• Руханият
  • 10 Тамыз, 2017

Қайраткер еңбегі – ел есінде

Петропавлдағы Мәдениет және демалыс саябағында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы  Бәйкен Әшімовтің ескерткіш-мүсінінің ашылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Бұл  шара Бәйкен Әшімұлының туғанына 100 жыл толуына орай  ұйымдастырылды.

Аталмыш шараға қоғам қайрат­керлері, шығармашыл зиялы қауым, ардагерлер, мерейтой иесінің туысқандары және жергілікті университет пен кол­ледждердің студенттері қатысты. Жиналғандарды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады. Өңір басшысы ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау, тарихи-мәдени нысандар ашу, ескерткіштер орнату – Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың өзекті бағыттарының бірі екендігін атап айтты. «Бағдарламаны жүзеге асыру біздің мемлекетіміздің, халқы­мыздың тарихын тануға, ел ­тарихында ешкімге ұқсамайтын Бәйкен Әшімов сияқты кемел тұлғалардың рөлін сезінуге жол ашады. Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен, Польшаны азат еткені үшін орденімен марапатталды. Партиялық кеңес жұмысында ол өзін білікті ұйымдастырушы және байыпты саясаткер ретінде көрсете білді. Министрлер кабинетінің төрағасы лауазымында еліміздің дамуына баға жетпес үлес қосты. Бәйкен Әшімовтің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Оның өмірі өскелең ұрпақ үшін үлгі бола­тындығына сенімдімін» деді Құмар Ақсақалов. Елге танымал ардақты азаматтың мерейтойына орай Солтүстік Қазақстан облысында жастардың, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен бірқатар шаралар өтетіндігін атап айту керек. Соған орай қыркүйек айында облыс орталығында Бәйкен Әшіміовтің 100 жылдығына байланысты өңірлік жастар форумын өткізу жоспарланған. Салтанатты шара барысында Бәйкен Әшімовтің ұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімов сөйледі. «Бүгін біздің отбасымыз үшін елеулі оқиға. Әкемізге Петропавл қаласында ескерткіш орнатылуы мәңгі есімізде қалады. Бұған дейін Алматы қаласында бір көшеге, Қарағандыда жаңа шағын ауданға әкеміздің есімі берілген болатын. Ескерткіштің ашылуы ерекше оқиға. Облыс пен қала басшылығына осындай айтулы шараны жүзеге асырғаны үшін зор алғысымды білдіремін. Осы жобаны жүзеге асырған мүсінші Қазбек Сатыбалдыға да айтар алғысым шексіз» деді О.Әшімов. Салтанатты рәсім барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков, еңбек ардагерлері Жақсылық Ысқақов пен Алик Дядин Бәйкен Әшімов туралы өз естеліктерімен бөлісті. Ескерткішті ашу құрметі өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Оңдасын Әшімовке берілді. Салтанатты шараның соңында Петропавл қаласының тұрғындары Бәйкен Әшімовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Смайыл БАЗАРБАЙ

1044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы