• Ақпарат
  • 23 Ақпан, 2017

Шешуші кезеңдегі серпіліс

Елбасы бастамасымен мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған реформалар елімізде кеңінен талқылануда. Бұл ретте ең алдымен Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, оның дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған, қоғам тарапынан терең талқыланып жатқан конституциялық реформаларға заңгерлер де белсенділікпен атсалысуда. Осы орайда, Жоғарғы Соттың судьясы, Жоғарғы Сот кеңесінің мүшесі Әділ Құрықбаевқа бірнеше сауал қойған едік.

– Әділ Жамбасбайұлы, еліміздегі конститу­циялық өзгерістер неге байланысты қолға алынды? – Әлемдік тәжірибеде кез келген ел саяси-экономикалық, әлеуметтік, ішкі-сыртқы жағдаяттарына байланысты кейде Конституцияға өзгертулер енгізіп, толық­тырып отырады. Бұл сол елдің даму процесіне тиімді әсер беретін мүмкіндіктерді ескеру деген сөз. Мәселен, бұрынғы Кеңес одағы құрамын­дағы елдерде бұл біршама жиірек орын алды. Аумалы-төкпелі, ауытқымалы кезеңдерде олардың негізгі заңдары алға жылжудың айнымас тірегіне айналу үшін, заман ағымына сәйкес барлық құқықтық негіздерді қамтып, толықтырылып отырды. Елімізде билік тармақтары ара­сында өкілеттікті бөлу бойынша жұмыс тобы құрылып, конституциялық өзгерістер енгізу мақсатында ұсыныстар әзірленуде. Халықтың талқысына ұсынылған осы жоба бойынша парламенттің өкілеттілігі кеңейеді, Үкімет Парламент алдында жауап береді. Яғни Қазақстан президенттік басқару жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне қадам жасап отыр. Неге? Бірден айта кетейік, еліміздің іргетасын қалап, барлық ішкі, сыртқы құқықтық негіздерін әбден қамтамасыз етіп, әлем елдері санасатын толыққанды мемлекет болуымызға президенттік басқару жүйесі тиімді ықпал етті. Мұндай шешуші кезеңде биліктің бір қолда болуының қажеттігі айқын еді. – Халық қазір Конституцияға енгізіліп жатқан жобалық өзгерістер бойынша түрліше пікір білдіруде. Осы орайда не айтуға болады? – Жоба не үшін жасалады? Көпші­лік­тің талқысына салып, сүзгіден өткізу, құ­қықтық тұрғыда әбден негіздеп, пысықтау үшін. Сондықтан түрлі сайттардағы, баспасөз беттеріндегі сан алуан пікірлерге үрке қараудың қажеті жоқ. Бұл табиғи нәрсе. Сіздің не туралы айтпағыңызды біліп отырмын. 26-баптың 1-тармақшасында «Қазақстан Респуб­ликасының азаматтары» сөзі жаңа жобада «әркім» сөзіне ауыстырылған. Кейбіреулер мұны шетелдіктерге жерге меншік құқығын береді деп алаңдаушылықпен қабылдауда.Тіпті заңгерлер арасында да түрліше пікірлер бар. Бұл адамдардың заңды, құқықтық негіз­дерді жақсы білмеуінен, өзгерістерді үстірт қа­былдауы салдарынан орын алып отырған жағдай. Осы ұсынылған өзгерісті жете талдап көрсек, әркiм заңды түрде алған қандайда болсын мүлкiн жекеменшiгiнде ұстай алады. Заң қалай жазылса солай түсіндірілуге жатады. Бұл бап тек заңды түрде ғана алған мүлікке байланысты айтылып отыр. Демек, Қазақстанда тұратын қандайда бір азаматтың тек заңды түрде алған мүлкі ғана заңмен қорғалуға жатады. Жер заңына байланысты шетел азаматы жер сатып алуға құқығы жоқ болғандықтан, оның жерге байланысты құқығы қорғалуға жат­пайды. Негізі 26-бапқа ұсынған өзгертулері алдымен Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың заңды алған меншіктерін қорғау мәселесіндегі теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ол барлық жеке және заңды тұлғалардың жекеменшіктік құқығы мен оның бұзылмаушылығына кепілдік береді. – Билік тармақтарының бөлінісі құқықтық тұрғыда еліміздің даму үдерісіне қаншалықты пайдасы бар? – Билік тармақтарының бөлінісі құқықтық тұрғыдан Парламент пен Үкіметтің рөлін күшейтуге бағытталған. Парламент пен Үкімет­тің күшеюі еліміздің демократиялық даму жолындағы үлкен қадамы деп білуіміз керек. Жоба қабылданса, Парламент Үкіметті жасақтайды. Бұл жағдайда Үкімет Парламентке тікелей есеп беріп отырады. Сөйтіп, Үкімет ендігі жерде өзінің өкілеттігін Президенттің алдында емес, Парламенттің алдында тоқтатады. – Әділ Жамбасбайұлы, ашық та мазмұнды пікіріңізге рақмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Ғабдул-Ғазиз ЕСЕМБАЕВ, «Ана тілінің» меншікті тілшісі

Астана

1475 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы