• Мәдениет
  • 07 Қазан, 2010

Ән салған алаш даласы...

1-19

Астанада «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» деп аталатын антологияның тұсаукесері өтті. Бұл елдің мәдени өміріндегі үлкен оқиға болды. Біз бұл жолы да өнерді, ән-күйді қадірлеп, қастерлейтін халық екенімізді паш еттік. «Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше», – деп атап көрсетті осы антологияға кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері бұл мың әнмен шектеліп отырмағаны белгілі. Тұсауы кесіліп отырған жаңа жоба алдағы уақыттары тың шығармалармен толыға берері анық.

Халқымыздың рухани және мәдени әлемі тағы бір құнды дүниемен толықты. Атадан қалған асыл мұрамыз, дәстүрлі жыр-термелеріміздің жиынтығы тұңғыш рет «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясы атауымен жарыққа шықты. Айта кету керек, ұлтымыздың баға жетпес асыл қазынасына айналған бұл антология – Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында өмірге келген бірегей жоба. Ән мұрасы – қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылымнан тіл қатқан тірі куәгері. Қазақтың жаны мен бітім-болмысынан жаралған әндерінің әлемдік мәдениетке қосар үлесі шексіз екені сөзсіз. Осының түбегейлі көрінісін қазақтың «мың әнін» қамтыған антологиядан айқын көруге болады.

Өткен жұма күні Елордадағы «Қазақстан» концерт залында осынау айтулы оқиғаны ұлттық өнерді қадір тұтатын ағайынға сүйіншілеген мерекелік концерт өтті. Кешті ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед құттықтау сөзбен ашып, өткен ғасырдың басында 1925 жылы профессор Александр Затаевич бүкіл қазақтың даласын шарлап, әніміздің інжу-маржандарын жинап, «Қазақтың 1000 әні» атты кітап шығарғанын тілге тиек етті. Ол кітаптың атауы «1000 ән» деп аталғаны болмаса, ішінде қазақтың әндері де, күйлері де болғанын атады. – Ән-жобасы дүниеге келген кезде орыстың ұлы композиторы К.Аксаков айтқан екен: «Мұндай мәдени мұра тудырған халық – шын мәнінде бақытты халық» деп. Екінші бір орыстың жазушысы М.Горький «1000 ән» жобасын қарап шығып: «Бұл болашақ Бетховендер, Моцарт­тар, Шопендер, Мусоргскийлер үшін баға жетпес қазына ғой» деп бағалаған. Шындығында солай болып шықты. Брусиловскийдің төрт бірдей операсы – «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» мен «Дударайы» – «Қазақтың 1000 әні» жинағынан алынған әндерден тұрады. Тек қана «Қыз Жібек» операсында 30-ға жуық қазақтың әндері мен күйлері пай­даланған», – деген Мұхтар Абрарұлы бір кездері Шоқанның жан досы, қазақтың даласын емін-еркін аралаған Григорий Потанин: «Маған бүкіл қа­зақ даласы ән салып тұрғандай болады» деп айтқан қанатты сөзінің бүгінде шындыққа айналғанына көз жеткізді. – Тағы бір зерттеуші төңкеріске дейін шыққан 89 томды үлкен орыс энциклопедиясының 29-шы томында қазақтарға арналған мақаласында мынандай бір сирек кездесетін аңыз­ды келтіреді. «Баяғыда бақыт құсы сияқты аспанда ән құсы ұшқан екен. Ол биік таудың баурайында, әсем табиғаттың аясында, тас бұлақтың жағасында табиғатпен емін-еркін араласқан қазақтардың ән салған сән дәуірін көрген кезде жер бауырлап ұшқан дейді. Ән құсы жер бауырлап ұшқан жерде тұратын қазақтардың бәрі ән мен күйге бөленген. Сөйтіп, қазақтар жер бетіндегі әнді, жырды ең сүйетін халық болып шыққан, – деп тоқталған министр осы аңызда бір шындық барын сөз етті. Расында, Арқадағы Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мәди, Естай, Балуан Шолақ бастаған ғажап ән дәстүрі дүниеге келді. Оған қосымша шығыста Бүркітбай, Ноғайбай сияқты ХІХ ғасырдың дүлдүлдерімен қатар, ХХ ғасырдағы Жәнібек Кәрменовке дейінгі тамаша ән мектебі қалыптасты. Қазақтың батысында Мұхит, адайдың Жеті Қайқысы, одан беріде бүгінгі Қатимолда мен ән өнерін биікке көтеріп жүрген Айгүл Қосановаға дейінгі батыстың ән мектебін айтпай өту де мүмкін емес. Кешегі Кете Жү­сіп, Ешнияз сал, Дүр Оңғар бастаған Көшенейдің Рүстембегіне дейінгі Сырдың сүлейлері, Қапез, Кененге дейінгі Жетісудың ән мектебі бүкіл қазақ даласын әнге бөлеп тұрғанын мойындамай және болмайды. – Қазақтың бір әнінде: «Ақ көй­легім бар дейсің, оны неге кимейсің? Сүйген жарым бар дейсің, оны неге сүймейсің?» – дегені секілді, «Мың әнім бар дейсің, сол мың әніңді неге жарқыратып көрсетпейсің? Әуелетіп салмайсың?» – деп, күпті көңілмен күдікті сұрақ қоятындар да кейінгі кезде көбейді. Мінеки, солардың бәріне бүгін жар-қыратып, жайнатып, Елорданың төріне, Ақорданың іргесіне Қазақтың 1000 әнін алып шықтық, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед осы мерекенің ағайынға құтты, қайырлы болуын тіледі. Міне, осыдан кейін еліміздің күміс көмей әншілердің орындауында жобаға енген әндер мен жырлар шырқалды. Кеш Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеуханның қо­бызбен орындауындағы Доспам­беттің жырымен ашылды. Бұдан кейін Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты Ақан Әбдуәлі Жамбылдың “Қазақстанның тойына” арнауын орындаған соң, Ержан Қосбармақов бастаған Қарақат Әбілдина, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Дәржанова, Перизат Тұраровалар әнге шөліркеген қауымды Жетісу ән мектебінің әуендерімен сусындатты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов Тоғжанның «Гөй-гөйін» әуе­леткеннен кейін сахна төріне Сыр сүлейлерінің шашуын алып, Елмұра Жаңабергенова бастаған Баян Мұсаева, Әлихан Дүйсенбай, Бидас Рүстембеков, Азылхан Мақсатбаевтар шықты. Мемлекеттік “Дарын” жас­тар сыйлығының лауреаты Айгүл Қосанова Мұхиттың “Айнамкөзін” сызылта орындаған соң, ізін ала Сәуле Жанпейісоваға ерген Қайрат Кәкімов, Мая Исмайылова, Ақмарал Ерімбетова, Серік Абдрахманұлы ба­тыстың байсалды мақамымен мар­жан жырларды төкті. Ал рес­пуб­ликалық байқаулардың лауреаты Ерлан Рыс­қали Әсеттің “Қысметін” орын­да­ғанда арқаланбаған жан бол­ған жоқ. Артынша шыққан Берік Омаров, Бағ­лан Бәбіжан, Гүлдана Ноғай­баева, Төлеутай Серіков, Аллажар Қай­бар шығыс әндерін орындағанда той­дың көрігі қыза түскен еді. Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбо­сынов Үкілі Ыбырайдың “Қызыл асық” әнін орындағанда жұрт көне әннің ырғағында тербелсе, Ербол Айт­баев, Ардақ Исатаева. Дәуренбек Әркенов, Гүлмира Сарина, Саржан Мұсайын Арқа әндерін төгілтті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева “Сазген сазы” фольклорлық-этнографиялық ансамблімен “Қуанамын”, “Гәкку” әндерін жаңа үлгіде орындап, көрерменнің шексіз ықыласына бөленді. Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов халық әні “Алқоңырды”, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы халық әні “Гүлдерайымды” байытылған жаңа үлгіде жеткізді. Республикаға еңбек сіңірген әртіс Кенжеғали Мыржық­бай Абайдың “Көзімнің қарасы” әнін, ал КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегено­ва Сегіз Серінің “Гауһарта­сын” тамылжыта шырқап, тәмам жұрт­ты тамсантты. Кеш соңы Бекболат Тілеуханның орындауындағы “Елім менің” әнімен қорытындыланды. *** «Қазақтың 1000 әні» бірегей антологиясына ел ішінен жазылып алынған ғұрыптық әндер мен қара өлең үлгілері де жұртшылық назарына іріктеліп ұсынылды. Атап өткеніміздей, жинаққа Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жетісу, Сыр, Шығыс өңірлерінің әндері енді. Осы өңірлерде дүниеге келіп, сал-серілер дәстүрін орнықтырып, қазақ әнінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен күміс көмей, жез таңдай әншілерімізді жеке-жеке атап өте­тін болсақ, Арқа әншілік дәстүрін Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Абай, Әсет, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жарылғапберді, Иманжү­сіп, Ғазиз, Естай, Мәди сияқты әнші-композиторлар қазақ әнін бұрын болмаған биік өреге көтерді. Кейінгі ұрпаққа Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Игібай Әліпбаев, Байғабыл Жылқыбаев, Қосымжан Бабақов, Жабай Тоғандықовтар арқылы жеткен осынау мол қазына, асыл аманатты Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жаңыл Қартабаева, Ләззат Сүйіндікова, Қайрат Байбосынов сынды майталмандар, дәстүрлі әннің қазіргі буын орындаушыларына сынын бұзбай тапсырды. Батыс Қазақстан әншілік дәстүрін тілге тиек ететін болсақ, Батыс өлкенің кәсіби ән мектебі эпикалық дәстүр негізінде дамыған. А.Жұбановтың: «Қазақтың халықтық музыка мәдениетінде, оның ішінде әнінің дамуында жыршылар үлкен рөл ойнайды» деген пікірі ән мен жыр егіз ұғым саналатын осы өлкеге қатысты. Батыс өңірдегі жыраулық-жыршылық өнердің жергілікті әншілік мектептің қалыптасуы мен өркендеуінде зор әсері болғаны анық. Батыс кәсіби ән мектебінің жарқын тұлғасы Мұхит Мералыұлының орны бөлек. Мұхиттың әндері – қазақ ән өнерін мазмұнының тереңдігімен байытқан аса бағалы мұра. Сонымен қатар жинаққа Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Ауқат, Сары, Қызыл, Молдабай, Өте­ғали Дәуке, Білек, Ажар және тағы басқа әнші-композиторлардың бүгінгі күнге жеткен туындылары енгізілді. Әнтаспада батыс мектебінің жар­қын өкілі, Мұхит дәстүрін қаз-қалпын­да жеткізуші Ғарифолла Құрман­ға­лиевтің шығармашы­лығымен су­сындауға болады. Сонымен қатар Маңғыстау әндеріне де ерекше көңіл бөлінген. Досат, Өскенбай, Тұрсын, Әділ, Жылгелді, Тастемір, Шолтаман сынды әнші-композиторлардың шығармалары негізге алынған. Жетісу әншілік дәстүрін сөз еткенде, осы өңірде ежелден ерекше дамыған ақындық-жыршылық дәстүр туралы айтуға болады. Жетісу өңірінде мейлінше көп айтылатын қара өлеңдер мен халық әндері кәсіби әншілік мектептің қалыптасуына негіз болды. Оған ұйытқы болған – Кенен Әзірбаев, Қапез Байғабылұлы, Пішән Жәлменденұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Сауытбек Ұсаұлы, Дәнеш Рақышев, Бармақ Үмбетәлі, Шалтабай, Қарға, Көдек, Әсімхан, Қырбай, Көбейбай, Бұлша, Қымбат сынды дара тұлғалар. Ал Сыр өңірінің әншілік өнері антологияда халық әндері «Көкшетау» мен «Долана», сондай-ақ Андағұл Балқы Дайрабай, Нартай, Ешнияз сал, Күмісай, Тоғжан, Рүстем­бек жырау, Әбілда Жүргенбаев­тар­дың туындыларымен көрініс тапты. Сонымен бірге жинаққа Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле қазақтарының дәстүрлі әндері, бұрын-соңды естілмеген, ұмыт қалған ескі әндер, А.Затаевичтің, Б.Ерзакович­тің, Ә.Бафинаның, Т.Бекхожин­нің, Р.Темірбаевтың жинақтарынан көптеген әндер енгізілді. Жобаның тағы бір айрықша тұсы – оған халық көп жиналатын жерде, мәселен, думан-тойларда, дастарқан басында музыкалық аспаптың сүйемелдеуінсіз, әншілік дайындығы жоқ кез келген қарапайым адам орындай беретін қара өлең жанрының кіргені. Жинаққа сондай-ақ әр өңір ерекшелігіне бейімделген 500-ге жуық халық әндері топтастырыл­ған. Антологиядағы домбыра, үш ішекті домбыра, қобыз, сырнай, күйсандықтың сүйемелдеуімен орын­далған әндерге құлақ түрудің өзі көңілге ерекше бір серпіліс береді. Қазақтың дүлдүл әншісі Жәнібек Кәрменов 1991 жылы шыққан «Қазақ әндерінің антологиясына» алғы сөзінде: – «Халық композиторларының өмірі мен өнерін, творчествалық ерекше­ліктерін ашатын моногра­фиялық еңбектерге, арнайы оқулық­тарға, орта және жоғары музыка­лық оқу орындары күні бүгінге дейін зәру екенін айту парыз. Асыл мұраға ыждаһаттылықпен қарап, оны ұрпақтың игілігіне айналдыру – басты міндет. Олай болса, ән-жырымыздың кем-кетігін толтыру, қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтау – бәріміздің, баршамыздың қасиетті парызымыз», – деп жазған болатын. Демек, «Қазақтың 1000 әні» антологиясын өмірге әкелу арқылы дәстүрлі өнеріміздің алдында парызымыз аз да болса өтелді деуге болады.

Базаралы МҮПТЕКЕ, өнер зерттеушісі: – Ғұрыптық әндердің өзі – бесік жыры, тойбастар, беташар, жоқтау, көрісу, сыңсу, жар-жар, жарапазан сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Біз мүмкіндігінше осының барлығын толық енгізуге тырыстық. Негізінен, Қазақстанның Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында және Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан жерінде тұратын қазақтар айтатын ғұрыптық әндердің үлгілері кірді. Осыдан 20-30 жыл бұрын жазылған мұрағаттарды ақтардық. Қайтадан өңдедік. Профессор Саида Еламанованың кезінде жиған-терген қорларын пайдаландық. Әдебиеттерге үңілдік. Бұл – халқымызға мақтанышпен айтатын үлкен еңбек деп білемін. Ақан ӘБДУӘЛІ, дәстүрлі әнші: – Жетісу мектебінен жүзден аса ән жиналды. Осы әншілік мектептің қалыптасуына ұйытқы болған, қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген дара тұлға Кенен Әзірбаевтың орындауында отыздан аса өз әні кірді. Одан кейін Жамбыл, Пішән, Шалтабай, Көдек, Қапез, Қырбай, Үмбетәлі, Сәдіқожа, Бармақ, Әсімхан, Көбейбай, Бұлша, Қымбат сияқты әнші-композиторлардың шығармалары, бірнеше халық әндері қамтылды. Орындағандар – Төрткен Кененқызы, Ержан Қосбармақов, Рамазан Стамғазиев, Аяз Бетбаев, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Балажанова, Жазгүл Даңылбаева, Ерболат Шалдыбеков, Нұргүл Әлқожаева, Әйгерім Нартүйеева. Жиырмадан аса әнді өзім шырқадым. Себебі олардың барлығы – бұрын таспаға түспеген тың туындылар. Арқа, Батыс мектептеріне қарағанда Жетісу әнші-композиторларының мұраларын жинастыру қиын болды. Кененнен басқа ешкімнің әні бұрын-соңды «Алтын қорға» жазылмаған. Басқа мектептер баяғыда көш түзеп, нақтыланып алса, Жетісу мектебі тоқсаныншы жылдардың ортасынан бері қарай қолға алынып, зерттеліп, кластар ашылып, қатарға кештеу қосылды. Сондықтан терең ізденіп, түбегейлі ойланып, тиянақты жұмыс істеуге тура келді. Сәуле Жанпейісова, әнші: – Қазақстанның батыс өңіріндегі кәсіби ән мектебінің негізі эпикалық дәстүр, жергілікті жыраулар мен жыршылардың шығармашылығы болды. Дәстүрдің негізін қалаған – сазгер әрі әнші Мұхит Мералыұлы. Өкінішке орай, Батыс Қазақстанның ән дәстүріне әнді жинаушылар мен зерттеушілер дер кезінде көңіл бөлмеді. Бұл аймақ аз зерттелді. Біз атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевке көп қарыздармыз. Оған Мұхит әндерін сазгердің немерелері Шайқы мен Шынтас жеткізді. Маңғыстау әндерінің өз ерекшелігі бар. Олар домбырамен ақырын орындалады. Бұл антологияның шығып жатқаны – ел өміріндегі елеулі оқиға. Әндеріміздің ғұмыры ұзақ болсын. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы

10737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы