• Мәдениет
  • 12 Қаңтар, 2017

Айдар Садырбаев, Семей қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы: Сөз қадірін білетін жастарымыз өсіп келеді

Әр қаланың өз ерекшелігі бар. Кезінде Алаштың астанасы атанған Семей шаһары ­туралы айтатын болсақ, қаланың дамып, өркендеуіне көңіл бөлініп, бірқатар ауқымды шаралардың атқарылып жатқанын байқауға болады. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаевпен әңгімемізде қаланың рухани келбеті, сондай-ақ жастар мәселесі тілге тиек етілді.

– Айдар Серікқазыұлы, өзіңіз басқарып отырған қалалық Ішкі саясат бөлімінің атқарып отырған жұмысына, оның ішінде жастар мәселесіне тоқталсаңыз? – Бүгінде Семей қаласындағы халық саны 340 мыңнан асса, оның 97 мыңға жуығы жастар. Шаһарда 4 жоғары оқу орны, 28 колледж бар. Алыс-жақын маңнан Семей қаласына білім іздеп келетіндердің саны күн өткен сайын артуда. Мәселен, «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірдің 1040 студенті оқып жүр. Жастар саясатын іске асыру мақсатында 2013 жылы арнайы ресурстық орталық ашылған. Орталықтың негізгі мақсаты – жастардың басын қосып, бағыт-бағдар беру. Жоғарыда аталған 97 мың жастың 36 мыңнан астамы студенттер болса, 14-19 жас аралығындағы жоғары сыныптың оқушылары да осы жастардың тобына кіреді. Үшінші жыл қатарынан «Жастар кәсіпкер­лігін дамыту» жобасын іске асырып келеміз. Осы уақытқа дейін мыңнан астам қыз-жігіттеріміз арнайы тренингтерден өтті. Онда жеке кәсіпті дамытуға байланысты пайдалы кеңестер берілді. – Тағы да қандай өзекті жайтты атап өтер едіңіз? – Жастардың теріс ағымдарға бой ұруы – елді алаңдатып отырған үлкен мәселе. Елбасы айтқанындай, діни экстремизм және онымен күрес мәселесі басты назарда болуы тиіс. Діннің атын жамылып, қандай да бір теріс пиғылды әрекеттерге үндегісі келетін, солардың жетегінде кетіп жатқан кейбір іні-бауыр-қарындастарымыздың әрекетіне тосқауыл қою – бүкіл қоғамның міндеті. Осы мақсатта облыс, қала басшылығының қолдауымен Ішкі саясат бөлімі жанынан ­арнайы сектор ашылды. Теріс жолға түсіп кеткен ­бауырларымызбен өзара жұмыс істеуге теолог маманы бекітілген. – Қала жастарының тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Адамгершіліктің, ізгіліктің бір ұшы ұлттық тәрбиеде жатқан жоқ па? – Әрине, біріншіден не нәрсе де әр азаматтың шыққан ұясына байланысты. Ата-аналарымыздың көп жағдайда тамақтың тоқтығы мен көйлектің көктігіне алаңдаулы болып, тәрбиені, оның қалыптасуына жауапкершілікті мектепке жүктей салуы кей жағдайда теріс әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Жастардың қалыптасуына шенеунік ретінде емес, осы қоғамның бір мүшесі ретінде мен де жауаптымын. Қазір біз адамгершілік мәселелеріне көбірек көңіл бөлгеніміз жөн. Қанша жерден дағдарыс дегенімізбен, бүгінгі күнге шүкіршілік етуіміз керек. Әрқайсысының нәпақа табуға мүмкіндігі бар. Экономикалық дағдарыстың басталуы, шарықтау шегі, құлдырауы болады. Ал біз ең бастысы рухани дағдарысқа жол беріп алмауымыз керек. Ол біздің ертеңгі ұлы мақсаттарымызға, «Мәңгілік Ел» жалпы ұлт­тық идеясына нұқсан келтіретін бірден-бір теріс әсер тигізетін дүние деп қабылдаймыз. Сондықтан осы салаға баса назар аударудың маңызы ерекше. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Бағдагүл Балаубаева

20626 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы