• Руханият
  • 26 Тамыз, 2010

Ораза әні – «Жарамазан»

Жылда Рамазан айы айналып келген сайын ойыма жиi оралып, мазамды ала бастайтын бiр сөз бар. Дұрысы, сөз емес – ұғым. Әрине, тыңнан жаңалық ашайын деп отырғанымыз жоқ, көзжұмбайлықпен жылы жауып қоя салуға да болар едi. Бiрақ бұл жай балама сөз емес, атаусөз болғандықтан, үндемей қалудың ретiн таппадым. Өйткенi соңғы кезде бұл сөздi кiм қалай қолданғысы келсе, солай кетiп барады. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, «жарапазан» сөзiне байланысты біраз ойларды ортаға салуға тура келеді. Анығырағы, «жарамазан» деп жазып-айтудың орнына «жарапазан» деп қолданудың кең етек алып бара жатқандығы туралы.

Теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, газет-журналды парақтасаң да, ғаламтор қарасаң да осылай айтып, осылай жазып жүр. Ұмытпасам, елiмiзге белгiлi «Арқас» тобының «Жарапазан» атты танымал әнi болғаны да есiмiзде. Бұл ненi көрсетедi? Бұл олардың Ислам дiнi тарихына көп үңілмегенін көрсетедi. Сонымен бiрге Ислам дiнiне байланысты қазақтың салт-дәстүрiн, одан қалса, жалпы халықтың өнерiн, оның шежiресiн үстіртін шолатынын аңғартады. Айналаңыздағы адамдардан «жарапазан» деген не сөз? Ол қандай мағына бiлдiредi?» деп, сұрап көрiңiзшi. Бiздiңше, ешкiм толыққанды жауап бере алмас едi. Шын мәнiнде, бұл ескiрiп, қолданыстан шығып, уақыттың еншiсiнде қалып қойған архаизм де сөз емес, қайта халықтың жаппай дiнге бет бұруына байланысты бұрынғыдан да тереңiрек мәнге ие болып, жаңғырып отырғандығы мәлiм. Сондықтан «жарамазан» атау сөзiнiң дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, басын ашып алу керек деп ойлаймыз. Алдымен анықтап алатын жайт, жарама­зан – тек қазақ халқына тән дiни әдет-ғұрыпқа жататын, қазақтың арасында ғана қолданы­лып жүрген Оразаның әнi екендiгi. Сонымен қа­тар Өзбекстанның қазақтар тұтаса қоныстан­ған ауылдарымен қоңсылас өзбектер арасында ептеп байқалады. Анығында, олар қазақтарға елiктеп айтады. Әйтпесе, таза алатақиялылар тұратын Сухандария, Ферғана жазығындағы, тiптi терiстiктегi Самарқан, Бұқара аймағындағылар жарамазанның не екенiнен мүлдем бейхабар. Иран, Ауғанстан, Пәкiстан, Ирак, тiптi түбi бiр Түркия, сондай-ақ жақын Шығысты қолтығының астына алып, қанаты жайылып жатқан Араб жұрттарында мұндай жоралғы, мұндай ғұрып атымен жоқ. Рас, ғалым Х.Г.Көрұғлының айтуынша, мұндай дәстүр түрікмендер мен әзiрбайжандарда болыпты, бiрақ қазiр ұмытылған. Осы орайда айта кететiн нәрсе, қазақ ғалымдары жарамазанға өткен ғасырдың басынан-ақ назар аударып, фольклор тарихына қатысты зерттеулерiнде жеке жанр ретiнде орын берген. Оны арнайы зерттеу нысаны еткен ғалымдар да болды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин, одан кейiн Бейсембай Кенжебаев, тағы басқалар. Соның iшiнде Х.Досмұхамедов: «Поэзияның қазақтың таза халықтық әдебиетiнен келесi бөлiмге – рухани-дiни әдебиетке ауысатын ерекше бiр түрi», – деп жазды («Аламан». А:, «Ана тiлi», 1991 ж.). Ол осылайша жарамазанды Ислам дiнiмен байланыстырса да, «әдебиеттiң бұл түрi орыстардың «колядованиесiн» еске түсiредi», – деген. Ал «календа» алдымен ежелгi римдiктер мен гректердiң арасында кең тараған өлеңнiң түрi болғандығы белгiлi. Ал Ораза әнiнiң пайда болу уақытына келсек, оның қай дәуiр, қай кезеңнен бастау алғанын тап басып ешкiм айтып бере алмайды. Ондай мәлiмет жоқ. Дегенмен өте ерте замандарда пайда болып, қазiрге дейiн желiсi үзiлмей жалғасып келе жатқан келелi кәде екенi даусыз. Расында, осыған дейiнгi ғылыми еңбектердiң бәрiнде жарамазанның шығу тегi Ислам дiнiмен байланысты қабылданып келдi. Алайда кейiнгi кезде ғалымдар жарамазан архаикалық жанрдың түрiне жататынына, оның көне түркiлiк те тегiнiң болғандығына назар аудара бастады. Жарамазан Ислам дiнi қазақ жерiне келгенге дейiн де жергiлiктi халық кең пайдаланып келген өлеңнiң түрi екендiгiне мән берген ғалым Риза Әлмұханова оны Алтайдағы мұсылманданбаған түрiк тайпаларының бiрi – телеуiттердiң фольклоры арқылы дәлелдейдi. Тек оның аталуы «жарамазан» емес, орыс транскрипциясымен «Урей» деп жазылған екен. Аталуы екi басқа болғанымен мәтiн мазмұны, негiзгi айтар ойы, идеясы мен құрылымы бiрдей болып шыққан. «Бұл жанрға тән мәтiндерде ежелгi наным-сенiмнiң орын алуына телеуiт фольклоры да дәлел бола алады. Ол мәтiнге қарағанда өлең айтушы әуелi «Чайбалбай туруп бай болгор», «Тетон пеш йаш йажасын» деп, жақсы тiлектерiн бiлдiредi. Ал айтқан өлеңiне сыйақы бермесе немесе берген нәрсесiне көңiлi толмаса, «үйiңдi аю келiп тырнасын», «үйiңдi шайтандар келiп тас-талқан қылсын» деген қарғыстар айтатын болған. Ендеше, бiзде жарамазан деген атаумен сақталып қалған фольклорлық шығарманың жанрлық ерекшелiгi осында», – деп түсiндiредi мұны ғалым («Қазақ фольклорындағы антикалық сарындар». -А.: «Арыс», 2009 ж.). Ғалымның көрсетуiнше, Ораза әнi әу баста бай мен кедейдiң, жақсы мен жаманның теңескен мейрамында (жаңа күн мерекесi – Наурыз деп түсiне берiңiз) айтылатын өлең кейiн кедей-кепшiкке көмектесудi сауапқа жазатын Ислам дiнiнiң келуiмен орайласып, Рамазан айындағы жарамазанға ұласқанға ұқсайды. Бүгiнгi бiзге белгiлi жарамазан мәтiндерiнен Ислам идеяларымен бiрге көне түркiлiк ұғымдардың да қатар жүргенi – соның дәлелi. Бұл байыптаулар жарамазанның бастапқы ғарыштық мәнi «тазару, жаңару» деп қабылдауға мүмкiндiк беретiндей. Ендi «бұл дiни рәсiм жөнiнде бұған дейiн мерзiмдiк баспасөзде, кейбiр әдебиеттерде үзiп-жұлып сөз болғанымен, неге түбiрлi ғылыми зерттеулердiң нысанасына айнала қойған жоқ» деген мәселеге келейiк. Оның бiрден-бiр себебi, жарамазан Кеңес идеологтарының «қара тiзiмiне» iлiнiп, iлгерi дамуына жол берiлмедi. Олар жарамазанның әлеуметтiк мән-маңызын бұрмалап, өңiн айналдырып, қайыршылардың әнi етiп көрсетуге күш салды, оны айтатындарды «ескiлiктiң сарқыншағын аңсаушылар, дiни дүмшелер» деп айыптап, қудалауға ұшыратты, партия-әкiмшiлiк тарапынан әртүрлi жазалар қолданып отырды. Соның кесiрiнен қазақ халқының өмiр-салтына айналған жарамазан әдет-ғұрыптық, тарихи-мазмұндық мән-маңызы бар құбылыс ретiнде әдебиетшiлер мен этнографтардың, тiлшi-ғалымдардың назарынан тыс қалды. Шын мәнiнде, жарамазан ешқандай ескiлiктiң де, қайыршылықтың да нышаны емес, керiсiнше, он екi айдың сұлтаны – Рамазанның қастерлi де қасиеттiлiгiн әнмен паш етудiң, оның сән-салтанатын көтерудiң көрiнiсi деуге болар едi. Яғни Алланы мадақтау арқылы Оразаның мәртебесiн уағыздау, бе­ре­кесiн арттыру. Түпкi мақсатында қасиеттi Ра­мазан айын ұлықтау арқылы Ислам дiнiн на­сихаттау, оның артықшылығын таныту жатыр. Ораза әнінің тек қазақ халқына тән кәде екенiн ескерсек, бұл жыр түрiнiң дүниеге келген уақытын ХIV ғасырдың аяғы не ХV ғасырдың бас кезi деп шамалаймыз. Яки Қазақ хандығының жеке шаңырақ көтерген уақыттан кейiнгi дәуiрге тұспа-тұс келедi. Әрине, анық-қанығын арнайы зерттеу жүр­гiзген ғалымдар дәлелдей жатар, бiз өз пайым­дауымызды ғана алға тарттық. Бiлесiз, осы кезеңде қазақ даласында жазу-сызу едәуiр кенжелеп, оның орнын ән мен күй, жыр мен айтыс толтыра бастағаны белгiлi. Сол қиын тұста Ислам дiнiн, Рамазан айының қадiр-қасиетiн, Оразаның пайдасын, оның басқа айлардан артықшылығын дәрiптеудi жарамазан арқылы жүзеге асыру көзделген сияқты. Ал оның халық арасындағы беделi Кеңес идеологтарын алаңдатқаны анық. Қауiптенгенi сондай, тiптi Ораза әнiн пайдалануға қатаң тыйым салуларды да жасады. Әйтпесе, қазаққа ғана тән одан басқа жар-жар, аужар, сыңсу, қоштасу, айтыс, жоқтау сияқты салт-жоралғылардан мұның ешқандай да айырмашылығы жоқ десе болады. Ендiгi бiр айтарымыз, әр ұлттың рухани болмысы, мәдениетi мен әдебиетi, тiлi мен дiлi өздерi өмiр сүрiп отырған қоғамның әлеуметтiк деңгейiмен тiкелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде жарамазан (Ораза әнi) қоғамды ажыратушы, бөлектеушi емес, керiсiнше, үйлестiрушi, бiрiктiрушi күшке ие. Өйткенi жыр өзегi – өмiр. Яғни жарамазан өмiрге ниет жасаудан, үмiт етуден пайда болған дәстүр. Өзiнiң iшкi әуенiнен адасып қалған қоғамның арын түзейтiн, иманын келтiретiн рәсiм. Оның бұқара арасында ықпалды болғаны сондықтан деп ойлаймыз. Ықпалды болу дегеннен шығады, жарамазан кез келген үйдiң есiгiнiң алдында айтыла бермеген, таңдаулы, көңiлi ашық, қолы жомарт, тұрмыс-тiршiлiгi келiскен, кеңпейiл кiсiлердiң үйлерiн таңдап айтқанға ұқсайды. Неге? Бiрiншiден, жарамазаншылар өздерiнiң көкейiнде пiсiп-жетiлген тiлек-арыздарын жеткiзудi мақсат етсе, екiншiден, рахмет нұры төгiлген айда үй иесiне мадақ айтып, дүниенiң жалған, бәрiмiз де бұл өмiрге уақытша қонақ екенiмiздi, ең басты байлық – өзара сыйласып, бiр-бiрiмiзге сүйеу, тiреу болып қолтықтаса, иықтаса ғұмыр кешу екенiн жыр тiлiмен ақтаруды парыз санаған сияқты. Қалай болғанда да, жырдың тiлiне үңiлген адам осындай тоқтамға келетiнi сөзсiз. Ендiгi бiр анықтап алатын мәселе – жарамазанның пайда болуы қазақтың дәстүрлi ән өнерiнiң табиғатымен тiкелей байланысты екендiгi. Қазақ әндерi мазмұны мен мән-мағынасы тұрғысынан бiрнеше тармақтарға бөлiнетiнi мәлiм. Әндегi мазмұн мен мән-мағына дегенiмiздi қазақтың арнау әндерi айналасынан көруге болады. Бiлесiз, арнау әндер екi кiсiнiң басы қосылған жерде айтыла беретiн бұқаралық ән түрiне жатпайды. Зерттеулерге қарағанда, әннiң бұл түрiне жар-жар, қыз бен жiгiт айтысындағы қағытпа сөздер, әлдекiмге мадақ айту әнi, тiптi сыңсу, жоқтау сарыны да осыған кiредi. Мәселен, қыз ұзатылмаса жар-жар айтылмайды, қыз сыңсымайды. Өлiм болмаса жоқтау да жоқ. Тұлға болмаса мадақ та айтылмас едi. Мадақ көбiнесе әлдекiмнiң той-салтанатына қатысты шырқалады да, белгiлi бiр адамға не соның әулетiне арналады. Сол секiлдi қазақта белгiлi бiр салт-жоралғыларға ғана арнап айтылатын ән бар. Ол – жарамазан. Көрiп отырғанымыздай, «жарамазан» сөзiнiң түпкi негiзiнде Рамазан сөзi жатыр. Яғни «жарамазан» – рамазан әнi дегенге саяды. Осындағы «жар» сөзi қазақтың үйлену дәстүрiнде көп қолданылатын «жар-жар» тiркесiн еске түсiредi. Осы тiркес, бiрiншiден, өмiрдегi қуаныш пен шаттықтың салтанатын бiлдiретiн сазды ұғым болса; екiншiден, осы «жар» сөзiнiң – дос, көмекшi, серiк деген де мән-мағынасы бар. Пiкiрiмiздi дәлелмен бекiту үшiн «Аллажар» сөзiн алайық. Ол «Алла жар болсын», «Алла серiк болсын» деген тiлек мағынаны бiлдiредi. Әйтпесе адам түшкiргенде не кенеттен сүрiнiп кеткенде тiлге үйiрiлетiн «жаракiмалла» деген одағай сөздi алайық. Осы сөздегi «жар» – дос, көмекшi, серiк ұғымын берсе, кiм (дұрысы – кум) – Сiзге (Сiздi), ал Алла – кәдiмгi көк пен жердiң Иесi мағынасымен ұқсас. Бұдан «Алла сiзге жар болсын» деген тiлек сөз шығады. Қазақтар Алланың орнына кейде Құдай, кейде Тәңiр сөздерiн алмастырып қолдана бередi. Демек, «жар-жар» тiркесiнiң «дос, көмекшi, серiк» мағынасына қоса жар болу мәнiне ие екенiн аңғарамыз. Тiптi «жар-жар» деген қайырманың өзi жай ырғақ үшiн емес, ол екi жақтың құлағына «ендi жар болдыңдар», «бiр-бiрiңе серiк болдыңдар», «қосақ болдыңдар» дегендi сiңiрiп, қанықтыру үшiн қайталанып айтудан туындаған сияқты. Ол – ол ма, бiздiңше, «Жаратқан», «Жаратушы» сөзiнiң семантикасында да осы ұғым жатқандай... Одан басқа қазақта «жарғы», «жарлық», «жаршы» деген ескiден келе жатқан сөздер бар. Бұлардың да түбiрi – «жар». Мұндағы «жарғы» – көне түркi тiлiнде «ярғу» деп таңбаланады. Ол сот шешiмi, заң, билiк, жарлық дегендi бiлдiредi. Ә.Марғұлан бұл сөзге назар аударып, оны – «қақ жарудан, қара қылды қақ бөлуден» шыққан сөз деп болжайды. Ауғандарда «Лойо жырға» (үлкен жырға) жоғары өкiлеттi орган екенiн айта келiп, ғалым А.Өсерұлы «жырға» сөзi көне түркiлiк «ярғу» – «жарғыдан» шыққан дейдi. Көрiп отырғанымыздай, «жарғы» – қазақ әдет-ғұрыптарының негiзгi қайнар көзiн құрайтын ережелер деген ұғымға сәйкес келедi екен. Кейбiр зерттеушiлер «жарғы» – қазақ әдет-ғұрып құқығының мемлекет тарапынан санкцияланған ерекше түрiн бiлдiретiн сөз деген пiкiрде. Қалай дегенде бұл мысалдар көне түркi тiлiндегi «жар» (яр) етiстiгi мен «заң» ұғымының бiр-бiрiне қатыстығын аңғартады. «Жарлық» сөзi де – осыған ұқсас «заң, бұйрық» деген сөздердiң синонимi. Мысалы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есiм ханның ескi жолы», «Әз Тәукенiң жетi жарғысы» қазақ халқының рухани мәдениетiнде ерекше мәнге ие. Бұл iрiлi-ұсақты нормативтiк-құқықтық жинақтар – бұқараға бағытталған, адам құқығы мен бостандықтарын реттеуге арналған жүйенiң бiр түрi. Ал «жаршы» деп хандар мен билердiң жарлығын, бұйрығын бұқара халыққа жеткiзiп тұратын адамды айтады. «Жарнама» – бүгiнде кең қолданысқа түскен баршаға белгiлi жаңа сөз. Ендеше, осы түбiрден туындайтын «жарамазаншы» атау сөзiне келсек, ол Рамазан айының кiргенiн халыққа жеткiзушi, мадақтаушы, жырлаушы адам болып шығады екен. Осы орайда тағы бiр мысал: қазақта «жан жарым» деген сөз бар. Бұл – негiзiнен некелi жандардың арасында қолданылатын атау сөз. Мағынасы – жан досым, жаныма көмек берушi, жанымның дәруi дегенге келедi. Демек, байырғы қазақтар өздерi мереке деп есептеп, қадiрлеген Ораза айы – Рамазанға «жар-жар» арнауы табиғилық деп бiлемiз, себебi мұның белгiлi тарихи ортада қалыптасқан халықтың өз болмысына байланысты дүниеге келгендiгi күдiк тудырмайды. Сөйтiп, Оразаны жанына дәру берушi дос, жар, серiк санаған қазақтар бiр ай бойы күнде кешкiсiн ауылдастарының есiгiнiң алдына барып, оларды Рамазанға арналған мадақ әнiмен құттықтауды дәстүрге айналдырған. Рас, оны күндiз айтуға рұқсат етпеген. Тек кешкiсiн ауыз ашып болған соң ғана айтылуы жөн деп тапқан. Мiне, Рамазан айында ғана айтылатын осы әндi халық «Рамазан жар-жары» деп әспеттесе, уақыт өте келе айтылуы оңай «жарамазан» сөзiне ауысқан. Ол айтыла-айтыла қатар келген екi дауыссыз дыбыс бiр-бiрiне кiрiгiп, «жарамазан» деген тұтас бiр атаусөзге айналған. Яғни жарамазанның мәнi – Рамазанды қысылғанда көмек қолын созатын дос ай ретiнде ұлықтау, мәртебесiн көтеру, берекесiн арттыру. Жарамазан неге «жарапазан» болып өзгерiп кеткен? Анығында, бұл сауалға да ешкiм нақты жауап бере алмайды. Нақты жа­уап бере алмаудың объективтi де, субъективтi де себептерi көп. Ал, бiздiң ойымызша, ең бас­ты себеп – халық арасында үлкен құрметке ие Ораза айының, сол арқылы Ислам дiнiнiң беделiн түсiру болған сияқты. Өйткенi ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде қазақ даласына кең тараған «Дала уәлаяты», «Қазақ», тағы басқа газеттерде «жарамазан» деп қолданылып келген бұл сөз өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан кейiн неге екенi бiрден «жарапазан» болып өзгерген. «Неге бұлай болды?» деп, бұған қатысты ескi кiтаптар мен жырларды, зерттеу мақалаларын ақтарып қарасақ, «ең көне дерек» болып қолға iлiккенi – «Социалды Қазақстан» газетiнiң 1938 жылғы қараша айындағы бiр нөмiрi болды. Ислам дiнiн жерден алып, жерге салған бiр шалағай қаламгер өз мақаласында жарамазанды «жарапазан» деп жазып жiберiптi. Сiрә, жарамазанның кейiнгi уақыттарда «жарапазан» деп қате аталып кетуiне осындай шалағайлық себеп болған сияқты», – деп жазды М.Әбдәкiмұлы өз мақаласында. Бұл шын мәнiнде мақала авторының қателiгi ме, әлде корректордың шалағайлығы ма, анығында ешкiм бiлмейдi. Қазақ тiлiнiң қадiр-қасиетiн терең бiлетiн бiрде-бiр жазушы мұндай қателiкке жол бермес едi, керек болса, ол кезде «қызыл цензураның» қатаң бақылауынан сүзiлiп өтетiн партиялық органда мұндай «елеусiз» қателiкке «жол берiлгенiнiң» өзi көкейде кiсәпiр күмән тудырады. «Жарапазан» сөзiнiң қолдан жасалған жасанды «қателiк» болуы мүмкiн-ау деп отырғанымыз сондықтан. Қалай десек те, сол уақыттан бас­тап бұрынғы жарамазан сөзi «жарапазан» болып бұрмаланып, қолданысқа ене бастаған... Сонымен отыз күн Ораза айында айтылатын Рамазан әнiн ешбiр мағынасыз «жарапазан» деудi қойып, өзiнiң байырғы төл атауы «жарамазан» деген сөзге оралсақ, бұған ешкiм дауласпайтын шығар деп ойлаймыз. Айтпақшы, өткенде бiр жалпақ елге кеңiнен танымал беделдi ағамыздың үйiнде ауызашарға қатыстық. Сонда бiреу «жарамазанды Оразаның басында үш күн, аяғында үш күн айтқан дұрыс» деп бiлгiшсiндi. Бiздiңше, бұл дұрыс ұсыныс емес. Мұнымен қазақ дәстүрiн терең бiлетiн әрi құрметтейтiн бiрде-бiр адам келiспес едi. Себебi жарамазан – отыз күн Оразада ай бойы үзбей айтыла беруi тиiс рәсiм. Оған бұл айда ешқандай шектеу қойылмауы керек. Бiздiң ауылдың сексеннен асып жығылған Әбдiқай Қуанышев, Бүбiтай Мырзабайкелiнi сияқты көнекөз қариялары осылай дейдi.

P.S. Жақында ауылға тағы бардым. Киелi Қазығұрт тауының оңтүстiгiндегi Заңғар жотасының қолтығында тығылып жатқан Алтын Қақпаға... Ауыл – сол баяғы ауыл. Момақан. Жайбарақат. Қаладағы қайнаған тiршiлiкпен мүлде шаруасы жоқ. Өзгешелiгi – бiздiң балалық шақтағыдай емес, дiнге бет бұрғандар, Ораза ұстағандар көбейiптi. Бiз барған күнi кешкiсiн жамағат ауыз ашып болысымен көп уақыт өтпей-ақ дарбаза сыртынан қыз-жiгiтi аралас бiр топ жарамазаншылардың таныс әуенi естiлдi: Айтамын жарамазан есiгiңе, Қошқардай қос ұл берсiн бесiгiңе... Бiздiң де барлық мұсылман қауымына, қазақ халқына тiлейтiнiмiз – осы! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала бәрiңiзге жар болсын.

Болат ШАРАХЫМБАЙ

14028 рет

көрсетілді

86

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы