• Руханият
  • 17 Наурыз, 2017

Біз білетін Мұқаш

Мыңбай РӘШ

Сұрапыл соғыс аяқталған кез. Дәлірек айтсақ жылдың тамыз айы болатын. Республиканың шалғай аймақтарындағы жер-жерден келген болашақ студенттер шоғыры толастар емес. Лек-легімен ағылып келіп жатыр. Ол кездегі Киров атындағы университеттің (ҚазМУ) ғимараты көршілес. Біздікі Абай атындағы педагогикалық институт. Жоғары оқу орындарының қара шаңырағы саналатыны ертеден белгілі.

Оқуға келгендер шүйіркелесіп ­таныса бастадық. «Айқын Нұрқатовпын, Көшетаудың Рузаев ауданынанмын» деді денесі төртбақтау келген көзілдірікті жігіт. «Мен Нығмет Ғабдуллинмін, Көкшетаудың Қызылтуынанмын» деді сұнғақ бойлы келбетті жігіт. «Мен Павлодардың Майқайыңынанмын» деді орта бойлыдан сәл жоғарылау, көзі тостағандай, жазық маңдайлы жігіт. Бұл Мұқаш Сәрсекеев еді. «Мен сендерден бір курс жоғарылаумын» деп қойды ол. Көп кешікпей әлгі аттары аталған топ институттың тіл-әдебиет бөлімінің сту­дент­тері болып шыға келдік. Бізден үш жас ересектеу Мұқаш Сәрсекеевтің суреті кешікпей қабырға газетінде ілулі тұрғанын көрдік. «Мынау Мұқаш ағамыздың тура өзі ғой!» деп жапа-тармағай қызыға қарап жатырмыз. Мұқаш Сәрсекеев «Сталиндік стипендиат»­ деген жазуларды оқығанда «Шіркін-ай, мен де сондай болсам-ау» деген қызғаныш сезімі лып ете қалғандай еді. Анау-мынау емес, ұлы көсем атындағы стипендиат! Ай сайын мың сомға жуық стипендия алады. Ол кез үшін қыруар ақша. Алғашқылардың бірі болып коверкот аталатын сұр костюм киген де Мұқаш еді. Ол кезде лайықты костюмді табу қиын. Тігін шеберханасында ғана тіктіруге болады. «Фурманов пен Киров көшесінің мүйісінде бірінші разрядті шеберхана бар. Онда Маер деген тігіншіге барып жолығасың, бірер ай мерзімде костюмің дайын болады» деп қойды Мұқаш. Факультеттік жиындарда: «Мұқаш Сәрсекеевтей болуға тырысыңдар» деген сөздерді ұстаздарымыз жиі айтатын-ды. Сөйтіп, Мұқаш біз үшін студенттік кездің өзінде ерекше тұлғаға айналғанын жасыра алмайтын ек. Егер ғылым жолын Мұқаш Сәрсекеев қалағанда бара-бара үлкен лауазымды ғалым болатыны сөзсіз еді. Неге екені белгісіз, Мұқаш ғылым жолына түспеді. Оның әдебиеттегі сыни проблемалық мақалалары республикалық басылымдарда жиі басылатын. Екі тілге бірдей сауаты жүйрік журналистік мақа­лалары сол кездің өзінде «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», ­«Ле­ниншіл жас», «Ленинская смена» газетте­рінде жиі жарияланып тұрғаны есімізде. Ұзақ жылдар бойы Мұқаш оқу министр­лігінің органындағы «Қазақстан мұғалімі» газетінде жауапты қызметкер және «Қазақстан мектебі» журналында бас редактор болып қызмет атқарған. Ол көптеген шетелдік және одақ жазушыларының шығармаларын, көркем, тарихи және педагогикалық еңбектерді қазақ тіліне тәжімалады. Соның ішінде, белгілі поляк ­саяхатшысы А.Янушкевичтің «Қазақ даласына сапар туралы жазбалар» кітабын қазақ тіліне аударды. Өмірінің соңғы кездерінде өзі оқып, тәрбиеленген қазақтың Абай атын­дағы педагогикалық университеті жанында шығатын басылымдардың редакторы болды. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары біздің ұстаздарымыз Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Сәрсен Аманжолов, Төлеген Тәжібаев, Шамғали Сарыбаев, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Қайнекей Жармағамбетов болатын. Мұхтар Әуезов өте шешен еді. Айтқан­да­рын жадыңда сақтамасаң жазып үлгере алмайсың. Анық та қанық сөздері ойыңда қалатын. Сәрсен Аманжолов асықпай сөйлейді. Қажым Жұмалиев ­Махамбет өлеңдерін жатқа соғады. Темірғали Нұртазин сөздің майын тамыза сөйлейді. Не керек, шетінен ығай мен сығайлар. Институт қабырғасында әдебиет үйірмесі болатын. Оның жетекшісі Қайнекей Жармағамбетов, ал оның көмекшілері Мұқаш пен Ғафу болды. Ғафу Қайырбеков студенттік кездің өзінде аты шыға бастаған ақын болатын. Серік Қирабаев пен Мұқаш ағаларымыз сыни мақалаларды көбірек жазатын. Мұқаш ағаның бірге оқыған ­курстастарына келейік. Олар да шеттерінен елге белгілі болған дөкейлер десем артық айтқандық емес. Академик, әйгілі лингвист Рәбиға Сыздықова, филология ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбаева, Иманбек Ұйықпаев, Шәкір Аманов, Әмеди Хасенов болып жалғаса береді. Осылардың бәрі көрнекті лингвистер, қайсыбіреулері танымал журналистер. «Әу, студенттер, бүгін кешкісін институт клубында, сағат 19:00-де ақын-жазушыларымен кездесу болады. Кешіге көрмеңдер» деді Мұқаш бір күні. Кездесуге көп жұрт жиналған. Көршілес КазГУ-ден Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Жұмағали Ысмағұлов, ­Мырзабек Дүйсенов, Әзілхан Нұршайықов, ­Зейнолла Бейсембаевтар келіп жайғасып ­отыра бастады. Институт ректоры Серғали Есмамбетұлы Толыбеков сахнаға шығып қолын шапалақтауы сол екен – Сәбит Мұқанов, Жақан Сыздықов, Ғали ­Орманов, Қалижан Бекхожин, Тайыр Жароков, Есмағамбет Ысмаиловтар келіп төралқаға жайғасты. Әдеби кешті Сәбит Мұқанов жүргізді. Өте қызықты өтті. Есмағамбет Ысмаилов қазақ әдебиетінің өрісін тілге тиек етті. ­Тайыр, Қалижан, Ғали, Жақан ағалар өлеңдерін оқыды. «Ғафу Қайырбеков бір өлеңін оқығысы келеді. Сәбе, қалай қарайсыз?» – деп қалды Мұқаш орнынан көтеріліп. «Е... болады, болады, оқыса оқысын» деп Сәбит Мұқанов қарсы болмады. Ғафу жуырда «Әдебиет және ­искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында жарияланған «Қыз бел қиясында» аталатын топтамасынан екі өлеңін оқыды. «Мынау мықты ақын екен ғой!» деп Сәбең таңырқап қалды, өзгелер де риза болысты. 1949 жылдың күзінде қара шаңырақ КазПИ-дің 20 жылдығы аталып өтті. Бұл оқу орнын тәмамдағандардың бірі Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин және өзгелердің біразының аттарын атай келіп, институт ректоры «Біздің шәкірттеріміздің ішінде оқуларын үздік оқитын, өзгелерге өнеге боларлық студенттер ішінен Мұқаш Сәрсекеев пен Рәбиға Сыздықованы ерекше айтар едік» деп қолын шапалақтап қойды, зал дуылдап кетті! Міне, біз білетін Мұқаш Сәрсекеев осындай болатын. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «КСРО және Қазақ КСР ағарту саласының үздігі» және тағы басқа да ­марапаттары жетерлік, жайсаң мінезді, білікті де беделді журналист, танымал тәржімашы Мұқаш Сәрсекеев тірі болғанда өзінің 90 жасын бәрімізбен бірге тойлар еді. Бірақ тағдыр оған жазбады. Десе де оның артында мол мұра қалды.

18058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы