• Қоғам
  • 02 Ақпан, 2017

Келелі міндеттер белгіленді

Сейілбек  Мұсатаев, саясаттанушы

Елбасымыздың биылғы халыққа арнаған Жолдауы заман талабымен үндескен жаңашылдығымен ерек­шеленіп, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» деген тақырыпта жарияланды. ХХI ғасыр – ақпарат ғасыры болып табылады, адамзат қауымы дамудың жаңа сатысына – ақпараттық қоғамға аяқ басты. 2006 жылғы 27 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясы 17 мамырды Ха­лықаралық ақпараттық қоғамның күні етіп белгілеу туралы ресми шешім қабылдады. Осындай әлемдік ауқымда жүріп жатқан ­заманауи үрдістен, өркениеттің көшінен біздің еліміз де қалыс қала алмасы түсінікті. Сондықтан Президентіміз жаңа Жолдауында экономиканың жеделдетіл­ген технологиялық жаңғыруын бірінші кезекті басымдықтың қатарына қойып отыр. Бұл тұрғыда Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу мен қабылдауды, сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыруды тапсырды.Қазақстанның постиндустриалды даму сатысына өту мүмкіндігі туралы мәселені Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Постиндустриалды қоғам қалыптасуының стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» атты еңбегінде бұдан бұрын да көтеріп, заманауи ғылыми-техни­калық, ақпараттық және өзге де инновациялық төңкерістер жалпы адамзат өркениетінің, оның ішінде Отанымыздың да келешектегі бет-бейнесін айқындайтынын атап көрсеткен болатын. Былтыр Президентіміз Қытайдың Ханжоу қаласында өткен G20 «Үлкен жиыр­малық» елдерінің саммитіне құрмет­ті қонақ ретінде арнайы шақырылып, ға­ламдық деңгейдегі алқалы жиынға қатысып қайтты. Бұл саммитте әлемдік экономиканы инклюзивті дамыту мәселесі көтерілді, яғни тек дамыған елдер ғана емес, барлық елдерді қамтитын, әлеуметтік әділеттілікке негізделетін жан-жақты экономикалық даму ғана ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы екені мойындалды. «Ақылды экономика» мен «жасыл экономика», индустрия мен агрокешен, сауда мен логистика, тұтыну мен әлеуметтік хал-ахуал бір-бірінен бөліп-жаруға келмейтін біртұтас жүйеге айналып отыр. Сәйкесінше, Қазақстан да әлемдік экономиканың қатысушысы ретінде кешенді түрде бәсекеге қабілетті болуы қажет. Елбасы Жолдауында осы мәселеге баса назар аударылып отыр, атап айтар болсақ еңбек нарығын жаңғырту, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, адами капитал сапасын жақсарту, салық-бюджет саласын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу сияқты кешенді міндеттер қойылып отыр. Жолдауда көрсетілген Қазақ­станның үшінші жаңғыру талаптары жаһандық қажеттілікке дер кезінде берілген жауап сияқты. Жаңа Жолдаудың сәтті жүзеге асырылуы Қазақстанды өзгертері сөзсіз, сол үшін әрбір қазақстандық азамат жаңа заман талабына сай жаңғырып, өзін-өзі жетілдіріп, барынша бейімделуі қажет.

2785 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы