• Руханият
  • 16 Тамыз, 2017

Руханияттың асыл өзегі

Қазақ әдебиетінің тарихындағы қайталанбас, басқалардан баламасы табылмайтын өнерпаздық бағыттың бірі – авторлық ауызша әдебиеттің өзгеше дара тарихи мәні, ең алдымен, оның ұлттық бірегейлікті, бүтін бітімді (З.Қабдолов) адамзат сөз өнерінің тарихында елден бұрын көркемдік кеңістікке алып шыққандығы... Руханияттың асыл өзегі фольк­лорда әлем халықтарының атам замандардағы ғұрып, тіршілік дағдысымен астасып жатқан ортақ негіздер басым. Қазақтың авторлық ауызша әдебиеті – этникалық бірегей құлық, жан күйі, дүниетаным, өмір дағдысы, болмыс, бітім ерекшелігі, етене ұлттық арқаулар мазмұндағы таза ұлт әдебиеті. Желілі құлын, кең жайлау, саятшылық, киіз туырлықты күнкөріс, төрт түлік мал. Ағайын-туыс. Батыры мен ханы. Азамат ер.

Жалпы адамзаттың ортақ иеліктермен кенелген сарқылмайтын ізгілік мұраттар шалқыған сахара тұрмысының атрибуттары жарылқап, қазақтың ғана жанын жай тапқызатын нышандары таңбаланған ав­торлық ауызша поэзия ХІХ ғасырда та­­рихи жаңа бір дәуірін тағы бастан кешіп еді... Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып, даму барысында олжадан қағылған, обалы қалған өткелдер бар. Ендігі уақытта етене ерекшеліктері, түпнегіз төл тумалығы алабөтен айқын авторлық ауызша әдебиеті ХІХ ғасырдағы әдеби дамудың дерегінде зерттеп, зерделеудің өзіндік, озық негіздері бар. Әдебиет тарихын баяндауда ілесіп отыратын жалпы топтап қамту, кітаптан кітапқа көшіріле салатын өмірбаяндар берудің қайсыбір таптаурын дағдысынан әлі де арылып болдық дей алмаймыз. Нақтылы дәуір, дәстүр, түр, үлгі аясында, жалтақтап, жалпақтаудан құтылған ендігі емін-еркін уақытта біздің әдебиеттегі біздікі ғана болып жасаған төлтума ­сипаттарды жүйелі ғылыми негізде айналым арасына түсіру, әрі осы бағытта білім беру үдерісінде дүбәра, дүдәмалы жоқ таным түзу қажеттілігі бар. «Бақыт іздеп, ғасырлар бойына сахараны шарлап шарқ ұрған мұңдар жолаушы – қазақ халқы бізге архитектура мен скульптураның, сурет өнерінің ескерткіштерін қалдыра алмады. Бірақ ол бізге ең асыл мұра – жыр мұрасын мирас етті. Жыршы халық, ақын халық есі жоқ ескі заман­дардан бастап дарыған ақындық дана­лығын қапысыз жұмсап, өзінің рухын ұмытылмас эпостық дастандарында, сан-сан әр алуан түрлі жырауларында бейнеледі. Қазақ халқының ақындық қабілет-дарыны өмірде ақынның ерекше типін туғызды. Бұл – біздің заманымызға дейін жеткен, бұрынғы ақындық қазыналарды сақтап келген әрі жыршы, әрі импровизатор ақын. Халық поэзиясындағы таңдаулы үлгілерінің туып, таралып және осы уақытқа дейін сақталып жеткені үшін біз осынау ақындарға борыштармыз [2,4 б.] (2. Әуезов М. Әдебиет туралы. О литературе. Оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997. – 304 бет) Әдеби мұраны игеріп, тану, бағалау қисындары қилы уақыттың қыспағынан да өтті, ара-тұра кең тыныс алып қамдап, қамтып қарастырылып та отырды. Авторлық ауызша әдебиет ұғымы қайсыбір мәнде шартты да болып көрінеді. Мұнда автордың шығарма тудырудағы ауызша шығарып айту машығын өзгертіп, хатқа түсіруіне қарамастан, ауызша әдебиет дәстүрінде жасалған туындыны сол үлгінің тобында алып қарастыру керектігін ескертер едік. Өте бір күрделі, тоғысып жатқан тосын нышандары мол әдебиет – қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ ғасырдағы әдеби дамуда айқын көрініс тапты. Жаңа жазба әдебиетке барынша қызмет етіп сіңісіп, кірігіп кеткен ауызша әдебиет дәстүрі туралы – сөз өз алдына. Бұл зерттеуде ауызша әдебиеттің төлтумалық сипатын сақтап қалған ерекшеліктер туралы ой қозғау (ұсыныс, ойласу) көзделді. Бейсенбай Кенжебаевтың 1954 жылы жазылған «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты зерттеуінде айтылған қазақ өлеңінің байырғы түрі – қара өлеңге қатысты мына бір тоқтам – біз қозғап отырған мәселенің жанды жерінің бірі. Жүйеленіп, ғылыми негізделу ­бас­тауында Шоқан Уалиханов тұрған, беріде өлеңтанушылар тайға таңба басқандай ажыратып көрсеткен қазақтың қара өлеңін байырғы шумағы төрт тармақты, 11 буынды үлгісімен, ұйқасы ааба түрінде дараланған өнер деп білетінбіз. Қара өлеңді көп тармақты, төрт тармақты деп бөлу 11 буынды төрт тармақ­ты өлең түрлеріндегі бунақтағы буын санын, 3,4 буында бунақтардың қалыпты орын тәртібін; ұйқас ерекшелігін әрі осы ерек­шеліктердің өлеңнің қилы тарихи кезең­дердегі құбылыс-қалыптарына орай туындау заңдылықтарын тұтас ажыратып қарастыру қажеттілігі бөгеліп, тежелген (әсіресе шығыс поэзиясы ықпалына қатысты – Қ.М.) уақыттардың еншісі сияқты. Әдебиет тарихының білгірі ­Бейсенбай Кенжебаев зерттеуінде ұйқасы ааба, ааба, аабб түрінде келетін он бір буынды өлшемдегі өлең үлгілерінің барлығы да қара өлең аталғанымен, түп тегі эпостық жырға, онда да эпикалық үрдістің ХІХ ғасырдағы өзгешелену бағытына, авторлық ауызша әдебиеттің ХІХ ғасырдағы дара ақындық сипаты қанық үлгісіне ойысқан жаңа өлең түрлері болғандығын аңғарамыз [1,79,80 б.] (Кежебаев Бейсенбай. Әдебиет белестері. Зерттеулер, мақалалар. – Алматы; Жазушы, 1986. – 400 бет). Қара өлеңде (тармақ саны, ұйқас түрі бөлек – Қ.М.) тармақ ішіндегі бунақтардың орны жылжымалы ауыспалы болып отыратындығының себебін сөз екпінімен, ой басымдығымен, екпін ырғақ пен орынды байланыстырған зерттеуші олардың бөлек өлең түрі мәніндегі менмұндалап тұр­ған түпнегіз ерекшеліктерін әрі қарай тар­қатып айтуды қажет деп таппаған сияқты. Бұл ерекшеліктердің тәптіштеп айтыл­ма­ғанмен, тарихи сипаттамасы, тайға таңба басқандай айқындамасы Шоқан Уәлихановтың «Қазақ халық ­поэзиясы үл­гілері жөнінен» деген зерттеуінде жасал­ған еді. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер әрдайым назарда ұстап отырған өзекті тарихи-теориялық тұғырдың бірі – авторлық ауызша әдебиеттің көркемдік негізін айқындайтын ерекшеліктері төлтума, даралық сипаттары. Осы бағытта ілгеріде, кейіннен жасалған пайымдаулар, ой қорытулардың жеке жүйеде ғылыми негізделу мәселесі күн тәртібінде тұр. Әлемдік әдеби даму тарихында баламасы жоқ деп бағалауға болатын, қазақ сөз өнерінің төлтума сипатының зерттелу, зерттеу ұстанымдарын тану, таныту қажеттілігі бар. Қазақ филологиясының негізін салған Шоқан Уәлихановтың қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа даму бағыттарында маңызды мәнге ие болып отырған «Қазақ халық поэзиясы үлгілері жөнінен» атты аяқталмаған (бәлкім жоғалған –Қ.М.) зерттеуінде авторлық ауызша әдебиет туралы айтылған. Және осы еңбек жалпы қазақ өмірін жарлық, типологиялық тұрғыдан көркем үлгі, түрге бөліп қисындауда елеулі ғылыми тұғырнамалық мәнге ие. Авторлық ауызша әдебиеттің төлтума сипаттарын ажырату методологиясында жазба әдебиеттің ауызшадан айырым белгілері ұстанымы да ескеріліп отыруы міндетті, бұл өзі мәселені зерделеуге септігін тигізетін тәсіл, амал. ХІХ ғасырдағы жазба әдебиет айқын­дамалары, негіздері тұрғысында қарастыру ауызша туған авторлы әдебиетті өз-өзінен «ығыстырып» шығарады. Тоғысулар, ықпалдастық ескеріліп отырған. Бір ерекшелік ХІХ ғасырда әрі ауызша, әрі жазып шығарған ақындар жасағандығы. Мұхтар Әуезов: «Қазақ әдебиетінде дін сарынын алғаш бастайтын ақын осы ­Шор­танбай болса, бұл өзі мұсылман­шылықты исламның дін кітаптарынан алған адам болады. Ең алғаш жазып жырлаған, оқыған ақын да осы болуға лайық. Бірақ соның кітап жолындағы ұстазы үлгісі: Орта Азия мен Иран, араб сопылары. Орта Азия топырағында ХІІ-ХІІІ ғасырларда жарыққа шығып кейінге көп ғасырларға жемісін тартып келген «тас жауын» сарыны қазақ әдебиетінде Шортанбайды өз мүриті қып алған сияқты». Әдеби мұраны игеруде тарихи-әлеуметтік объективті, субъективті себептер, әр жақты ұстанымдардың болып келгендігі авторлық ауызша әдебиетті – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет аралығында өзгеше бір әдемі бағытты ғылыми негізде тұтас қисындап, айғақтауда күрделендіріп отырғандығы белгілі. Ахмет Байтұрсынұлы жазу әдебиетіне тоқталып, «Әдебиет танытқышта» «жазу әдебиет» тақырыбында ой өрістетті. «Жазу әдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер – Қазаққа жазу дінмен бірге келген» дейді Ахаң. Ақындық тәсіл мен дәстүрдің түпбас­тау­лары туралы ұғым біздің дәуірімізге шейінгі сандаған мыңжылдық­тарға әрі жылжып отырған қазіргі кезең зерттеулерді қайта бір жаңғыртатын міндет жүктейді. Айналымда жүрген зерттеулердің өз нәтижелері, игілігі көп. Әр жағдайда айтылуы тиіс болған түйткілдері де бар. Соның бірі – көп жылдар аты-жөні белгілі көптеген шығармашылық тұлға туындылары фольклор, ауыз әдебиеті атауымен танылып отырды. Мәселеге жанр бойынша келіп зерттеу тәжірибесі болды.Түбегейлі шешім жолында көп еңбектенген, бірнеше мығым құбылыстар бойынша арғы замандардың сөз мұрасының кейінгімен сабақтастық негізіне ден қойған Құлмат Өмірәлиевтің «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы­ның тілі», «Қазақ поэзиясының жанры және стилі», т.б. еңбектерінде қозғалған нақтылы жайлар ХІХ ғасырда жасаған ақылдың өріс, Дулат, Махамбет сынды дара ақындар мұрасын зерттеу ұстанымдарымен назар аударған. Кейінде ауызша мен жазбаша әде­биеттің айырым белгілері туралы М.Әуезов, Қ.Жұмалиев ұстанымдары, шен-тоқтамдары (критерий) авторлық ауызша әдебиеттің ғылыми сипаттамасын жасауда жазбашадан ажыратып тұратын белгілеріне жүгіну жөндерін қалыптады. Зерттеуде өзін ақтаған ұтымды тәсілдің бірі осы жеке ақындар шығармашылығындағы дара, ортақ сипаттар ауқымында қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, теориялық негіздеу ісінде әдеби бағыт, ағым, әдіс, тәсіл мәселелері қаузалып, айқындала түсіп отырды. «Қайырымды, мейірімді Алланың атымен бастаймын» деп, дәстүр ұстап «Түбі бір түркі тілін» жазған Махмұд Қашқари түркілердің адамзат тарихындағы ықпалды орнына айырықша мән берді.

Қанипаш Мәдібай, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы

Меруерт Разбекова, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиетінің магистранты

2529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы