• Мәдениет
  • 08 Қаңтар, 2009

Жоқшы iзбен келедi

d0b0d0bad181d0b5d0bbd0b5d183-d181d0b5d0b9d0b4d0b8d0bcd0b1d0b5d0ba2Ақселеу Сейдiмбек. Қазақтың ауызша тарихы: шежiрелiк деректердi пайымдау. — Астана: Фолиант, 2008.

— Бiреулер «Ақселеу Сейдiмбеков маңайына өз адамдарын жинап жатыр» деп, жоғары жаққа шағымданған көрiнедi, — дедi Ақаң маған арқасын берген күйi, қарсы қабырғадағы радиоқабылдағыштың сұңқылдақ даусын бәсеңдетiп тұрып. Орнына қайтып келiп отырды да: — Бiрақ, мен сенi өзiме жұмысқа аламын, — дедi, кiшкене қатуланып. Осы сәт сертке бергiсiз және бiр сөздi iшiне бүккендей болып көрiндi маған. Сонан соң жұмысқа алу жөнiнде өтiнiшiм жазылған бiр парақ қағазды шұғыл алдына сырғытып, бiр-бiреуi шортан қармақтың үлкендiгiндей имек, iрi әрiптермен сол жақ бұрышына: «Әлiбек Асқаровқа! Әдеби қызметкер ретiнде жұмысқа алынсын!» деген қиғаштама соқты. Сөйтiп, бiр күнде республикалық журнал — «Бiлiм және еңбектiң» қайнап жатқан қара қазанына күмп бердiм. Ешкiм де: «Оу, университеттi кеше бiтiрген бозауыз ғой, бұл қалай?!» демедi. Мұнда сәл сыр бар едi. ҚазМУ-дың журфагының 3-курсын аяқтап, аға газет — «Социалистiк Қазақстанның» редакциясында жазғы тәжiрибеден өткен мен содан кейiнгi екi жылда газет бетiнде өкiрте де, өндiрте де жазып, редакциядағылардың ықыласты назарына iлiндiм. Қазiрде университеттi бiтiруден бұрын университеттi түзету мәселесiнен науқан туғызып жатады ғой, ал кешегi бiр күндерi университеттi бiтiру науқан болатын. Пысықайлар абыройлы кiсiлердiң ығын алып, Алматыдағы редакциялардан шақыру қағазын әкеп берiп қалада қалып жатады, ал қолдап-қорғайтын көкесi жоқ, талабы мен қабiлетiне ғана сенген жастар облыс орталықтарына тартады. Бағыма қарай, менiң «көкем» болды және ол бiреу емес, бiрнешеу едi және қай-қайсысының да «осы қалайы» болмайтын. «СҚ»-ның совет құрылысы бөлiмiнiң меңгерушiсi, редколлегия мүшесi Сауытбек Абдрахманов, мәдениет және әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi Ақселеу Сейдiмбеков, ауыл шаруашылығы бөлiмiн басқарған Қойшығара Салғарин, өнеркәсiп және транспорт бөлiмiн меңгерген Зұлқарнай Сақиев, жауапты хатшы Мамадияр Жақыпов, бас редактордың орынбасары Сарбас Ақтаев құдай дарынды ғып жаратқан асқар таудай ағаларым жазуымнан дәме қылды ма, әлде қой отарына үйренбеген ешкiдей оқшау жүретiн қарапайым мiнезiмдi ұнатты ма, не керек, оқу бiтiрген тәлабаны өздерiне шақырған хатты жазуға Сәкеңдi (Сарбас Ақтаевты) бiрiгiп көндiрген сықылды. Тәртiп бойынша ондай хатты газеттiң бiрiншi басшысы жазуы керек. Бiрақ басред менiмен бiрге практика өткерiп жүрген басқа бiр жiгiттi сұрап, хат жолдап қойған. Сөйтiп, жолдама бөлу кезiнде көп ұшыраса бермейтiн жағдай — бiр редакциядан екi басшы дара-дара қол қойып жiберген тапсырыс хаттардың келуi мемлекеттiк комиссия мүшелерiн шамалы ойландырып тастады. Не iстеу керек? Бас редактордың хатына, әлбетте, әңгiме жоқ, сонымен бiрге қаһарлы партияның Орталық комитетiнiң тiлi — «СҚ»-дағы екiншi адамның да пiкiрiн жерге тастауға болмайды. Сонда, ылғи да әлгiндей комиссиялардың бойын ширатып, қанын жүргiзiп отыруға дағдыланған декан, оңай iстi қиындатып, төндiре түсуге әккiленген декан ортадан киiп, мәселенi сәттi шешкенсiп: — Әй, Тәжiмұратов, анау Пәленшеев орналасып алғаннан кейiн барып, босағадан сығалап тұрып кiр редакцияға! — деп, көзiлдiрiгiнiң шынысы әбжыландай жылтырап, қарқ-қарқ күлгенi. Iнiсiнiң ыңғайын танып, ректор да дертеден бұзылған аттай бiр езуледi. Араға отыз жыл түсiп, мөрi өшiп, малталанып кеткен сол оқиғаны бүгiн кеп қайта жаңғыртып, жершiлдiкке апарып жанастыру қаншалықты қисынды екенiн бiлмеймiн. Бәлкiм, бұл жер соның бәрiн айтып, әлдекiмдердi кiнәраттап, талдап та жататын жер емес шығар. Руды, жүздi сырт естуi бар, бiрақ соның бәрiнен аулақ, сүйегiмiз — жанбiлмес руы деп жүретiн жас жанның жүрегi қабаржыта, ар-намысына шаншудай тиген әлгi сөздiң салған жарасы да баяғыда жазылып, өкпе-соқпа да ұмытылған. Ендеше неменеге жiбiтiп отырмыз қатқан көңдi? Маңайына өзiмен аталас елдi ғана жинайтындар, жүзшiлдiктiң туын көтерiп жүретiндер, соған сәйкес өз желiсiнде өспеген пырақты қатарға қоспайтындар оңған заманда да, мұндар заманда да болған. Бiрақ қазақтың бәрi шетiнен сондай екен дейтiн болсақ, тағы да қателесемiз. Кейiн сақаланғанда ойласам, iлгерiде маған жаны ашып, саясына тартып жүрген аға топтың өзiме ру, жүз жағынан үш қайнамақ түгiлi бес қайнаса да сорпасы қосылмайды екен. Бiреулерi баласы арық қазып ойнайтын өңiрден, екiншiсi сексен көлдi аясына алған терiскейден, ендi бiрi — «тарақ таңбалы» елдiң оғыланы. Сөйте тұра талантты бұл шоғыр қазақтың осы бiр қылқандай жiгiтi қатарымызға келiп тұрсыншы, ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау дейтiн еселi iске қаламымен титтей де болса үлес қоссыншы, «ата-бабамыз мехнатты бiрге көрген, зейнетке бiрге кенелген, айқасса жауы, ағайындасса досы бiр болған Кiшiатам ұрпағы ғой», — деп, Алматыда қалуыма, қаламымды ұштауыма шынтән тiлекшi болған екен. Ақыры Сәкең жiберген хаттан басред жағындағы топтың топары басым түсiп, маған «СҚ»-дан орын тимей қалған кезде, «Мына ызы-қиқы бiтсiн, сонан соң көрермiз, Ақа, Мақсатты өзiңiзге орналастыра тұрсаңыз қайтедi?» деген Сәукеңнiң бiр ауыз тiлегiн орнына келтiрсе керек, сол тұс газеттен «Бiлiм және еңбектiң» бас редакторлығына ауысып келiп жатқан Ақаң. Үстiнен жоғары жаққа ызғыған арыз-шағымға да қарамаған. Қазақша қайырғанда, басын бәйгеге тiккен жерi. Неге бәйгеге тiгедi? Сөз басында «Ақаң сертке бергiсiз бiр сөздi iшiне бүккендей болды» деуiмiздiң де сыры осы тұста ашылады. Бүгiнде қазақтағы жершiлдiк, жүзшiлдiк, рушылдық жөнiнде сымға тартқандай әдемi сөздi әркiм-ақ айтып, әркiм де жазатын болды. Өйтпесек, отыра алмаймыз ғой. Керек шығар ол да. Бiрақ, өкiнiштiсi, шынайы өмiрде сол сөз бен iс ылғи да бiр жерден шыға бермейдi. Тандырдан шыққан ыстық нан сияқты қолға жаңадан тиген жойқын кiтабында Ақаң да бұл тақырыпты айналып өте алмапты. Айналып өтпегенi несi, бейдауа вирус делiнетiн оның тамырына аяусыз балта шапқандай етiп ашыла да ашына түйреген екен сын садағын. Автордың пайымдауынша, бiз рушылдық, жүзшiлдiк деп жүрген құбылыс — көздеген мақсатына жету жолында топ құрап, топар сайлап, жең ұшынан жалғасқан протекционизм. Қазақтың рушылдығы, дәлiрек айтқанда, қазақтың протекцияшылдығы оның ру-тайпалық жүйенi бастан кешкендiгiнде емес, керiсiнше сол ру-тайпалық жүйенiң ұлтты ұйыстыратын қасиетiн бiлмей мәңгүрттенуiнен, дейдi Ақаң қисыны. «Егер, шежiрелiк дерекке байыппен ден қояр ұрпақ болсақ, қазақтың кез келген ру-тайпасының құрамында үш жүздiң де этникалық аралас-құраластығының бар екенiне... көз жетер едi. Бүгiнгi қазақ протекцияшыл болуы әбден мүмкiн, алайда, рушыл боламын десе де бола алмайтыны хақ. Қазақ рушыл, жүзшiл болуы үшiн де жарық дүниеге әкелген шешесiн, не перзент сыйлап отырған әйелiн, не немере сыйлаған келiнiн басқа рудан немесе басқа жүзден болғаны үшiн тәрк етiп, бөлектенуi керек. Бұл мүмкiн емес жағдай. Соған қарамастан, рушылдық, жүзшiлдiк сезiмiнiң құлы болатындарға рухани жарымжандар ретiнде мүсiркей қарауға тура келедi», — дептi зерттеушi. Осы сөздердi басқа бiреу айтса ғой, шамалы ойланар едiм, ал Ақаң айтқан жерде қалтқысыз сендiм. Себебi, опырылып түскен жақпар тастай бұл кесек ойды автор өзiнiң өмiр тәжiрибесiнен алып отыр. Өз кiтабында сынға алып, шүйлiгiп отырған әлгi әлеуметтiк кеселдiң астарында ру атын жамылған өзге бiр пиғыл жатқанын ерте аңғарып, iштей қазықбау етiп шалған жан онымен өмiрде де талай ашық айқасқанына дәл өз басымнан өткен жоғарыдағы жай айқын ыспат емес пе?! Ақаң протекционизм деген сөздi қазақшалап жатпастан, сол күйiнде алыпты, ұстаз аудармағанға шәкiрт тыраштанбас болар, дегенмен, әлгi аты өшкiр ұғымның мағынасын қазақтың «әкей-үкейлiк» дейтiн сөзi шамалы дәлiрек беретiн сияқты. Нағылса да, мен журналға қызметке орналасқан тұста редакцияда сондай бiрдеңе болды. Жалпы шын творчестволық ортада көштегi бiр түйенiң жабуы қисайса бiрiгiп түзейтiн ынтымақ ылғи да орнай бермейдi. Одан гөрi ұжымда идеялық бiр ауыздылықтың, мұраттастықтың болмауы қиындау. Бұрынғы бастықтың тұсында кiсiнесiп қалғандардың жаңалыққа көне алмайтыны, iргелерiн қолдан бергiсi келмейтiнi одан да қиын. Содан да әлгi топ, әрқайсысы табаны жалпақ тарланбоз журналист бола тұрып, iлездемелерде қаршадай менi сынайды да жатады. Солардың бiрқатары өзiме жүздес те едi. Бiрақ «Сейдiмбековтың адамы» дейтiн суық таңба араға керте боп тұра қалған кезде, әлгi руластықтың да, жүздестiктiң де күл-паршасы шығып, сағым көтергендей ғайып боп кетер едi. Осыдан-ақ көрiнбей ме, кейiн Ақаң табиғатын ашып жазған, бiрақ өзi қазақшалауды жөн деп таппаған қауiптi кесел қазақтың өмiрiнде анық бар екендiгi. Ай, өзiме де обал жоқ, сұлу сөзбен көзқарықтырып жазуға құмар максимализм бе, әлде, кiсi кебек жұтқандай кептелiп отыратын тiл жұтаңдығына өзiмше қарсылығым ба, әйтеуiр, ескiлiктi тiл көрiнiстерiн пайдалануға құштармын. Сөздi мағынаға бағындыратын тiлдiк тәжiрибелер де жасап қоямын. Мысалы, «жолға шықты» демеймiн, мағжаншылап, мiржақыпшылап (1984 жылы!) «жол тартып», «жол алып» деп жазамын, Евней Букетовқа елiктеп, «алыс жорықты игердi» дегiм кеп тұрады. Қолдан қалып қиып, канон жасап отыратын стандарт, әрине, Евнейге көнсе де, менiң мұндай еркiндiгiме көнгiсi келмейдi: әр әрпiмдi көтерiп қарап, жазуымнан кiбiртiк, қолтаңбамнан сықыр тауып, онысын ұшқалақ жиналыстың үстiнде бас редактордың алдына құмар ойындағы көзiр карта сияқты тартады да отырады. Әп, бәлем, бауырын көтермеген күшiктiң бiткен жерi осы шығар, дейдi стандартшылдар iшiнен. Бiрақ қай ұжымда болсын шеген құдықтай шешiмдi сөздi бiрiншi басшы айтады ғой. Ұлттық сезiмi тайпалық сезiмнен әманда жоғары тұратын табанды ұлтшыл — Ақаң бұл жерде де өз биiгiнен табылып, балапанын қорғаған қыран құстай саңқ ете қалады: «Жiгiттер, Мақсат — сөз бiлетiн, сөз баққан ауылдың баласы!» Жиналыстан кейiн алып қалады, ендi оқсатып ұрсатын шығар десең, айтатыны: «Айналайын, өткенде «қосөрiм жымдасқан» деп жазыпсың, қамшы өретiн менiң сөзiме сенгiн, қазақ жабдығында екi өрiм болмайды». Есебiн тауып мақтағанға әркiмнiң де iшi балқаймақтай ғой, алайда бас редактор жастарды мақтамен сипағандай жұп-жұмсақ сөзбен ылғи да сыйлай бермейдi, базбiреулер сияқты қит етсе ыза-сырықтан өткiзе қумайды да. Құрғақ ақыл айтып, қобыз да тартпайды. Журналистиканың дағдылы күйбеңiнiң қамытын киiп жүрiп-ақ, iспен баулитын бiртүрлi, өзгеше данагөй тәрбие едi Ақаңның тәрбиесi. Қаламынан таспадай тiлiнiп, қамшыдай өрiлiп шығып жататын мақалалары өз алдына, бұл жерде менiң айтып отырғаным — Ақаңның белгiлi әңгiмешiлдiгi, сөзге құлақ асып, тыңдай бiлуге үйрететiн тәрбиесi. Әдетте жастар жағы үлкендiк сипаты бар, үлкендiк келбетi бар адамдарды сыйлайды ғой. Менi жұмысқа қабылдаған жылы Ақаң 42-де екен. Жiгiт жасынан шығып, жiгiт ағасы жасына ойысқан шағы, бiрақ, о тоба, бiзге ақсақалдай боп көрiнетiн. Ол заман бiр этаждағы төрт-бес редакция өздi-өздi бақ-береке ұйым, сауық-сайран жиын едi. Сондай «вечерлерде» Ақаң томағасын сыпырған қырандай құлпырып сала бередi. Нағыз сәндi әзiлдiң көш басшысы ол тамырға от қойып, маздап жанған шоқтай боп сөйлеп кеткенде бiз қыран-топан күлкiге оралып жатамыз. Бiр кезде сеңдей сөгiлiп, селдей төгiлiп «көңiл ашар» әңгiмеге кетедi. Бiр басына бiрнеше өнер қонған Ақаңның өз қолынан шыққан өткiр бәкiсiнiң астындағы бас әбден кершеуленiп мүжiлiп бiте келгенде ағамыз бiздi «аңыз кеуде ақсақалдарымен» табыстырады. Ас суыған, айран ұйыған. Ақаңның тыңдаушылары, Ақаңның оқырмандары — Ақаңның өзi сияқты құбылыс. Лезде «көкбазардың» жанынан бейне бiр денеңе қанат бiткендей самғай көтерiлiп, ақ күрең көде мен ақ селеулi даладан бiр-ақ шығасың. Қазақтың әрегiректе өз бетiмен емiн-еркiн көшiп-қонып жүрген заманы... Артта қалған, қайта айналып келмейтiн барақат өмiр... Қыздары сұлу, ақсақалы кең, азаматы мәрт, әрi өнерлi, әрi жомарт ел... Жерiнiң тарихы аңызға, елiнiң шежiресi ерлiкке толы қасиеттi топырақ... Ал сол тот басқан әңгiмелердi жанып-жанып жаңартып, тымақтай бұлғап, төңкерiп-төңкерiп алып тайпалтып отырған хикаяшының шеберлiгi қандай! Серке Қожамқұлов: «Сөздi әркiмге әрқалай бередi. Жазушының маңдайына, әртiстiң таңдайына бередi» дейдi екен. Ақаңа екеуiн де берген ғой мырза құдай. Әңгiменiң мазмұндылығы, эмоциональдық жағы, ұтқыр-жинақылығы өзара мiнсiз қабысатындығы сонша, көкейiне сөз қонатын адам табан аузында жаттап алар едi. Күнделiк сүйкектету дағдымда жоқ мен сол күннiң кешiне Ақаңның айтқандарын бiр бөлек дәптерге түртiп қойып жүрдiм. Кейiн төрт-бесеуiн «Жалын» журналында жариялаттым да. Сонда ойлайтынмын, ағамыз осынша қыруар дерек пен ырғын хикаяны бiр басында қалай сақтап жүредi екен деп. Өзi айтатындай, «екi күнде қазақтың арбасы жөнiнде атам заманнан құлатып, аттың басындай мақала жазып әкеле аламын» дейтiнi рас па екен, тап бұлай iстеуге, басқаны былай қойғанда, адам бойындағы даярлықтың өзi жеткiлiксiз емес пе дейтiнмiн: «Қысылшаңда тез жазып тастайтын репортерлiк мақала емес қой ол деген». Осы күдiгiмдi сөздi ме, әлде жастарды жазуға баулыған кезде қолданатын тәсiлi ме, кiм бiлген, әйтеуiр бiр күнi бас редактор қолыма қалыңдау бiр дәптер ұстатты. Ақаңның жұмысты ұйымдастыру тәсiлi, яғни «шифр-конспект» жүйесi екен. А-һа, ендi бiлдiк! Кешегi бiр күндерi жазғыштардың арасында сәнде болған «творчестволық лаборатория» дейтiн тiркестi естiсем, көз алдыма химиялық айқасу үстiндегi неше түрлi колбалар келетiн. Ал Ақаңның өзiм танысу бақтиярлығына ие болған шифрлы дәптерi шынымен де өзiнше бiр зертхана едi. Жазғыш адам әдетте құлындаған биеден де қызғаншақ болады ғой. Ал Ақселеу Сейдiмбек — қолындағысын өзгемен бөлiсуге келгенде кеңдiк жасайтын ғалым. Академик Зимановтың Зекең туралы айтқан «Щедр как талант, как талант щедр» деген сөзiн Ақаңа қарата әбден қолдануға болады. Бiрақ оның жоғарыдағы шифрлы жүйесi әлi де жұмыс iстеп тұруы мүмкiн ғой, сондықтан зерттеушiнiң ең алдымен қажеттiлiктен туған тәсiлiн авторының рұқсатынсыз бұл жерде алға жаю қиындау болып тұрғаны. Бар айтарым, маған берiлген шифр-конспектiде (ал олар бiрнешеу болуы керек) әр тақырыптағы дерек-мағлұматтар қысқа уақытта қиналмай тауып алатындай етiп жүйелене тiзiлген екен: қымыз ашыту; ыстау; ұлттық сүт тағамдары; ұзындық өлшемдерi; ру атына, ұранға шыққан әйел-аналар, т.б. Мақала жазарда «обязательно» Интернеттен сауат ашып алатын бүгiнгiнiң журналисiне ондай шифрлы дүниенiң тап керегi де бола қоймас. Десе де, «Сұлу әйелдi көргенде ақылды әйелдi аяймын» деп Қадыр ақын айтпақшы, бүгiнгi редакцияларда зәуiмде ғаламтор өшiп қалса, компиляцияға мәтiн ала алмай, көз алдыңда дәрменсiз бейшараға айналатын журналистi көрген кезде Ақаң берген шифрлы дәптердi ойға оралтатыным бар. Жылдар бойы бiрнеше тақырыпты қатарынан ыждаһатпен, берiле зерттеп және соларды кейiн бiр арнаға сарқып құю арқылы өзiндiк концепциялы жүйе қалыптастырып жүрсем, ол ең алдымен «Бiлiм және еңбектiң» шарығынан алып шыққан көп олжамның бiр көрнектiсi. Ол кезде комсомолдың «екпiндi құрылыс ендiктерiн» қалдырмай аралап, мақала жазып, Жөрөктiң??? Тайыры айтқандай «өзiм де қумын ғой, баяғы заманға аттап баспаймын» деп жәйiммен жүрген жас едiм. Бiр күнi сол түсiнiгiм шырқ айналып басы-аяғына келдi. Әлi есiмде, шiлденiң ортасы, күн қуырып бара жатқан соң есiктi ашып тастап жұмыс iстеп отыр едiк, Ақаң шақыртты. «Мынаны Шота Уәлиханов ағаңа апарып бер» деп, мелжемдi пәпкi ұстатты. Редакцияға күнiге келiп-кетiп жататын «сақалдар» мен «нахалдардың» бiреуiнiң «нама жазуы» шығар деп, алғашында онша көңiл бөле қоймадым. «Ағаның тапсырмасын орындасам, жаман болмаспын, журналистiгiм жорғасынан тана қоймас» деп, жүгiрiп кетуге дайындалдым. Дәл қазiр нақты есiмде жоқ, пiл сүйегiндей болып қолымды тартып бара жатқан соң басқа, ыңғайлы пәпкiге ауыстырып салғым келдi ме екен, әйтеуiр, сол жерде ашық қалған қолжазбаның бiрiншi бетiне көзiм түсiп кеттi. «Алғы сөз» деп жазылған екен жол ортасына әдемi қия жазумен. Одан әрi: «Үш жүзден тараған Ата-бабаларымыздың әр бұтағынан өсiп-өнген ұрпақтар есiмiн шежiре ретiнде хатқа түсiрудi (толық болмаса да) мақсат етiп ширек ғасыр бойы шұғылдандым. Шежiре шыңырауының шындығы мен тәжiрибесi бүгiнгi ұрпаққа үлгi болар, ғибрат алар деген оймен, осы жазғандарымды оқырман қауым уалетке, артқа қалдырып отырмын. Диньче Көкенұлы Билялов». Мiне, қызық! Журналистiк әуестiгiм жеңiп, парақтай бастадым. 300 бет ататек тiзiлiсi сызбамен көрсетiлген екен, ара-арасында қара сөздерi бар. Бiрiншi бетiнде мазмұнын берген, «Число душ и скотоводства по документам переписи 1917 г. Павлодарского уезда» делiнiптi бiр тараушаның аты. Тоқта, тоқта, Ақаң осы жақында ғана кезектi еңбек демалысын Баянауылда өткерiп қайтқан жоқ па, тiптi тап-тақыр етiп қырғызып тастаған шашы да онша өсе қойған жоқ. Ал Баянауыл Павлодар облысының аумағында емес пе? Олай болса, мына қобыраған көп қағаз демалысында да мiгiр көрмейтiн жампоз ағамыздың сол жақтан алып келген олжасының бiрi болды. Сағатыма қарасам, жұмыс уақыты аяқталып қалған екен. «Қой, Шөкеңе таңертең, тың күшпен барайын» деп, қолжазбаны көтерiп үйге қайттым. Тiршiлiктiң мәңгi таусылмас қарекетi өз ағысымен үйiрiп әкеттi, бiрақ, «қарғаның бiр көзi оқта, бiр көзi шоқта» демекшi, бiр көзiм үстелдi қайыстырып, үн-түнсiз маған «қарап жатқан» қолжазбада. Ақыры шыдамадым. Жанына кәрi қойдың тiсiндей сарғайған типографиялық қағаздың бiр буатын қойдым да, көшiрiп жазуға отырдым. Ақаң кiтабы жайлы осы үшбу мақалама материал әзiрлеп жүрiп, сол бiр «көзiмнiң жасын, мұрнымның боғын» архивiмнен тауып ап қарасам, Дiнше шежiрешiнiң «Алғы сөзiнен» әртаман «16 июль, 1984 жылы алып, сол күнi көшiрiп жазуға отырдым» деп, өз жанымнан сөз қосыппын. Және шиырып қол қойып, «Бiр дана» деппiн. Ақаң заматында апарып бер деген аманатты сонда неше күн өзiмде ұстамақ болғанмын? Ол жағы есiмде жоқ, әйтеуiр, өзiмше амал тапқаным жадымда: күндiз Мәдина көшiредi, кешке жұмыстан келiп өзiм жалғастырамын. Солай болды да. Алайда, Ақаң айтатындай, «шежiрелiк аңыз-әңгiмелердi сыпырып-сыпырып көкейiне құйып алған»... құйып алған... және құйып алған шежiрешiнiң жиырма бес жыл бойы соншама ыждаһаттылықпен тiрнектеп жинағанын түгел көшiру бiрнеше күнге кететiнi аныққа шықты. Ең қиыны, ана жақта Шөкең күтiп отыр ғой. Ақаң да кез келген уақытта сұрап қалуы мүмкiн. Не керек, жұмыста көзiмдi мый бапкерiмнiң кабинетiнен алмаймын, ал жүрек байғұс үйде қап кеткен. Артында құлыны қалған бие тәрiздiмiн. Редакцияда бұрынғыдай мұрын қанату жоқ, тақым қажап қана қайтам. Үйге келсем, Малая станицадағы түрiктiң абажадай жалдамба бөлмесiнде, өмiр бойы орысша оқуы себептi тiлi ендi-ендi шыққан баладай қазақша әрең-пәрең сөйлейтiн Мәдинам қаламы көстеңдеп, «қазақша» желiп отырады. Әр сөзiнде — үш қате! «Қ»-ның құйрығы жоқ, «ұ»-ның белдемесi ұшып кеткен. Бiрақ, әйтеуiр, жоқтан жақсы, жүргiзiп оқуға болады. Дереу «вахта» ауысады. Түндi орталай, сарыла отырып көшiремiн. Басым киiзденiп кетсе де үтiрiн қисайтқым келмейдi. Ұйқы қысып, кiрпiгiм айқасып кетпеу үшiн өзiмдi инемен шамалы пiскiлеп қоямын. Ақыры, 300 бет қолжазба үшiншi күн дегенде дүние тiршiлiгiнiң қызығын буржуазиялық тоғышарлық көретiн, одан кiтап оқығанды әлдеқайда маңызды деп санайтын «идеалистер ұлты» өкiлдерiнiң мұқалмас жiгерi мен тасшайнар қайратына төтеп бере алмай, қақырай құлады. Сол күнi алғаным: «Мектепте «древляне» мен «полянеден» көз аштырмай қойып едi, ал мынау... мынау...» деп, пора-пора болып егiлгенiн көрсеңiз. Сол күнi мен үшiн дүниедегi ең қымбатты, ең қадiрлi боп кеткен пәпкiнi жүрек тұсыма басып, тақам қисайып, Шөкеңнiң Горький паркi түбiндегi жобалау институтына елең-делең жүгiргенiмдi көрсеңiз. Сол күнi жоғалғанымыз түгелденiп едi. Сөйтсем, жалғыз бiз ғана емес екен жоқ iздеп жүрген. Артынша Шымкенттегi «Гипрофосфор» Қазақ ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер боп iстейтiн қайнағамыз аттай қалап әкеткен қолжазба ол жақта айтылмыш мекеменiң көшiргiш құрылғысы арқылы көбейтiлiп, бiрнеше дана боп оралды. Оларды жақын-жуыққа, көңiл жетер жiгiттерге оқып шығуға берiп, қатаң түрде қайтып алып отырдық. Қазiр ойлап қарасам, көшiрме нұсқаға «Бiр дана» деп жазып, сақсынуым да бекер емес сияқты. Әубәкiр Нiлiбаевтың мына бiр пiкiрiн мысалға алайықшы: «Жақында орыс шежiресiнiң толық жинағының 37-томы шықты деп естiдiк. Ал бiз болсақ өзiмiздiң ұлттық шежiремiздi жасамақ түгiл, «шежiре» деген сөздi айтудан қорқып, ат-тонымызды алып қашамыз». Ақын бұл сөздi демократия толық салтанат құрған 1989 жылы жазып отыр! Содан бес жыл бұрын «қырағылық» 37-дегiдей қияға шарықтап тұрмаса да, бас кетiп қалатындай қауiп төнбесе де, пәле iздегенге сенi жұмыстан қуу яки «асқабағыңнан» гүрзiмен бiр ұрып талдырып тастау үшiн шалжақ ауыз сандығыңнан шежiре шықса, соның өзi жетiп жататын. Және қандай шежiре! Шежiре ғана емес, тарихи зерделi қолжазба. Кейiн берiде жарық көрген шежiре кiтаптың талайымен таныстық қой. Алла ғайбатқа жазбасын, солардың көпшiлiгi қазаққа аты онша таныс емес Дiнше Бiләлов жиған шежiреге жетпейдi деуге ауыз барады. Себебi, автор әдеттегi топан судай қаптаған жыл қуу, тұқым қуумен шектелмей, қазiрде библиографиялық сирек кездесетiн кiтаптарға жүгiнiп, руларды уез-уез бойынша орналастыра отырып шежiрелейдi және iлгерiде айтқанымыздай, жан саны, мал басы сияқты құнды статистикалық мәлiметтер келтiредi. Айрықша тоқталар тұс — шежiрелiк аңыз-әңгiмелер кестелердiң бос аралығын толтырып тұру үшiн емес, белгiлi бiр мақсатпен, жүйемен келтiрiлген. Талантты этнограф ғалым Жамбыл Артықбаев Ақаңның сөз болып отырған «Қазақтың ауызша тарихы» монографиясына арнайы жазған тамаша бетжабар мақаласында Ақаңның шежiре арқауы ретiнде қандас туыстықтан бұрын рулар мүдделестiгiн атаған тұжырымына шамалы түзету енгiзгiсi кеп, қазақ шежiресiнен мемлекеттiк идея iздептi, тәуелсiздiктi негiздеген алтын қор iздептi. Айтуынша, негiзiнде қазақ тарихында ру-тайпалық мүдделестiктiң мемлекет мүддесiмен кереғар келiп қалуы көп екен, мысалы, Едiге мен Тоқтамыстың, Бекболат би мен Абылайдың арасындағы келiспеушiлiктер. Осы орайда Ж.Артықбаев мемлекеттiң тұрақтылығын, билiктiң киелiлiгiн (сакральдығын) қамтамасыз ету үшiн Алаша хан, Уыз хан, Әз Жәнiбек, Қасым хан, Абылай хан туралы аңыз-жырларды қазақ шежiресiнiң асыл үлгiсi ретiнде алуды ұсынады. Iзгi ниет екен, бiрақ бүкiл ынсаният тарихын идеологиядан аршып алып, саясаттан аулақ әкетiп жатқан кезде бiздiң елден алабөтен ескi сүрлеудi қайта тауып жатуымыз қалай болады?! Екiншiден, қазақ шежiрешiлерiнiң бiзге аманаттап кеткен қай мирасында да Жамбыл айтқан жәйт мәселенiң мәселесi емес. Iлгерiдегi Дiнше шежiресiнде қазақтың тарауы, үш жүздiң құралуына қатысты Нұх, Майқы, Алаша хан атымен байланысты аңыздар келтiрiлiп, қалған жерде қара сөз кейiнгi орта ғасырға тән «кiрме» мәселесiнде ғана қолданылады (Әлдебек бидiң Абылай хан баласы Қасым төреге арғы тегiндегi шикiлiктi бетiне айтуы, Ғабит Мүсiреповтың ұлы аталарының зайры түркiмен екендiгi, т.б.). Олай болса қазақ шежiресiнiң төсегi, Ақаң дәлелдегендей, ру мүдделестiгi, одан да дәлiрек айтқанда, ұлысты, ұлтты қан жағынан таза ұстау. Шежiрелердегi аңыз-әңгiмелердiң денi қазақтың iргелi ру-тайпаларының құрамына енiп кеткен кiрме аталар туралы өшпес дерек бере отырып, этносты таза күйiнде сақтау iсiнiң маңызды бiр тетiгiне айналған. Шынында да, бүгiнде реттi-ретсiз көп айтылатын қазақ тiлiн жалпыхалықтық тiлге айналдыру (лингвистикалық ұлттандыру), сөйтiп, қазақша сөйлегеннiң бәрiнiң төлқұжатына «ұлты — қазақ» деген белгiнi баса беру жайлы құйтырқы, түптеп ойласақ, ата-бабаларымыз үнемi есте сақтап келген «кiрме» элементтердi ара-даралығынан айырып, бiркелкiлендiрiп жiберу, сөйтiп Ақаң жобасын сызып берiп отырған «этникалық қорғаныс сезiмiне» селкеу түсiру боп шығар едi. ЭҚЗ — Батыстағы азаматтық «ұлт» ұғымынан қазақ ұлтының мүлдем бөлек жаралым екендiгiн үнемi есте ұстау. «Қазақтың ауызша тарихы» — кең құлашты, соған сәйкес көп планды, көп мағыналы қым-қиғаш үлкен зерттеу, сондықтан бiздiң айтып отырғанымыз оның толқын-толқын, соқпа-соқпасындағы бiр ғана мәселе болуы да мүмкiн. Жалпы, халықтың ауызша тарихын қорытып, өзiне ұсыну деген мiндеттiң үдесiнен абыроймен шығып отырған еңбек жайында қабырғамыз сөгiлiңкiреп, қылышымызды шарболаттай қайрап айту қаншалықты артықтау болса, бiлiмдi бiлгiрсiп кету, буынсыз тiлге ерiк беру де соншалықты артық. Мұхтар Әуезов соңғы хаттарының бiрiнде қазақта мәдениеттi жұрттардағыдай еш «алайдасыз» пiкiр бiлдiру жоқ екендiгiн айтып налыған екен. Ащы рас сөз.??? «Бiткен iстiң мiнi жоқ, бiтiрген ердiң кемi жоқ» дейтiн ұлағат қазаққа дарымай-ақ қойды. Осы орайда Ақаң сияқты мүлдем тың тақырыпқа қол артқан авторға көрсетiлер көмектiң үлкенi — «Қазақтың ауызша тарихын» әлi мәресiне жетпеген жолаушы деп қабылдап, алдағы, толықтырылатын басылымдары үшiн материал жеткiзу, ескертпе беру. Ал қазiрдiң өзiнде орасан қатасыз шығып отырған ҚАТ — осы күйiнде-ақ қазақ үшiн тау тұрғызғандай еселi еңбек! 728 бет. 60 баспа табақ. Көрiнбейтiн түймеден, сабақталмаған инеден тұратын елеусiз әрi машақаты көп жұмыс. Бiздiң есебiмiзше, бұл кiтаптың аяқтанған уақыты 2008 жыл болғанымен, бастап тағанын тартуы одан әлдеқайда бұрын. Ең кемi 40 жыл қинаған-ау толғағы. Олай болса, Ақаңның бұған дейiнгi жазғандарының бәрi — ҚАТ-қа бастап әкелген басқыштар болады да. Олай болса ағамыз өз iсiне тура космонавтарша әзiрленгенi де. «Кәнiгi зергер кәтекi, орынсыз дүкен құрмайды». Соның iшiнде iлгерiде бiз сөз еткен 80-жылдар — Ақаңның зерттеушi ретiнде нағыз кемелiне келiп, кер жорғасына мiнген шағы. Тыныштық кезең, тұсау кеңiп, арқан ұзарыңқыраған. Асылы, қайта құрудың салмағын 60-жылдарғы «жылымықта» ұтылғандар көтердi дейтiн пiкiр шындыққа жанасымды болар. Оның үстiне Ақаң дәл сол жылдары республикалық беделдi басылымды басқарып тұрды. Мұның өзi зерттеушi ретiнде эксперименттiк талдамалары мен концепциялық жүйелерiн сыннан өткiзiп көруге мүмкiндiк бердi. Жалпы, Ақселеу Сейдiмбеков тұсындағы «Бiлiм және еңбек» әлiге дейiн өз бағасын ала алмай келедi. «Бiлiм және еңбек» сол жылдары Шерағаң шығарып тұрған «Қазақ әдебиетi» сияқты әлеуметтiк шындықты жазып, билiктi тықсыратын басылым болған жоқ. Ондай батылдықты журналдың Ақаң алдындағы басшысы Бейбiт Қойшыбаев басқарған ұжым танытты. Ал Бекеңнiң алдында журнал бiрде таза ғылыми-техникалық, бiрде фантастикалық бағытта шығып келдi. Сейдiмбеков тұсындағы «Бiлiм және еңбек» болса ең алдымен елдiң алтын арқауы, жұлыны — зиялы қауым оқитын, тиiстi әзiрлiгi бар адамдар қатысатын басылым едi. Қазiр жұрт жер-суға түсiрмей мақтап жүрген басылымдардың талайынан артық бола тұра, бiрақ, журнал қалың қазаққа көп таралыммен тарай алмады. Оның басты себебi, Ақаң үкiлеген, Ақаң түрлеген басылым заманынан озып туғандықтан, ғауам қазақ мандытып түсiнбедi аяқ алысын. Соның өзiнде журнал бетiнде, егер оқитын көз болса, селт еткiзiп, ойға қалдыратын талай мәселе көтерiлдi. Ең ғажабы, солардың көпшiлiгi Қалағаң «Академияның қалбырға салып тастаған мыйлары» деп түйреген академиялық бағыттағы ғылым иелерiнiң қаламынан қорытылып шығып жатты. Себебi, басредтiң өзi олардың қай-қайсысымен де терезесi тең отырып сөйлесе алатын сұңғыла ғалым, спорт тiлiмен айтқанда, голға доп шығарып беретiн диспетчер-жетекшi едi. Сонымен бiрге ол басылымға есiмi үнемi ел есiнде жүретiн, қазақ мәдениетiнде өзгеше iз қалдырған М.Дүйсенов, С.Ақатаев, Б.Ибраев, Ж.Бабалықов сияқты қалыпқа сыймай жазатын iзденгiш авторларды тарта бiлдi. Мысалы, «Бiлiм және еңбек» бетiнде Сәбетқазы Ақатаев жариялаған Айтматовтың «Боранды бекет» романының этнографиялық сипаты жайлы терең мазмұнды мақаланы, Жағда атамыздың қой бассүйегiнiң 400-ден аса атауын жiлiктеп берген этнографиялық жарияланымын қазiргi көзiң мұзға тайғандай сырғанап өте шығатын баспасөзден пар атпен iздесең таба алмайсың. Ақаңның әуелгi ДАТ-ы мен бүгiнгi ҚАТ-ының бастауында жатқан В.Юдин мақаласы да алдымен «Бiлiм және еңбекте» жарияланғанын айту жөн. Кiм екенi дәл есiмде жоқ, сiрә, Ақатаев болар, әйтеуiр бiр автор. Юдиннiң соның алдында ғылыми жинақта шыққан «Орда: Белая, Синяя, Серая, Золотая...» дейтiн мақаласын «Ақ Орда, Көк Орда, көп орда...» деген атой тақырыппен келiстiре аударып жариялады. Өзiмiзге талай жыл әке-көке болған халықтың өкiлi далалық тарихқа мәдениет жасаушы елдiң мәдениет тұтынушы елге қарайтынындай тұрғыда тұрып қарағанын ол кезде аңғармаппыз. Мұндайда бiреулер Пәленшекеңнiң Түгенше дейтiн еңбегiмен таныстығын бiлдiрiп қана қояды ғой, ал Ақаң кiтаптарында бұл жайды тақияға тас тастағандай етiп анық жазады, яғни ҚАТ — Юдин меңзеген жалпы далалық, жалпы түркiлiк ауызша тарихнама (историография) да, тарихзерттеу (историология) да емес, қазақ халқының төл тарихын зерделейтiн шежiрешiлдiк дәстүр екендiгiн қадап айтады. Юдиндiк СУИ — сейдiмбектiк ҚАТ-қа ойтүрткi (идея) болуы мүмкiн, бiрақ оның өзi де емес, құлпыашары да емес, тiптi десе Ақаң оған жанынан алып жан, қанынан алып қан қосты деп те айта алмайсың. Өйткенi, ҚАТ-тың жүрегiн соқтырып тұрған қан тамыры басқа. Ол — қазақы қымбат қасиеттерiмiз, қазақы құндылықтарымыз, дәмдi дәстүрiмiз, сарқынды салтымыз. Нән кiтапты бiр деммен оқып шығып, соңғы бетiн жапқан соң, мұқабасын аялай сипап отырып, өзiңнiң қазақ болып туғаныңа қуанатының. Осы сезiм ғой 1986 жылы қоғамдық қопарылыс жасаған. Сол бiр «қалдықтардың бет пердесiн ашу», «бет ажарына қарамай аластау» науқанында Ақаң басред ретiнде нағыз толысқан тұсында, оқырманын ұйытып келе жатқанында орнынан кетуге мәжбүр болды. Ұлтшылдығы үшiн қуғын шектi. Қызмет жағынан ауызға аларлықтай кемшiлiк таба алмаған соң тағылған iлiк емес едi бұл. Ақаңның ұлтшыл екендiгiн ол кезде жұрттың бәрi беске бiлетiн. Оны айтасыз, Желтоқсанда алаңға шыққандардың денi «Қазақ әдебиетiн», «Жұлдызды», «Бiлiм және еңбектi», қырғызша айтқанда, «оқып жатауыс» болғандардан едi. Осылар едi масаша ызыңдап, шыбынша шағып, қазақтың күн ұзын өлiп қалған намысын дем салған бақсыдай қайта оятқан. Осы баспасөз едi алтыннан ардақты қазынамыз — жастарымыздың көңiл көкжиегiн кеңейтiп, ойына ой қосып, рухын жоталандырған. Көптi азайтып, азды көптей өсiрген. Барлық қазақ бiр кiсiден туған дейтiн ойды сiңiрген. Ақаң мұны «этнозерде» дейдi. Қайсар санагер өзi кетiп бара жатып, журналдың атын «Зерде» деп өзгертiп үлгердi. Осы сөзбен өзiнiң Совет Одағы кезеңiне тиесiлi межелi жұмысын аяқтаған шығар деп топшылағанбыз. Жоқ, ғылымға ауысып, бiрыңғай шығармашылық жұмысқа көшкеннен кейiн де тыныштыққа бой ұрып жатып алмай, зерденiң байлануына әкеп соғатынның бәрiн айтып, жазып, көрсетумен болды. Саясаттың аспаны бұлттан толық ашылмай тұрып-ақ баспасөз бетiнде «отаршыл мен озбырға отамалы оқ атып, ойпаңнан да боратып, қайқаңнан да боратып» жатты. Терiн басып алып, iске қосқан «ауыр артиллериясының» нысанасына Сырымбеттегi Айғаным шартағын қалпына келтiру, Үстiрттегi пантеон-қорымдарды зерттеу, 1990 жылы Қазақстан арқылы өтетiн ЮНЕСКО-ның «Жiбек жолы» экспедициясының онкүндiк сапарына әзiрлену сияқты мәселелер iлiгетiн. Бiз он кiтап жазғанша, онына балап бiр кiтап жазам деп жүргенде ұлт үшiн қашанда отқа күйiп табаға қуырылып отыратын Ақаң тарих-қарияның иiп тұрған сәтiн пайдаланып, бiр арба кiтап жазып, талай ғасырды көзiнен көгендеп тастады. Бұл — қарқынды ғана аттың аяқ алысы емес, ұзаққа сiлтейтiн үдемпаз жүйрiктiң белгiсi. Қамшысы — «айтқан үстiне айта түсу» принципi. Сөз сiрәсi келген соң орағытып өтуге болмайтын бiр жағдай бар. Әдетте проза ғана тән алатын??? көпкiтаптық дәстүрдi поэзиямызға Қадыр Мырза Әли әкелiп, бiр тақырыпта мақсатты түрде тоқтап, желiлеп жыр жазса, эссеистикамызда көпкiтаптық дәстүрдi алғаш Ақаң қолданды және иншалла, әзiрге бәйгенiң басын беретiн емес. Бiз бұл жерде «эссеистика» дейтiн сөздi саналы түрде қолданып отырмыз. Кезiнде Ақселеу Сейдiмбековты қай жанрда жазатын жазушы деп тану жөнiнде оңды пiкiрталас болған. Әдебиеттану бiлетiн жанрлар мен жанрлық түзiлiмдерден бiрде-бiреуiне лайығы келмей қойғаннан кейiн, Ғабаң (Ғабит Мүсiрепов) «Ақселеу — әзiр ешкiм түстеп бiлмейтiн алабөтен жанрдың қаламгерi» деп кеткен-дi. ҚАТ кiтабына жазған түйiн мақаласында осы мәселенi Жамбыл Артықбаев та қозғаған екен. Ғалым ағылшын этнографы Э.Листiң этнографиялық монографияны кейiпкерлерi автор тұлғасымен қойындасып кететiн тарихи романға ұқсатқан пiкiрiн келтiрiптi. Ой саларлық сөз. Сейдiмбек — басқасын былай қойғанда, өмiр тәжiрибесiн дөңгелете суреттеп бере алатын дарынды жазушы. Бiрақ, тiл шеберлiгi, стиль мiнсiздiгi, ең бастысы, дерек-дәйектердiң шығарма ой өзегiне үйiрiлiп, үйiрсектеп кеп, кенет шиыршық атып қоя беретiн композициялық-сюжеттiк ерекшелiгi оның жазғандарын эссеистиканың сүт кенже жанры — дәйектеме-романға (инфороманға) жақындатады. Бұл романдарды өзгеден алабөтен даралап тұрар нәрсе — кейде шығарманың iшiне, кейде соңына әдейi шашып жiберетiн шағын әңгiмелер. Кәдiмгi шығыстың ұлы әңгiмелерiне тән туындыны тиектеу (обрамление) тәсiлi. «Қазақтың ауызша тарихы» iргелi зерттеуiнде түйiндеме ретiнде сондай 15 мөлтек әңгiме берiлiптi. Автор әлденеге «Этнографиялық түйiн» деп атаған олар, бiздiңше, этнографиялық сипаттағы, бiрақ өмiрдiң жалт еткен бiр көрiнiсiн дөңгелете суреттеп беретiн метонимиялық принциппен жазылған кәдiмгi новелла. Оларды тебiренбей, емiренбей, көзiңе жас үйiрмей оқу мүмкiн емес. Мәселен, осындағы «Жылу» новелласы. Автордың бала кезiнде абайсызда өздерi отырған киiз үйдi өртеп алғаны жайында. Үй өртке оранған күннiң кешiнде ауыл адамдары жабыла қимылдап, жаңадан үй көтерiп, үйi күйгендi жылулау үшiн жиналған дүние-мүлiктi тап-тұйнақтай етiп жинастырып, ең соңында шашу шашып, шешесiне босаға аттататын көрiнiстi оқып отырғанда есiме биыл қоңыр күзде ауылымызда болған бiр оқиға түстi. Дәл Ақаң әңгiмесiндегiдей, онда да ағаш қақырадан құрастырған үй әп-сәтте түгi қалмай жанып кеткен. Әйелi екi баласын алып төркiнiне кетiп, үйде анасымен қалған сабақтасым Амантай жалын оранған үйден шешесiн таба алмайды. Ақаң әңгiмесiнде ауылдың бiр жiгiтi басын шүберекпен орап, үстiне бiр шелек суды құйып жiберiп, iшке кiрмекшi болып ұмтылады ғой, мұнда да көршiнiң жiгiтi терезеден қарғып түсiп, бiрақ қанша iздесе де таба алмай шығады. Сөйтсе, қапелiмде есi шығып кеткен шешей дәлiздiң есiгiнiң қалқасына барып жасырынған екен. Өзiмiз қолынан талай дәм татқан Ажар апамызды жұрт орны ғана қалған үйден көйлегiнiң қиқымынан танып алады. Хош, оқиғаның соңы не болды дейсiз ғой?! Амантай ағайын сағалап жүр. «Қарттың баласы», тағы бiр сабақтасым Рашид бiр барғанында төрт мәшине шебөңкi түсiртiп, теледидар апарыпты. Басқа жұрттан леп жоқ. Шыны керек, бұрынырақта ұлт, Отан намысы жөнiнде әнтек ащылау сөз естiсем, не оқи қалсам, «Тап осыдан қайғы-қасiрет жасап керегi не» деп ойлайтынмын. Ақаң кiтабын оқып, оған өрелестiре күнделiктi өмiрде өзiмiз оншалықты мән бере қоймайтын бiрқатар жайды ойға оралта отырып, Ай мен Күннiң аманында әлдебiр асылымыздан айырылып қалғандай күй кештiм. Қазақы құндылықтарымыздан қаншалықты ажырап қалғанымызды өзегiң өртене отырып сезiнедi екенсiң. Сондайда Ақаң ұстанған «Айтқан үстiне айта түсу» принципiнiң қазақ үшiн қаншалықты дұрыс, қаншалықты өткiр, қаншалықты зәру екендiгiн ерiксiз мойындайсың. Алты алаш құшағын ашып, кеудесiне басатын Кiтап келдi ортамызға. «Жазушының бас кiтабы — әлi жазылмаған кiтабы» дейтiн сөз бар ғой. Ақаң — өмiрден алымы да қайтпаған, берiмi де сарқылмаған қайраткер. Айтары, жазары әлi алда. Әманда халқыңыз ырысты, отбасыңыз аман, бауырыңыз бүтiн, күндерiңiз жарқын, жүзiңiз жайдары бола бергей, тәу ұстаз! Жортқанда жолдасыңыз қыдыр, жолыңыз шыдыр болсын, Қазақтың Жоқшысы! Мақсат Тәж-Мұрат

4209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы