• Руханият
  • 09 Тамыз, 2017

Азамат

Туған елі мен кіндік қаны тамған жеріне кіндігінен күрмеліп байланған Қазақстан Республикасының үздік сот төрешісі, ардагер судья, Арқалық қаласының құрметті азаматы Қуантай Шынтеміров ағамыз жайлы қалам тербеу көптен бері ойымда жүруші еді. Саналы ғұмырын еліне еңкейіп еңбек еткен осы ағамыз жайлы сырларым мен ойларымды сыртқа шығарудың реті биыл келіп отыр. Мен Шынтеміров Қуантай Шынтемірұлын сонау артта қалған, өткен ғасырдың 60-жылдарының басынан білемін. Онымен Торғай селосында тұрған туған нағашым Қасекенов Төлеухан ағаның үйінде танысқанмын. Жүріс-тұрысы жинақы, сөз саптасы құрбы-құрдастарынан бөлек Қуантай ағамыз өзіне бірден баурап алған болатын. Ол 1947 жылы 15 тамызда Қостанай облысы, Жангелді ауданына қарасты Шақшақ Жәнібек ауылында (бұрын ХХІ партсъезд кеңшары болып аталатын – авт.) дүние есігін ашыпты. Әкесі Шынтемір Асанов ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысып, майдандағы ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. Анасы Қатыш әжеміз келін боп түскен әулеттің болашағын ойлаған қарапайым кісі болған.

Комсомол жұмыстарына белсене араласып, басқа да қоғамдық істерден қалыс қалмаған Қуантай ағамыз 11 жылдық мектепті 1965 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Әскери борышын абыроймен аяқтап, туған еліне оралған ол Алматы қаласындағы С. Киров атындағы ҚазМУ университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1972 жылы бітіреді. Сол жылдан бастап Торғай облыстық адвокаттар коллегиясында еңбек жолын бастайды. 1977 жылдан Торғай облыстық адвокаттар коллегиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Адвокат – халық соттарының төрағалары қараған істеріне кесімді шешім шығарар алдында, қабылдайтын шешімдерін ақыл таразысына бір емес, бірнеше рет салуына заң жүзінде ықпалын тигізетін заң қызметкері ғой. Мемлекеттік айыптаушылардың (прокурорлардың) жауап берушілерге таққан айыбын сүзгіден өткізіп қорғайтын қорғаушы заңгер. Адам тағдыры таразы басына түскенде, адвокаттың тауып айтатын бір ауыз түйінді сөзінен жауап берушілердің түйедей пәледен құтылғандарын өмірде көріп жүрміз. Сондықтан заң қызметкері ретінде Қуантай Шынтемірұлының осы мамандыққа көп ізденіспен келгеніне көзімді жеткізген жанмын. Ол өзінің тікелей туыс атасы болып келетін, Абылай атамызға бата берген Шақшақұлы Жәнібек бабамыздың ұлағатты ұрпағы. Сол батыр бабамыздың «Сөз айту оңай, (сөз бастау емес – авт.) тауып айту қиын» деген сөзін заңгер ағамыз басты қағидасына айналдырған. Халқымыздың өткен дәуірлерде елі, жері үшін, халық қамы үшін, қара қылды қақ жара әділ билік айтқан билер, сұңғыла шешендер, аз болмаған ғой. Кеңестік кезеңде сол би-шешендеріміздің айтқан нақыл сөздеріне мойнымызды бұрғызбай, құлағымызды түргізбей келді емес пе?! Кешегі өткен қызыл империяның кезінде оларды бізге бай, кулак, би-болыс деп оқытып, ағаш атқа теріс отырғызуға тырысты. Қазақтың қамын жеген үш биін – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымызды танысақ, еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап тани бастадық. Қуантай Шынтемірұлы еліміздің елдігін, бірлігін ойлап, соңдарына ойлы да нақыл сөздер қалдырған үш бидің еңбектеріне терең үңіледі. Тіпті 10 жылдай Амантоғай аудандық халық сотының төрағасы болып қызмет істеп, Арқалық қаласына қайта оралғанда жаңа жұмыс орнының маңдайшасына Төле би бабамыздың: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөзін күндік жерден көзге көрінетіндей етіп жазғызып, ілгізіп қойды. Оның өз мамандығын шексіз сүюіне тікелей ықпал еткен ұстаздарының есімдерін атамай өтсем азаматтығыма сын болар. Олар Торғай облыстық сотының алғашқы төрағасы Шәкіров Нұрхан Шәкірұлы, оның орынбасары ­Мутья Николай Герасимович, Торғай облыстық Әділет басқармасының бастығы Бобровский Григорий ­Петрович, Торғай облыстық Адвокатар коллегиясының төрайымы ­Бегалина Айымторы. Адам баласы қай салада жұмыс істемесін, істеген ісінің жемісін көргісі келетіні баршамызға аян. Ал жоғары жақтағы басшылардың еңбегіңді бағалап, қошемет көрсетіп жатса, одан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын. Жоғарыда аттары аталған азаматар мен азаматшаның құрметі мен сыйластығын Қуантай Шынтемірұлы қиылып қалап немесе алақанын жайып сұрап алған жоқ. Оны мұндай құрметке жеткізген өз ісіне деген адалдығы мен туған халқына деген сүйіспеншілігі. Иә, ол істеген ісіне адалдығын танытып, жоғарыда есімдері аталған сот жүйесінің білгірлері, өтіп жатқан өмірде ұлағатты ұстаздары болған жандардың жолымен жүрді. Таңдаған жолы оны адастырмады. Өткен 70-жылдардың аяғында жаңа Амантоғай ауданы ашылғанда, аудандық соттың төрағасы етіп кімді жіберу мәселесі туындады, сонда облыстық сот төрағасының орынбасары Н.Мутья: «Қуантай Шынтеміровті ұсынсақ қателеспейміз. Ол шын болаттың өзі!» депті. Осылай ол 1979 жылы Амантоғай аудандық халық сотының төрағасы болып тағайындалады. Халық соты дегеніміз – мемлекеттік мүддені, адамның ар-ожданын қорғайтын адам тағдырына терең бойлап, қара қылды қақ жарып төрелік жасайтын қасиетті қара шаңырағымыз ғой. Осы жауапты жұмысқа барарда Қуантай Шынтемірұлы қатты қобалжыды. Аталардан қалған: «Нарға артқан жүгің діттеген жерге барады» деген сөзді есіне алып, ел-жұртқа күлкі болмайын деп жаңа қызметіне бел шеше қызу кірісіп кетеді. Амантоғайда сот төрағасы болып қызмет істеген жылдары оның жұмыс орнына ҚР Әділет басқармасының алғашқы министрі Жүсіпов Бегайдар Жүсіпұлы ескертусіз келе қалыпты. Әдетте жоғарғы жақтан басшылар келеді десе шала бүлініп қалатын әдетіміз ғой. Әділет министрі көрші Амангелді ауданында болатын кезекті бір партконференцияға бара жатқанын айтып: «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, облыс басшыларының алдымен ауыздарына алатын заңгерді көзіммен көріп кетейін» деп соғып отырғанын жеткізеді. Қасында сол кезде Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған Әубәкіров Кеңес Аманұлы болыпты. Сол ағамыз Қуантайға: «Министріңнің саған көңілі ауып тұрғанда, қызметтік машина сұрап қал» деп сыбырлайды. Істеген еңбегін ешкімге міндетсінбейтін ағамыз ондайға қайдан барсын?! Тіпті министрі қоштасар сәтте: «Қуантай Шынтемірұлы, атқарып жатқан жұмысыңызды көзіммен көріп, марқайып аттанып бара жатырмын. Маған айтар қандай өтініш-бұйымтайыңыз бар?» деп сұрағанда, ол: «Бегайдар Жүсіпұлы, Сізге айтар ешқандай да бұйымтайым жоқ» деп қош айтысып, қала беріпті. Бұл оның өмірде қандай қарапайым, кішіпейіл екенін көрсетсе керек. 1987 жылы бойына сот жүйесінің атан түйеге жүк боларлықтай тәжірибесін жинаған Қуантай Шынтеміров ағамызды Арқалық қалалық сотының төрағасы етіп тағайындайды. Амантоғай ауданында 9 жыл ауқымды еңбек етіп, басына бақыт құсын қондырып, өзінің еңбек жолын бастаған Арқалығына оралу ағамызға жаңа күш-қуат береді. Өзінің үйреншікті қаласына суда жүзген балықтай еркін жүзіп, сіңісіп жүре береді. Жаңа жұмысына білегін сыбана кіріседі. Сот жүйесі жіберген қателігіңді кешірмейтін жүйе. Адам тағдырын таразыға салып таразылайтын сот төрағаларына (судьяларға) адамгершілік арларының алдында қателесуге мүлдем болмайды. Сондықтан олар үкім не кесімді шешім шығарарда, түн ұйқысын төрт бөлген аналардай мазасыз күндерді бастарынан кешіреді. Қуантай Шынтемірұлы 1993 жылы Торғай облыстық Әділет басқармасының бастығы болып тағайындалады. 1997 жылға дейін осы лауазымды қызметін абыройлы атқарды. Осы жылдан бастап Арқалық қалалық халық сотының төрағасы болып, туған елінен табан тайдырмай, зейнеткерлікке шыққан 2007 жылға дейін табысты еңбек етті. Осы уақыт аралығында Амантоғай аудандық, Арқалық қалалық кеңестерінің депутаты болып сайланды. ҚР Жоғарғы Соты, Торғай, Қостанай облыстық соттарының Құрмет грамоталарымен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді халық даналығы. Қуантай Шынтемірұлы өзінің ізімен жүрген ауыз толтырып айтатын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз екенін айта кеткеніміз ләзім. Бұл күндері заң саласында соңынан жарқын іздер қалдырған ол, Құдай қосқан қосағы Бақша жеңгемізбен Астана қаласында бақытты ғұмыр кешуде. Ұл-қыздары Гүлмира, ­Бекежан, ­Эльвиралардан өрбіген немере-жиендерінің ортасында тамырын тереңге жіберген бәйтеректей жайқалуда.

Асқарбек БЕКТЕМІСОВ, журналист-жазушы, ҚР Ақпарат саласының үздігі

1140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы