• Мәдениет
  • 14 Қыркүйек, 2017

Дәстүрден жаңылмау керек

«Рухани керуен» атты облыстық жаңа жобаның мүшелері табиғаты көркем Талғар ауданына табан тіреді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге алған керуеннің басты ұйымдастырушысы – облыстық дін істері басқармасы. «Жеңіс» саябағындағы еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етуден басталған игі шара аудандық мәжіліс залында жалғасын тапты.

– Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп атап айтқан болатын. Елбасы қазақстандықтарға шығармашылық еркіндік пен өмірлік мүмкіндіктер ашып отыр, – деп салтанатты жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы рухани құндылықтарымызды әспеттеп, дәріптеуді мақсат еткен зиялы қауым өкілдерінен құралған жоба мүшелерімен таныстырып өтті. Құрамында есімдері елге мәлім облысымыздың 50 зиялы қауым өкілдері бар жобаның басты мақсаты – ел ішіне шығып, аудан тұрғындарымен кездесу, пікір алмасу. Аудан активімен кездесуде сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Разбекұлы аталған жоба аясындағы жұмыстың барлығы да жастарға арналатындығын атап өтті. Өйткені Елбасы атап айтқандай, «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» екендігін ескеріп, құрақтай жайқалған жастармен жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды. – Елбасының тарихи маңызға ие бағдарла­ма­лық мақаласында бүгінгі күнгі өзекті мәселе – рухани жаңғыруымыздың қажеттілігі баса айтылады. Мемлекет басшысы жаңа бастама көтеріп, даму жолымызды жан-жақты айқындап, бағдарлап берді. Біріншіден, конституциялық реформа арқылы саяси-экономикалық жаңғыруға, екіншіден, елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көтеру, үшіншіден, рухани жаңғыруымызға жол ашып отыр, – деді жиында сөз кезегін алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев. – Ғалиасқар Төлендіұлы рухани жаңғыруда қойып отырған маңызды мәселенің бірі – «сананың ашықтығы», сол себепті, жаһандану үрдісіндегі басты талап – әлемдік тілдерді меңгеруге ұмтылу екендігін тарқатты. Сондай-ақ баяндамашы ұлттық кодымыз­дың негізгі белгілері мен қазақ халқының салт-дәстүрінің басты қағидаларын атай келе, ұлттық сананы жаңғырту жолында жауапкершілік пен сенімді құстың қос қанатындай тең ұстау қажеттігімен ой қорытты. Актив жиынында жарыссөзге шыққан Еңбек­ші­қазақ ауданының Құрметті азаматы Нысанбай қажы Рәтбекұлы мен ақын Кәмнұр Тәлімұлы тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекетіміздің қуатты болуы жас ұрпақтың ұлттық салт-дәс­түрді сіңіре отырып, рухани өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты екенін ортаға салды. Көпті көрген көнекөз қария қоғамда жиі ұшырасатын жағымсыз әрекеттерден жастарды сақтандыру, имандылыққа ұйыту, адамгершілікке баулу ортақ міндет екендігін айтты. Санаға жарық сәулесін төккен салтанатты жиын соңында аудан өнерпаздары ән-жырдың тие­гін ағытып, жүректерді күмбірлі күймен тербетті. Рухани жаңғыруға өзіндік үлес қосуды діттеген «Рухани керуен» жобасы ауданның бірнеше мекемесінде түрлі тақырып аясында жалғасты. Айталық, аудандық кітапханада «Дінаралық татулық – болашаққа нық қадам» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Онда дінтанушы Тимур Нүсіпханұлы терроризм мен экстремизмге қатысты ойын ортаға салса, Кәмнұр Тәлімұлы дін тазалығы турасында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар аудандық ауруханада, халыққа қызмет көрсету орталығында да Рухани жаңғыруды арқау еткен тұщымды тақырыптар төңірегінде кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындармен ашық пікір алмасулар болды. Жобаға қатысушы жастарға «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» тақырыбындағы кітап және сурет көрмесі де ерекше әсер қалдырды.

Ұлбосын ИСАБЕК Алматы облысы Талғар ауданы

900 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы