• Мәдениет
  • 02 Наурыз, 2017

Түркияда Түркістанды таныстырды

Жақында Түркияның Ыстамбұл және Бурса қалаларында «Түркістан-түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын таныстыру шаралары өтті. 2016 жылдың 1-2 желтоқсан күндері Әзербайжанның Шеки қаласында өткен Түркітілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесінің 34-ші мәжілісінде Қазақстанның Түркістан қаласы 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланған болатын.

Өткен айда қазақ елінің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістан қаласын бүкіл түркі жұртының ең танымал мәдени орталықтарының біріне айналдыру мақсатында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының және Түркістан қаласының әкімдіктері күш біріктіріп «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының жылдық жоспарын бекіткен болатын. Атаулы жыл аясында Түркі әлемінің «Наурызнама» іс-шарасы, «Наурыз» халықаралық ақындар айтысы, Халықаралық«Театр көктемі» фестивалі, «Бұраң бел» би фестивалі, Түркі әлемі қолөнер шеберлерінің фестивалі, Халықаралық медиа форум, «Ұлы Дала сазы» дәстүрлі өнер орындаушыларының халықаралық фестивалі сияқты ондаған ірі мәдени жобаларды іске асыру жоспар­ланған. Алдағы 21-ші наурыз күні ­«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени аста­на­­сы» жобасының салтанатты ашылуы мен ТҮРКСОЙ Баспасөз сыйлығын тап­сыру рәсімі өтеді. Қасиетті қалада өтетін алғаш­қы ірі шараға түркітілдес елдерден 250-ге жуық өнерпаздар, ғалымдар, журналистер мен ресми делегация өкілдері келеді. Түркістанда жыл бойы өткізілетін шаралар туралы түрік жұртшылығына ақпарат беру мақсатында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Ыстамбұл қалалық Мәдениет басқармасы және Бурса қалалық Мәдениет басқармасы бірігіп ұйымдастырған іс-шараға Ыстамбұл Мәдениет басқармасының басшысы ­Невзат Күтүк, Бурса қаласының әкімі Режеп Алтепе, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, осы ұйымдағы Әзербайжан өкілі Елчин ­Гафарлы, Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, Қырғызстан өкілі Қожагелді Кулуев және ТҮРКСОЙ Қаржы бөлімінің басшысы Санжар Мүләзімоғлы қатысты. Оңтүстік Қазақстан облысының туристік аймақтары мен Түркістан қаласы­ның көрнекті жерлерін насихаттайтын қысқа фильмді көрсетумен басталған ­жиында сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов түркі өркениетіндегі Түркістан қаласының тарихи маңызын айта келе, «Мәдени астана мәртебесіне орай, жыл бойы Түркістан, Шымкент қалаларында ондаған ірі мәдени шаралар өткізілетін болады. Ең бастысы, биыл бұл өңір түркі әлемінен туристер мен мәде­ниет қайраткерлерінің жиі бас қосатын, зияратқа келетін мәдени орталығына айналады. Бауырлас түркі халықтары бір-бірінің мәдениетін жақыннан танитын болады» деді.

Асқар ӘБДУӘЛИҰЛЫ

930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы