• Тіл
  • 13 Сәуір, 2017

Гүлжиһан есімі ұмытылмайды

Сегіз жыл бұрын сегізінші наурыздың қарсаңында ұлт газеті «Ана тілінде» «Жоғалған жұлдыздар» айдарымен журналист Динара Ізтілеудің қазақтан шыққан тұңғыш көркемсөз шебері, кәсіби  концерт  жүргізушісі, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева туралы зерттеу мақаласы жарияланған еді. Қазақ елінде ең алғаш эстрада студиясын ашып (қазіргі Ж.Елебеков атындағы цирк-эстрада колледжі), әйгілі «Гүлдер» ансамблін құрған, қазақ циркінің негізін қалаған ұлы тұлғаның қабірі қараусыз, есімі елеусіз қалғаны жайында жазылған мақала көптің есінде шығар.

Мақалада өз ұлтына үш бірдей өнер ордасын сыйлаған Гүлжиһан Ғалиқызының құлпытасы құлап жатқаны, өзі тұрған үйдегі тақтай­шаның жоғалып кеткені, есімі не көшеге, не өзі ашқан өнер ордаларының біріне берілмегені баяндалған. Саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған аяулы жанның артында перзенті қалмағаны аздай (ұлы мен қызы ертерек қайтыс болған), есімінің мүлде елеусіз қалғанын естіп елдің түкпір-түкпірінен талай жанашыр шәкірттері, көзін көрген жандар хабарласқан еді. Бүрмелі көйлектеріне дейін өзі тігіп, бозбалалардан Біржан сал мен Ақан сері жасап, жастарды бұрынғының ғажап жоралғысымен Жазушылар одағына бастап апарып, үлкендердің батасын алғызған. Сол өзі «Гүлдер» деп атын қойған ансамбльде де Гүлжиһан Ғалиеваның есімі ұмытылған еді. Ал Д.Қонаевқа айтып жүріп ашқан цирк ше? Қазақ циркі үшін ол жеті қат жердің астындағыны табуға бар-тын. Талай айшылық жерлерден нағыз ауыздығымен алысқан арғымақтарды, цирк үшін жаралған сәйгүліктерді алдырған. Қазақ жастарын цирк өнеріне арнайы оқытқан. Цирк бағдарламасына «Көкпар», «Қыз қуу», «Теңге алу» секілді ұлт­тық ойындарды енгізген, тіпті қа­зақтың саятшылық дәстүрі цирктен тыс қалмаған. Маңғыстаудың маң басқан түйелері, алтайдың ақиығы, қырдың қызыл түлкілері, бәрі-бәрі болды. Гүлжиһан қай істі қолға алмасын, оның қазақылығына қатты көңіл бөлетін. Мәселен, цирк-эстрада студиясы деп ашқанмен, мақсаты – қазақ өнерін сақтап қалу, домбыраны алып қалу еді. Цирк те солай. «Гүлжиһан Ғалиеваның ендігі арманы – жас ұжымды жаңа отауға шығару еді. Дінмұхамед Ахметұлы республикаға танымал сәулетшілер мен құрылысшыларды шақырып салдырған киіз үй тектес цирк үйінің құрылысы екі жылда аяқталды. Бүгінде ол оңтүстік астананың сәулетті сарайларының біріне айналды. Алайда осынау ат шаптырым аумақты алып жатқан ақ үйде апамыздың атын еске түсірер айғақ жоқтың қасы... Егер қара тасқа тіл бітер болса, Қазақ циркінің Гүлжиһан Ғалиеваның маңдай терімен қаланған әр тасы оның есімін атап күңіренер ме еді...» деп келетін жолдар көпшіліктің әлі жадында шығар. Осы мақала газетімізде жарық көрген соң Гүлжиһан Ғалиеваның қабірі қалыпқа келтіріліп, ең қуаныштысы – көше берілген еді. Енді, міне, туғанына 100 жыл толған тұста Алматыдағы цирк ғимаратында Г.Ғалиеваның өмірінен сыр шертетін құндылықтарға толы жеке көрмесі өткізіліп, үкілі бөркі бар сұлу бейнелі мүсін қойылды. Бұған да шүкір. Цирктің негізгі көрермені – балалар десек, бұдан былай бүгінгі ұрпақ Гүлжиһан Ғалиеваның кім екенін біліп жүретін болды. «Ана тілі» газеті тағы бір асылын тарих қойнауынан аршып алуға атсалысты деген осы емес пе?!

Бағдагүл Балаубаева

2864 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы