• Мәдениет
  • 31 Мамыр, 2018

Дүниежүзілік театр фестивалі өтпек

Жиырма бірінші ғасырдың жиырмасыншы жылына үлкен жетістіктермен жеткен бас қала 20 жылдық тарихында мәдениет пен өнердің ошағына айналды. Әлемдік деңгейде атап өтілмек той – Астанаға көрсетілген үлкен құрметтің бірі.

«Ел жүрегі – Астана» атты Қазақстан Республика­сы­­ның елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мере­келеу аясында маусым айының 16-29 күндері аралы­ғында Елордада отандық және шетелдік театр ұжым­дарының қатысуымен ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өтпек. Аталған шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мем­лекеттік концерттік ұйымы мен Қазақстан театрлар ассоциациясы осымен екінші рет ұйымдастырғалы отыр. Фестиваль Қазақстан, Еуропа және Азия елдерінің кәсіби театр ұжымдарының ең үздік қойылымдарын көпшілікке ұсынып қана қоймай, шетелдің озық мәдениетімен танысуға және ұлттық өнерді әлемдік аренада танытуға зор мүмкіндік бермек. Екі аптаға жуық уақытқа жалғасатын театр мере­кесінде «Piccolo Teatro di Milano» (Италия), «1927» (Ұлыбритания), «THEATER 11» тәуелсіз интерна­ционалдық театры (Германия), «Meno Fortas» (­Литва), Independent international theater «THEATER 11» (Germany, Bremen), «Московский Губернский Театр» (Россия, Москва), «TRWarszawa» (Польша), Ш.Руставели атындағы Грузин мемлекеттік академиялық театры (Грузия), «Beijing People’s Art Theatre» (Қытай), «Nakamura Gekijo» (Жапония), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры (Ресей) және т.б. ұжымдар өнер көрсетеді. Еліміздің айтулы театр ұжымдары – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Астана мюзикл» театры да өздерінің үздік қойылымдарын сахналамақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қойылымдар «Қазақстан» орталық концерт залы, «Энергия холы», Бейбітшілік пен келісім сарайы, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында сахналанбақ. Театр өнеріндегі кәсіби шы­ғармашылық ынтымақтастықты жетілдіру мақ­сатында фестивальға Алексей Бортошевич, Йонас Вайткус, Давид Асатиани, Беатрис Пикон-Валлен, Есихиро Накамура, Давид Папава сынды Еуропа мен Азияның белгілі театр сыншылары мен драматургтері қатысады. Естеріңізде болса, биылғы жылдың сәуір айында Мәдениет және спорт министрлігі ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің өткізілуі бойынша баспасөз конференциясы өткізген болатын. Бас­қосуда «Қазақконцерт» ұжымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы бұл өте ауқымды мәдени іс-шара екенін, сонымен қатар елордалықтар мен қала қонақ­тарының үздік театр қойылымдарымен танысуына мүм­кіндік беретінін атап өтсе, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров биылғы ІІ Дүниежүзілік театр фестивалі Елордамыздың мерейтойына жасалатын үлкен сый екендігін және бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетінін тілге тиек етті.

Назгүл Аманбаева

1199 рет

көрсетілді

70

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы