• Мәдениет
  • 07 Қазан, 2010

Ақын рухы

photo_1_9Бұл күндері Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығы елімізде кеңінен атап өтілуде. Жұбан – ел есінен шықпайтын ақын. Оның «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген...» деп бас­талатын өлең жолдары тарихта мәңгілік қалды. Ақынның кешегі Желтоқсан кезіндегі азаматтық ерлігі ешқашан да ұмытылмақ емес. Жұбан ақын тәуелсіздікті көре алмай кетті. Бірақ ол – егемендік жолында барын сала күрескен қазақтың қайсар ұлдарының бірі. Қазіргі таңда «жұбантану» деген жаңа ұғым өмірге келіп жатыр. Мұны азаматын ардақтаған елдің өзі тудырды. Жұбан сөзі, Жұбан тағылымы тәуелсіздікті нығайтуға, оның қадірін сезіне бі­луге, жастардың бойында туған ел, Отанға деген отаншылдық сезімді қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз. Биік тұлға 35 жыл өмірім Мәскеуде өтті. Елге оралғаныма көп бола қойған жоқ. Ерен еңбектеріне, батыл да жанқиярлық істеріне өзіміз куә болған, тірі кезінде азулы сөздері, ер мінездері аңызға айналған алтынның сынығындай ағаларымыздың ерекшеліктерін жас ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Себебі тәуелсіздікпен құралпылас жастарымыз кешегі тарихымызды жете біле бермейді. Ал тарих – көптің ісі. Ақсақал ретінде «Кімге ұқ­сасам екен, кім маған үлгі бола алады, кімді ту ретінде ұстауға бо­лады?» деген оймен жүрген жас­тарға Жұбан Молдағалиевті ұсынар едім. Тәңірдің бұйрығымен болар, Жұбан аға қазақтың басына аса ауыр тауқымет түскен жылдары қасіретті жеңілдету бағытындағы күресте әрқашан алдыңғы шепте болды. Ол өзінің өткір тілімен, ер мінезімен халқымыздың рухын, намысын көтере білді. Бар ізгі істердің бастамашысы, жыршысы, өкілі болды. Жер шарының алтыдан бір бөлігіне қарапайым халық билігін орнатқан Қазан революциясынан үш жыл кейін дүниеге келген Жұбағаңның саналы ғұмыры қазақ жеріне әділеттілік орнатуға, қазақ халқын жер жүзіндегі өркениетті халықтар қатарына қосуға, «мың өліп, мың тірілген қазақтың» рухын көтеруге арналды. 1941 жылы қанды соғыс басталғанда мен 10 жасар мектеп оқушысымын. Сол кезде орыс командирлерінің «За Родину, за Сталина!» деген ұрандары мен 21 жастағы саяси жетекші, кейін саяси комиссар қазақ Молдағалиевтің «Ел үшін, Қазақстан үшін» деген ұраны радиодан шалғай жерлерде жетіп жатты. Бала болсақ та рухымызды көтеріп, күш-қайрат беріп, бізді үздік оқуға ұмтылдырды. Ал кейін әке, ағалары­мыз – бәрі соғысқа кеткенде, сабақты мүлде тастап, жесір ана-апаларымызға көмекші болып, колхоз жұмысына араласып кеттік. Жұбан ағамызға, басқа да майданға аттанған екі миллиондай майдангерлерімізге осылай көмек көрсетуді жөн көрдік. Жұбан ағаға деген құрметім осылай қалыптасқан болатын. Осыдан кейін ондаған жылдар өтіп, тағдыр мені Жұбағаңмен көзбе-көз жүздестірді. Бұл оның соғыстан жараланып, елге оралғаны еді. Өткен ғасырдың 60-80-жылдары. Мен Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілінің әуелі орынбасары, кейін тұрақты өкілі болып жұмыс атқарып жүрген кезім. Бір күні кеңсемізге Жұбан Молдағалиев келді. Бұрын газет, журнал беттерінен суреті түспейтін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, одақтық депутат, Қазақстан Ком­партиясының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, т.б. лауазымды марапаттардың иесі қара торы, сымбатты, терең ойлы, байсалды мінезді Жұбан ағамның сол келісі менің есімде ерекше қалды. Себебі менің өмірім Ресеймен шекаралас ауданда өткен. Мәскеуде 5 жыл оқып, 4 жыл Ресейдің бір түкпірі Орел облысында болып қайтқам. Сондықтан қазақтың зиялы азаматтарын біле бермейтінмін. Біздің тұрақты өкілдікке талай тарландар келетін. Шаях­метов, Оңдасынов, Тәжиев, Мұқанов, Момышұлы, Бигелдинов, т.б. Ал Жұбағаңның келісі бөлек-тін. Бірінші кездесуіміздің соңында «Сәбитжан» деп жылы қоштасты. Осылай 70-ші жылдардан кейін туыс ағайындай араласып кеттік. Ол кезде Жұбағаң Мәскеудегі Одақтық Жазушылар басқармасында Қазақстан Жазушылар одағының өкілі болып қызмет етті. Ж.Молдағалиевтің тікелей араласуымен осы жылдары қазақ әдебиеті ерекше жандана түсті. Өрлеу үстінде болды. Есімдерін ел тани қоймаған жас жазушыларымыздың шы­ғар­ма­лары орталық баспадан шығып жатты. Қазақстан жазушыларының басқа респуб­ликадағы қаламдастарымен қа­рым-қатынастары, таныстық­тары тамырлана түсті. Қазақ жа­зушыларының шығармалары орыс тіліне, басқа тілдерге аударыла бастады. Мәскеудегі 4-5 жылда Жұбаға мәскеуліктерді қазақ әдебиетімен таныстыруда ұшан-теңіз еңбек етті. Талай кештер, кездесулер ұйымдастырды. Әдебиет сүйер мәскеуліктер Жұбағаңды Фадеевке теңеп, талай жылы сөздер айтты. Бұның себебі – Жұбан Молдаға­лиевтің күрделі шығармалары тек қана қазақ Кеңес әдебиетінде емес, дүниежүзі әдебиетінің қатарынан орын алғандығында еді. Осы ерен еңбегі үшін Жұбағаң Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, Кремльде марапатталды. Қонаев дәуірінде Ж.Молдағалиевтің еңбегі өте жоғары бағаланды. Жұбағаң шынында да жай пендешіліктен биік тұрды. Байлыққа, баршылыққа қызықпайтын, мастанбайтын адам еді. Халқы осы әділеттігі, адалдығы, бұлтармас таза мінезі үшін сыйлады. Азаматтың артынан бір жаман сөз ермегені де осының дәлелі шығар. Осы ізгі істерді Жұбағаңнан ке­йінгі әдебиеттегі буын – атақты Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, кейін Роллан Сейсембаевтар жемісті жал­ғастырды. Қазір олардың дәстүрін Мәс­кеуде дарынды ақын қызымыз Тұр­сынай Оразбаева жалғастырып отыр. Жұбағаң үлкен жүректі, қайратты да қайсар азамат еді. Кеңес дәуірін түгелдей жамандау әділеттікке жатпайды. Демек, ол кезде бір тәртіппен, бір жолмен жүретін саясатқа бөтен ой айту қауіпті жағдай болатын. Осыған қарамай халық мүддесіне қатер төнгенде Ба­уыржандай, Жұбандай өз ойларын тіке айта алатын ағаларымыз барына қалай қуанбайсың! 1986 жылы Қонаевты орнынан босатып, жастардың Желтоқсан көтерілісін қарумен басқанда, келелі сөз күткен басшыларымыз ауыздарын аша алмаған еді. Колбиннің, Горбачевтің бұл теріс саясаттарына бірінші баға берген, үлкен озбырлықтарын көздеріне тіке айтқан жалғыз осы Жұбан аға болды. Димекең (Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев) айтқандай, тағдыр мені Қа­зақстанның талай «қошқар­ларымен» серіктес қылды. Тірі кезінде ардақталған Д.Қонаев, еліміздің ардақты ақсақалы Б.Әшімов, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев, т.б. зиялы қауыммен қызметтес болдым. Десек те, мен үшін Жұбан ағамның орны ерекше. Бұл ағамның тұлғасы менің көз алдымда адами қасиетімен, еліне, халқына қалдырған өшпес мұрасымен жылдар өткен сайын биіктей береді, биіктей береді. Сәбит Жаданов, Одақ дәрежесіндегі дербес зейнеткер, Республикаға еңбегі сіңген қайраткер

7005 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5809

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5479

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3217

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2603

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2564

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2543

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2276

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2258

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы