• Тіл
  • 22 Қыркүйек, 2016

Саптыаяқ, саба, торсық...

Ыдыс-аяқ – ас-тағам дайындауға және тамақтануға тікелей пайдаланылатын ыдыс түрлерінің атауы. Ыдыс сөзінің мағыналық ауқымы кең. Оған ыдыс түрлерінің бәрі жатады. Бірақ ыдыстың барлық түрлерінің ішінде тағамды дайындауға және қабылдауға тікелей пайдаланылатын түрлері ғана, жоғарыда айтылғандай, ыдыс-аяқ болып саналады.

Көшпелілер ұғымында ыдыс-аяқ түрлері материалдық игіліктің бірі ретінде молшылық-тоқшылық, ырыс-берекенің көзі деп есептелінді. Өйткені дәстүрлі наным-сенім бойынша, аузы жоғары қараған іші қуыс ыдыс-аяққа Тәңірі несібе бұйыртады екен деседі. Сонымен бірге тұрмыстық тіршіліктен тыс адамдар арасындағы дәнекер саналатын «дәм-тұз» деген киелі ұғыммен де семантикалық байланысы айқын аңғарылады. Басқаша айтқанда, ыдыс-аяқ дастарқандас адамдар арасындағы сыйластық қатынастың да өзіндік дәнекері функциясын атқарады. Өйткені көшпелілердің этикасы бойын­ша, бір дастарқаннан, бір ыдыстан (табақтан) дәм татқан адамдар бір-бірін жаманшылыққа қиюы үлкен күнә болып саналды. Ыдыс-аяқтың дәстүрлі отбасылық-некелік қатынас жүйесінде де өзіндік ғұрыптық және этикалық орны мен функциясы болды. Қыздың жасауының құрамындағы шешесінің өз қолынан табысталған ыдыс-аяқ қыздың көргенділігінің айғағы іспеттес болды (шешесін көріп қызын ал, аяғын көріп, асын іш принципі бойынша). Ыдыс-аяқтың кейбір түрлері халық медицинасында магиялық қасиеттері бар деп саналды және ырым-тыйымдар жүйесінде ғұрыптық қызмет атқарды. Қазақы ортада қолданылатын ыдыс-аяқ түрлері негізінен тері, ағаш, металл тәрізді шикізаттардан дайындалған. Ыдыс-аяқтар көшпелі тұрмыстың талаптарына сай көбінесе ағаштан және теріден жасалған. Мұндай ыдыс-аяқтар көші-қон кезінде оңайлықпен бүлінбейтіндігімен әрі жеңілдігімен ерекшеленген. Ағаштан жасалған ыдыс-аяқтың күнделікті тұрмыста қолданылатын аяқ, шара аяқ, шара, зере, саптыаяқ, тостаған, тегене, табақ, астау, керсен, шөміш, ожау, қасық, ағаш шелек, күбі шелек сияқты түрлері бар. Ыдыс-аяқ жасауға арнайы өңдеуден өткен төрт түліктің терілері кеңінен қолданылды. Оларға көнек, саба, торсық, бұлқыншақ, мес, сүйретпе, шелек, дүңгіршек сияқты ыдыс-аяқтар жатады (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 5-том. – Алматы, РПК «Слон», 2013. – 756-б.). Қазақ тілінде ыдыс-аяқ атауларына байланысты лексикалық деректер мол кездеседі. Қазіргі таңға дейін зерттелген қазақ тілінің аймақтық ерекшеліктеріндегі ыдыс-аяқ атауларын лексика-семантикалық тұрғыдан қарастырғанда, сыртқы тұлғасы бір атаулардың сөйленістерде ішкі мағынасы әртүрлі болатын тілдік құбылыс туралы айтып өтпеу мүмкін емес. Мағына жағынан осылай салыстырылатын атауларды қазақ диалектологиясында «сәйкессіз диалектизмдер» деп атайды. Астау – Алматы облысының Жамбыл ауданында «үлкен тегеш ыдыс»: Бір қойды сойып, етін асып астауға жасап, жұмысшыларға бердік; Қызылорда тұрғындарының тілінде – «мал су ішетін науа»: Қойды бері қарай айда, балам, астауда су дайын тұр; қазіргі Атырау облысының Есбол ауданында «қайықты» білдіреді (1, 75 б.). Баспақ сөзі – Қарағанды өңірінде, Түркіменстан қазақтарының тілінде «жылқының бас терісінен істелген тұз, т.б. салатын ыдыс»: Баспақты жоғарыға іліп қой (2, 26 б.); Көкшетау өңірінде – «киізден, қайыстан, теріден істелген бұйым салатын ыдыс» (3, 60 б.); Алматы, Жамбыл облыстарында – «мал ауруы»: Семіз қой жеті-сегіз сөтке аш қалған соң көктемде баспақ болып ауырады; Орынбор қазақтарының тілінде «алты айлық бұзау»: Бір сиыр, бір баспақ ұстап отырмыз (1, 127-128 бб.). Бәкі//бекі – Қарағанды облысының Шет ауданында «ашып-жаппалы кішкентай пышақ»: Магазиннен бәкі сатып алдым; және «шегіртке» дегенді білдіреді; Жамбыл облысының Талас ауданында – «ұстара»: Дүйсеннің бәкісін алып келсең шашыңды алып берейін; Қызылорданың Қармақшы ауданында – «түйенің терісінен жасалатын кебіс» (1, 133 б.). Дағара – Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Алматы, Шымкент облыстарында, Қарақалпақ қазақтарының тілінде «темірден, мыстан жасалған үлкен ыдыс, шара, леген, шылапшын»: Мына кісілер қол жусын дағараны әкел; Жамбыл, Алматы облыстарында – жүгерінің ұны: Қол диірменге жүгері тартып, дағарадан нан жабамыз; Маңғыстау өңірінде – «үлкен етіп пісірілген нан» (1, 179 б.). Дағара сөзіне -дай жұрнағы қосылуы арқылы «үлкен» мағынасы жасалып, теңеу мәнінде қолданылады. Метатеза арқылы дағарадай формасында айтылуы да бар (4, 40 б.). Кепсер – Алматы облысының Жамбыл ауданында «жайпақ келген үлкен табақ»: Етті кепсерге салып әкелсеңші, тегі; Моңғолия қазақтарының тілінде – «қалып»: Тоқаң тек белбеу істеумен ғана шектелмей, күмісті сымға тартып және кепсер жасай білген шіліңгір ұста; Алматы, Жамбыл облыстарының тілінде – «тамақты, етті, бауырсақты сүзіп алатын тесік ожау» (1, 317 б.). Көнек – Көкшетау облысында, Омбы қазақтарының тілінде «қымызды ашытатын ыдыс»: Ондай көнектер қазір жоқ қой; Жамбыл облысында – «той-томалақта құда-күйеулерге табақ тартып, көйлек-көншек түрінде алынатын кәде»; Қарақалпақ қазақтарының тілінде «жүгері дәнінің ұшындағы қарайып тұрған жер» (1, 338 б.); Р.Асылбекованың зерттеуінде көнек – «теріден істелген бие сауатын ыдыс. Сөздің түбірі көн – ірі қараның терісінен иленген қатты былғары және өңделмеген, терінің қарапайым түрі мағынасында түркі тілдеріне ежелден белгілі, сондықтан қазақ тілінде ауыспалы, туынды мағыналарға ие болған, ал көнек – ірі қара малдың бас не мойын терісінен жасалған, бие саууға, құдықтан су тартуға арналған шүмегі бар ыдыс. Л.Будагов көнек сөзінің бие сауатын тері ыдыс шелек мағынасын көрсеткен (4, 38 б.). Қабақ – Оңтүстік сөйленісте «асқа­бақтың қабығынан істелген ыдыс»: Қабақтағы сумен қол жууға болады (5, 288 б.); Алматының Шелек ауданында – «асқабақ»; Жамбыл, Шымкент облыстарында – «жеуге жарамайтын, ішін ыдыс ретінде пайдаланатын асқабақ тәрізді өсімдік» (1, 364 б.). Қалақ – Қазақстанның Шығыс сөй­ленісінде және Моңғолия қазақ­тары­ның тілінде «ағаш қасық»: Дүкенде темір қасық жоқ, ал қалақтар толып тұр (6, 275 б.); Ұлытау сөйленісінде – «кәкпір, кепсер»: Үйден қалақ әкел, етті түсірейік; Көкшетау облысында – «қайықтың ескегі»: Қайықтың қалағы сынып қалып, бүгін балық аулауға бара алмай отырмын; Алматы облысында – «апиын жинайтын құрал»; Өзбекстан қазақтарының тілінде – кішкене күрекше»: Әшім қақпаның орнын қалақпен әдемілеп ойыпты (1, 375 б.). Қалбыр – Алматы, Жамбыл облыстарында «шылапшын, кір жуатын ыдыс»: Әкем, қалбырды әкеп, ағаларыңның қолына су құй; Шығыс Қазақстан өңірінде – «бидай тазалайтын және ұн елейтін елек, елеуіш»: Қалбыр қаңылтырдан жасалады; Көкшетау сөйленісінде – «қаңылтырдан істелген кішкене ыдыс»; Қарағанды облысында және Омбы қазақтарының тілінде – «керосин, т.б. құятын ыдыс»: Қалбырдың түбінен су ағып тұр; Көкшетау, Семей облыстарында, Түрікменстан қазақтарының тілінде – «сауыт (консерві, т.б. салынатын ыдыс)»: Қораның ішінде шашылған қалбырлардан аяқ алып жүргісіз; Семей облысының Абай ауданында – «ішіне шай, бұрыш, кейде түйме, ине сияқты майда-шүйде заттарды салып қоятын қаңылтыр ыдыс»; Шығыс Қазақстанның Большенарым ауданында – «кебек» (1, 376 б.). Сапал – Қазақстан­ның оңтүстік сөй­леністерінде «жер жы­нысынан (құмнан) жасалған ыдыстардың жалпы аты» (7, 286 б.); Тәжікстан қазақ­тарының тілінде – «үлкен кесе». Шорпаны сапалмен әкел (8, 105 б.). Талыс – Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында «шеберлердің аспап салатын ыдысы»: Далабайдың талысы толған аспап; Орал облысында – «мес, торсық»: Кейбір талысқа 3-4 шелек қымыз сыяды. Көне жырларда талыс жылқының, сиырдың бас терісінен істелген көн дорба. Мен арғын деген арыспын, Аузы кере қарыспын. Сен бұзау терісі шөншіксің, Мен өгіз терісі талыспын (Бұхар жырау) (1, 644 б.). Тас – Қазақстанның батыс сөйленісінде – «рюмка» (9, 351 б.); Саратов қазақтарының тілінде «кесе»: Әкеліңіз тағы бір тас құяйын; Орал облысында – «күйдірілмеген кірпіш»; қазіргі Атырау облысында «бекіренің қатты шеміршегі»; Қарақалпақ қазақтарының тілінде – «байлық» (1, 651 б.). Тасаяқ – Орал облысының Орда ауданында «кішкентай тәрелкесі бар фарфордан істелген ыдыс»: Қызым тасаяқтарды жуып алып кел; Орал, Ақтөбе облыстарының кейбір аудандарында – «шыны аяқтың шұңқыры, тәрелкесі»: Осы тасаяқпен толтырып тұрып екі тасаяқ ұн бердім (1, 651 б.). Тастабақ – Ақтөбе облысының Байғанин ауданында, Қызылорданың Арал ауданында және Орынбор қазақтарының тілінде «тәрелке»: Бұрын тастабақ деуші еді, енді тәрелке дей бастады; Қостанай облысында және орталық сөйленістерінде – «жайпақ табақ»: Тастабақпен тартқан ет тез суыйды; Маңғыстау өңірінде – «шыны аяқ, кесе»: Тастабаққа құйган шайдай (1, 652 б.). торсыкШанақ – Көкшетау облысының Қызылту ауданында «шыбықтан тоқылған себет»; Қарақалпақ қазақтарының тілінде – «тәрелке»: Тостаған қайың бастықтың уақытында той беріп, жегенін жеді, жемегенін табақ пен шанаққа салып алып кетті; Шымкент облысының кейбір аудандарында – «мақта талшығы жетіліп, оны ыстықтан қорғап тұратын мақта қауашағы»: Кәзір қоза екі-үш шанақ байлайды; Түркістан сөйленісінде – «жүгерінің собығы»: Жүгерінің піскенін шанағынан байқайды (1, 732 б.). Қарақалпақстан қазақтарының тілін қарастырған Б.Бекетовтың зерттеуі бойынша, «Шанақ» сөзінің говордағы екінші мағынасы – қауын-қарбыздың тұқымын егетін ұя. Говорда «шанақ» сөзімен байланысып келетін шанақтай қылып, «шанақтай он манат», т.б. тіркестері жиі қолданылады» (10, 102 б.). Шанышқы сөзі Қазақстанның солтүстік өңірінде «тамақ ішетін аспапты», Қызылорда жағында «балық аулайтын құралды» білдіреді. Сонымен қатар Алматы облысының Балқаш ауданында да – «тайыз сулардан балық аулайтын ағаш сапты бас үш не төрт тармақты темір құрал»: Шанышқының жасалу формасы әртүрлі болады (1, 734 б.). Шиша – оңтүстік сөйленістерінде «шыны ыдыстың жалпы аты» (7, 287 б.), Жамбыл, Шымкент облыстарында, Қарақалпақ қазақтарының тілінде (шише) – «шөлмек, бөтелке»: Бір шиша арақтың бәсі бұрын үш сомға жетпейтін еді ғой; Талдықорған, Шымкент облыстарында – «керосин шамға кигізетін шыны түтік»: Шамның шишасын күйе басып қапты, сүртіп қой; Жамбыл облысында – «жермай шамның шынысы, мойны»: Шишаның күйесін сүртіп тазартып қою керек. Парсы тілінде шиша «шыны» деген сөз (1, 756 б.).

Ыдыс-аяққа қатысты ырым-тыйымдар: - үйде сынық немесе кетік ыдыс-аяқтарды ырыс кетеді деп ұстамаған. Ал сынып қалса, бәле-жала, ұрыс-керіс осымен кетсін деп ырымдап, үйдегілердің басынан айналдырып лақтырып тастаған; - ыдыс-аяқтарды қолданбаған кезде, әсіресе түнде бетін ашық қалдырмайды. Ашық қалған ыдысты жын-шайтан аралап кетеді деп санаған; - қонаққа кетік аяққа, кесеге ас құйып бермейді. Бұл қонақты қорлау деп есептелінеді; - ас ішкен ыдысты төңкеріп қоймайды. Бұл – несібе осымен бітті дегенге меңзейді; - үйге көршілер ыдыспен ас әкелсе ыдысты бос қайтармаған. Себебі ыдысын бос қайтару көргенсіздік, әдепсіздік саналған;

Пайдаланған әдебиеттер: 1. Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. – Алматы: Арыс, 2005. – 824 б. 2. Нақысбеков О. Қарағанды экспедициясының материалдарынан // Қазақ диалектологиясы. 1-шығуы. – Алматы, 1965. 3. Сарыбаев Ш.Ш. Көкшетау облысы Шучинск, Еңбекшілдер аудандарында тұратын қазақтардың тіліндегі диалектілік ерекшеліктер. // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. – Алматы, 1960. 3-шығуы. 4. Асильбеков Р.У. Көркем мәтіндегі диалектизмдер (1995-2005 жж. көркем шығармалар бойынша): филол. ғыл. канд... диссер. – Алматы, 2009. 5. Аманжолов С. Оңтүстік диалектілерінің лексикалық ерекшеліктері // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. 3-шығуы. – Алматы, 1965. 6. Аралбаев Ж., Бектұров Ш. Марқакөл және Қатонқарағай экспедициясының материалдарынан // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. 5-шығуы. – Алматы, 1963. 7. Аманжолов С. Оңтүстік диалектілерінің лексикалық ерекшеліктері // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. 3-шығуы. – Алматы, 1965. 8. Сағындықова Ф., Бисембаева Ж. Тәжікстан қазақтарының тіліндегі кейбір лексикалық ерекшеліктер // Қазақ тіліндегі аймақтық ерекшеліктер. – Алматы, 1990. 9. Аманжолов С. Батыс диалектілерінің лексикалық ерекшеліктері // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. 4-шығуы. Алматы, 1962. 10. Бекетов Б. Қарақалпақ қазақтарының тілі. Алматы, 1992. – 128 б.

Дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

36693 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы