• Тұлға
  • 12 Қаңтар, 2017

Дидар САҒАДИЕВ, Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық пен өткізу дирекциясы директорының орынбасары: Сайыс басталар сәт таяп қалды

– 29 қаңтар – 8 ақпан аралығында өтетін қысқы спорт бәсекесіне еліміздің дайындығы қай деңгейде? – Универсиадаға дайындығымыз өте жоғары. Негізінен үш тарап жұмыс жасауда. Бірінші тарап – еліміздің Мәдениет және спорт, Сыртқы істер, Ақпарат және коммуникация­лар министрліктері Универсиаданы өткізуге байланысты өздеріне тиесілі ауқымды жұмыстар атқаруда. Ал екінші тарап – Алматы қаласының әкімдігі дайындық жұмыстарын пысықтауда. Ұйымдастыру комитеті болса, қызмет көрсету және спорттық нысандарды әзірлеуді қадағалауда. Сонымен қатар спортшылар мен делегаттарды күтіп алу, орналастыру, тамақтандыру, арнайы көліктермен қамтамасыз ету, қонақтарды шығарып салу секілді іс-шараларды атқарамыз. 2011 жылы Азияда ойындарын өткізу мәртебесін жеңіп алған кезде Халықаралық Студенттік спорт федерациясына Универсиада ойындарына қатысты жоспарымызды таныстырған болатынбыз. Осының негізінде 2016 жылы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көліктер жаңартылды.

Екі спорттық нысан және «Атлетикалық қалашық» салынды. Құрылыс жұ­мыс­тары да мерзімінен 2 ай бұрын аяқталды. «Атлетикалық қалашықтағы» меймандар күніне бес мезгіл тамақтанатын болады. Бұл жерде бірнеше асхананың түрі бар. Халал, вегетариандық, азиялық, еуропалық және өзіміздің ұлттық тағамдарды дайын­дайтын асханалар қызмет көрсетеді. Іс-шараға 3000 ерікті атсалысады. – Қауіпсіздік шаралары жөнінде айтып өтсеңіз. Ауа райының қолайсыздығы жарысқа кедергі тудырмай ма? – Жарыстар 8 нысанда 12 спорт түрінен өтеді деп жоспарланып отыр. Нысандарда мұз бен қарды дайындау жұмыстары, халықаралық Студенттік спорт федерациясының ережесіне сәйкес спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Керекті деңгейдегі температурада мұзды ұстап тұру құрылғылары іске қосылған. Қауіпсіздік шаралары да басты назарда болмақ. Шаңғы спорт түрлерінен арнайы жасанды қарды қарастырып қойдық. Мысалы үшін ауа райы жылынып, қар аз деңгейде болған кезде біз таудағы қар қорын пайдаланбақшымыз. «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенін, «Табаған» спорт-ойын-сауық кешенінде, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында, «Алатау» шаңғы және биатлон кешенінде жасанды қар жасап жатырмыз. Сондықтан ауа райының қолайсыздығы да еш кедергі тудырмайды деп ойлаймыз. Әрбір нысанға бір ауруханадан бекіттік. №7 және №4 ауруханаларда тікұшақ қонатын арнайы орындар салынды. Жарыс кезінде жарақат алып қалған спортшыларды аталған ем-дом шараларын жасау орындарына апарамыз. Медициналық қызметкерлер ағылшын тілі курстарынан өтті. Олардың жанында ағылшын тілін меңгерген еріктілер де болады. Тағы бір айта кететін жайт, спортшылар әрбір жарыс басталардың алдында және жарыс біткеннен кейін допингтік тексерулерден өтеді. – Шетелден қанша турис келеді? Жалпы бұл Универсиаданың өзге сайыстардан ерекшелігі қандай болмақ? – Бүгінгі таңда 69 мың билет сатылды. Біз билетті сату үшін, көрермендерді, жанкүйерлерді ынталандыру үшін бірқатар үлкен сыйлықтар тағайындадық. Билет сатып алғандар лотереялық ұтыс ойынына қатысу құқығына ие болады. Ең үлкен сыйлық – Алматы қаласындағы екі бөлмелі пәтер екенін айта кетейік. Сонымен қатар компьютер, ноутбук, тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина және т.б. заттар ойнатылады. Жарыс кезінде 2000 спортшы «Атлеттер қалашығына» жайғасса, 30 мың мейман қонақүйлерге орналасады. Ал эстафета алауы 25 қаңтарда Астанадан бастау алады. Универсиадада барлығы 543 медаль сарапқа салынбақ. Спорттық доданы дүниежүзі бойынша 1 миллиард көрермен, яғни әлемнің 100 елі тамашалайтын болады. Соңғы мәліметтерге қарасақ, 59 мемлекет өтініш білдірген екен. Жалпы алғанда 3190 адам тізімге тіркелген. Оның ішіндегі 2217-сі спортшылар, ал қалған 973-і делегаттар. Универсиаданың бес негізгі ерекше­лігіне тоқталайын. Біріншіден, Алматыдағы спорттық нысандардың бір-біріне жақын, тығыз орналасуы. Екіншіден, Дүниежүзілік доданың тарихында тұңғыш рет «Атлеттер қалашығы» бой көтерді. Үшіншіден, жарыс деңгейі өте жоғары болмақ. Әр мемлекет өзінің ең мықты спортшыларын додаға қосады. Төртіншіден, бұл Универсиада ойындарында әйелдер арасында бірінші рет трамплиннен секіру жарысы өткізілмек. Бесіншіден, осы жолғы Универсиадаға қатысушы мемлекеттер саны бойынша рекордтық көрсеткішке ие. – Жарысқа қатысушы мемлекеттер жөнінде айтып өтсеңіз. Ел спортшыларынан бұл додада не күтесіз? – Қысқы спорт түрлерінен Еуропа елінің спортшылары мықтылау болып келеді. Шаңғы спорты бойынша Австрия, Словения, Финляндия, хоккейден Канада, Ресей, АҚШ, Чехия мемлекеттері өзгелер­ден оқ бойы озық тұратыны белгілі. Универсиада ойындарында жалпы оңайы жоқ. Студенттер арасындағы қысқы Универсиа­далық ойындарға 17-28 жас аралығындағы спортшылар қатысады. Сондықтан бұл жарыста әлемге танымал хоккейшілер болмайды. Коньки, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек спорт түрлерінен бізге Қытай, Корея, Жапонияның спортшылары басты қарсылас саналады. Керлинг спортынан Азия елдері алдыңғы қатарда. Әрине, ең басты сенім артып отырған спортшымыз – Денис Тен. Ал спорттық жарыстан шаңғы, хоккей, шорт-трек сайыстарынан жүлде күтеміз. Мәнерлеп сырғанаудан да саңлақтарымыз ел үмітін ақтайды деп ойлаймыз. Хоккейден қыздар құрамасы да мықты деп айта аламын. ­Жалпы Ұйымдастыру комитеті төрағасының ел құрамасына қойған негізгі тапсырмасы командалық есепте бірінші орынға қол жеткізу. Өйткені өз елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған дүбірлі додада биік тұғырдан көрінуге барлық мүмкіндік бар. Соңғы Универсиада ойындарында үшінші орын алған болатынбыз. Ел құрамасының намысы мен беделі сынға түсер сәтте барлық жанкүйерлерді қолдау көрсетуге шақырамын. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Абылайхан ЖҰМАШЕВ

3348 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы