• Мәдениет
  • 19 Қаңтар, 2017

Кімдерге үміт артамыз?

Алматыдағы 28-ші Дүние­жүзі­лік қысқы Универсиада ойын­дарына дайындық жұмыстары жалға­суда. 25 қаңтар күні Универсиада алауы Астана қаласындағы Назарбаев Универси­тетінде тұтанады. Содан кейін өңірлерге жеткізіліп, жоспар бойынша барлық 16 алау Алматыда қо­сылады және ашылу салтанатының нақты сәтінде үлкен от шоғына айналады. Жалпы айтулы дүбірлі жарыстар «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, «Алматы арена» (12 000 көрерменге арналған мұз сарайы), «Халық арена» (3 000 көрерменге арналған мұз аренасы) нысандарында өткізіледі.

Универсиада жарыстары спорттың 12 түрі бойынша өтеді, олар: тау шаңғы ­спорты, биатлон, шаңғы жарысы, шаңғы қос сайысы, шаңғымен трамплиннен секіру, сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шай­балы хоккей (еркектер және әйелдер арасында) және кёрлинг. Универсиаданы өткізуге 127 халықаралық төреші мен 600-ге жуық ұлттық техникалық мамандар жұмылдырылады. Алдағы Универсиада ойындарында ел үміт ақтайды деп жарыс жолына үкілеп қосқан саңлақтарымыз қандай спорт түрінен алтын жүлделерді көбірек еншілер деген сұрақ әрбір қазақстандық жанкүйердің көкейінде тұрғаны шындық. Сонау 1993 жылдан бері Универсиадаға қатысып келе жатқан еліміз барлығы 125 жүлдеге ие болыпты. Атап айтар болсақ, спорт­шыларымыз 35 алтын, 39 күміс, 51 қола медальдармен ел қоржынын толтырған екен. Қазақстанның Универсиада тарихын­дағы ең жарқын жеңісі 2015 жылы Словакия мен Испанияда өткен жарыс болып есептелінеді. Сол сында саңлақтарымыз шаңғы жарысы, биатлон, фристайл секілді спорт түрлерінен 5 алтын және өзге түрлерден 6 күміс жүлдені ел қоржынына түсіріп, үшінші орынды иеленген болатын. ­Ендеше ел ­намысы үшін сынға түсер сәтте студент­теріміз шаңғы жарысы, ­биатлон, фристайл сияқты спорт түрлерінен қанжығалары майланар деген үмітіміз мол. Ал осы аталған спорт түрлеріне міндетті түрде мәнерлеп сырғанау, шорт-трек шайбалы хоккейді қосуға болады. Бұл спорт түрлерінен сайыпқырандарымыз әлемдік деңгейде өткізілетін сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүргені белгілі. Негізгі медаль алатын спорттың тағы бір түрі – шайбалы хоккей. Шайбалы хоккейден ерлер арасында 12 команда 3 топқа бөлініп сынға түссе, әйелдер арасында қатысатын 7 команда екі топқа бөлініп Универсиада чемпионын анықтайтын болады. Қазақстанның ерлер құрамасы Чехия, Швеция, Қытай командаларымен бір топта ойнайды. Ал қыздарымыз Канада, Қытай, Ұлыбританияның құрамаларымен сынға түседі. Тартысты кездесулер өз елімізде өтетін болғандықтан жерлестеріміз аянып қалмас деген ойдамыз. Қазақстан құрамасы алыптардың арасында үзеңгі қағыстыра отырып, жүлделі орынның бірінен көрініп жатса еліміз үшін зор мәртебе болар еді. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен, Айза Имамбек, Абзал Рахымғалиев, Айза Мамбекова, Адыханова Жансая бастаған спортшыларымыз білектерін сыбанып, алдағы жарысқа сақадай сай тұр. Ал Универсиада ойындарында еліміздің үкілеп қосқан тағы бір саңлақ спортшысы ол ­фристайлдан әлем чемпионатының жүлдегері, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы, Әлем кубогы сайысының бірнеше дүркін жүлдегері, 2015 жылы өткен қысқы универсиаданың жеңімпазы Юлия Галышева деп білеміз. Трамплиннен секіру спорты бойынша Сабыржан Момынов, Сергей ­Ткаченко, Даяна Ахметуалиева, ­Станислав ­Анчугиндер бар. Биатлоннан Василий ­Подкорытов, Антон Пантов, Алина ­Райкова, Алина Слепенко, Тимур Куц есімдерін атап өтуге болады. Шаңғы жарыс­тарынан Сергей Малышев, Олжас Климин, Ринат Мухин, Әсет Дүйсенов, Ирина Быкова, Эбель Валентиналардың баптары келіссе, намысты қолдан бермейді деп үміттенеміз. Сноубордта Роллан Садықов, Дмитрий Егоренок, Асылбек Бейсенов, Олег Панин, т.б. спортшылар қатысады. Конькимен жүгіруде Роман Креч, Эльвира Халикова, Светлана Мальцева, Артем Крикунов, Екатерина Айдова сынды жүйріктер жасындай жарқылдаса, ел қоржыны алтын мен күміске толыға түспек. Фристайлдан да сайыпқырандарымыз аз емес. Мәселен, Қайрат Олжас, Айжан Сапиянова, Дархан Мұхамеджанов, Ақмаржан Қалмырзаева, Жанбота Алдабергенова, Геберт Александр және т.б. жүлделі орындардан көрінеді деген сенім мол.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

1572 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы