• Қоғам
  • 02 Наурыз, 2017

Қаһарман қазақ халқына, қасиетті Қазақ жеріне мың алғыс!

1 наурыз Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Үндеу жариялады. «Бұл мереке біздің ортақ тарихымыздың символы, халықтың жалпыұлттық бірлігінің, құрметі мен ынтымағының күні» делінген Үндеуде. Бұл күн мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2016 жылдан бері жалпыхалықтық мереке ретінде тойланады. Тарихтың жазуымен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этностық топ өкілдері бұл күні қазақ халқына алғыс айта алады. 

Еліміздегі бейбітшілік пен келісім саясатының нәтижесінде жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олар өздерінің және балалары­ның болашағын Қазақстанмен ­байла­ныстырады. Сондықтан да қазақ елінің гүлденуіне мүдделілігін білдіріп, ынтымақ пен бірліктің арта түсуін қалайды. Үндеуде айтылғандай, ел ішінде қалыптасқан өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету еліміздің, қазақстандық үлкен отбасының ­рухани қағидаты болып қалыптасты. Кезінде тоталитарлық режімнің қатал үкімімен Қазақстанға жер ­аударылып келген мыңдаған адам осы жерден пана тапты. Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қол ұшын созып, иық тіресе көмек көрсеткен сол ағайын бүгінгі күні еліміздің толыққанды азаматтарына айналды. Олар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтауына, өз тілдерінде сөйлеуіне, әдет-ғұрпын насихаттауына берілген мүмкіндікке шексіз риза екендерін айтады. Үндеуде еліміздегі бүкіл этностық топтар атынан «Бүгін біз миллиондаған адамның бақытын тапқан Отанына айналған Қазақ жеріне, қайырымдылығы мен кеңпейілділігі, даналығы мен қонақжайлығы үшін қазақ халқына алғыс айтамыз» делінген. Осы ретте жүздеген этностың өзара араласуына, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуына жетекшілік жасап отырған Елбасы Н.Назарбаевтың дара көшбасшылығын лайықты атап өткен жөн. Ассамблея мүшелері Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін бағалай келе Жолдауда айтылған Үшінші жаңғырудың міндеттерін абыроймен орындауға ұлттық бірлік іргетас болады деп есептейді. «Бұл күні біз ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-анамызға, мұғалімдерімізге, зейнеткерлерге, ардагерлерге, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жаңғыртамыз» дейді ­Ассамблея аясына біріккен ұлт өкілдері. Үндеуде қоғамдық келісімнің ұйтқысына айналып отырған осынау бірегей ұйым мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаевты Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, ортақ үйіміздегі бейбітшілік пен келісім үшін барша халыққа ризашылығын білдірді.

Шаймардан Нурумов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы:

Татулық – баға жетпес байлық

Қазақстанды мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің қиын-қыстау жылдары өздеріне пана болған қазақ халқына деген алғысы зор. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде барлық ұлтқа тең жағдай жасалған. Олардың мәдениетін, тілін дамытуға көп көңіл бөлінеді.Бүгінгі күні біздің ұлттық театрымыз, мәдени орталығымыз бар. Бұның бәрі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді және еліміздің одан әрі гүлденуіне үлес қосуға үндейді. Соның бір дәлелі, Қазақстандағы ұйғырлардың барлығы дерлік қазақ тілін біледі, Қазақстанды өз Отаны санайды. Киелі қазақ елінің кеңпейілділігі мен дарқан мінезінің, бірлік пен тыныштықтың арқасында барша халық тату-тәтті өмір сүруде. Надежда Степанова, ардагер журналист:

Жақсылықты ұмытпау – парыз

Мен Хабаровскіде дүниеге келдім. Бала кезімде Алматыға қоныс аудардық. Осы қалада мектепке бардым, еңбек жолымды бас­тадым. Кейіннен Чукоткада, Қиыр Шығыста, Байкалда да болдым. Бірақ тағдыр қай түкпірге жетелесе де менің ­Қазақ­станнан, Алматыдан екенімді барлығы білетін. Радиодан қазақ әндері айтылып жатса әріптестерім мен достарым «Сенің туыстарың ән айтып жатыр!» деп қуана жеткізетін. Қазақтың әнін тыңдасам, айналам нұрланып, өз үйімде отырғандай күй кешетінмін. Бала кезімнен осынау мейірімді, кішіпейіл және асқан қонақжай халық – қазақтарға бауыр бастым. Қай жерде жүрсем де бұл халықтың жақсылықты ешқашан ұмытпайтын, еселеп қайтаратын, ерекше мейірбан жұрт екенін айтып жүремін. Осы қасиеті үшін де қазақ халқына алғысым шексіз.

1976 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы