• Руханият
  • 12 Мамыр, 2017

ГУРЬЕВ – МАҢҚЫСТАУ – ГУРЬЕВ

Автордан: Бұдан елу екі жыл бұрын күнделік үлгісінде жазылып, «Мәдениет және тұрмыс» журналының 9-шы (1965) санында жарияланған төмендегі көлемді мақаланың өзіндік тарихи бар. Яғни сол кездерде 1945 жылы біткен Екінші дүниежүзілік соғыстың жарасы біршама жазылып, ел еңсе көтеріп, халықтың материалдық хал-ахуалы жақсара бастаған-ды. Республикада егін, мал шаруашылығы қарқындап даму үстінде еді. Оған жыл сайын өндірілетін миллиард пұт астық, мемлекетке артығымен өткізілетін мал өнімдері, құрылыс, өнеркәсіп, өндіріс салаларындағы жетістіктер куә-тін. Соған орай, халыққа жан-жақты қамқорлық жасау басты назарда ұсталды. Әсіресе, малшыларға айрықша көңіл бөлінді. Оларға көрсетілуі тиіс мәдени-тұрмыстық қызмет үкіметтік деңгейде жүзеге асырылып жатты. Осыған орай, жер-жерде игі бастамалар көтеріліп, тәжірибе ретінде насихатталып отырды. Гурьев облысында (республикада) тұңғыш рет ұйымдастырылған автопоезд осы сөзімізге айғақ. Төмендегі мақала сол тұрғыда жазылып, зор серпін туғызды. Онда баяндалатын жағдайлар мен аттары аталатын ардақты жандар бейнесі әлі күнге көкейде, есте. Сол шақтағы Үстірт жайлауында еңбек еткен қалың малшы қауым ұрпақтары мен барша жұрт біле жүрсе артық болмас деп қайталап ұсынғанды жөн санадық. Ендеше, келіңіздер, бір сәт өткенмен қауышып көрейік, достар.

Автопоезд дегенді естімеген құлақ аз шығар. Әйтсе де, шын мәніндегі автопоезд қандай болады екен өзі. Жалпақ жайлауда шашырап отырған малшыларға ауадай зәру деген рас па? Автопоезд құрамында бірнеше адам, бірнеше машина болып, пәленбай күн «үйден безіп, түзді кезеді». Автопоезды барлық жерде ұйымдастырайық дейтін ұранымыз да бар. Сонда қаншама қаржы, қаншама уақыт бұл. Солар ақтала ма? Автоездың пайда-зияны неде? Осындай сұрақтарға толығырақ жауап алу үшін абзалы бір автопоездың сапарына бастан-аяқ қатысқан дұрыс десетінбіз. Сол мақсатпен Гурьевке келдік. Мұнда биылғы жылдың басынан бергі үшінші автопоезд кезекті сапарға аттанғалы жатыр екен. Айта кетелік, автопоездың алғаш кіндік қаны тамған жер осы облыс десетін. Онысын қайдам, автопоезд өткен жылғы январьдың үшінде алғаш сапарға шығып, жыл бойына Гурьевтің о шеті мен бұ шетін сегіз рет түгел аралап қайтыпты. Мұның өзі автопоездың «технологиясы» бұларға жақсырақ таныс деген сөз.

12 МАЙ.

Кешегі келісімге сай жол жүретіндер түгел бүгін обкомға жиналдық. Қас қылғандай мәдениет басқармасының бастығы Елкеев Бабан табан астынан ауы­рып қалмасын ба. Барша салмақ оның орынбасары Нұрғалиев Рамазанның мойнына түсті. Автопоезға жетекші боп та сол бекітілді. Обкомның секретары Сұлтан Өжікенов жолдас облыс картасынан автопоезд баратын участоктарды көрсете тұрып, тиісті нұсқауларын берді. Бағымызға қарай, баратынымыз – Маңқыстау. Ең қиыр, ең түкпірдегі алыс аудан. Мейлі де, жығылсаң нардан жығыл деген ғой. Ертең жолға шығамыз.

13 МАЙ.

[caption id="attachment_42922" align="alignleft" width="400"] Лида Наурызғалиева әнші ғана емес,
әрі кітап жаршысы да.[/caption]

Түнімен жаңбыр жауыпты. Таңертең аспан ала бұлт. Ызғырық жел соғады. Ауа дымқыл да ауыр. Жайық өзені жайлап ағып жатыр. Облыстың мәдениет басқармасының екі қабатты ағаш үйі сол өзеннің жағасында. Кәрі тарихтың көзіндей сылқым Жайық толқыны жағаға соғып, «қош» дегендей болады сыбырлап. Алты машина қаладан шықты. Ішімізде дәрігер, шаштараз, етікші, сағатшы, радист, сатушы, киномеханик, дәрі-дәрмек сатушы, концерт бригадасы бар. Бұл төңірек қаптап жатқан үлкенді-кішілі кәсіпшілік. Гурьевтен Доссор мұнай кәсіпшілігіне дейінгі жүз шақырым жол асфальт. Қиналған жоқпыз. Бірақ көресіні содан шыққан соң көрдік. Қара жол асфальтқа қайдан жетсін, машиналар кезек-кезек бауырлап, батып қалады балшыққа. Жусан өскен құмдақ далада жиі-жиі о шеті мен бұ шеті ат шаптырым сор кездеседі. Айнадай жарқырайтын сор дегеніңіз кәдімгі айдын көлден аумай алыс­тан көз тартып жатады. Жақын барсаңыз иісі қолқаңды ататын қоймалжың бірдеңе. Сол иісінен жиреніп мал баласы жоламайды екен. Жолдың нашарлығы ғой. Доссорға тиіп тұрған Бекбике кәсіпшілігіне ел жата зорға жетіп, жас мұғалім Мұқамеджанов Нұрланның кең сарайдай бір бөлмесіне жиырма үш адам еркін жайғастық. Сапарлас серіктермен кеңірек осында танысып, осында білістік. Жақсы ән мен тәтті күй қайда шарықтамас. Міне, ат жақты, сылыңғыр қара жігіт отырғаннан домбырасын күмбірлетіп термелей жөнелді. Сәлден соң ақын Тоқмағамбетов Асқардың «Дейді екендер дейді екен» дейтін өзіміз радиодан жиі еститін өлеңін айтты. Әлгі өлеңге ән шығарған да, радиодан айтатын да сегіз қырлы ағамыз Дүйсемәлиев Қаттар осы болып шықты. Өз басым бұған дейін неге білмедім екен деп өкініп те қоямын. Қаттар автоклуб меңгерушісі, әрі қатарымызда келе жатқан шағын концерттік топты басқарады. Айтқандай, күні кешегі кездесуде обком секретары Өжікенов те «облысымызда Қаттарды білмейтін бірде-бір малшы жоқ» деп сүйсінгені бар. Малшы ғана емес, бәрі біледі оны, бәрі ардақ тұтады.

14 МАЙ.

Ертелеп жолға шықтық. Күн арқан бойы көтеріле бере қапырық ыстық басталды. Кешегі тәрізді едәуір дегдіген құмдақ жолдың екі жағынан ауық-ауық сор көреміз. Құлсары, Майкөмген кәсіпшіліктері арқылы кешке қарай құлазыған құмда жаңадан ұйымдасқан «Қарақұм» совхозына келдік. Жігіттер шаршаса да ойын-сауықты қыздырып, Котельников Иван кино көрсетті. Қонақтардың пейіліне риза болған үлкен-кіші ауыл адамдары ақ жол тілеп аттандырды ертеңіне.

15 МАЙ.

Осы бір темір жол бізбен, біз онымен жарысып, бір-бірімізден қалар емеспіз. Мақат кәсіпшілігінен басталатын темір жол Маңқыстау түбегінің бесігі Шевченко қаласына дейін созылады. Маңқыстаудың қыруар байлығына шабуыл осы жолдан басталған деседі. Кеудені шаттық кернейді. Құмды шөлдің өңін өзгертіп, ғасырлар бойы қаңсыған тамырына қан мен жан кіргізген құдірет алдында бас иесің.

ЕКІ БЕЙНЕУ. Жаңа Бейнеу станциясы Эмбі ауданына, ал содан он екі шақырым жердегі Ескі Бейнеу Маңқыстау ауданына қарайды. Ескі Бейнеу Маңқыстаудың шетсіз-шексіз жайы­лымына енетін қақпа іспетті. Осы жерден үстірт басталып, біртіндеп биіктей береді. Сельпо, дүкен, құрылыс участоктары тәрізді мекемелер бар. Олар малшыларға қызмет етеді. Біз мұнда көп бөгелмей, ерте кездегі бір қырғын соғыста опат болған қалың қосынның аумақты зиратын біраз аралап, әрі жүріп кеттік. Сонымен, негізгі көздеген жерге үшінші күні кешке қарай түнделете келдік-ау. Машиналар он шақты киіз үйді қоршай тоқтады. Бұл жер «Правда» колхозының бірінші фермасы. Қой қырқымы қызу жүріп жатыр. Қараңғы түссе де жұмысты тоқтатпаған қырықтықшыларға күндіз-түнің бәрібір сияқты. Тек қонақтар келді дегенде ғана қайшылар қолдан түсті. Жаздың қысқа түні ойын-сауыққа бөленіп өте шықты да, автопоезд ертемен жұмысқа кірісті. Алыс-жақын маңайдан құлақтанып жеткен малшылар қым-қуыт. Автодүкен товарларында кідіріс жоқ тіпті. Әне, аға шопан Нұрбосынов Басқабай мен қырықтықшы қыз Бимағамбетова Бақтылы бірі асыл мақпал, үнді шайын, бір кесе, шайнек, күріш алып, топтан бөлініп келеді. Түске дейін автодүкен меңгерушісі Тасмағамбетов Ғалым мың сомға, аптека елу сомға сауда жасаса, сағат шебері Нұрғалиев Әбдіғали мен радио жөндеуші Арыстанов Виктор бірнеше сағат пен радиоқабылдағышты қалыпқа келтірді. Шаштараз Морковцева мен етікші Кәнеев Жаншаға да жұмыс молынан табылды. Ал, дәрігер Лысенкова Света осы төңіректегі барлық малшының үйін аралап, жәрдем көрсетті. Оның қызметі бір төбе. Түсте концерт басталды. Қоспанов Шайдулла, Наурызғалиева Лида, Иманқұлова Роза, Мұсағалиев Тельман – осы төртеуінің өнері де Қаттар ағаларынан асып түспесе, кем емес. Концерт алдындағы Рамазан оқыған лекция да тартымды болды. Лекция тақырыбы әралуан. Киіз үйдің ішінде автопоездың алғашқы қызметінен алған әсерімізді ортаға сап отырмыз. Осында ферма зоотехнигі ЬІбанов Ырза, ол кісінің зайыбы Мәжжан апай, бірнеше малшылар, Гурьевтен жайылымға моторлы құдық орнатуға келген екі прораб Наурызғалиев Темірхан мен Зұлқашев Сәфи отыр. Бәрі шат, бәрі риза. Автопоездың бүгінгі шарапаты керім болды ғой, оған тең келер ештеңе жоқ-ау деген ой келеді маған да.

[caption id="attachment_42923" align="alignleft" width="300"] «Правда» колхозының бірінші фермасында сауда ә дегеннен қыза жөнелді. «Бұл біз үшін жаралған бала ғой» дейді автодүкен меңгерушісі Ғалымды малшы қауым.[/caption]

Фермадан бір қауым талап-тілек арқалап аттандық. Олардың біразы ендігі жолы тағы да келетін автопоезға аманат болса, қалғандары да адрессіз емес. Мәселен, ферма малшылары қысқы жайлаудан көшіп келген екі айдан бері бір тиын ақша алмағанын былай қойғанда, сол уақыт ішінде мұнда не бір автодүкен, автоклуб келмегеніне не айтамыз. Қант, шай, ұн, сабын, тұзсыз тіршілік бар ма? Осы арада еріксіз Ескі Бейнеудегі сельпо басшыларына ренжисіз. Облыс орталығынан «автопоезд» деген атпен алыс сапарға шыққан мына машиналар керуені Маңқыстау малшыларын әлденеше аралап қайтқанда, сельпоның екі айдан бері иек астындағы фермаға ат ізін бір салмаған жеті бірдей автодүкені қай жерде, не істеп жүр екен деп қынжыласың?!

16 МАЙ.

Керілген кең далада айқыш-ұйқыш жолдар көп. Бұрын түйенің табанынан басқаға тосырқай қарайтын құла дүзде бүгін қаптаған машина жүр. Сол жолдар мен машиналар үстірттің жүрегін соқтырып тұрған бейне қан тамырындай. Үстіртте жусаннан өзге баялыш, бұйырғын, ебелек, түйе кәрем тәрізді шөптер өседі. Жабайы аңнан көргеніміз – киік. Киік көп-ақ. Жылан, кесіртке, саршұнақтар да мол. Түстен кейін осы төңіректегі көптеген ферманы қамтитын Уәли дейтін үлкен орталыққа келдік. Бізді мұнда аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Әмірқанов Ғибатқали мен мәдениет бөлімінің қызметкері Қостанов Сатқан қарсы алды. Ендігі жерде бұл екеуі автопоезд сапары аяқталғанша бізбен бірге болады. Құм суырған дүлей желдің қырсығынан бұл күні жөнді жұмыс істелген жоқ. Қызықтың бәрі таңертеңнен басталды.

17 МАЙ.

Осынау жайылымның көлемін айтушылар он бір миллион гектар деседі. Тіпті, ұзақ жол жалықтырғанда одан да көп пе деп қаласың кейде. Ендігі келген жеріміз – Аманкелді атындағы колхоздың бірінші фермасы орналасқан Бесөгіз жайлауы. Мұнда да қырқым. Ылғи бір сайдың тасындай жастар көп. Қырқымшылар арасында облыстық Советтің детутаты Кемелханова Салиқа, ауылдық Советтің депутаты Собалақова Ырыш сияқты белгілі өрендер көп. Сондай-ақ мал технигі Көшеков Төлесін, зоо-техник Қаниев Ғайса, шофер Қартабаев Қыдырбай деген жігіттер де ылғи бір сауатты, пысық, жаңашыл жігіттер екен. Әсіресе, адамшылық, ізгілік қасиеттерге бай. Міне, Туғанай оқиғасы осының бір дәлелі.

[caption id="attachment_42925" align="alignright" width="350"] Кенжеқазғандағы концерт.[/caption]

Туғанай – шопан Тұрақов Алпамыштың жұбайы. Біраз уақыт бұрын екі жас өз қалауларымен қосылған-ды. Соңғы уақытта Туғанай сырқатқа шалдыққанын сезсе де, елемей жүретін. Үйлері айдалада жеке отырады. Бірде Туғанай тапа-тал түсте емізулі баласына да қарамай үйден ата шығып, бет алған жағына қаша жөнеледі. Әбиір болғанда әлгі Төлесін мен Қыдырбай осында жүр еді. Туғанайды екеулеп ұстап әкеліп, дәрі-дәрмек береді. Әйтсе де, әйелдің халі ауыр болған соң Қыдырбай машинасымен жүз шақырым жердегі оның апасын әкелуге кетіп, Төлесін Туғанай мен оның жас баласына қарап үйде қалады. Төлесін сәбидің жаялығына дейін өзі жуып, сүт ішкізіп, әрі Алпамышқа басу айтып, екі тәуліктей осында отырған. Бір апта есін білмей жатып, Туғанай кейінірек тәуір болған. Сол Туғанайға, міне, енді арнайы барған автопоезд дәрігері Света дәрі-дәрмек беріп, келешекте аудан орталығына барып мұқият емделу керектігін ескертіп келді.

[caption id="attachment_42924" align="alignleft" width="400"] Сағатшы Нұрғалиев қанша сағат келсе де қайтармай, жөндеп береді.[/caption]

18 МАЙ.

Автодүкеннен басқа тағы да бір машинаға қосымша товар тиеп шығуды ұсынып, өте ескерімділік жасаған жолдастарға тек алғыс қана айту керек. Тұтыну заттарына деген талап таудай. Міне «1 Май» колхозының Арыстанбұға участогында да товарлар құмға құйған судай сіңіп, жоқ боп жатыр. Сатушы Ғалым көппен тіл таба алатын іскер, пысық жігіт. Бірен-саран табылмай қалған товарлар болса «келесі жолы келгенде сөзсіз ала келейін» деп қойын кітабына жазып қояды... Кенет суық хабар дүңк ете түсті. Батыров Түрікпенбай дейтін аға шопанның төрт жасар қызы Разияны жылан шағып алыпты. Дереу Светаны жібердік. Ол барып көрді де, облысқа жөнелту керек деді. Түстен кейін самолет келді. Әкесін қосып Разияны Гурьевке жөнелттік. Енді қайтадан еңсе көтеріліп, бой жеңілдеп қалды. Бүгінгі малшыда не арман бар. Бұрынғы малшы болсыншы! Айшылық жерден самолет шақыртып, ажалға арашашы болатын адам таба алар ма еді. Жоқ, әрине. Ал бүгін ше? Бүгін партия мен халықтың әкелік қамқорлығынан тыс қалатын ешкім де, ештеңе де жоқ-ау біздің елде. Түске қарай жинала бастадық. «Бұл келгендеріңе салауат, ендігі жерде ұмыта көрмеңдер бізді» деді көп атынан, қырық жыл қой бағып пенсияға шыққан Есенгелдиев Жүзбай кариядан автопоезд жайлы пікірін сұрағанымызда.

19 МАЙ.

Қазіргі мезгіл көктем емес пе. Қауырт жұмыстың қайнаған кезі. Партияның XIX съезі атындағы колхоздың бірінші фермасында да науқан қызу екен. Қырқым пунктін қоршай қонған он шақты киіз үйдің әрқайсысында қой қырқуға көмекке келгендер төртеу-бесеуден бөлініп жатыр. Сіңбіруге мұрша жоқ. Ферма бастығы Жаманбаев Естөре кеше түнде суық тиіп мұрттай ұшыпты. Екі өкпесі алқынып, қара терге түсіп жатқан жерінен көре сала дәрігеріміз қолма-қол жәрдем берді оған. Бұлшық еттері ойнаған алып тұлғалы жас жігіттің тек қана жұмыс соңында жүріп мүрт құлағаны көрініп тұр.

[caption id="attachment_42926" align="alignright" width="300"] Көпжасағыр Қаттар аға көптің көңілін көтерді.[/caption]

Автопоезд мүшелері жұмысқа кірісті. Ә демей-ақ халық қаптап кетті. Түстен кейін концерт жүріп жатқанда колхоз председателі Иманғазиев Задакерей келді. Кешке кино көрсетіп болған соң соңымыздан келетін боп Иван осында қалды да, басқамыз он шақырым жердегі «Екпінді» колхозының Қырқастау участогына жүріп кеттік. Қырқастауға келісімен өнерпаз жігіттер кеш болса да жұрттың көңілін қимай, ашық аспанның астында концерт бастап жіберді. Бұл осы күнгі үшінші концерт. Концерт аяқталған тұста киносын көрсетіп боп, Иван да жетті. Бұл кезде түнгі екі еді.

20 МАЙ.

Қырқастаудағы фермада Бексейітов Ізтаңат он жылдан бері меңгеруші. Фермада жиырма төрт отар қой, он екі отар қозы, екі табын жылқы, екі қотан түйе бағылады. Осында Смағұлов Бақыт басқаратын, аудан көлемінде ең бірінші боп ұйымдасқан іріленген шопандар бригадасы бар. Жас коллективтің аяқ алысы жаман емес. Бригада мүшелерінің көбі сырттан оқиды. Жұмыс процестері механикаландырылған. Үстіртте әрбір үйден бабына кеп сайрап тұрған домбыра көресіз. Міне, Ізтаңат ағаның алты қанат үйі. Үй иесі. орта жастардағы, көп сөйлемейтін, ауыр мінезді адам. Бірақ сенің ішкі сарайыңды айтпай танып отыратын ақылдылығы аңғарылады. Таңаттың үйінен бір емес екі домбыра, бір аккордеон, гармон, фотоаппарат, радиоқабылдағыш көріп, оны сегіз қырлы өнер иесі шығар деп ойлап едік, бекер боп шықты. Бұл жақта, мысалы, екі домбыра ұстайтын Ізтаңаттың домбырашы болуы тіпті де шарт емес. Бірақ, әрбір үйде домбыра болуы шарт. Әлгі заттардың иесі де, тұтынушысы да Ізтаңаттың жиырма жасар ұлы Жәкібай. Қыздай сызылған биязы мінезді Жәкібайдың Шымкент қаласында оқып алған киномеханик мамандығы бар. Ұлы оқып жүргенде Ізтаңат ағаның ферма меншігіне алған киноқондырғысы қазір қажетке әбден-ақ жарап тұр. Көпшілік дән риза. Киномеханик Жәкібай бір жағынан кино көрсетсе, бір жағынан көркемөнерпаздарға да жетекшілік етеді. Тұрғанымен бір сауық жігіт. – Шөл даладағы проблеманың бірі – су. Бірақ та бұл – Маңқыстауда шешіліп бітуге таяу проблема. Суын түйемен тартатын атам заманғы айыр құдық дегенді үстірттің бірде-бір жерінен көргеніміз жоқ. Бүгінгі шопан моторлы құдық пен цементтен жасалған су қоймасына қуанады! – Бұрын айыр құдықтан көп болса күніне екі отар қой су ішіп, оған төрт адам, екі-үш түйе әуре болатын, қазір бір құдықтан он-он бес отар қой суарылып, бар істі оп-оңай ғана бір шопан жалғыз өзі тындырады. Әрі бұл едәуір арзан да. Қауға, доғалақ, арқан, айыр, түйе сияқтылар қып-қызыл қаржы емес пе, – дейді Бекембаев Қосбай.

[caption id="attachment_42927" align="alignleft" width="300"] Мұқабаның бірінші бетінде: Гурьев облысы, Маңқыстау ауданындағы «1 май» колхозының озат шопаны
Ерқожаева Қырмызы. Суретті түсірген П.Редько[/caption]

Осы Қосбай бізге әдейі келіп әңгімелесті. Қатарынан бірнеше мамандығы бар шымыр денелі, өткір жігіт фермадағы әрқайсысының сыйымдылығы елу-алпыс тонналық қоймасының бәрін де өз қолынан өткерген. Малды ауыл Қосбайдай ер көңілді жігіттерімен сәнді-ау дейсіз. КЕНЖЕҚАЗҒАН. Бұл қоныста небәрі екі шопан үйі отыр. Қырқастаудан шыққан бойы осында келдік. Кеше жолыққан колхоз бастығы Задакерей қарсы алды. Ұзамай-ақ екі үйдің айналасы бейнебір жәрмеңкеге айналды. Қайдан келгені белгісіз, малшылар сыймайды. Автопоезд мүшелері үлгере алар емес. Әдет бойынша күні бойы тұрмыстық қызмет көрсетіліп, кешке ойын-сауық думандады. Осы ара үстірттің әбден биіктеген жері. Теңіз бетінен үш шақырымдай жоғарылаппыз. Күндіз ыстық та, түнде ғаламат суық. Екі-үш шақырымнан соң үстірт бітеді. Арғы жағы терең құз, шатқал, ұшы-қиыры жоқ сор көлі сазара созылып жатыр. Кенжеқазғаннан ертеңіне таңертең аттандық.

21 МАЙ.

Машиналар сап түзеп келе жатыр. Бағытымыз – «Жаңа жол» колхозының Басар участогы. Дала алдымызға айдын көл бейнелі сағымын тосып алдағысы келеді. Сол сағымның ортасында үйлерінің күмбездері көк тіреген қалашық көрінеді. Бірақ, бір қалашық орнын алып жатқан бұл жерде ескі зират бар. Әшекейлеп салынған бейіттер неше заман өткенмен сыны да, сыры да бұзылмай, кескін-кейпі өзгермей, сом күйінде сақталыпты. Әрбір бейіттің көлемі де, биіктігі де осы күнгі төрт бөлмелі стандартты үйлермен бірдей. Ою-өрнектерін айтсайшы. Бейіттер асыл тастардан қашалып қаланып, шегесіз қиюластырылған. Не деген шеберлік! Оның бер жағында ұшқан құс өте алмайтын иен далада осыншама сансыз бейітті тұрғызуға қаншама күш-қаржы жұмсалды екен. Бейіттің көпшілігіне қылыш, найза, садақ, қанжар, домбыраның суреттері салынған. Көңілге көп ойлар салады, өшпестей әсер қалдырады бәрі. БАСАРДАҒЫ ОЙЛАР. Басарға да келдік. Бұл жерден де кетеміз. Автопоезға деген көптің ықыласын сөзбен жеткізу қиын. Кілемге сап қарсы алып, алақанға сап аялап аттандырады малшылар. Осының бәрі әуелі ата-бабадан қалған қонақжайлық дәстүрдің белгісі болса, екіншіден, олар думанды қызықтан кенделік көріп, ындыны кебе шөлдеген-ау дейсің. Оған дау жоқ. Өз басымыз осы сапарда не бір автодүкен, не бір автоклуб көре алмай-ақ келеміз әлі. Жайлауды аралауға бөлінген аудандық мәдениет бөлімінің сегіз автоклубы қайда жүр екен?!. МІНЕ БАСАР. Үлкен участок. Халық көп. Жайлауға шыққалы жұмыстан өзгені көрмеген де, білмеген де олар. Әйтеуір, жалғыз ғана дүкенсымақ бар екен. Бүгін дәрігеріміз ішіндегі біраз ойларын сыртқа шығарып, сырын айтты. Света ойдағы отыз, қырдағы қырық үйдің бәрін аралап, әлгінде ғана оралған-ды. Аурулар неге тыйылмайды деп қынжылады ол. Ауру бары рас. Оның бірқатар себептері де аян. Қандай себеп? Тұрмыс тапшылығы ма? Жоқ, әрине. «Ханның қызында» да бір кемшілік болатыны тәрізді, жүрегі жомарт, жаны кең ағайындардың көңілі көлдей шалқып жатқанымен, тосын көзге оттай басылатын көлеңкелі жақтары да жоқ емес. «Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, ендігі біразырақ әңгіме күнделікті тұрмыс, үй тазалығы жөнінде болсын. Малшылар табысы мол ма? Мол. Ішкені алдында, ішпегені артында ма? Солай. Киіз үйдің ішінде не қажет болса, бәрі бар ма? Бар. Тек бір-ақ нәрсе жоқ. Ол, көңілге келсе де айтайық, тазалық. Тазалық жоқ. Тазалық ережесі сақталмайды. Бір қора жанның бір орамалға сүртініп, бір табақтан ас ішуі немесе ауру-сауы аралас бірге жатып, бірге тұруын көреркөзге не деп құптар ек. Шаңға көміліп қабырғада жинаулы тұрған мақпал көрпелерді тыстау үшін бірнеше метр ақ сұрып алмау құнтсыздықтан басқа нені көрсетеді? Ыдыс-аяқ, киім-кешекті, үйдің маңын таза ұстап, таза жүріп-тұруға әбден болады ғой. – Иә, болғанда қандай, – деп құптайды бізді Жармыш ауылдық Советінің председателі Ұзақбаев Сисенғұл. – Әрбір семья үйін таза ұстаса, оған не жетсін. Тазалығы бар үйге жадырап кіресің, жадырап шығасың. Ондай үйден аурудың қашатыны да рас. Үстіртте осы айтқандай үлгілі семьялар да аз емес. Мәселен, Чапаев атындағы колхоздың жылқышылары Қырымқұлов Тітірбай мен Мақсымбаев Бердіханды алайық. Олар мәдениетті тұру дегенді үйінде қымбат кілем, мақпал көрпе, жеңіл машинасы болу деп түсінбей, қолда барды ұқсатып, жаңа заманға лайық жаңаша өмір сүру деп түсінеді. «Малшыға бәрібір» деместен, үй-ішін мұнтаздай ұстайды. Шаң басқан самауыр, радио, кірлеген ыдыс-аяқ, төсек-орынды көрмейсіз. Иә, адамға алдымен құнт керек. Құнтсыздық пен салақтық от басы, ошақ қасын жайлап алған Тайбағаров Жайлыбай, Шаманов Бурабек, Бектұров Сағынбай тәрізді жігіттердің де үй тұрмысын айта кету жөн. Осы үшеуінің де тұрмыс-күйлері ешкімнен кем емес. Бірақ, бастары жап-жас бола тұра жаңа әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тазалық жайында онша көп ойланбайтынына қынжыласың. Осындай біраз пікір айтқан ел ағаларының бірі Сисенғұл екі жүз шақырымдай жердегі Сам жайлауынан келе жатып Басарға қоналқаға тоқтаған екен. Самның Матай деген участогынан жаңа медпункт ашу қамымен жүр. Қолында сол жөнінде аудандық Совет атқару комитетінің шешімі бар. Астаналық үшеу ек. Петр Редько, Мәдениет министрлігінен Жұманқұлов Ағзам және мен. Екі серігім қайда барсақ та киіз үйдің айналасында шашылып жатқан сүйек-саяқ, жаңа сойған малдың тастай салған қан-жынына құжынай қонған шыбын-шіркей, құрт-қоңыздарды көріп шектерін тартады үнсіз. «Осының барлығын аулағырақ бір жерден шұқыр қазып, сонда тастаса қатеді?» дейді. Әрине, – деп қостаймын мен де. «Соны құнттап жүрген кім бар, бірақ...».

22 МАЙ.

Бүгін күн ашық. Желсіз тымық. Ендігі бағытымыз – Чапаев атындағы колхоздың бірінші фермасы. Жолшыбай аудандық партия комитетінің екінші секретары Алшынбаев Өтежанға жолықтық. Үстіртті аралап жүргеніне бір апта болған Өтекеңнің өңі жүдеу. Автопоезды әдейі іздеп келе жатқан беті екен. – Маған дәрігерлеріңіз керек еді, – деді асығыс сөйлеп. – Маңқыстаудың байлығы түпсіз болғанмен, дәрігерге жарлы екенімізді көріп келе жатқан шығарсыңдар. Осыншама жайлауда Жақауов Еркебай, Аблаев Ғаділбек дейтін екі жоғары білімді дәрігер жұмыс істейтін жалғыз аурухана бар. Өзі жалғыз болған соң неге тұлға болсын, кең даланың жұмырына жұқ та болмайды. Сіздер Уәлиде болдыңыздар ғой? – Болдық. – Ендеше мен осы жолы сол жерден ашылатын жаңа аурухана әрекетінде жүрмін, жігіттер. Құрылыс материалдары дайын. Үй де таяу уақытта әзір болады. Ал, маман дәрігерді қайдан табамыз. Қиналатынымыз сол жағы. Бізде аудан бойынша дәрігер кадрлары аз. Әйтсе де, үмітіміз зор. Оқып жатқан жастар көп қой. Соларға иек артамыз. Денсаулық сақтау министрлігі жер-жерге дәрігер бөлер кезде ұмытып кетпегей деп тілейміз әрдайым.

[caption id="attachment_42928" align="alignnone" width="900"] Автопоезд керуені[/caption]

Осы бетінде Өтекең «Октябрьдің 40 жылдығы» колхозының аға шопаны Аманиязов Ордабайдың үйінен келе жатыр екен. Ордабайдың қарт анасы қатты науқасқа ұқсайды. Өтекең дәрі-дәрмегімен қоса біздің Светаны ертіп, ізінше қайтып сонда кетті. «Түсі жақсыдан түңілме» дегендей, Өтекеңнің мына бір үлкен адамгершілігіне бәріміз де сүйсініп қалдық. Қандай ғана кішіпейіл, қарапайым жан еді. Мұндайда еске қай-қайдағы сап ете түспей ме. Кәрі түгіл, жас өлейін деп жатқанда да жағасы жайлау болып, жайғасып отыра беретін заңғарларды көргеніміз бар. Осы биыл бір ауданда командировкада жүргенде Өтекеңдей тағы бір секретарды көрген ем. Ол жолдас өзін соншалық паң ұстап, оқтау жұтқандай кербез керіледі. Ел аралап әлдебір қауырт іске жаны ашығандықтан емес, әшейін кабинетке сыймаған соң бой көрсету үшін шыққаны айтпай-ақ айқын көрініп тұрды оның. Сол секретарь ауданға жүрерде жетегінде кішкене екі немересі бар қарт кісінің машинаңмен ала кет деген өтінішіне құлақ ілмей кетті. Осы бір қолайсыз жайды көргенде ол емес, біз қысылдық. Ал, мына Өтекең болса оның қасында «аттылы кісідей». Бес саусақ бірдей емес деген осы-ау. Чапаев атындағы колхоздың бірінші фермасы орналасқан Кертік жайлауының табиғаты әсем, сұлу жер. Автопоезд мүшелерінің Светадан басқасы келе жұмысқа кірісті. Өтекең ертіп кеткен Света кештете келді. Түнге қарай қатты жел соқты, күн күркіреп, найзағай ойнады аспанда.

23 МАЙ.

Тағы да жол, тағы да сапар. Осы жүріс дағдыға айналды. Бүгін күн тым ыссы да қапырық. Шевченко атындағы колхоздың фермасына әрең жетіп келдік. Бізді шопандар, механизаторлар, қырықтықшылар қарсы алды. БАСПАҚПЕН ӘҢГІМЕ. Бойы екі метр келетін, алып тұлғалы шомбал қара жігіт өзін Ізтұрғанов Баспақпын деп таныс­тырды. Әзілқой, ашық жанды, сүйкімді жан. Ферма меңгерушісі болғандықтан ба, сөзінің дені – ылғи мал жайы. Отыздың ортасынан ауғанша мал деп жүріп оқудан да кеш қапты. Орта мектепті сырттан оқып, биыл бітіргелі отыр. Енді институтқа түспек талабы бар көрінеді. – Ал, Баспақ, жағдай қалай? – Қалай болсын, жалпы жақсы ғой, Мал басы аман, жоспар орындалып жатқан соң жақсы демей не дейміз. Сонда да реті келген соң айтайын, мені мазалайтын бір жай бар еді, жолдастар. – Ол не, Басеке? – Жасыратын не бар, жігіттер. Бізде тұрақты жұмыс істейтін жастар жағы әлі де онша жетісіңкіремейді ғой. Бұл сөзім жастар малға жоламайды дегенім емес. Олар келуін келеді. Бірақ, кейбіреулері ұзақ шыдай алмайды. – Себебі? – Себебі белгілі ғой. Бізде малшыларды мәдени-тұрмыстық жақтан қамту жағы жетіспей келеді әлі. Жастың аты жас. Әсіресе, қазіргі жастардың талабы таудай. Оларға еңбекпен бірге ойын-сауық, қызық-думан керек. Жоқ, жігіттер, меніңше, бұл әділ емес! Әділ емес дейсің бе? Қосыламыз саған. Әйтсе де, көш жүре түзеледі деген бар. Міне, ауылдарыңа автопоезд келді. Қуаныштымыз дейсің бе? Дұрыс. Баспақ-ау, сен айтқандай өкпе-назды жолшыбай бізге талай малшы айтты. Бәрінің де тілегі орынды. Ең әрісі, батарея болмағандықтан қаншама үйдің радиоқабылдағышы үнсіз тұр. Жайлауға текке келіп, шошайған төбесін көрсетіп қайтатын автодүкен мен автоклубтан, әрине, пайда шамалы. Бұл орайда не киносы, не концерті жоқ, қарақан басы салдырап жетіп келген Көкшиев деген автоклуб меңгерушісін қабылдамай кері қуып жіберген Аманкелді атындағы колхоздың малшыларына еріксіз риза боласыз.

[caption id="attachment_42929" align="alignleft" width="400"] Дәрігер Лысенкова бармаған үй қалмады.[/caption]

Биылғы ерте көктемде жайлауда күннің суығы едәуір болды, Баспақ. Сондай қысталаң шақта жалғыз адамның бір отар саулықты шашау шығармай төлдетуі, әрине екіталай. Амал не, көмектесетін ешкім болмағандықтан Таңбаев Темірхан, Ысмағұлов Берік атты аға шопандардың лажсыз төлден шығын бергеніне бәріміз ашынамыз. Бұл жай ендігәрі қайталанбайды дедің. Оған кәміл сенеміз. Иә, Баспақ, адамға бәрі қажет. Тұрмыстық жағдай да, рухани азық та бірдей керек. Бердіқожаев Ізбастың үйіне алпыс сегіз жастағы Аманбаева Жәния шешейдің түнгі сағат бірде неғып келгенін еске алыңызшы. Концерттен жазатайым кеш қалып қойған Жәния Тельман тартқан екі күй мен Шайдулла айтқан екі әнге қаншама ұшы-қиырсыз алғыс айтты сол жолы. ­Демек, рухани азыққа құштарлықтың адамды қашан да осындай қырларынан көрсетуі өмірдің өз заңдарының бірі. Баспақ, сен өзің айтпақшы, «жасыңда ғылым бар деп ескермесең де» көпті көрген, тәжірибелі, ақыл-парасатқа бай адамсың. Ойлайтының бір қара басыңның ғана емес, көптің қамы ылғи. Сол үшін де ардақтысың, абыройлысың. Алда да ғұмырлы бола бергейсің, дос.

24 МАЙ.

Кей-кейде адам жанын жадыратар жайларға тап болады. Ленин атындағы колхоздың бірінші фермасында біз колхоз комсомол ұйымының секретары Иманбаев Қойшыбаймен, оның еңбектес серіктерімен кездестік. Бәрі де комсомол мүшесі. Бүгін жұбын жазбай қой қырқымында жүрсе, ертең сол күйлерінше шөп шабуға шықпақ. Жалынды жастар көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, «Ауыл мәдениеті» атты қабырға газетін шығарады. Газет-журналдар жеткізіліп тұрады. Колхоз механигі Қойшыбай басқарған жас өрендердің көңілді өміріне әркім де қызығады.

25 МАЙ.

Уақыт қалай тез өтеді. Енді автопоезд бармаған екі-ақ жер қалды. Әрі қуансаң, әрі өкінеміз оған. Қуанатынымыз – кері қайтамыз, өкінетініміз – жаңадан табысқан достармен үйреніспей жатып қалай қоштасарсың. Мұның бірі – Ерәлиев атындағы колхоздың үшінші фермасы. Колхоз бойынша елу мың, ал мына фермада он екі мың қой бар. Әр жүз саулықтан бір жүз он сегізден төл алынған. Шынын айтсақ, партия мүшелігіне кандидат Еркеғұлов Құрмантай басқаратын осы фермада жаңа өмірімізге жарасымды кейбір жаңа салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың қалыптаса бастағанын көру бір ғанибет! Ленин орденді Бадырақов Құшатанбай қарттың жасы биыл жетпістің сегізінде. Өмірінше мал бағып, содан бақыт тапқан адам. Ауылдастары осы қадірлі де қайратты қартты өткен жылы әрең дегенде пенсияға шығарды. Бұл оқиға торқалы той ретінде атап өтіліп, талай жерге тараған. Қарттың ұлы Жәкей мал технигі боп істейді. Семья мүшелері тату-тәтті өмір сүреді. Бұл бір үлкен қызық болып өтіп еді. Ферма шофері Бақтыбаев Тілеген мен жас шопан Жұбанова Сәбидің үйлену тойының қызығы онан да асып түсті. Колхоз председателі Нұрбаев Өмірзақ пен партия ұйымының секретары Әбілхайыров Борсақбай өздері бас болған комсомолдық осы той үстінде өмір жолдары тоғысқан екі жасқа салтанатты жағдайда неке куәлігін табыс етті. – Бұл біздің жайлаудағы тұңғыш комсомолдық той болды, – дейді Құрмантай. Осының ізінше-ақ той тойға ұласты. Бастаушы болса қостаушы көп деген рас екен. Әңгіме автопоезға ауысқанда Құрекең осы нәрсені ұйымдастырушыларға өз коллективі атынан ағынан жарыла алғыс айтты. – Сіздердің қысқы жайлауларыңызда аурухана бар деген рас па? – Ә, Сенекте ме? Аурухана емес, аурухана үйі бар да, дәрігер жоқ онда. Бір кезде Стахин деген дәрігер екі жылдай жұмыс істеп, әжептәуір күнге жарап еді. Стахин кетіп қалғалы есіктің қожасы қара құлып. Оған да екі жыл. Сол екі жылдан бері Құрмантай аудандық Советке депутат бола тұрып сайлаушылардың дәрігер жөніндегі аманатын орындай алмай жүргеніне қынжылады. Иә, үстіртте дәрігер деген қасқалдақтың қанындай. Міне, автопоезд сап түзеп ­ауылдан шығып барады. Кенет алдымызды орағыта кеп бір машина кілт тоқтады. Жас шофер біздің дәрігердің сонау төбе астындағы Шамғали деген шопанның үйіне бір минутке бұрыла кетуін қиыла сұрап тұр. Санитарлық машина топтан бөлініп сонда кетті. Бұл сықылды жай күніне неше кездеспей жүр.

26 МАЙ.

Мінеки, соңғы аялдама. «1 Май» колхозының Жолбаян участогы. Бүгін қоштасу күні. Сол үшін ой мен қырдан көп ағайын келіпті. Колхоз председателі Жүсіпов Шаңды, аудандық партия комитетінің секретары Алшынбаев Өтежан да осында. Біз кеше түнде келіп түскелі абыр-сабыр тынар түрі жоқ. Сатуға алып шыққан дәрі-дәрмектер кеше таусылып еді, бүгін автодүкеннің соңғы товарлары сарқылды. Механик Алпанов Молдажанның үйіне түсуіміз мұң екен, бір топ адам кеп ән-күй тілеп отырып алсын. «Қазір кеш, таңертең концерт болады» дегенді тыңдау жоқ. Шайдулла мен Тельманға рақмет, әйтеуір. Әлсін-әлсін көрші үйден даусы әбден қарлыққан Қаттардың қырылдаған үні естіледі. Көпшілік оны да қолқалап қоймай жатса керек. Таң алдында ғана төсекке жаттық. Алайда, ұзамай әлдебір дабыр-дұбырдан ояна кетсем, есік алдында бес-алты адам дегбірі ұша жүгіріп жүр. Бірінің әйелі босана алмай қиналып жатыр дейді. Пәлен жердегі байланысшыға барып ауданға хабарлау үшін машина сұрайды. Светаны жіберіп, олардың ісін тез тындырдық. Жастыққа қайта қисайған менің ұйқым ашылып кетті. Көз алдыма айдаладағы қалқиған екі үй елестейді. Сол үйдің бірінде әлгідегі шопандар бармақшы боп жүрген байланысшы Жұбаназаров Мұқалай тұратынын көрген ек бұрын. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген-ау, әйтпесе осы қызметте табан қозғалтпай он бір жылдан бері істейтін сол жігіттің барша қамқорлықтан қағыс қалғаны несі. Мұқалайдың талап-тілегін ескеру әрі парыз, әрі міндет екенін есте ұстау жөн емес пе?! Аспан ашық. Салқын, жұмсақ жел жусан иісін аңқыта баяу еседі. Түске дейін тұрмыстық қызмет көрсетіліп, түстегі үлкен концерттен соң жергілікті жастардың өнерін тамашаладық. Кілем үстінде белдескен шофер Теңізбаев Бақтыбай мен шопан Қоңырбаев Нұржан, «Қыз қуу» ойынын жандырған Рахметова Сәнеш, Қыдырсақова Жазық, Балғаев Тілеш, Балмұқанов Найзабектерге алақан қызарғанша қол соқтық. Осы мереке үстінде сан қилы жақсы жайларды естіп те сүйіндік. Жүсіпов Шаңды басқарған колхоз мемлекетке ет сатудың жарты жылдық жоспарын мерзімінен бұрын асыра орындапты. Басқа көрсеткіштері де көңіл толарлық. Соған орай колхозшылардың тұрмыс халі де тамаша. Бір жылдың ішінде колхоз жиырма малшыға жаңа үй салып берген. Бұл арада өз күшімен меншікті үй салып алғандар туралы айтып та отырғамыз жоқ. Түстен кейін жолға шықтық. Ендігі бағытымыз – Гурьев. Қош, бауырлар! Қош, достар! Сіздермен бірге өткізген күндер ұмытылмайды. Біз әуелі сіздерді көргенімізге қуанамыз. Сіздердің ортаңыздан үлкен әсер құшағында аттанып барамыз. Қуаныштарыңыз бен реніштеріңіз, айтқан аманат, талап-тілектеріңіз де түгел жадымызда. Ер көңілді малшылар, сіздер ешқашан да аспандағы айды әпер деген емессіздер, олай демейсіздер де. Сіздердің талаптарыңыз өмірдің өзінен туып отырған әділ талап дейміз біз. Солай емес пе, Бейбітов Зәкіраш аға. Сіз бен біз бірінші рет Басардағы дүкен ішінде кездестік. Сіз шопан, ал қасыңыздағы Берекетов Аязбай құрылысшы екен. Ферма орталығындағы дүкенге ұзақ жерден ақ ұн іздеп келдіңіздер. Ұн жоқ. Ренжідіңіздер. Біз ше?.. Сол сәтте мен осы сапарға шығарда обкомның секретары Өжікенов Сұлтанның кабинетінде болған әңгімені еске алдым. Сонда Сұлтан аға арнайы бір машинаға ұн тиеп ала шығуды ұсынғанда, облыстық тұтынушылар одағының басшылары «ойбай, үстірттің үсті толған ұн» деп бет бақтырмаған-ды. Жайлауды жайлап ұн көрмесек те, солар айтқан ақ ұнды қайтқан жолымызда Ескі Бейнеудегі сельподан көрдік. Бірінші сортты аппақ қардай ұн дегенің қоймаға сыймастан ашық аспанның астында тау боп үйіліп жатыр. – Иә, бұл қалай, ағатайлар-ау?! – Ойбай, шырағым, күйгенде өзіміз де осы ұннан күйіп отырмыз, – дейді сельпо бастығы Меңдіқұлов Ізтұрған. – Неге? – Әр адамға екі килограмнан артық сатпаңдар деп нұсқау берді облпотребсоюз басшылары. Нұсқауды бұзуға қақымыз жоқ. Әбүйір болғанда әзірге бір тамшы жауын тамбай тұр. Тентек нөсер бір төпелеп берсе, қызғанғанымыз қызыл итке жем бола ма деп зәре де жоқ. Әй, нұсқау берушілер-ай, жұмыс тәсілін жақсы білеміз деп шіренеді-ау тағы да... Бұл күні Ескі Бейнеуде түнедік. Сонымен, автопоезд сапары аяқталды. Уақыттың аздығына қарамай, он колхоз, бір совхоздың бір қауым малшыларын қамту біздіңше жаман емес. Автопоезд құрамына кімдер және нелер болғаны, бұл сапардан көрген-түйгеніміз бен әсерлеріміз жоғарыда біршама баяндалса керек. Енді біз де: «Иә, автопоезд керек екен. Малшылардың ұшан-теңіз мәдени-тұрмыстық тілек-талабын өтеудің келешегі зор мүмкіндігінің бірі осы» деп батыл айтамыз. Осы жолғы автопоезда не жетпеді.Біздіңше, не қажет болса соның көбі болды мұнда. Көпшіліктің алдағы автопоездар кұрамында көшпелі рентген, монша, тіс, көз дәрігерлері болса, тұтыну товарларының түрін көбейтсе деген ұсыныстарын құптаймыз. Олар қажет. Ал, зоотехник, мал дәрігері болса, дәрі-дәрмек тегін үлестірілсе деген сияқты талаптар артықтау болар, әрине. Әр нәрсенің шегі, жөні бар. Бұларға қосымша біздің айтарымыз, әрбір автопоездағы концерттік бригаданың мүшелері жергілікті өнерпаздарға жаңа әндер мен тақпақтарды үйретіп, үй тұрмысы, пайдалы-зиянды әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, тазалық жөнінде қысқа сықақ әңгіме, күлдіргі өлең-тақпақтар айта жүрсе, дәрігерлер жұқпалы аурулар туралы, олардан қалай сақтануға болатынын түсіндіре жүрсе, сондай-ақ, насихатшылар әңгіме, лекциялардың түрін де, мазмұнын да жақсартып, сапалы етсе – осының бәрі пайдалы-ақ болар еді. Иә, Гурьев облысында автопоезд қызметі жақсы жолға қойылған. Малшылар да оның сырына қанық. Автопоезд аудандарда да жиі ұйымдастырылып жүр. Осы жылдың бастапқы төрт айында аудандардан он тоғыз рет автопоезд шыққан. Бұл өткен жылғыдан үш есе көп. Жақсы бастама ләйім осылай қанат жая бергей. Автопоездың экономикалық жақтан тиімсіз еместігін де айта кеткеніміз жөн. Мәселен, өзіміз барған сапарда автодүкен сатушысы Тасмағамбетов Ғалым он үш мың, аптекашы бір мың сомның басын қайырса, қалған шаштараз, радист, етікші, сағат шеберлері де әдеттегіден қуанышты, табысты қайтты. Әйтсе де, автопоездың негізгі мақсаты көл-көсір табыс табу емес, малшы қауымның мүддесін өтеу, соларға қызмет ету ғой. Осыны баса ескерген жөн. Ел-жұрты қастерлеп, ардақ тұтатын екінші тыңның ерлерінен ешнәрсені де аямаған жақсы.

Зәкір АСАБАЕВ, «Мәдениет және тұрмыс» журналының арнаулы тілшісі

3649 рет

көрсетілді

50

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы