• Мәдениет
  • 23 Ақпан, 2017

Қор жұмысы жүйеленіп келеді

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде археологиялық қордың  тұңғыш каталогының тұсаукесер салтанаты өтті.  Шараға ­профессор Амантай Исин мен белгілі шежіреші, ­этнограф Молдабек Жанболатұлы қатысып, тұсаукесер рәсімінің лентасын қиды. 

Қазақстандағы ең көне, 1883 жылы құрылған тарихи-өлкетану музейі қызметінің бастапқы кезеңінен өз қорын археологиялық материалдармен толықтыруды көздеді. Ұлы Абайдың досы Е.П.Михаэлис му­зейдің археологиялық қорын құруға бастамашы болып, 15 жәдігер тап­сырған. Музейдің археологиялық қо­рын толықтыруға жергілікті өл­кетанушылар лайықты үлес қосты. Олардың ішінде Ф.Педашенко мен Н.Коншин бар. Музей археологиялық қорының патша заманында құ­рас­тырылған каталогтарының ғы­лыми маңызы жоғары. Олар­дың бірін­шісі ХІХ ғасырдың 80-жыл­дары­ның соңында музей қорын сақ­таушы М.Суворцевтың кезінде құрас­ты­рылып, облыстық статис­ти­калық комитет каталогты 1888 жылы музей кө­неліктерінің сипаттамасы түрінде, ал патша заманындағы соңғы каталогты музей қорын сақтаушы Е.Рычков 1914 жылы жариялады. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында қазба жұмыстарды жүргізген Л.Чалая мен Л.Ермоленконың да қазба ­материалдары музей қорына аз түскен. 1988-1990 жж. Кемерово мем­ле­кеттік университетінің Ю.Алехин мен А.Илюшин бас­қар­ған Семей архео­логиялық экспе­ди­циясының мате­риалдары ғана музей қорына едәуір толық көлемде түскен. ХХ ғасырдың 80-90 жылдарымен ХХІ ғасыр басында музей қорын сақтаушы О.Чайко, М.Ғалиев және музейдің бүгінгі қызметкерлері археологиялық қордағы материалдарды молайтып, сақтауға зор үлестерін қосты. Тәуелсіздік жылдарында архео­логиялық материалдарға деген қы­зы­ғушылық Абай ауданындағы Шың­ғыстау, Зайсан ауданындағы Шілікті, Катонқарағай ауданындағы Берел қазба жұмыстарына байланысты арта түсті. Музей жоспарына сәйкес өлкеміздегі археологиялық материалдарды жинап, ескерткіштерді зерттеу бағытында әр жылдары зерттеушілер мен өлкетанушылар А.Исин, А.Долгушев, В.Колбин, П.Жуков, Ю.Занарин, Х.Илиуф экспедицияға шығып тұрды. Соңғы жылдары музей­дің археологиялық қорын жүйе­леу жұмыстары жандана түсті. Музей­дің алғашқы каталогтарының шығуы­нан кейін жүз жылдан астам уақыттан соң мыңға жуық жә­дігерлер енгізілді. Сонымен қатар ескі және өте сирек басылымдар қа­тарындағы патша заманы каталог­тарының көшірмесі жарияланып отыр. Шара барысында Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік универси­те­ті­нің профессоры, тарих ғылым­ының кандидаты Мұхтарбек ­Қар­пықұлы, Қазақ гуманитарлық ин­новациялық заң университетінің тарих және география кафедрасының аға оқытушысы Ұлан Құрметқалиұлы, өлкетанушы, зейнеткер Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, «Прииртышье» өлке­тану қоғамының мүшесі Павел Жуков, бұрынғы музей қызметкері, зейнеткер Зере ­Оразалиналар каталогқа талдау жасап, өз ойларын ортаға салды.

Гүлнұр ШАЛАТАЙҚЫЗЫ, музей қызметкері Семей

1475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы