• Руханият
  • 12 Мамыр, 2017

Текті әулеттің ұрпағы

Берік Шаханұлы, жазушы

Отан соғысынан кейінгі ел тұрмысының әлі көтеріле қоймаған қоңторғайлау кезі – елуінші жылдардың басы еді. Соншама азаппен, қантөгіспен, сарғайтып жеткен  Жеңістің қуанышымен көңілін демдегендей еңсесі түзеле бастаған жұрт кешегі күндерден жабысқан қайғының жазылмас жарасын жүрек түкпіріне жасырғандай, өткенге салауат айтып, алдағы тіршіліктен жақсылық күткен, ақтілек күйде болатын. Сол көптің бірі отыз екінші жылы Арқадан ауып келіп, Қаратауға бас тіреген, «Қоянбай» атты жотаның бауырында ірге көтерген Ленин атындағы колхоздың әлеуметі еді. Босып келген қалыптары ру-руымен колхоз болып ұжымдасқан бұл ауылдың қауымы Таманың Әліп атасынан тарайтын Дәулеткелді – Байболат, Айдарбалта, Аташал балалары еді. Сайдың тасындай біркелкі жігіттерінің көпшілігін соғыс жалмағанымен жақсыны да, жаманды да ­бастарынан өткерген, өмірден көрген-түйгені мол, өнеге айтар естияр қарттары бар, ынтымақтары түзу,  бір-бірінен қайырым, көмегін аямайтын, көңіл жылуы мол ел болатын.

Бұлар әуелі Құдайға, сонан соң Ұлы Тәңір өзі қасиетті, адал құлы етіп жаратқан арғы-бергі аталарының аруағына; отыз екінің аштығында босып келіп қоныстанған қоңыр даланың төрінде – Алаш жұртының киелі қарашаңырағы Қаратаудың Теріскей етегінде жатқан Әулиелердің Әулиесі Баба Түкті – Шашты Әзиз Ғазизге сыйынып, жарық дүниенің жақсылығынан күдер үзбеген үмітпен өмір сүріп жатқан. Осы иманды елдің ақсақалдарының бірі – Жанпейіс қария еді. Ол кісі менің атам – әкемнің ағасы – Бекет қариядан бес-алты жас кіші, әкем Серәлі-Шаханнан бес-алты жас үлкен болатын. Жанпейіс атамыз қара нардай зор тұлғалы, сол жаратылысына сай, аса сабырлы, көп сөзі жоқ, байсалды жүзді, қара-сұр кісі-тін. Бәйбішесі Зейнеп шешеміз – Алшынның Құлтума атасының қызы – адуын мінез, сөзі де, қайраты да бар, өткір кісі еді. Басқа перзенттері, естуімізше, қазақтың талайына жазылған тағдырлы, зауалды кезеңнің құрбаны болып кеткен. Қазір орталарында Стаханшыл атты бір ұлы бар-тын. Екеуінің мына тіршіліктегі ендігі тірегі, мына өмірдегі жалғыз үміті, әрине, сол ғана. Бай менен Бек болғандағы көрген құқайларының азабы жандарына батып кетсе керек, ұлдарына дәстүрлі қазақы атау қоймай, Кеңестер Одағында сол кезде дабысы дүбірлей шыққан «Стахановшылар қозғалысына» лайықтап, еңбекқор азамат болсын деп ырымдағандары шығар. Колхоздың қоныстануы үш-төрт шолақ көшеден тұратын. Бір атаның балалары Солтанғазы, Мүтіләп, Бекет, Баймахан, Нүркен, Жәмпейіс қариялар мен Айдарбалта Болатбек әжінің баласы Кенжеқұлдың үйлері бір-бірімен іргелес жақын отыратын. «Кедей ауылдың қысы ұзақ» дегендей, биылғы қыстың шығуы да жұртты сарғайтып, көктемі әрең жеткендей болған. Осы қалың қарлы, аязды күндердің бірінде Стаханшыл қатты ауырып, ұзақ жатып қалды. Ол кезде ауыл түгіл ауданда дәрігер, аурухана деген атымен жоқ. Үлкендердің жанашыр лебізінен сырқатының беті қатты екенін сезетінбіз. Бірде кешке салым үйге Зейнеп шешей келді. – Жай жүрсің бе? Бала қалай? – деді әжем Қына. Бағана сәске кезінде атам екеуі көңілін сұрап, кіріп-шыққан болатын. Енді мына келінінің беймезгілдеу жүрісінен қауіп алғандай алаңдап. – Бірқалып, жатыр ғой, – деді ол кісі күйзелген, торыққан үнмен. –Қарияға бір шаруа айтатын деп келіп едім. Білте шамның сығырайған жарығындағы қаракөлеңке үйдің төрінде жантайып жатқан атам «құлағым сенде» дегендей басын көтеріп, түрегеліп отырды. – Қария, – деді Зейнеп шешей қамыққан түрде, шешімді үнмен. – Анау Жанпейіске «Мына жалғыздың артында қалғандағы күнің не болмақ. Жаныңды қи. Құдайға жалын. Мойныңа бұршақ салып, «қоңыр қозың ­болайын» деп ауырып жатқан баланы үш айнал. Онан басқа лаж жоқ. Рақымы түссе Тәңір тілегіңді берер. Сырқаттың беті қайтар» деп айтпақпын. Соған сіздің алдыңыздан өтейін деп келдім. Атам сөз қатқан жоқ. Бірақ басын изегендей қалып танытты. Зейнеп шешей үн-түнсіз шығып кетті. Сонан бір күннен кейін үйге қайтып келіп: – Құдай сәтін салайын деді ме, баланың беті бері қарап келеді. Басын көтеріп, ас ішуге жарады, – деп қуанышын жасыра, толқи айтқан еді. Осыдан бір ай шамасында Стаханшыл даладағы ойын балаларының тобына қосылған. Сонан бір жыл, бір жарым жыл өткенде өмірі ауырып-сырқап көрмеген қуатты, қайратты жан – Жанпейіс атамыз екі-үш күн төсек тартып жатып, дүние салған. Менің онда үшінші-төртінші класс оқып жүрген кезім. Ол кезде бұл тірліктің байыбына үңіліп, зерделей алған жоқпын, әрине. Енді ойласам – баласы үшін, Отаны үшін жанын қию баяғыдан бар нәрсе ғой. «Шын тілесе тілегін береді» деген де бұрынғыдан қалған сөз. Ал табиғаттың тылсымына ешкім бойлай алған емес. Жанпейіс атамыз шын пейілімен жанын пида еткен шығар. Ал ұсыныс, үкім Зейнеп шешеміздікі. Бір қарағанда баласы үшін күйеуін өлімге қиып отыр емес пе?! Ол кісінің мұның атасының алдына келіп жүгінуі өзінің осы «кінәсін» ақтағандай әрекет тәрізді.

Бұлар әуелі Құдайға, сонан соң Ұлы Тәңір өзі қасиетті, адал құлы етіп жаратқан арғы-бергі аталарының аруағына; отыз екінің аштығында босып келіп қоныстанған қоңыр даланың төрінде – Алаш жұртының киелі қарашаңырағы Қаратаудың Теріскей етегінде жатқан Әулиелердің Әулиесі Баба Түкті – Шашты Әзиз Ғазизге сыйынып, жарық дүниенің жақсылығынан күдер үзбеген үмітпен өмір сүріп жатқан. Осы иманды елдің ақсақалдарының бірі – Жанпейіс қария еді. Ол кісі менің атам – әкемнің ағасы – Бекет қариядан бес-алты жас кіші, әкем Серәлі-Шаханнан бес-алты жас үлкен болатын. Жанпейіс атамыз қара нардай зор тұлғалы, сол жаратылысына сай, аса сабырлы, көп сөзі жоқ, байсалды жүзді, қара-сұр кісі-тін. Бәйбішесі Зейнеп шешеміз – Алшынның Құлтума атасының қызы – адуын мінез, сөзі де, қайраты да бар, өткір кісі еді. Басқа перзенттері, естуімізше, қазақтың талайына жазылған тағдырлы, зауалды кезеңнің құрбаны болып кеткен.

Әр әулеттің, ағайынның өзінің жасының үлкен-кішісіне қарамай, кісілігіне, қасиетіне мойынсұна ма, әйтеуір, қадыр тұтып, сөзіне тоқтайтын бір кісісі, қариясы болады ғой, әдетте. Бұл ауылдағылардың сол кездегі колхоз бастығы Нақып Сембиннен бастап (өнерде қыршын кеткен, жұлдыз талант Амангелді Сембиннің әкесі) алдынан кесіп өтпейтін, дегеніне мақұл дейтін ел ағасы – осы Бекет қария еді. Жанпейіс оның аталасы. Зейнеп шешеміз бұл кісінің інісін өлімге қиғандай болып отыр. Міне, мәселенің иманға саятын тұсы осы болса керек. Ғафу өтініп, рұқсат сұрап келіп отыр, ылажы таусылып. Ағайынның бөтендігі жоқ, әрине. Бірақ соның ішінде жаныңа жақын тұтатын кісілерің болады. Бекет қария үшін де Жанпейіс орыны өзгеше інілерінің бірі еді... Осы тұста мына оқиға ойға оралады. Жанпейіс қарияның көрші Карл Маркс атындағы колхозда тұратын, сонда ауыл активтерінің бірі болып қызмет атқаратын Байғара атты жақын туыс інісі болатын. Ауызы батыр, ер көңілді, ұрма мінез, аңқылдаған ақ көңіл, ­бауырмал жігіт еді. Арақ антұрғанның соғыстан кейінгі жылдары қазақ ауылдарының дастарқанының төрінен кеңінен орын алған шағы. Атқа мінерлердің ішпейтіні жоқ. Бірде түстен кейін үйге осы Байғара ағамыз келді. Қызулау, бұрқыраған қалпы атама: – Ассалау! – деп екпіндей сәлемдесті. Оның мына шалабуырлы, ентікпе қалпын жақтырмады ма, қалай, атам сәлемін ықы­лассыздау, салқын қабылдап, рай бермей отырды. Осы ұнатпағандай сыңайын байқаған ол: –Қария! Мен түйемді сұрап келіп отырғаным жоқ. Біраз болды өзіңізді көрмегеніме. Жай, сәлемдесіп кетпек едім, – деді өзімсінген, еркін үнмен. Кісі бетіне келмейтін, сұсты, салқын жүзді атамның өңінен осы сәт күлкінің табы білініп, сәл жымиған күйде кемпіріне: –Қына! Мынаған шай қой, – деді. Бұл ықыластың артында қазан көтерілетіні, төңіректегі үлкен-кіші ағайындардың басы қосылып, өткен-кеткеннен әңгіме шертілетіні түсінікті еді. Жанпейіс қария мен Байғара ағалар Байболаттың үлкені – Таңат атаның ұрпақтары. Бекет қария Таңат атаны Байболаттың ұлдарының үлкені, өз атасы Баян батырдың ағасы болғандықтан ғана емес, парасат иесі, иманды жан ретінде ел есінде сақталған қасиеті үшін қадір тұтып, атын құрметпен атайтын. Ал келген қонақтың айтып отырған түйе ­туралы әңгімесі де ескі құлақтарға мәлім жайт еді. Бұларға – ­Тасыбай, Жолдыбайдан тараған туыстарына – Таңат атаның Байғара ағамыз тәрізді әзілкеш жігіттері: «Әй, түйемді қашан қайтарасың» деп базына айтып қоятын. Осы арада бұл әңгімеден кеңірек мағлұмат беру үшін бұрын бір шығармамда жазылған мына бір жолдарды қайталап, келтіре кетуді жөн көріп отырмын. «Баян батырдың елінде үлкен әйелі, онан туған жеті ұлы бар екен. Балаларының алды азамат болып, атқа мініп қалған. Келген соң Түркеге өз алдына отау тіктіріп, бәйбішесінің қасына бөлек үй қондырған. Басқосқан аз жыл ішінде Баян батыр қалмақ тоқалынан аралары бірер жас, тетелес Тасыбай, Жолдыбай атты екі ұл сүйеді. Тасыбайдың алты жасқа келген, Жолдыбайдың төрттен асқан кезі еді. Абылай тағы бір жорыққа шығатын болып, Баянды шұғыл шақыртып, батыр асығыс аттанып кетті. Қайда, неге, ол жағы артта қалған бұларға беймәлім, әрине. Екі көздері төрт болып, күту ғана пешенелеріне жазылған. Батырдың осы жолғы кетуі – біржола кетуі екен. Біраздан кейін «қаза тауыпты» деген қаралы хабары ғана жетті. Елдің қиыр шығысында – Іленің бойында ма, Жоңғардың жотасында ма мерт болған жеріне жерленіпті. Сарыарқаның оңтүстік батыс шетіндегі қиян даланы мекен еткен бұл ауылдан арасы айлық жол болатын,сонау күннің шығысындағы шекара шектегі жатқан оның мүрдесін барып көрген кісі де болмапты. Баян батырдың барында таршылық көрген, жоқшылық көрген, қағажу көрген жері жоқ-ты. Тағдырдың салғанына көніп, жарын сыйлап, екі ұлын аялап, шүкірлік кешкен жағдайы бар еді. Сөйтсе тәңірінің бұған әлі де тартқызбағы бар екен. Панасыз, жалғыз қалған бұған алдымен «әп, бәлем, көресіңді көрсетемінді» күндес бәйбіше бастады. Мұның бөтендігі – қалмақтығы да, тоқалдығы да енді белгілі бола бастағандай. Шешелерінің ыңғайымен батырдың ұлдарының біразы, «әкеміздің жанында жатқан кіші шешеміз ғой» деген ұғымнан аулақ, тапа бір қолға түскен құнсыз күңдей көріп, өктемдік жасайтын болды. Екі кішкене ұлын да туысымыз ғой деп есептемей, жаудың баласындай жат көріп, сыртқа тепті. Түркеге бәрінен де осы қылықтары қатты батты. Екеуін жетелеп беті ауған жаққа лағып кетпекке де оқталған сәттері болды. Бірақ жаңа көктеп келе жатқан қос шыбығын тамырынан айырғысы келмеді. «Осы елдің, осы әулеттің ұрпағы ғой. «У ішсең – руыңмен» деген емес пе. Қайда қаңғытып әкетемін бұларды. Не де болса елінің ортасында өссін. Несібелері болса ержете келе орындарын табар, Тәңірі демесе, әкелерінің аруағы жебесе көрген қысастықтарының есесі қайтар» деп бек түйінген. Сол шешіммен басына түскеннің бәрін көтере білді. Бәйбіше мен оның ересек ұлдарының небір қиямпұрыстығына көнді. Отқа жұмсаса – отқа, суға жұмсаса – суға барды. Өзіне тиесілі жапырық сары атанға қосын артып, үстіне екі жетімегін мінгізіп, түйесін жаяу жетелеп алып, ауыл-жұрты қалай көшсе солай, соңдарынан қалмай ілесті де жүрді... Тәңірдің бұйрықты ісі ме, жоқ әлде «осылардан-ақ құтылмай қойдық-ау» деген біреудің қаскөйлігі ме кім білсін... Бірде көшіп келе жатқан жұрт кешке қарай қоналқаға жүктерін түсіріп, жеңіл қосжаппаларын тігіп, түнемелге жайғасқан. Бұл да қосын көтеріп, күндегі әдетінше сары атанын кешкі жайылымға бос қоя берген. Азанда күн шыға ел жүк артуға қамданған сәтте бұл да сары атанын іздесе, әудем жердегі беткей шағылдағы тышқан қорықта үйелеп өліп жатыр. Мына ен даладағы жайылым жетпегендей бұл оппаға қай құдай айдап келгенін... «Елге ілесе алмай, айдалада қалатын болдық-ау» деген үрей, қорқыныштан зәресі ұшқаны сондай есінен танып қала жаздады. –Құдай-ау, не жазығым бар еді, басыма осынша зауал келтіретіндей. Не істеп едім сонша. Қай ниетімнен таптым. Қаршадайымнан ұямнан ажыратып, жұртымнан айырдың. Құшағымнан қызуы кетпей жатып қосағымды алдың. Соның бәріне көніп, мынау жалғаннан күдер үзбей, көңіліме медет тұтып, мына екі жетімді аман-есен өсірсем, ел қарасына қоссам деген арман-ниетімді де көп көрдің бе. Соған да жеткізбейін дегенің бе?! Мына бейкүнә, бозөкпе екі балапанды не күнә, не талайы үшін қыршынынан қимақсың?! Бұл неткен қатыгездік, кісәпірлік еді?! Не істеймін, Құдай-ау! Не шара жасаймын! Байқұс әйелдің жүрегін тіліп, өзегін өртеп шыққан аңыраған азалы зары Сарыарқаның даласынан өтіп, Бетпақтың төсіне дейін жеткендей еді. Төңіректегі естіген жұрттың тұла бойы түршікті. Қанша аңырап, Тәңіріне қанша наласын төккенін білмейді. Жасқа толы жанары түйе жетектеген бір кісінің қасына келіп, атынан түсіп жатқанын байқағанда есін жиып, бойын түзеді. Келген адам қайнағасы – Баянның үлкен ағасы Таңат қария екен. Ол кісінің де қабаржып, ұнжырғасы түсіп кеткендей, даусы дірілдей, қарлығыңқырай үн қатты: – Шырағым, тарықпа. Сабыр ет. Рақымы мол тәңірдің жақсылығынан күдеріңді үзбе. Жарылқаймын десе Жаратушыға қиын емес. Әл-ақ жетіліп кетерсің. Сенің жылаған даусыңды естіп мен келдім. Менің жылаған даусымды Құдай естімес пе екен?! Жалғыз қахқа жалынып, дұға жасайын, батамды берейін. Бұл өзіне-өзі келіп, орнынан түрегеліп, иіліп сәлем жасаған. – Алла жар болсын! Дегеніңе жет. Қос құлының ер жетіп, тұлпар шықсын. Өсіп-өніп, қанатыңды кеңейтіп, қолыңды ұзартсын. Дәулеті асқан, бақ дарыған әулетке айналып, ұрпақтарынан қол бастаған көсем, сөз бастаған шешендер шығып, ауыл-аймағы қоғалы көлдей айдындансын. Әмин!– деп қария батасын берді. Сонан соң келініне жанашыр пейілмен қарап: – Мына түйе басыбайлы сенікі. Жүгіңді артып алып, көшіңе ілес. Менде жағдайыңды біліп тұрармын, – деп, қош айтысты. Таңат қария қалмақ келінінің басындағы ахуалдан хабарсыз да емес-ті. Бірақ батырдың еркін өскен ересек ұлдары өз дегендерінен басқаға ырық бермей, ол кісіні де қажытса керек. Бірақ осы оқиғадан кейін үлкен қайнағаның шарапаты арқасында қалмақ тоқалдың шаруасы біраз түзеліп, еңсесін көтергендей болған. Алайда осыдан соң кешікпей, арада екі-үш жыл өткенде Таңат қария дүние салып, Тасыбайы ат жалын тартып мінуге жарағанша Түркенің басына баяғы кебі қайта оралады. Бірақ бұл «ақ жарылқап күн туар өлмегенге» дегендейін, өткінші қиындық еді. Құдіреті күшті жаратылыс нақақ жылаған көз жасын көріп, шырқырай тілеген тілегін беріп, алдағы тіршілігінде жұрт қатарына қосылуды, қоралы ел болып, арқа-жарқа тірлік кешуді жазыпты оған. Есімдерін атаудан именіп, кейінгі жұрт Әкең (әкеміз деген құрметпен), Жөкең атап кеткен ­Тасыбай мен ­Жолдыбайдан тарап, бүгінге жеткен жұрағат әуелі Құдай, сонан соң, бір қалмақ қызының арқасында тірі қалып, өсіп-өнген әулет». «Түйе» тарихы осындай. Стаханшыл ағамыздан Зейнеп шешеміз көзінің тірісінде қызы бар, ұлы бар сегіз немере сүйді. Олардың бәрі қазір үйлі-баранды. Алды өздері ата, өздері әже болған. Стаханшыл ағамыз туып-өскен «Жайылма» ауылында, өзін тәрбиелеп, оқытқан, жақын ағасы, «Қазақстанның құрметті мұғалімі» Донда Сембин атындағы мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет жасап, өткен жылы, сексенге таянған жасында дүние салды. Білетін кісілер: «әкесінен аузынан түсіп қалғандай аумайды» дейтін Стаханшыл ағамыз зор тұлғалы, қарасұр өңді, ешнәрсеге асып-саспайтын, сабырлы, қақ-соқпен ісі жоқ, ауызы берік, ретті жерде тиісті сөзін тауып, кесіммен ғана айтатын, ұстамды кісі болатын. Осы ағамыздың үлкендерінің бірі – қазіргі кезде қазақтың қасиетті ән өнерінің бағын жандырып жүрген, дара талант Сәуле Жанпейісова. Ажалсыз кісі жоқ шығар. Ал аты өлмейтін кісілер болады ғой. Сәуле атасының атын аспандатып жүр. Тарихтың өшпейтін беттеріне есімін қалдырды деуге болар.

Сәуле ардақты ұстазы Ғарифолла ­Құрман­ғалиевтен алған тәлімін жемісті жалғастырып, Мұхит әндерін, халық әндерін орындаудың озық үлгісін көрсете білуімен бірге осы өнердің жоғалмауына, болашаққа шырқы бұзылмай жетуіне жанын сала еңбек етіп, үлкен қайраткерлік танытып жүр. Өрісті шәкірттер тәрбиелеген абыройлы ұстаз. «Ішкен – мәз, жеген – тоқпен» барына дандайсып, күн өткізетін пенделер аз ба?! Ал Сәуленің бұл ізгі ісі, өнерде де, өмірде де парасат, қайрат-жігер таныта білуі арғы ата-бабадан тамыр тартқан тектілігінің, Зейнеп әжесі мен әкесі Стаханшылдың берген өнеге-тәрбиесінің жемісі болса керек. Өнердің төрінде жұлдызың жарқырай берсін, Сәуле!

1742 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы