• Тұлға
  • 15 Ақпан, 2018

Дені сау бала – елдің келешегі

Елімізде ана мен бала денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Елбасының Жолдауларында, денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған бағдарламаларда бұл мәселе назардан тыс қалған емес. Өйткені бала – біздің болашағымыз. Осы ретте медицинаның маңызды саласы – балалар хирургиясы туралы сөз қозғасақ дейміз. Тақырыпты зерттей отырып, бұл саланың өзіне тән өзекті мәселелері бар екенін аңғардық. Көкейде көптеген сауал­дар туындады. Бұл орайда, яғни балалар кардиохирургиясының еліміздегі ахуалы жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, медицина ғылымының кандидаты, балалар кардиохирургі Гүлжан Сәрсенбаевамен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Айта кетейік, балалар хирургиясының білікті маманы Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасында жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрінді.

– Гүлжан Ескендірқызы, әңгіме­міз­дің басында еліміздегі балалар хирур­гия­сының көкейкесті мәселелері туралы айтып өтсеңіз... – Балалар хирургиясы бұрынғыдай емес, қазір заман талабына сай дамып келеді деп айтуымызға болады. Бұл салаға елімізде ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда науқасқа нақты диаг­­ноз қоюға толық мүмкіндіктер бар. Шетелдік емханалармен, орта­лық­тармен де байланысымыз жақсы жолға қойылған. Кез келген уақытта бірлесе жұмыс атқаруға, өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасалған. Қажет кезде интернеттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, «онлайн» жүйесі арқылы ті­ке­лей байланысқа шыға аламыз. Мамандармен бірге өткізетін операция­лар да болып тұрады. Италия, Польша, Корея, Украина және т.б. елдердің дәрі­гер­лерімен тәжірибе алмасып тұрамыз. Біздің орталығымызда кардиология, хи­рургия және т.б. салалар бойынша өзін­дік мектеп қалыптасқан. Есімі елі­­мізде ғана емес, шетелге де кеңінен та­­ны­мал Камал Ормантаев, Нұрлан Ақпаров сын­­­ды білікті де білімді, тәжірибесі мол дәрігерлерден қашанда үйренеріміз көп. Өзекті мәселелерге келетін бол­сақ, ол, әрине, кадр тапшылығына қатысты деуімізге болады. Өйткені кезінде медициналық университеттерде педиатрия мамандықтары жабылып қалды ғой. Соның салдарынан кадр тапшылығының мәселесі туындап отыр. Бүгінде педиатр мамандардың жетіспеушілігі айқын білінуде. Сонымен қатар кардиолог, неонтолог, реаниматолог мамандарға да зәрулік бар. Жұмыс ауқымы көп болғаннан кейін дәрігерлерге де оңай емесі анық. Мысалы, бөлімшедегі реаниматологтарымыздың атқарып отырған еңбегі ерен. Оны бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Олардың кейбір кездерде 48 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істейтін кездері болады. Сәбидің жанын сақтап, өлім аузынан аман алып қалу үшін реанимация бөлімінде жұмыс істейтін дәрігерлер мен медбикелер, өзге де қызметкерлер бар күш-жігерін салады. Уақытпен санаспайды, мақсат біреу ғана – денсаулығы нашарлаған нәрестені сақтау. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер өз мамандықтарына адал азаматтар. Сондықтан сіздер сияқты БАҚ өкілдері олардың жасап жатқан қажырлы еңбектерін жұртшылыққа жан-жақты таныстырып отыруы керек деп ойлаймын. – Балалар хирургиясы – өте нәзік дүние екені сөзсіз. Осы салада қызмет етудің жауапкершілігі де ауыр болар... – Дұрыс айтасыз. Бұл саланың өзіне тән жауапкершілігі болатыны сөзсіз. Бала денсаулығы бәрінен қымбат қой. Үлкен адамдар ауруға біршама төзімді келуі мүмкін. Ал баланың ағзасы нәзік болғандықтан әрбір минут, тіпті әрбір секундтың өзі біз үшін мәні зор. Дұрыс шешім қабылдап, тез арада іс-қимыл танытпасақ, нәресте өміріне айтарлықтай қауіп төнуі әбден мүмкін. Сондықтан мұндай жауапкершіліктің жүгін бәріміз жақсы сезінеміз. Бойындағы дерті мазалаған әр бала­ның жылаған дауысынан оның қай жері ауырып тұрғанын білікті маман бірден ажыратады. Тіпті нәрестенің бет-әлпетінен, көзінен, тамақтануынан сырқатының елу пайызын анықтауға болады. Көпшілігі балалар дәрігері болуға жүрексінеді. Ал мен керісінше бала дәрігері болуды қаладым. Әрине, қиындығы да, ауыртпалығы да мол мамандық. Бірақ дертінен құлан-таза айығып шыққан баланың қуанышын, ата-анасының алғысын көргенде, жасаған еңбегіңнің еш кетпегенін сезгенде бұдан асқан мәртебе жоқ шығар. Нәрестенің ағзасы үлкендер тәрізді емес, көп ауруға шалдыға бермейді. Көп болса, 3-5 ауру түрі жиі кездеседі. Сондықтан өз ісін жетік білетін маман оның сырқатын бірден анықтап, тиісті ем-дом шараларын жасайды. Біздің қызметімізде ең бастысы нәрестенің жан дүниесін түсіну керек. Кардиохирург жай хирургтен де, кардиологтан да жоғары тұруы тиіс. Мен, мысалы, ультрадыбыспен жұмыс істейтін кардиохирургпін. Елімізде мұндай мамандар жоқтың қасы. Бұл саланы Санкт-Петербург қаласына барып арнайы оқып келдім. Ультрадыбыспен жұмыс жасауды үйренуге тура келді. Өйткені оның бала денсаулығын сақтаудағы мүмкіндіктері мол. Кейде нәрестенің жүрегіндегі ақауды УЗИ құрылғысымен анықтау мүмкін болмай жатады. Осындай кезде ультрадыбыс көмекке келеді. Жалпы менің ұғымымда, балалар дәрігері көп ізденіп, көп оқуы керек. Өйткені білім күн сайын жаңарып жатыр. Көптеген ғылыми жаңалықтар енгізілуде. Өз білімін үнемі жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан шыңдалып отырған дәрігерлер ғана көш басында болады. Бүгінгі уақыт бізден соны талап етіп отыр. Жас мамандарға айтарым, кейбір дәрігерлер баланың денсаулығына қатысты мән-жайды толыққанды біл­местен, бірден ота жасауға бейім болып тұрады. Бұл дұрыс емес. Баланың ағ­засын жіті бақылап, содан кейін ғана іске кірісу керек. Әйтпесе, сәтсіздікке бой алдыруы мүмкін. – Қазіргі таңда балалардың туа бітті аурулары не себептен көбейіп бара жатыр деп ойлайсыз? Солардың ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары туралы не айтасыз? Емдеу қалай жүргізілуде? – Бұл мәселе әлемде де, біздің елімізде де 20 жылдан астам уақыттан бері тал­қыланып келе жатыр. Рас, қазір балалардың туа бітті аурулары өте көп. Оның әртүрлі себептері бар. Біз жан-жақты талқылап, зерттеу жүргізіп, талдау жасап, саралап отырамыз. Әр аурудың себебін, салдарын іздейміз. Мәселен, жүрек-қан тамырлары ауруларын алайық. Ең бірінші себебі – вирустық инфекция, яғни ағзадағы жұқпалы ауруды қоздырушы індет. Нәресте жүрегі ана құрсағында жатқанда 6-8 аптада жетіледі. Дәл осы кезеңде жеңіл тұмау, созылмалы тұмау, сәл суық тигізіп алу, дене қызуының көтерілуі, т.б. ағзада болған ақаулардың барлығы нәрестеге әсер етеді. Екінші – қан аздық. Үшінші – күйзеліске түсу. Сондай-ақ компьютерде көп отыру да, экология да өз әсерін береді. Сон­дықтан дені сау ананың баласы да сау. Ең алдымен, әр ата-ана өз денсау­лығына мән беруі керек. Жылына жүрек қан-тамырлары ауруларына шалдыққан үш мыңдай нәресте өмірге келеді. Балалар кардио­хирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімшесінде нәрестелік кезеңнен бастап жасанды қан айналдыру аппаратын қолдану және шағын инвазивтік эндоскопиялық араласу арқылы балалардың жүрек-қан тамырлары жүйесінің күрделі туа біткен даму ақауларына түзетулер жүргізіледі. Кардиохирургия бөлімі ашылғалы бері қарынша аралық қалқа ақауларын, жүрекше аралық қалқа ақауларын жабу, үлкен аортоөкпелік коллатеральдық артерия және ашық артериялық түтік кезінде эмболизация, ашық артериялық түтікті стенттеу және т.б. ота жасалып, 1000-нан аса бала науқасынан айықты. Жылына орта есеппен жүрекке 400-ден астам ашық операция және 300-ден астам эндоваскулярлық операция жасалады. Бүгінгі күні кардиохирургияда нәрестелердегі жүректің күрделі ақауын түзету бойынша емдеудің жаңа технологиялары енгізілді. – Жас аналарға қандай ақыл-кеңес бересіз? Жалпы бала денсаулығын күту үшін не істеу керек? Бала жүрегін қалай қорғауымыз керек? – Ата-ана денсаулығын күтуді өзінен бастауы керек. Қыз бала бойжеткен шағында да міндетті түрде емханадан тексерілуден өтіп тұрғаны жөн. Қазір қан аздық, әртүрлі жұқпалы індеттер көп. Асқындырып алмай, уақытында емделген дұрыс. Екіншіден айтарым, жас ана құрсағына нәресте біткен бойда тіркеуге тұруы тиіс. Сонда дер кезінде бақылаудан өтіп, дәрігерлердің қарауында болады. Бізде жүріп-жүріп, 9-шы айында келетіндер бар. Нәресте бойына біткеннен бастап 16-18, 21-22, 34-35 жетіде УЗИ-ге түскенде, жүрек ақауы бар ма, жоқ па, анық көрсетеді. Сон­дықтан кез келген аурудың алдын алғаны жөн. – Балалар хирургиясы саласына келіп жатқан білікті жас мамандардан кімдерді атар едіңіз? – Балалар хирургиясындағы білікті маман деп қазіргі таңда Алмас Бердібеков пен Жанат Болатбекұлын айтар едім. Алмас жас болса да, өзінің болашағынан мол үміт күттіретін маман екенін байқатты. Білім-білігінің арқасында үш жылдың ішінде бөлім меңгерушілігіне дейін көтерілді. Жанат Болатбекұлы Мәскеуде аспирантураны тәмамдады. Отаны жақсы жасап жүр. Соңымыздан ерген жастарға ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдар сілтеп отырмыз. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, біздің салаға жақсы мамандар көбірек келуі керек. Сонда балалардың денсаулығын сақтап, еліміздегі балалар хирургиясының даму көкжиегін одан әрі кеңейтеміз. – Сіз еліміздегі «100 жаңа есімнің» қатарынан көріндіңіз. Бұл қажырлы еңбегіңіздің жемісі екені сөзсіз. Осы жобада жеңімпаз атанғаныңызды естігенде қандай сезімде болдыңыз? Елбасымен өткен кездесудегі әсеріңізбен бөліссеңіз? – Әрине, қатты қуандым. Себебі бұл салада 18 жылдан астам уақыт тер төгіп келемін. Алғашында Тал­ғардағы медициналық училищеге түсіп, 18 жасымда сол жердегі ау­руханада ота жасайтын бөлмеде мейірбике болып жұмыс атқардым. 2000 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық уни­верситетінің педиатрия, 2001 жылы осы оқу орнының бала хирургиясы интернатурасын бітіріп, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімшесінде балалар хирургы болып еңбек жолымды бастадым. Ол кезде жүрек ауруымен ауыратын нәрестелер көп түсетін. Оған оттек берілгенімен, жағдайы жақсара қоймайды. Сол мезетте «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға мүмкіндік туып, мен бірден кардохирургия саласын таңдадым. 2005-2008 жылдары Мәскеудегі А.Н.Бакулев атындағы Жүрек қан тамырлары ғылыми орталығының аспирантурасында білім алып, нәрестелер бөлімшесінің кардиохирургия бөлімінде істедім. Дәрігерлермен бірге отаға кіріп, оның қалай жасалатынына, баламен қалай жұмыс жасау керектігіне қатты мән бердім. Кітапханаға жиі барып, қажет жерін көшірме жасап алатынмын. Мәскеуде алған білімім Қазақстанға келгенде қажетіме жарарын білдім. Елге келгеннен кейін Аста­надағы Ана мен бала орталығында, Алматы­да­ғы Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында жұмыс жасап, алған білімімді елімнің болашағы үшін жұмсадым. Нәрестеге оттек берілмейтінін іс жүзінде дәлелдеп, талай сәбиді өлім аузынан аман алып қалдық. Қаладағы №2, 3, 5 перзентханалармен тығыз қарым-қатынаста болдық. 100 баланың жоқ дегенде 20-сын Ресейге, Түркияға және т.б. шет мемлекеттерге емделуге жіберетінбіз. 2012 жылы Педиатрия және ­балалар хирургиясы орталығынан нәрестелерге ота жасайтын кардиохирургия бөлімшесін ашуға ұсыныс түскенде бірден келісім бердім. Білімім мен тәжірибеме сеніп, орталық базасында бала кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімшесінің негізін қалаушы әрі алғашқы мең­геру­шісі ретінде жұмысқа кірістік. Міне, «100 жаңа есім» жобасына енуім осы еңбектеріме берілген жоғары баға деп есептеймін. Еліме, Елбасына рақмет айтамын. Ал Елбасымен болған кездесу менің өмірдегі жарқын белестерімнің бір парасы. Алған әсерім тіпті ерекше. Білімді жастарды көрдім. Қарап отырып, оларды тыңдап отырып, сүйсінесің. Еліміздің болашағы – шын мәнінде жастардың қолында екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Бағдагүл Балаубаева

4114 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы