІ ғ.), Мұхаммед әл-Кердери (ХІІІ ғ.), Қауам ад-Дин әл-Фараби (ХІІІ-ХIV ғ.), Хусам ад-Дин ас-Сығанақи (ХІІІ-ХIV ғ.), Сайид Мерки (ХІІІ-ХIV ғ.), Шамс Тарази (ХІІІ-ХIV ғ.), Шейх Ахмет Түркістани (XIV-XV ғ.), Хафиз Бақи ас-Саид Түркістани (XVII ғ.), Бақи Мұхаммед Түркістанилер (XVIIІ ғ.) жалғастырды. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Әбужалел, ХІХ ғасырда күн кешіп діни-руханият саласында қарымды қызмет еткен батыс­қазақстандық Айтмұхамбет хазрет, Ахмет халфе Ғұбайдолла, Бекмұханбет халфе, ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қызылордалық Алдашбай Ерназарұлы, Ахмет ишан Оразбайұлы, Жармұхамет ишан Оразайұлы, ақтөбелік Аманғали ахун Итесұлы, Досжан ишан Қашақұлы, қостанайлық Әлмағамбет Оспанұлы, Уфадағы бүкілресейлік және Сібір мұсылмандары діни басқармасы­ның қазысы Маһди Мағқұл, көкшетау­лық Науан хазрет, семейлік Әбдірахман қари Серікбайұлы, павлодарлық Қамар ад-Дин мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев және әлі әзір аты белгісіз өзге де рухани шамшырақтарымызды да біз қашан да құрметпен атаймыз». Қазақ еліндегі мектеп, медреселердің дамыған тұсын шартты түрде XIX ғасыр, XX ғасырдың басы деуге болады. Осы кезеңдегі ел өміріндегі елеулі оқиғалар­дың барлығы да ақын-жыраулардың өнернамасында өзінің көркемдік ше­шімін тапқан. Бұл дәуірдегі ақын-жа­зушылардың, білікті азаматтардың бәрі дерлік медреседе білім алып, дүнияуи көзқарасы қалыптасқан, ел қамын жейтін қайраткер дәрежесіне дейін көтерілген еді. Олардың қатарында ғалым Шоқан Уәлиханов, ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ақындар Абай Құнанбаев, Ақмол­ла Мұхамедиярұлы, Әбубәкір Кердері, Нұржан Наушабайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәді Жәңгірұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мақыш Қалтайұлы сынды бірегей тұлғалар бар. Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толмақ. Тәуелсіздік жолы азаттық үшін арпалысқан, қасіретке толы қан майдандардан тұрады. Ресей империясы­ның отарлау үдерісі дін мен тілге ауыз салып, елдіктен кетіре бастаған тұста, Байтұрсыновша айтқанда, «Енді жату жарамастың» кезі келді. Қоғамдық ойға көшбасшы жаңа тұрпатты қоғамдық-саяси әрі әлеуметтік күш қажет болды. Бұндай күш алғашында ана тілінде сауат ашып, сонан соң медреселерде оқып, өз ұлтының тарихы мен ұлттық ерекшелігін жете танып-білген, түркі тектес ғұламалар мен ойшылдар танымынан тағылым алған, кейіннен орыс оқу орындарында тәрбиеленіп, білімін жетілдірген, сөйтіп, елі үшін қызмет етуге даярланған, яғни «Шығыс» пен «Батысты» тең игерген алғашқы қазақ зиялылары болатын. Олар сәл ертеректе құрылып, өздерін «жәдидшілдер» атаған, тарихтағы өз орнын осы атаумен айқындаған жаңа бағыт­тағы идеологиялық мәдени-ағартушы күштің идеялық ұстанымдарына иек артты. Бұрынғы ескі «қадимшілер» іліміндегі бір жақты көзқараспен кетпей, көбіне ғылым жаңалығына бойұрды. Ізденіс пен еңбекті басты шарт тұтты. «Жәдидтер» ұғымының мәні мен мағынасы туралы ғалым М.Тәж-Мұрат: «Жәдидизм» сөзінің төркіні – «усул-и-жәдид» дейтін тіркес. Яғни «жаңа әдіс» – мұсылман мектебінде оқу жүйесінде бұрыннан бар «усул-и-қадим» – «ескі әдіске» балама жол. Дәлірек айтсақ, қаріпті ежіктеп оқытатын усул-содие орнына таңбаны көрсетіп, дыбыстатып барып буыннан сөз құрап оқытатын усул-мадие, дыбыс­тық әдісті пайдалану». Иә, XIX ғасырдың ортасында Шығыс пен Батысты тұтастырған тұлғалар өте аз еді. Бірақ олар аз болса да, медреселік білімімен көп іс тындырды. Сондай түркі жұртынан шыққан дара дарындардың бірі – 1818 жылы Маржан қаласында дүниеге келген Шаһабуддин Багауиддинұлы. Ол жәдидтік ілімнің негізін қалаушылардың көшбасшысы еді. Араб, парсы және түрік елдерінде болып, сол елдердің тілін меңгеріп, ғылымын игерген атақты білімпаз. Шаһабуддин Маржани отаны­на қайтып оралған соң жәдидтік бағыт ұс­тап, Қазаннан «Ғалия» медресесін ашты. Бұхара, Самарқанд, Ыстамбұл, Мысыр (Египет), Таяу Шығыс сапарларын­дағы діни тәжірибені жинақтай келіп, исламияттағы қате түсіндірілген қағи­далардың шын мәнін шәкірттерге уа­ғыздады. Оның жәдидтік ілімі қазақ елінің арасында Семейдегі, Омбыдағы, Троицкідегі, Қарқаралыдағы мешіттер­де дәріс берген шәкірттері арқылы кеңі­нен тарады. Абай оқыған Ахмет Риза медресесі де сол Ш.Маржанидің бағы­тын ұстанып, ғылымның бар саласын оқыт­ты. Ол «өзінің дінін, тілін, елін білмеген­дер орысша оқыса, онан қайыр күту қиын» деген қағиданы ұстанды. Абайдың «Жиыр­ма бесінші сөзіндегі» балаларды оқыту туралы пікірі осы ұстаз ойымен сабақтас. Абай: «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түрік танырлық қана таза оқытса болады... орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек... Дінге де жақсы – білгендік», – деп, дінді ғылыммен тануды мақсат етті. Бұл жерде Абайдың айтып отырғаны – алдымен бала түрік танырлық, яғни білім алып қалыптасу үрдісінен өтуі керек. Бұл – білім алудың алғы шарты. Бүкіл ұлттық тәлім-тәрбиені, исламдық қағидаларды бойына толық орнықтырғаннан кейін ғана оны өзге оқуға беруге болады. Яғни ұлттық қасиетті тұла бойына сіңірген баланы ғана орысша оқуға беруге болады. Онда да орыстың пайдасына ортақ болу үшін оқыту жөн екендігін баса айтады. Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлы да: «Оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өз ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылу керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», – дейді. Осынау ұлт зиялылары ұстанған пікірлер орыстың мәдени-рухани отарлауына қарсы күресте зор міндеттер атқарды. Ресейдегі жәдидтік ағымның бас­­таушысы Ш.Маржанидің ісін жал­ғас­тырушылар көптеп шыға бастады. Олардың ішінен екі адамды айрықша атауымыз керек. Олар: баспагер Каюм Насыри мен Исмағұл Гаспралы. Осынау зиялылар орыс езгісінен бейбіт жолын іздестіріп, Ресейдегі мұсылмандарды өркениетке жетелей отырып, тарихи тұтастыққа, дінде, сөзде, істе бірлікке қол жеткізу мақсатын көздеді. Яғни түрік халықтарындағы еркіндік санасын оятуға, өткен тарихын танып-білу арқылы өзін-өзі тануға, бірлікті істің баянды тірлігі жолындағы тұтас түрікке ортақ қозғалысты ұйымдастыруға бел­сенді қызмет етті. Сөйтіп, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында бір кездегі Түрік қағанаты дәуіріндегі бірлікті елдің ұлы күшін танытқан «тұтас түрік елі» идеясы қайта оянып, түрікшілдік идеяны туғызды. Осы идеяның басында Исмағұл бек Гаспралы тұрды. Еуропа және мұсылман елдерінде болып, ұлттық мәселемен жете танысқан И. Гаспралы 1876 жылы Бақшасарайға келіп, өзінің осы мақсатты істерін бастады. «Ұлттық езгіден құтылудың негізі өзіңді танудан басталады» деген ұстанымды басшылық­қа алған ол алдымен мектепті жолға салу қажеттілігін терең түсініп, алғашқы кезекте мектеп-медресе мәселесін шешу­дің бағдарламасын жасады. Ұлт тәрбие­сін қалыптастыруды мектептен бастау негізін араб жазуына өзгерістер енгізуден бастады. Араб алфавитінің негізінде тү­рік тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне лайықталған «усул-и-жадид» жазуын жа­сап, бұл өзгерістерді қолдануды өзі шығарған «Тәржіман» газетінен қолдана бастайды. Сөйтіп, осы жаңа әдіске бейім­делген мектептер ашуды қолға алады. Қазақстанда жәдидшілдік идея, мек­теп-медреседе оқытудың осы түріне көшу мәселелері кеңінен қолдау тапты. Осы саладағы Ахмет Байтұрсынұлы еңбегін ерекше атауымыз керек. Ол өзінің оқу мен оқыту жайындағы ой-пікірлерін алғашында «Айқап» журналында, кейін өзі шығарған «Қазақ» газетінде кеңінен білдіріп отырды. Мәселен, «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5-сандарын­да басылған «Жазу тәртібі» атты мақала­да бұл тараптағы мақсат нақты көрсетіл­ді. Ол жазу үлгісін араб алфавиті негізін­де түзеп, қазақ ұлтының тілдік ерекшелігі­не сәйкестірілген жазуды тұңғыш болып ұсынды. Сондықтан да енді қазақ даласында И.Гаспралы қалыптастырған үлгіні жүзеге асырған А.Байтұрсынұлы деп білеміз. Ол өзі 1912 жылы жасаған «Төте жазу әліппесі» арқылы жәдидтік идеяларды насихаттаған басылым «Қазақ» газетін 1913 жылы 2 ақпанда дүниеге әкелді. И.Гаспралы мен А.Байтұрсынұлының бастамасын Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов, Ғ.Қараш, М.Сералин, М.Жұ­ма­байұлы, Ж.Әбубәкір, М.Кәшімов сияқты зиялылар бірден дұрыс бағыт деп қабылдады. Қазақ даласындағы дін Исламды білім-ғылым арқылы тануды «Айқаптың» 1912 жылғы №1 санында М.Кәшімов «Әулиеата хабарлары» атты мақаласында Әулиеатадағы оқу жайларын, мәдение­тін басқа қалалармен салыстырып, Әулиеатаның артта қалғандығын сөз етіп, бірақ «ұсұл жәдидше оқытушы бар болса, тез хат танитұғын тәртіп бек хош көрінеді», – деп аяқтайды. Ал «Қуанып жазушы бір мүсәпір» деген бүркеншік есімді автор: «қазірге қазақтың көзі ашылған көрінеді. «Төте оқу білмесең, ұстамаймыз», – дейді. Қанша сандалып жүрсем де, молдалыққа орын таба алмадым», – деп баян қылады. А.Байтұрсынұлы Гаспралы жолынан ауытқымастан, оны жетілдіріп, жаңартып, ұлттық ерекшелікті ескере отырып, жаңа жазуды орнықтырды. Бұл Қазақстандағы мектеп-медреселердің оқыту жүйелерін бір қалыпқа түсіруге біршама игі әсер етті. Уфада 1872 жылы ашылып, XX ғасыр басында биік даму сатысына көтерілген «Ғалия» медресесі Ресейдегі алдыңғы қатарлы оқу орны болғаны зиялы қауымға аян. Осы оқу орнында дін сабақтарымен қатар математика, физика, химия, тарих, философия және басқа да пәндер оқытылған. «Ғалия» медресесінен талай қазақ балалары білім алып, ұлттық рухты, ұлттық сананы оятуға аянбай еңбек етті. Ғалым Ахмедовтің деректері бойынша оны 70-тен аса қазақ балалары бітіріп шыққан. Олардың ішінде М.Жұмабаев, А.Мәметов, Б.Майлин, т.б. аса талантты да дарынды қазақ ұлдары бар. Ал Орынбордағы «Хүсәйния» медресесінде Қ.Жұбанов, Ш.Сарыбаев, Б.Сүлеев, Х.Болғанбаев сынды азаматтарымыз оқыған. Осы азаматтардың ғылымда, әдебиетте, қоғамдық өмірде атқарған қызметтері Алаш қауымына белгілі. Бұлар өз білімдерін медреседен алған еді. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ел имандылыққа бет бұрып, дінге деген көзқарас жақсарды. Елімізде діни оқу орындары, жаңа заман талабына сай медреселер ашыла бастады. Олардағы оқыту үдерісі қазір бір жүйеге түсті деуге болады. Қазіргі кезде Елбасымыз Н.Назарбаев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас муфтиі, хазрет Әбсаттар қажы Дербісәлі бастамасымен 2001 жылы елімізде жоғары білімді имамдар дайындайтын, ТМД жұртында теңдесі жоқ «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті ашылып, діни білім алып, имам болғысы келетін жастарымызға есігін айқара ашты. 2002 жылы іргетасы қаланған имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институтының да орны бөлек. Онда «Нұр-Мүбаракқа» түсіп, 4 жыл күндіз оқуға мүмкіндігі жоқ жастың да, жасамыстың да бір семестр дәріс алып, діни білімін жетілдіруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар республикамыздың ірі-ірі облыс, аудан орталықтары мен қалалары мешіттері жанындағы екі жылдық діни сауат ашу курстары, арнайы орта кәсіптік діни білім беретін 7 медресе ашылды. Бұл оқу орындарының қызметін ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Ә.Дәуренбеков қадағалап отырады. Қазақстандағы діни білім берудегі жаңа қадам – 2009 жылдың 10 тамызында ашылған Әбу Ханифа атындағы республикалық Алматы медресесі. Бұл оқу орнының болашақта діни білімді мамандар дайындаудағы атқаратын қызметі ерекше болмақ. Медреседегі шәкірттердің жатын орыны, 3 уақыт тамағы мен алатын білімдері тегін. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп білім алып жатқан шәкірттерімізден күтер үмітіміз де мол. Медресені ашу идеясының өзі Меккеде Қағбаның жанында туындап, бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Алматы орталық мешітінің бас имамы, «Әбу Ханифа» медресесінің директоры Құлмұхаммед Пірманұлының бастамасымен ашылып, қазіргі таңда болашақ исламтанушы мамандарды дайындауда. Медресе кәсіптік білім беру оқу орны санатына жатады. Сондықтан да аталған оқу орнында діни біліммен қатар қазіргі заман талабына сай, мемлекеттік білім стандартында көрсетілген пәндер оқытылады. Медресенің оқу корпусы мен жатақхана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық қажетті жиһаз, соңғы техникалық құ­ралдармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қоры бай кітапхана да қызмет көрсетеді. Кадрларды іріктеу барысында олардың жоғары білімі мен құзырлылығы ескеріліп, өз елімізден ұстаздар қа­былдануымен шектелмей, Египет (Мысыр) елінен де ұстаздар шақырылуда. Қазіргі таңда 75 орындық медреседе 20 шәкірт білім алуда. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Бірінші жартыжылдықта ұстаздар­дың уақытпен санаспай, қажырлы еңбегінің нәтижесінде шәкірттердің бі­лім деңгейі 97%-ға көтерілді. Сонымен қатар тәрбиелік мәні бар «Рамазан қан­дай ай?», «Қадір түні», «Ораза айт мейрамы», «Құрбан айт мерекесі», «Тәуелсіз еліміздің болашағы – біз», «Мұсылманша жыл санау», «Құран мен хадиске сай көркем мінез» тақырыптарында шәкірттермен сұхбат жүргізіліп, 2 мәрте «Білімділер сайысы» өткізіліп, ата-ана­лармен кездесулер ұйымдастырылды. Бұл атқарылған жұмыстардың барлығы шәкірттер жүрегіндегі Ұлы Жаратушыға деген сенімдерін ұлғайтып қана қоймай, қазіргі заманда Еуропадан лек-легімен ағылған ұлттық тәрбиеге қайшы ке­летін мінез-құлықтан аулақ болуға игі әсер ететіндігі сөзсіз. Болашақта медресемізде маман дайындау деңгейіне, білім бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнына, білім беру үрдісіндегі кадрлық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етудегі талаптар күшейе түседі. Өйткені үл­герімі жақсы бітірушілер өз білімдерін «Нұр-Мүбарак» Ислам институтында, Мысырдың әлемге әйгілі әл-Азхар уни­верситетінде жалғастыруына мүм­кіндік беріледі. Медреседе қызмет атқаратын ұстаз­дардың барлығы – жоғары білімді, бі­лікті, көпшілігі Мысырда оқып білім алған жандар. Медресе директоры Құлмұхаммед Пірманұлы – өте білімпаз, Алланың жолын тазалықпен ұстайтын, кішіпейіл адам. Ол шәкірттер мен ұс­таздардың жағдайын, білімнің сапалы болуын қадағалап отырады. Шәкірттер­дің білімін жетілдіру бағытында да бір­ша­ма істер жүзеге асырылып жатыр. Со­ның бірі жақында шәкірттердің тілін ұс­тар­тып, Құран Кәрімді мәнерлеп оқуды үйрету мақсатында Мысырдан келген араб ұстаздардың да медресеміздегі оқу ісінің жемісті болуын, шәкірттерімізге үлкен көмек тигізуін жолға қойды. Міне, осындай жағдайлар жасалған медреседе оқып білім алудың өзі бір ғанибет емес пе?! Медресе Алланың нұры жауған иман­дылықтың мекені іспетті. Бұл Алланың шынайы мұсылман болам деушілерге жасап жатқан нығметі деп білеміз. Сондықтан «адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүюге, Хақ жолы деп әділетті сүюге, бауырым деп адамзат­тың бәрін сүюге» (Абай) тәрбиелейтін, тағылым беретін, білім нәрін құйып, ғылым үйрететін медресе есігі талапты жасқа әрқашан ашық. Ақбота Нұрпейісова, филология ғылымдарының кандидаты, «Әбу Ханифа» медресесі директорының орынбасары

10394 рет

көрсетілді

111

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы