• Мәдениет
  • 23 Ақпан, 2017

Кейкі батыр қай жерге жерленгені жөн?

Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы атап өтілгеннен соң, көп ұзамай күллі қазақтың бір арманы орындалып, 93 жылдан кейін Кейкі батырдың басы аман-есен елге оралды. Мұның өзі жанарға жас үйіріп, жүрек тебіренткен тарихи айтулы оқиға болды. Оның алдында көтерілістің ошағы болған Торғай жерінде, Аманкелді ауданының орталығында ас беріліп, ақындар айтысы ұйымдастырылып, дүбірлі той өткізілген. Сол орталықтағы Аманкелді батырдың қабірі мен ескерткішінің басында дұға оқылып, Құран бағышталған. Сонда ойымызға Аманкелдінің қанды көйлек досы Кейкі батырдың басы мен денесі табылып, осы жерге жерленсе ғой, қос батыр зиратының бір жерде болуы торғайлықтар ғана емес, осында жолы түскен барша қазақтың тәу етер қасиетті мекеніне айналар еді-ау деген ой түскен-ді.

Кейкінің жерленер жеріне бір­неше ұсыныс түскені белгілі. Олар: Астананың іргелес мекеніндегі ­Қа­банбай батырдың монумент ескерт­кішінің жанындағы пан­теон, сосын Астананың дәл орта­лығындағы ­Кенесары ханның осы Ақмола бекіні­сін алуда қаза тапқан батыр сарбаздары жерленген мазар. Үшіншісі, Аман­келді ауданы аумағындағы ­Тасты ауылы тұсында Кейкі батырдың туыс­тары кейін осы жерге жерленсін деген ниетпен тұрғызып қойған бос тұрған күмбезді қызыл там. Комис­сия осы үшеуінің соңғысын таңдап, шешім шығарып, тиісті қара­жат бөліп, жұмысшы топ іске кіріскен сыңайлы. Жаз шыға Кейкінің жобамен жерленген жерінде оның денесін іздеуге археологиялық жұмыс басталады. Оған дейін бірталай уақыт бар. Батырдың қайда жерленгені жөн деген сұрақ төңірегінде әлде де ақылдассақ қайтеді. Біріншіден, руы Құлан қыпшақ болғанымен, Кейкі батыр аты аңызға айналып үлгірген бар қазақтың батыры. Демек, оның туыстары кейін басы мен денесі табыла қалса, осы жерге жерленсін деп тұрғыза салған тамға қойғанымыздың жөні қайсы? Рас, там Арқалық пен Аманкелді ауданы арасындағы асфальтты қара жолдың бойында жолдан бір шақырымдай қашықтықта орналасқан. Батыр осында жерленген жағдайда бірінші өткен жолаушы арнайы көлік басын бұрып барып, тәу етіп, дұға бағыштары анық. Одан кейін бет сипап өте бермек. Ал сонау Атырау мен Алтайдан, Кереку мен Кегеннен, яғни Қазақстанның алыс түкпірлерінен арнайы сапармен келіп тәу ететіндер некен-саяқ болар. Ал Астана орталығындағы мазарға жерленсе, бұл зират бар қазақтың, әр қазақтың соқпай кетпейтін киелі орынға айналары хақ. Тіпті кейін Кенесары ханның басы мен денесі табылса, сөз жоқ, ол осы мазарға өз сарбаздарының қасына қойылары анық. Сәкен Сейфуллиннің денесін іздестіріп, бұрнағы жылы сонау ­Ма­га­данға экспедиция барып қайт­қан болатын. Бірінші қадам дұрыс қам­данып бармау салдарынан сәтсіз бол­ған. Мүмкін, екінші сапар сәтті бо­лып, Сәкеннің денесі табылып әке­лінсе, ол да осы жерден орын табады. Сонда бұл зираттың, яғни ­Кенесары ханның сарбаздары мен Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың және Кейкі батыр жатқан мазардың қандай маңызға ие боларын айтпа­сақ та болар.­ ­Демек, Кейкі батырға ар­налған, жобасы жасалған Кесене-мавзолей Астана орталығындағы осы мазарға тұрғызылғаны жөн дейміз. Түйіндей келгенде, басы мен денесі табысқан Кейкі батырдың сүйегі оның туыстарының, яғни бір рудың зиратына емес, бар қазаққа ортақ Астанамыздағы орталық зиратқа қойылғаны дұрыс. Кейкі батырға ондай құрмет көрсетілсе, туыстары қуанбаса қарсы болмайды.Сөйтіп, Кейкі батыр Сарыарқа төсінде елі мен жерін рухымен қорғап жатсын. Бұл ұсыныс қолдау таппаған жағдайда Аманкелді ауданының орталығындағы саябақта жатқан көтерілістің бас батыры Аманкелдінің қабірі мен ескерткішінің қасына қойылғаны жөн. Кезінде сонау Карелиядан Міржақып Дулатовтың денесін ­тауып әкеліп, туған жері деп, Торғай қаласынан да 150 шақырым шалғайда жатқан «Бидайық» кеңшарының жеріне қойған. Кеңшарлар тарап ел көшіп, қазір онда 4-5 қана үй қалған.Сонда да үкімет өкілдері Торғай қаласының орталығына қояйық деген халық сөзіне құлақ аспаған. Бұл жолы да қателік қайталанғалы тұр.Торғай елінің азаматтары, ақсақалдары Қос­танай облысының әкіміне Кейкі батырды Аманкелді батырдың қасына жерлейік деп, өтініш еткенде «үкімет шешім қабылдап қойды, оны өзгерту біздің қолымыздан келмейді» деген. Аманкелді ауданының шаруа­шы­лық­тары да, орталығы да қазір на­рық талаптарына сай жақсарып келеді.Ел орныққан, оған басқа жақтардан көшіп келіп жатқандар көп. Село халқы көбейіп, өсе түсуде. Кейкі батырдың сүйегі Аманкелді батырдың қасына жерленсе, соған сай жобаланған кесене екеуіне ортақ етіп тұрғызылса, мұның өзі осы ­аудан тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл Торғай елі мен Арқалық қаласының хал­қына зор қуаныш болар еді. Әрі бұл жастарға патриоттық тәрбие беруге үндейтін тамаша мемориал болары сөзсіз.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,әдебиет сыншысы, Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты

16442 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы