• Руханият
  • 30 Тамыз, 2017

Руханият – құндылықтар негізі

«Қазақстан — 2050» Стратегиясы мақсаттарына қарай қадам басты. Ендiгi мақсатымыз айқын, ол – әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 30 мемлекеттiң қатарына қосылу. Бұл үшiн Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен экономикалық және саяси жаңғырулар жүзеге асырыла бастады. Мiне, осы бастамалардың барлығы баянды болуы үшiн бiзге санамызды уақыт талабына сай өзгертiп, рухымызды дүр сiлкiндiруiмiз қажет. Мемлекет басшысы өзiнiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл үдерiстi қалай жүзеге асыратынымызды көрсетiп бердi.

Елбасы мақалада қанымызға сiңiп кеткен қасаң қағидалар мен таптаурын түсiнiктердi өзгертпейiнше, бiздiң толыққанды жаңғыруымыз мүмкiн еместiгiн, бәсекеге қабiлеттi ұлтқа айналу үшiн ұлттық санадағы пайдалы, iзгi қасиеттердi қайта түлетiп, кертартпа ойлардан арылуымыз керектiгiн атап көрсеткен. Реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайтынына тоқталған Ұлт Көшбасшысы ұлттық сана-сезiмнiң көкжиегiн кеңейтiп, бiлiмдi, көзi ашық, көкiрегi ояу болуға ұмтылу қазақтың қанында бар қасиет екенiн айтады. Тарихтың ащы сабағынан қорытынды шығарып қана қоймай, өзiмiз күн сайын көрiп жүрген құбылыстардан да ой түйiп, пайым жасау айрықша маңызды екенiн ұғындырады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы қоғамның назарын өзiне аударған өзектi мәселенiң бiрi – латын әлiпбиiне көшу. Бұл жөнiнде Н.Назарбаев «Латыншаға көшудiң терең логикасы бар. Бұл қазiргi заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХI ғасырдағы ғылыми және бiлiм беру процесiнiң ерекшелiктерiне байланыс­ты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тiлiн оқып, латын әрiптерiн онсыз да үйренiп жатыр. Сондықтан жас буын үшiн ешқандай қиындық, кедергiлер болмақ емес. 2017 жылдың аяғына дейiн ғалымдардың көмегiмен, барша қоғам өкiлдерiмен ақылдаса отырып, қазақ әлiпбиiнiң жаңа графикадағы бiрыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әлiпбидi үйрететiн мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кiрiсуiмiз қажет» дедi. Шындығында, бүгiнде компьютерлiк технологиялар да, нақты бiлiм мен ғылымдар да осы әлiпбидi қолданады. Осының барлығын ескерсек, Елбасының бұл бастамасы да барынша ойластырылған әрi уақтылы қолға алынған шара деп есептеймiн. Президенттің осынау сүбелi мақаласын­дағы көңiл қуантар бастамалардың бiрi – «Туған жер» атты бағдарлама қабылдау жөнiндегi ұсынысы. «...басқа аймақтарға көшiп кетсе де туған жерлерiн ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсiпкерлердi, шенеунiктердi, зиялы қауым өкiлдерi мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезiм, ол әркiмде болуы мүмкiн. Оған тыйым салмай, керiсiнше, ынталандыру керек» деген сөзiнде терең мән жатыр. Себебi, бiздiң дана бабаларымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – Қыдырың» деген қанатты сөздi тегiн айтпаған. Туған жерге деген махаббатын жоғалтқандар – өзiнiң алтын арқауынан, түп-тамырынан қол үзiп қалған жандар. Өзiнiң алтын бесiк ауылын сүймейтiн, сағынбайтын, өзi туып-өскен өлкесiн қадiр тұтпаған, оған қал-қадiрiнше пайдасын тигiзбеген адамның бүкiл елдi, Қазақстанды сүйер патриот екенiне көңiл сенбейдi. Сондықтан Елбасының бұл тапсырмасын тиянақты орындау — бәрiмiздiң ортақ мiндетiмiз. Жеке адамның өмiрiнiң мәнi – артынан ұрпақ қалдыру, сол ұрпақ өнеге тұтар iстер атқару десек, тұтас ұлттың мұраты – ғасырларға азық болар рухани мұра мен өзiне ғана тән төл мәдениет қалыптастыру. Ол үшiн бабалардан қалған iзгi дәстүрлер мен руханият­ты сақтап, жаңғыртып, толықтырып отыруымыз қажет. Кең мағынада алғанда руханият дегенiмiз саяси, құқықтық сана, мораль, өнер, ғылым, философия, дiн, қоғамдық идеология мен психологияның бiрлiгiнен құралатын тұтастық. Олай болса, өз азаматтарына дұрыс рухани, дүниетанымдық бағыт бере алмаған қоғамның өмiрi ұзақ болмасы анық. Адамдағы адами қасиеттердi сақтап, дамытатын руханияты ыдыраса, ондай қоғамнан жұрнақ қалмайтынын, мемлекеттiң де көп ұзамай құлайтынын шежiре тарих талай дәлелдеген. Демек, елдi дамытуға, өркендетуге бағытталған әрбiр реформа ұлт руханиятына табан тiреп, содан нәр алуы керек. Ұлттың руханиятына арқа сүйемеген жаңарулар мен жаңғырулар халықты кемел келешекке емес, адасуға ­бастауы мүмкiн.

Нұрлыбек ЖЕҢIСБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы ақпарат-талдау орталығы директорының орынбасары

1410 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы