• Қоғам
  • 24 Мамыр, 2018

Алматыдағы «Музей түні»

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейінде «Гиперкоммуникация дәуіріндегі музейлер» атты «Музей түні» шарасы өткізілді. Орталық музей бұл жобаны 2006 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Музей түнінің форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл алматылықтар мен қала қонақтары жаңа бағдарламамен танысып, музейдің қор коллекциясы негізінде құрылған көрмелер мен Қазақстан суретшілерінің авторлық туындыларын тамашалады.

Атап айтқанда, «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қа­лалар: қыш ыдыстардағы ою-өрнек өнері» атты көрме көп­ші­ліктің қызығушылығын арттырды. Онда қарахандық, Алтын орда және Әмір Темір кезеңдеріндегі 100-ден астам бірегей артефактілер орын тепкен. Қарахандық қыш ыдыстар – сәндік безендірудің алғашқы тәжірибесі болса, Алтын орда кезеңіндегі материалдарда қытай мәдениеті стиліндегі құстардың, жануарлар мен өсімдіктердің шынайы бейнелері кездеседі. Темір әулеті басқарған дәуір тұсында шыңыл­тырлы қыш ыдыстардағы суреттер жапырақты және гүлді ою-өрнек стилімен бейнеленген. Мұның бәрі «Музей түніне» келушілердің назарын өзіне аударып, тарихтан сыр шертіп тұрды. Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік Орталық музейінің қорында 300 мыңға жуық экспонат сақталған. Тарихи-мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жұмыстары – музейлік жәдігерлерді сақтау ісінің бірден-бір негізгі жолы екені белгілі. Биылғы «Музей түнінде» осындай қорды айғақтайтын «Жаңғырған мұра» атты қалпына келтірілген музейлік экспонаттардың көрмесі де ұсынылды. Бұл шарада қонақтар алғаш рет Шара Жиенқұлованың, Елубай Өмірзақовтың, Елизавета Сәдуақасованың, Жақсылық Үшкемпіровтың, Дәулет Тұрлы­ханов­тың белдіктерін тамашалап, олардың жасалу, көркемделу техникасын көру мүмкіндігіне ие болды. Ал «Адам. Дәуір. Байланыс» та­­қы­ры­бындағы көрмеде жазу машиналары, телефон және телеграф, теле-радиоқабылдағыш құрылғыларының алғашқы және қазіргі үлгілері сияқты 50-ден астам музейлік заттар қойылған. Жазу машиналарының арасында 1933 жылы Германияда шығарылған «Mersedes» механикалық жазу м­ашинасы келушілердің қызығушы­лығын тудырды. Сондай-ақ көр­меде сымды телеграф арқылы ақ­парат таратуға арналған Морзе ап­па­ратының бірнеше үлгісі көрсетілді. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген бұл мерекелік шарада «Руханият ескерткіштері» атты көрме де ұйымдастырылды. Онда үш діннің бірегей жазба ескерткіштерінің үлгілері болып табылатын Таурат, Інжіл, Құран кітаптары назар ­аудартады. Жастардың сұранысына ие болып, көптің көңілін баураған «Ән атасы – Әміре» әдеби-музыкалық музейлік сабағы көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылық жолымен таныстырды. Әміре десе жүрегінен ән төгілетін күллі қазақ бұл әдеби-музыкалық сабақты құр жібермеуге тырысты. «Музей түні» аясында түрлі мерекелік шаралар, концерттік бағдарлама, көріністер мен қойы­лымдар болды. Айта кетейік, Музейлер мере­кесі елімізде жыл сайын ерекше аталып өтіледі. Ал биыл Алматы­ның алты музейінде осы жоба аясында мерекелік шаралар ұйым­дас­тырылды.

Ақбота МҰСАБЕК

1673 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы