• Руханият
  • 30 Тамыз, 2017

Ұлағат ұясы

Бұл төбесіне күмбез орнатып, шығыс стилі үлгісінде сәнді де еңселі етіп салынған ғимарат ұлы ұстаздың 150 жылдық мерейтойына орай 1991 жылдың күзінде 1884 жылы Ы.Алтынсариннің өзі іргесін қалаған мектептің қасынан бой көтерді. Содан бері де арада ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті.

Ыбырай өміріне қатысты және оның артына қалдырған өшпес мұраларын, сондай-ақ халық ағарту ісіне байланысты материалдар жинап, сақтау, оны зерттеп, зерделеу, халыққа насихаттау – мұражайдың негізгі мақсат-міндеті. Сондықтан да мұражай қызметкерлері алғашқы қадамдарын ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуден бастап, Ы.Алтынсариннің өмірі мен педагогикалық қызметі жайында, XIX-XX ғасырлардағы өлкеміздегі халық ағарту ісінің тууы және қалыптасып, дамуы тарихын баяндайтын құжаттарды Алматы, Ташкент, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалалары мұрағаттары мен кітапханалар қорынан тапты. Әсіресе ұлы ұстаз қызмет еткен жерлерге жиі сапар шегіп, Алтынсарин мектептерінің түлектері, бірге қызмет істеген көрнекті ағартушылар, мектеп ашуына көмек қолын созған адамдар, мәдениет, әдебиет қайраткерлері туралы материалдар жинас­тырумен болды. «Іздегенге інжу ілінеді». Құнды-құнды жәдігерлер де табылып, мұражай тарих тылсымынан сыр шертіп, сөрелер «сөйлей» бастады. Сондай құнды заттардың бірі – кезінде Ыбырай қол­данған төсекқап болды. Бұл төсек­қапты 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ленгір қаласының тұрғыны Гүлсана Тастемірова сыйлапты. Оған апасы Рәзия табыстап кеткен екен. Рәзияға апасы Айғаныс беріпті. Айғаныс – Ы.Алтынсариннің жары, Сыр бо­йының қазағы, жаппас Шолақ Әбілевтің қызы. Мұражай қызметкерлері Жамбыл облысында тұратын Ы.Алтынсариннің немересі Нағима Ыбыраеваға барып ұлы ұстаздың шапанын, сондай-ақ орамал, самаурын алып келді. Бұл жоғарыда айтылған заттардың бәрі музейде ең көрнекті жерге қойылған. Фотоқұжаттар, кітаптары, 1864 жылы Торғайда ашқан алғашқы мектебінің макеті, онда оқыған шәкірттерінің, ізбасарларының суреттері де осы музейден орын алған. Музейдегі тағы бір құнды зат – Ыбырайдың нағашы атасы Шегеннің баласы Бектемістің отбасы қолданған келі-келсап. Бұл тарихи жәдігерді 2009 жылы сатирик ақын Сағи Әбілқасенұлы тапсырыпты. Орынбор облыстық кітапханасы қорынан алынған «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және ас беру дәстүрлерінің очеркі» атты этнографиялық еңбектері мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты қоры мен Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорынан алынған ұлы ұстаздың 1882 жылы Торғай облысы әскери губернаторының атына жолдаған «Қазақ қасіреті» жазбасы құнды дүние. Жоғары қызметтегі патша шенеунігіне жіберілген бұл мәлімдеме 1868 жылғы Далалық облыстарды басқару жөніндегі Уақытша ереже енгізіліп, қазақтардан өрісі тарылып, Торғай халқы 1879-1880 жылдары аштыққа ұрынған кезде жазылған. Дәлірек айтқанда, Ы.Алтынсарин жергілікті ақындардан әкімшілік басқару реформасына қарсылығы көрініс тапқан, сондай-ақ елдегі ашаршылықты суреттейтін өлеңдерін жинап, оны «Халықтың поэзиялық шығармасы» деп атап өзінің алғы сөзімен («Қазақ қасіреті») жолдаған. Олардың арасында торғайлық ақын Күдері Жолдыбайұлының «Қазақтың зары» («Жалпақ қоян») атты көлемді өлеңі де бар (өлеңді Ыбырай жолма-жол орыс тіліне аударған). Әскери губернатордың мін­детін атқарушы вице-губернатор В.Ильиннің Алтынсарин жазбасын алғаннан кейін 1883 жылдың 31 қазанында ішкі істер министріне жазған хаты да (қолжазба) бар. Ыбырайдың В.И.Ильминскийге жазған бір хатында: «...Туысқан­да­рымның біреуі әртүрлі қас адам­дардың тіліне еріп, попечительге де, губернаторға да, тіпті ішкі істер министрлігіне де, қызмет адамдарын сайлауға орынсыз қол сұқты деп менің үстімнен арыз жаудыра бастады... Бастықтар мені Орынборға шақырып алды» дейді. Ұлы ұстаздың осы жайтқа байланысты Орынбор оқу округының басқармасына жазған мәлімдемесін де музей қорынан табуға болады.

[caption id="attachment_44495" align="aligncenter" width="800"]Ы.Алтынсариннің өз қолымен жазған кітаптың көшірмесі Ы.Алтынсариннің өз қолымен жазған кітаптың көшірмесі[/caption]

«Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» («Начальное обучение киргиз русскому языку») оқулығының аяқталмаған күйіндегі нұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан 1936 жылы кітапхана директоры Б.А.Жұмабаевтың ұсынысымен Қазан қаласының тұрғыны А.В.Васильевтен сатылып алыныпты. Шағын мақалада, әрине, жиналған құнды дүниелердің бәрін айтып шығу мүмкін емес. Оны музейге келіп, көремін, зерттеп, зерделеймін деген кісі талай таң­ға­ларлық құжаттарға тап болары сөзсіз. Музей қызметкерлері Ыбырай өмірі мен қызметі жайында сыр шертетін кітаптар мен кітапшалар, буклеттер шығарумен де айналысып келеді. Ұлы ағартушы 1887 жылы 1 қарашада Қарабұтақта болыстық мектеп ашылуы­на жағдай жасап мектепке 25 қазақ, 18 орыс баласы қабылданады. Мектеп меңгерушісі болып Қазан мұғалімдер семинариясын бітірген Меркурьев тағайындалады. 1887 жылы Бөрте болысында 4 жылдық орыс-қазақ мектебі жұмыс істей бастады. Бұл мектептердің тарихын зерттеу алдағы жылдардың еншісінде. Жыл сайын 1 қыркүйекте Ыбырай ескерткіші жанында облыс орталығы мектеп оқушыларының қатысуымен салтанатты жиын өткізу дәстүрге айналған. Ол ұлы ұстаздың «Кел, балалар, оқылық» өлеңімен ашылып, Ыбырай баба соққан жез қоңырау үніне, білім күніндегі көңілді күлкіге ұласады, маңайы қызыл-жасыл гүлге толады. Ұлы бабаның туған, қайтыс болған күндерінде қабірінің басына, құран оқып, еске алуды ұйымдастыруды да жыл ­сайын өткізетін мұражай қызметкерлері. Сондай-ақ мұражай мамандарының ұйымдастыруымен облыс аудандары мен шаруашы­лықтарында «Қонақжай киіз үйде» атты жылжымалы көрме өтеді. 1992 жылы мұражайдың ашылғанына бір жыл толғанда облыстық «Қостанай таңы» газетіне «Көптің келетін орнына айналдырсақ» деп мақала жазған Зора Балтабаеваның арманы орындалды, бұл көптің де арманы еді. Қазір мұражай көрермен көңілінен шығып, мәдениет пен әдебиеттің ордасына, облыс халық-ағарту ісінің, Ыбырайтанудың дерек көзіне, оқу-білімінің жанашыр-жаршысына, бір сөзбен айтқанда, ұлағат ұясына айналды.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры

2961 рет

көрсетілді

142

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы