• Қоғам
  • 05 Мамыр, 2018

Бейбітшілік пен татулық ұйтқысы

Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздегі татулық пен береке-бірлікті мақсат тұтқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты кезекті ХХVI сессиясы өтті. Алқалы жиында Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасап, Ассамблеяның қоғамдағы рөліне, атқарып отырған жұмыстарына тоқталды.

Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы, бүгінде татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі екенін айтқан Елбасы қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктелетінін атап өтті. Президент сессия тақырыбының мән-маңызына, ел бірлігінің ынтымақтығына тоқталып, мемлекеттің болашағы, еліміздің өсіп-өркендеуінің түп қазығы тату-тәтті тіршілікте екенін жеткізді. Мемлекет басшысы: «Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақшысына айналды. Сол себепті мен ҚХА сессияларына әрдайым өзім қатысамын. Бүгінгі таңда да әлеуметтік интеграция факторын пайдалана отырып, біз тұтастығымызды одан әрі нығайта түсеміз» деп, «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырудың негізгі үш тетігіне тоқталып, оның басты ерекшеліктерін атап өтті. «Біріншіден, жаңа ғасырдың екінші онжыл­дығының бастапқы сегіз жылына жасалған талдау көрсеткендей, жекелеген мемлекеттер тарапынан егемен елдердің ішкі ісіне араласуының салдарынан әлемнің түрлі өңірлерінде болатын дағдарыстардың басқа да себептері бар. Бұл – әлеуметтік бірлік пен интеграцияның болмауы. Жаһандық және өңірлік тәжірибе көрсеткендей, қалыптасқан мемлекет – бұл әлеуметтік бірлік негізі саналы түрде нығайтылатын мемлекет. Біздің жаңа бастамаларымыз, ең алдымен, осыған арналған. Екіншіден, қазіргі заманғы экономикалық және саяси теория мен тәжірибеде әлеуметтік және мәдени капитал артта қалған сала емес, олар өсім­нің тұрақты драйверлері деген көзқарас берік орнықты. Білімнің жаңа экономикасы, цифрландыру, өндірісті роботтармен жабдықтау, технологиялық инновациялар әлеуметтік және мәдени капиталдың мүлде басқа сипатын қажет етуде. Сол себепті біздің жаңа әлеуметтік бастамаларымыз жаңа экономиканың дамуына серпін береді. Үшіншіден, полиэтникалық мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясат өзара тығыз байланысты. Мен ұсынған бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді. Олар тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен жастар үшін ерекше маңызды. Сол себепті мен осы мәселені ҚХА сессиясында талқылауды ұсындым» деді Президент. Елбасы нақты дерек пен дәйек келтіре отырып, «Бес бастама» еліміздегі ең маңызды бес әлеуметтік проблеманы шешуге бағытталғанын, халқымыз әлеуметтік капиталға басымдық беріп, болашаққа сеніммен қарап отырғанын атап өтіп, елімізде жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба­лардың негізгі қағидаттарын әңгіме өзегіне айналдырды. Жиын барысында қоғамның бірлігін ны­ғайту аса маңызды екені де сөз болды. Елбасы Н.Назарбаев сессия тақырыбына орай, Ассам­­блеяға жаңа міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді. «Бірінші. Ассамблея жаңғырудың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге тиіс. Менің тапсырмаммен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер енгізілді. Енді жаңарған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек. Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері мәдениет, тіл, дәстүр саласында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет. Үкімет қазақстандық этностардың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жинақтауға тиіс. Әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясы кеңейтілсін. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отанмен» және Ассамблея­мен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзірлеуді тапсырамын. Екінші. Жаңғырудың басымдықтарын, әлеумет­тік саясатты, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын ескере отырып, Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен Концепциясын сапалы түрде жетілдіру қажет. Үшінші. Ассамблея мемлекеттік органдармен бірлесіп, қайырымдылық жұмыстарын жал­ғас­тыра беру керек. Тек өткен жылы аз қамтылған 60 мың отбасы мен 8 мың әлеуметтік ұйым көмек алды. Төртінші. ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» атты жаңа жастар қозғалысы жастарды жаңғыру аясында біріктіруі керек. Күш-жігерімізді жастардың өзекті стартаптарын қолдауға бағыттау қажет. Бесінші. Астана, Алматы және облыс әкімдері, сондай-ақ Ассамблея аудандар мен округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджетті тиімді пайдалануға жұмылдырсын. Кеңестер агро өнеркәсіп секторында ақылды технологияларды ілгерілетуге де көмектесуі керек. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, менің Жолдауым мен әлеуметтік бастамаларымды іске асыруға қосылатын үлес болмақ. Алтыншы. Биыл біз Елорданың 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі. Қала әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «эталонды стандарт» ретінде қабылданатын елордалық Ассамблеяның бағдарламасын әзірлеуі қажет. Астанада Достық үйін ашу мәселесін шешетін кез келді деп санаймын. Ол үшін Бейбітшілік және келісім сарайы қолайлы болады деп ойлаймын. Жетінші. Менің тапсырмам бойынша 1 наурыз – Алғыс айту күні Ассамблеяның жаңа муль­тимедиялық порталы ашылды. Ол жал­пыұлттық бірігудің маңызды ресурсына айналуы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ассамблеяның ақпарат кеңістігінде насихатталуын қамтамасыз етіп, бейбітшілік және келісім тақырыбы бойынша әлеуметтік роликтер циклін дайындауы қажет. Сегізінші. Қоғамның бірлігі тұрақты ғылыми зерделеуді талап етеді. Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық қоғамдастығы, сондай-ақ менің тапсырмам бойынша құрылған этносаралық қатынастар және демография ісі жөніндегі орталықтар нақты осы бағытта жұмыс істеуде. Бұған жетекші жоғары оқу орындарындағы 40-тан астам кафедра мен Ассамблея орталықтары да атсалысады. Тек өткен жылдың өзінде Ассамблея құрылымдары ондаған кітап пен жүздеген мақала дайындады. Бұл жұмысты жүйелі түрде үйлестіру керек» деді Мемлекет басшысы. Жиында Шымкент қаласы «Оқушылар сарайының» директоры Н.Романова, Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті, Қазақстанда туып-өскен Р.Аушев, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар бастама орталығының бөлім жетекшісі Р.Орынбасарова, Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы Астана филиалының төрағасы Р.Абдусаламов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қ.Сәрсенбай, Берлиндегі Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, профессор Б.Эшмент, Маңғыстау облысының IT кәсіпкері Г.Иванович, «Қазақша сөйлейік» клубының жетекшісі О.Драчева, Нью-Йорк университетінің профессоры Д.Мусалимов, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қалалық Аналар кеңесінің мүшесі М.Ташболатова және т.б. сөз сөйлеп, сала-сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, бес әлеуметтік бастаманың мән-маңызына тоқталды. Сессия барысында ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалып, бұл лауазымдарға «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ­Виталий Ионо Тварионас пен ҚХА мүшесі, ­меценат Исламбек Төлеубайұлы ­Салжанов лайық деп танылды. Әнұранмен басталған сессия жұмысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессия­сына қатысушылардың Үндеу қабылдауымен шымылдығын жапты.

Бағдагүл Балаубаева

2256 рет

көрсетілді

58

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы