• Басты мақалалар
  • 06 Наурыз, 2019

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өткен еді. Латын әліпбиіне көшу туралы Қаулы қабылданғаннан бері Үкіметке әліпбидің үш нұсқасы ұсынылды. Енді наурыз айында жаңа әліпбидің емлесіне қатысты ережелер қабылдануы тиіс. Алайда тіл мамандары әлі де болса бір шешімге келе алмай отыр және шешілмеген мәселелердің барын жасырмайды. Осы орайда «Қазақ газеттері» ЖШС-нің жанынан құрылған «Наркескен» интеллектуалды клубының кезекті отырысында тіл мамандары бас қосып, негізгі мәселелерге тоқталды. Дөңгелек үстелді «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай жүргізіп отырды.

Латынға көшу – жазуға іргелі реформа жасаудың жолы

Нұрперзент ДОМБАЙ: – Латын негізді қазақ әліпбиіне көшу мә­­селесіне халқымыз ерекше мән беріп отыр. Әліпби нұсқасының үш рет ұсынылуының өзі бұл жұмыс­тың үлкен жауапкершілікті талап ететінін аң­ғартады. Осы орайда оқырман­да­ры­мыздан түсетін сауал көп. Ең жиі қойылатын сұрақ: латын негізді әліп­биге не себепті көшкелі отырмыз? Мұ­ның қоғамға қандай пайдасы бар? Әуелі, осы сауалдарға жауап алсақ.

Фаузия ОРАЗБАЕВА, ҚР ҰҒА кор­респондент-мүшесі, филология ғы­лы­мының докторы, профессор: – Латын негізді әліпбиге көшуіміздің көптеген сыртқы және ішкі факторлары бар. Тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдан асты. Осы уақыт аралығында қазақтың ұлттық жазуының дербестік алатын кезеңі келді деп ойлаймын. Ал жазудағы сауаттылық пен қазақша сөйлеу, жазу, мәнерлі ойды жеткізу, адамдармен тіл табысу – мұның бәрі ұлттық сананы жаңарту мәселесімен тығыз байланысты. Ұлттық сананы жаңарту дегеніміз – елдік пен ұлтты сақтау, ұлттың әліпбиін қазақи негізге әкелу. Әрине, одан саясат іздеудің қажеті жоқ. Бұл– орыстанудан қашу немесе түркілерге жақындау емес, латын негізді графикаға негіз­делген қазақтың ұлттық жазуын қалыптастырып, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Біз жазудың әртүрлі кезеңдерін басымыздан өткіздік. Олардың әрқайсысының жағымды және жағымсыз жақтары да болды. Ең басты кемшілігі – сөйлеу мәнерін сақтауда болды. Біз біресе өзіміздің қазақ тілінің үндестік заңымен жаздық, біресе кириллицаның заң­дарына көшіп, соларды қолдадық. Терминдерді қабылдау кезінде оның түпнұсқасын сақтауға тырыстық. Одан кейін қаншама кірме сөздер пайда болды. Сол кірме сөздердің де жазылу мәнері әртүрлі. Демек, қазақтың өзінің дербестігімен бірге жазуының тәуелсіздігі, жазуының дербес болуы да, қазақтың төл ережесіне сүйеніп жасалуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде ұлттық сананы жаңғыртқанымыз абзал. Біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – ұлттың жазу сауаттылығы мен сөйлеу мәнерін сақтай білуі. Бұл түркі елдерімен, басқа да елдермен арамызды жақындататыны рас. Бірақ техника құралдары немесе басқа бағдарламаларға тілдің бейімделуі қажет емес. Керісінше, тілдік заңды­лық­тарға компьютерлік техникалар немесе ақпараттық бағдарламалар бейімделуі керек. Сонда біз өзіміздің нағыз ұлттық дербес жазуымызды сақтаймыз. Компьютер қазақ тілінің заңдылықтарына бағынбайды, бірақ оның мүмкіндігі мол. Мысалы әліпбиді қабылдадық және ол бірнеше рет өзгерді. Демек, біздің әліпбиіміздің түпнұсқасы дұрыс болмай, компьютер де дұрыс болмайды. Ал компьютер 2-3 жыл сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Қазақ әліпбиі дұрыс жасалса, ол өзгеріске ұшырамайды.

Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының дирек­торы, филология ғылымының докторы: Латын әліпбиіне көшуіміздің саяси, эко­но­микалық, мәдени және басқа да себептері көп. Біздің латын әліпбиіне көшуге ше­шім қабылдағанымыз – таза прагма­ти­­калық шешім. Өйткені мемлекеттік тіл – экономикалық, ұлттық қауіпсіздік, тарихи, жалпы қай тұрғыдан алып қарасаңыз да еліміздің негізгі ұстап тұрушы факторы. Дамыған мемлекеттің негізгі көрсеткіші – экономикалық даму емес, рухани даму. Ал ол тіл арқылы іске асырылады. Яғни толық­қанды дамыған мемлекеттік тіл – өркениетті елдің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Біздің қолымыздағы қазіргі әліпби мамандарға бұрыннан белгілі. Тілімізге өте ыңғайсыз әріп-дыбыстар екі есе көп. Сонымен қатар тілімізге жат дыбыстардың таңбалары мен өзіміздің төл дыбыстарымызды қазақ тіліне кереғар тәсілдер бойынша таңбалау әдістері бар. Сондықтан бізге ең бірінші дыбыстық жүйенің дұрыс таңбалануы қажет. Қазір бізге кирилл қарпімен де қала беруге болады. Бірақ өкінішке қарай, кирилл әліпбиіндегі орысша таңбалар мен қазақ тіліндегі таңбалардың дыбысталуы жер мен көктей. Мысалы, орыстың «ы» деген дыбысы мен қазақтың «ы» дыбысы екі түрлі дыбысталады. Орыс тілінің «е» деген дыбысы дифтонг болса, бізде «е» – дыбыс. Бірақ дәл қазіргі кезде бәріміз дифтонг қып айтамыз. Бірақ кезінде қазақ бұлай айта алмаған. Мысалы, Ермакты – Жармақ, Егорды – Жагор деген. Ал қазір дәл солай айта береміз. Яғни біз тілдің табиғатын өзгертіп жатырмыз. Сондықтан осындай көп факторлардың себебінен кирилл әліпбиінде қалу мүмкін емес. Қазір ең ыңғайлысы – латын әліпбиі. Біз 28-29 таңба беріп отырмыз. Басты мәселе, ең қысқа мерзімде өтуге ыңғайлы нұсқаны жасап шығару керек. Ол үшін дұрысы – прагматикалық шешім.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК, филология ғылы­мының докторы: «Латын әліпбиіне неге өтеміз?» деген сұрақтың жауабы көп. Ғылым-ілім, компьютерлік, ақпараттық кеңістікке шығамыз, тағысын тағы. Бірақ соның ішінде айтылмай жүрген бір себеп бар. Ол – қазіргі жазуымызға іргелі реформа жасап алу. Жазуға реформа жасау оңай болмайды. Қазіргі ғалымдар мен мамандардың арасында келіспеушілік тудырып жатқан мәселелердің бәрі жазуға жасалатын рефор­маның қиындығында. Негізгі міндет – төл нұсқаның басын ашу, кірме дыбыстардан тазару, төл дыбыстарымызға лайық әліпби қабылдау, соған лайық емле ережесін жасау. Бірінші кезекте әліпби мәселесіне көңіл бөлу керек. Міне, ең бірінші мәселе осы, реформа жасауымыз керек.

Емле ережесіндегі түйткілдер

Ерден ҚАЖЫБЕК: Біріншіден, бұл емле Елбасымыздың Жарлығымен бекітілген әліпбиге негізделген. Екіншіден, бұл емленің негізгі жобасын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары дайындаған. Одан кейін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы сараптамадан өткізіп, соңғы редакциясын жасап, газетке жариялады. Бірақ бір нәрсені дұрыс түсініңіздер, Үкіметтің жанындағы ұлттық комиссияның мақұлдауы деген сөз – бекіту емес. Өйткені дәл қазіргі кезде ғалымдардың дауында әлі шешілмей тұр­ған үлкен мәселелер бар. «Егемен Қазақ­стан» газетіне жариялаудың негізгі себебі – халыққа таныстыру, халықтан тағы да ұсыныстарды жинау. Қажет болған жағдайда кейбір баптарға, кейбір ережелерге түзетулер енгізуге әбден болады. Ал оның жаңашылдығына келсек, біріншіден, өзіміздің қазақтың төл тіл заңдылықтарына бағындыруға тырыстық. Емле ережелерін жасағанда Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы – ред) ұстанымдарын аламыз деген мақсат болған. Алайда сараптаманың қорытындысы бойынша, қазақ тіліне тікелей қатысы жоқ кірме көздерді қалай таңбалаймыз деген мәселе туындады. Сараптама кезінде жұртшылық қалауымен кирилл әліпбиімен жазып үйренген кейбір әдістер мен нормалар, ережелер аздап өзгертілді. Бірақ бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Тіл білімі институтында орфографиялық сараптамаға ғылыми алқа құрылды. Біз мүмкіндігінше толық сәйкестендіруге, төл дыбыстарымыздың айқын көрініс табуын қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыруға тырысып жатырмыз. Қазір үлкен реформа басталды. Бірақ ашығын айту керек, 28 таңбаны ғана таңбалап көрсетуге біздің ғалымдарымыздың күші жетпей жатыр. Мысалы, әліпбиде дауысты дыбыстар мен дауыссыз дыбыстардың орындары ауысқан. Ескі кирилл әліпбиінен еніп кеткен таңбалар да бар, олар да өз әсерін тигізуде. Осы мәселенің бәрін көріп отырмыз. Мұнда тек ғалымдар ғана үлес қоспайды. Біздің ұсыныстарымыз Білім және ғылым министрлігінің жұмыс топтарында, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мен тіл комитетінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде, Үкімет жанындағы жұмыс топтарында, Үкімет жанындағы ұлттық комиссияда қаралып, мақұлданып хатталады. Сосын Президент жанындағы комиссияға барады. Сөйтіп, осы сатылардан өткеннен кейін ол біз ұсынған бастапқы нұсқасынан аздап ауытқитын жағдайлар болады.

Фаузия ОРАЗБАЕВА: Жалпы, осы уақытқа дейін әліпбидің үш нұсқасы бекітілді. 18 қаңтарда емле ережесінің жобасы ұсынылды. Ол талқылаудан өтіп, енді бекітілудің алдында тұр. Емле ережесі қазақ тілінің заңдылықтарына сүйеніп жасалса ғана сауатты ереже мен дұрыс әліпбиге жетуге болады. Рас, бір кемшілік болса, бірден тілші-ғалымдар айыпталады, ал оның қайта-қайта өзгеріске ұшырағанын ешкім ескермейді. Әрине, біз талқыға түсуге қарсы емеспіз, талқылансын. Бірақ сол талқыға түскеннің ішінде шын кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, әліпби нұсқасы дұрысталса және емле ережесі жүйеленсе дұрыс болар еді. Біз не істесек те, ертең үшін, ертеңгі қазақ тілінің нормасы үшін жұмыс істедік. Қазақ тілінің сөйлеу жүйесін сақтау арқылы елдікті сақтайтындықтан бұл іске өте жауаптымыз. Ал бұған қоғам дайын емес деп айту қиын. Қоғам әр кезде де уақыттың сұранысы мен талабына жауап береді. Бейбіт ИСХАН, филология ғылымының кандидаты: Қазіргі мәселе мынада: неге бұрын «и» мен «у»-дың алдына «і»-ні жазбағанбыз? Енді жазсақ шұбалаңқы, қиын болып кетеді? «Мемлекет» немесе «емле» деген сөздің арасындағы қысаң дауыссыздарды жазатын болсақ, шұбалаңқы болады, қоғам күледі дегендей мәселелер көтеріледі. Әрине, қоғам 70-80 жыл бойы қазіргіге үйренген соң оған жат болып көрінеді. «Б», «с», «ш» қайда кетіп қалды деп ұлттық әліпбидің өзіне жалтақтап қалды. Фаузия апайымыз дұрыс айтып отыр, әліпби түзелмейінше емлені дұрыстай алмаймыз. Ол айдан анық нәрсе. Мен Мұхтар Әуезовтің сөзін мысалға жиі келтіремін, «қисық ағаштың өзін түзеп алмай тұрып, оның көлеңкесін түзеу деген – бос әурешілік».

Анар САЛҚЫНБАЙ, филология ғылы­мының докторы: Біз мәселемізді халыққа ашық айтуымыз керек. Өйткені шетелге әртүрлі ғылыми конференцияларға, басқосуларға барған кезде тек түрік ағайындар ғана емес, өзге мемлекеттердің де ғалымдары бізге сынай қарай бастағаны ақиқат. Шынында да, 1-2 жылдың ішінде әліпбиді қайта-қайта өзгерте беру қазақтың өзіне сын. Бұл әліпбиді жасауда Тіл білімі институты болсын, «Тіл-Қазына» орталығы болсын өте үлкен іргелі жұмыс жасады. Емленің түзелуі, халыққа, ауызекі сөйлеу тіліне жақындауы барысында өте көп жұмыс жасалды. Бірақ бұл жұмыстар БАҚ пен әртүрлі әлеуметтік желілерде сын пікірге ұшырап жатты. Мұның себебін түсіндіргіміз келеді. Біріншіден, біздің бұған дейін айта алмағанымыз, апостроф таңбасы ғалымдармен ақылдасқан шаруа емес. Оның негізгі белгісі – белгілі бір дыбыс­ты жіңішкерту мақсатында қолданылатын таңба еді. Және «ш» мен «щ» дыбысының қос әріппен таңбалануы да сынға ұшырады. Қазіргі таңда әліпбидің біршама түзетілуі керек екенін жоғарыға дұрыс жеткізуіміз керек. Ал емлеге қатысты бір мәселенің басын ашып айту керек. Бүгінгі емлетанушы ғалымдар мен грамматологтар емлені қазақ қоғамына арнап жазып отырғаны рас. Қазіргі таңда кирилл таңбасына үйренген, орысша өте жақсы, сауатты сөйлейтін, екі тілді ғана емес, үш тілді меңгерген қазақ деген ұлт бар. Олардың кейбірі орыс тілін өте жақсы меңгергені сонша орыстың өзінен де өте жақсы сөйлейді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әліпбиімізді кешегі орыстандыру саясаты жүрген кирилл әліпбиінен алыстатып, өзіміздің қазақша сөйлеу дәстүріне жақындатуға күш жұмсап, соған бірте-бірте алып келе жатыр. Бұл, өкінішке қарай, оңай шаруа болмай тұр. Қазақты қайтадан қазақ қылғымыз келеді. Ол үшін орыстың таңбаларынан құтылуымыз керек. Тіпті, өздеріңіз байқап отырсыздар, орыстың өзі де «э», «ю», «я», «ъ» сияқты таңбаларынан бас тартып жатыр. Ендігі мәселе – «у» мен «и» мәселесі. Олар бұрыннан қазақта бар дауыссыз дыбыстар. Біздің ортақ пікірге келе алмай отырғанымыз – қазақтың төл дыбыстары «ұ», «ү», «ы», «і»-ге байланысты. Бұл дыбыс­тар қазіргі таңда «у» мен «и»-дің арасына кіріп, соның көлеңкесінде қалып отыр. Осы көлеңкеде қалған төл дыбыстарды ашып, қайтадан ұсынса, қазақ өзі қабылдағысы келмей қалатыны рас. Мысалы, «ырас», «ырза», «ылақ» деп айт десек, бәрібір «рас», «риза», «лақ» деп айтатыны жасырын емес. Бұл қазіргі мектеп грамматикасының негізінде қалыптасты. Бір ғана нәрсені айтқым келеді, мәселен, бүгінгі таңдағы біздің жасап отырған оқулықтарымыз бен құралдарымыздағы емлелердің барлығы 1954 жылғы оқулықтан алынған. Ал ол оқулық қалай жазылды? Иә, ол Сталиннің тоқпағымен жазылды. Ең соңғы орыс кириллицасына енген кезде Мәулен Балақаев пен Сәрсен Аманжоловтың арасында көзқарастар қайшылығы болды. Ақырында Мәулен Балақаевтың оқулығындағы қазақтың «ұ», «ү», «ы», «і»-сі дәл бүгінгі күнге дейін бүкіл оқулықта «у» мен «и»-дің шау­жайында кетіп бара жатыр. Қазақ тілінің өзге түркі тілдерінен ерекше бір ғана қасиеті бар. Ол – әуезділігі. Сол арқылы қазақтың әуені, қазақтың өлеңі ғажап айтылады. Арқа әндерінің кең дауыста айтылатыны дауысты дыбыстардың созылыңқылығына байланыс­ты еді.

Зейнеп БАЗАРБАЕВА, филология ғы­лымы­ның докторы: Біз бірінші нұсқаны ұсынғанда өзіміздің ұлттық дыбыстарымызды, жіңішке дыбыстарымызды умлаут арқылы көрсеттік. Умлаут деген – әріп үстіндегі екі нүкте. Бірақ бізді кім тыңдады? Ал орфографияның өзінің заңдылықтары бар. Орфография фонетика не грамматика емес, бірақ бұлармен өте тығыз байланысты. Орфографияның өзінің заңдылықтары мен бірнеше ұстанымы бар: фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық және дәстүрлі-тарихи ұстаным. Біз басқа елдердің тәжірибесін әбден зерттедік. Мысалы, Еуропа тілдерінде дәстүрлі-тарихи ұстаным қолданылады. Олардың жазуы ерте қалыптасқан. Ал фонетикалық жүйесі дамыған. Сондықтан оларда жазу мен айтудың айырмашылығы бар. Ал беларус-поляк тілдерінде фонетикалық ұстаным қалай айтасыз солай жазылады. Кәрістер «р» мен «л»-ның айырмашылығын сезбесе, арабтар «ы» мен «у»-ды ажыратпайды. Ал қазақ тілінде фонемдік ұстаным басым. Морфологиялық-фонемдік ұстанымдар арасында қайшылық жоқ, мазмұны бірдей. Мысалы морфологиялық ұстаным бойынша, морфема біршама сақталады. Ал фонематикалық ұстаным бойынша морфеманың ішіндегі, түбірдің ішіндегі фонема сақталады. Бірақ кейде морфологиялық ұстаным жүрмейді. Мәселен, Нұргелді Уәли ағамыздың мысалдары жақсы. «Егін» деген сөзді алайық, түбірі «ек», ол сақталған жоқ. Ал фонематикалық ұстаным әрқашанда жүреді. Сондықтан осы фонемдік ұстанымды алу керек деп ойлаймыз. Сосын «и» мен «у»-ға байланысты: олар, біріншіден, әріптер. Мысалы, оны А.Байтұрсынұлы кезінде жарты дауысты-дауыссыз деді. Себебі оның фонематикалық мазмұнын айтып отыр. Мысалы, «тау», «бай», «сау» деген сөздерде ол жартылай дауыс­ты, жартылай дауыссыз. Сіздер «w» -мен көрсетейік дейсіздер, «w» барлық тілдерде жарты дауысты. Мысалы, жарты дауысты болса, ол буын құрамайды, ал буын құрай алмаса ол дауыссыз болады. Ал алдына қысаң дауыстылар «ұ», «ү», «і» қосылса толық дауысты болады. Және дифтонг дауысты екеуі бірігіп кетеді. Дифтонг болуының себебі екі элементі бар: бірінші қысаң дауысты, екінші дауыссыз және тұйық дифтонг. Түркі тілдерінде жалған дифтонг буынға бөлгенде екіге бөлініп кетеді. Бұл – орфоэпия.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК: ­Мен екі мәселеге тоқталамын. Емленің кемшіліктерін халық өзі көріп отыр. Менің айтпағым, біріншіден, емлеміз кириллицаның емлесін сол қалпы көшіріп отыр. Сонда біздің жаңаруымыз, жаңғыруымыз қайда қалды? Жазу деген тілдің оққағары, қорғаушысы болуы керек. Сол тілді бұзбай айтудың үлгісі болуы керек. Ал біздің қазіргі кирилл жазуымызда 5-6 дыбыстық, лексикалық, морфологиялық, тіпті синтаксистік қайшылықтар бар. Біз кемшіліктерден құтылудың амалын іздеп отырмыз. Оның жалғыз амалы – әрбір дыбысты­ жеке таңбамен белгілеу. Екінші, әліпби туралы көп жерде айтылмайды. Қазіргі әліпбидің бірнеше жаңсақ кемшіліктері бар. Мысалы, 11-баптағы «и» таңбасын алайық. Орыстың «и» дауысты дыбысы мен біздің қысқа «й». Қысқа «й» деп бекер айтамыз, қазақ тілінде қысқа, созылыңқы деген дыбыс жоқ, бәрі бір-ақ дыбыс. Екеуін бір ғана таңбамен белгілеген. Бұл жазу дәстүріне де, теоремаға да, әдістемеге де қайшы. Сонымен қатар бір тілдің дыбысын екінші тілдің дыбысымен белгілеуге болмайды. Бас әріппен жазылған уақытта «і» мен «и»-ді ажырата алмай қаласың. Әліпбиге де, емлеге де түзетулер мен өзгерістер енгізу керек. Оның екеуі де таза ұлттық болуы тиіс.

Бижомарт ҚАПАЛБЕКОВ, филология ғылымының кандидаты: Осы емле мен әліпбиде мәселе барын бүкіл қоғам көріп отыр. Президент латын әліпбиіне 2025 жылға дейін көшуіміз керек деді, әлі 6 жыл бар. Бұл көшу мәселесі екі кезеңнен тұрады: әзірлеу және енгізу. Біз қазір әзірлеу деңгейіндеміз, бірақ бір ортақ ғылыми тұжырымға келмей, тез-тез әзірлеп жатырмыз. Осы уақытқа дейін бір жылдың ішінде бірнеше тексеру мен сараптамадан өткізіп, Үкіметке мақұлдатып қойдық. Ол әлі шикі. Оны ғылыми орта кемінде 2-3 жыл талқылауы керек. Ал қазіргі цифрлық технологияның дамыған заманында енгізуге мұншама уақыттың керегі жоқ. Бірнеше пернені басасың, қалағаныңа ауыстырып береді. Соған неге асығамыз, осыны түсінбеймін. Президенттің келісіп, ғылыми ортаға салып шешіңдер дегенін түсінбей, арбаның алдына түсіп алып жүгіріп бара жатырмыз. Ертең бәрібір кері қайтамыз. Мәселен, Өзбекстан сияқты елдер әліпбиін қайта қарап жатыр. Ал бізге уақыт берілді. Әрбір бабын талқылап, әр әрпін негіздеп, үлкен ғылыми жұмыстар жүргізіліп, әзірлеуге жаңа Үкіметтен уақыт сұрауымыз керек. Енгізуге асықпауымыз керек. Біздің тіліміз– жазуға байланбаған, әбден дыбыстық жүйесі жетілген тіл. А.Байтұрсынұлы «қазақ тілі – дыбыс жүйелі тіл» дейді. Фонемдік, морфемдік емес, дыбыс жүйелі тіл. Қалай айтылса, солай жазылады.

Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ, филология ғылымының кандидаты: 1924 жылғы қазақ тілі ұстаздарының съезінде осы емле әңгіме болған. Мысалы, «ми» деген сөз. Содан бері міне 100 жыл өтсе де «ми» дегенді әлі жаза алмай келе жатырмыз. Мен институтта сабақ беремін, сонда студенттер «ми» деп оқиды да, одан ары қарай жалғауын жіңішке жалғайды. «Менің миім», «сіздің миіңіз» дейді. Ал біріккен сөз арасындағы дыбыстық ерекшеліктерді ескеру керек, мәселен бұлшықет, мектепалды деген сөздерді оқушылар дұрыс қолданбайды. Екінші мәселе – кірме сөздерде. 24-41-параграфта кірме сөздердің соңы екі дауыссызбен аяқталғанда «ы-і» дәнекерлеу арқылы жазылады деген ереже бар. Мәселен, медицинада «бронх» деген термин бар, «х» дыбысына аяқталады. Қазақ оны «бронхы» дейді, ал оны неге дәнекерсіз-ақ, қазақ тілінің заңдылығы бойынша «бронхы» деп бірден жазбасқа?! Міне, осындай дыбыстарды әлі де пысықтау керек. Сондай-ақ егер біз латын әліпбиіне көшетін болсақ, сөз соңындағы екі қатар дыбыстармен аяқталған сөздердің барлығын қайта қарауымыз керек. Сонда ғана тіліміз дұрысталады деп ойлаймын.

Жазу – ұлттың рухани тамыры

Бейбіт ИСХАН: Жазуға байланысты сөз қозғағанда қазақ тіліндегі дыбыстардың тіркесу заңдылығын ескеру керек. Мәселен, Төкең айтқандай, қазақ тілінде сөз ешуа­қытта қос дауыссыз дыбыспен басталмайды. Әсіресе қатаң қос дауыссызбен. Қатаң екі дауыссыз дыбысқа аяқталмайды. «О» дыбысы қазақ тілінде екінші буында айтылмайды, жазылмайды.

Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ: «Абырой» деген сөз бар ғой...

Бейбіт ИСХАН: Сол «жапон», «абырой» деген бір-екі сөз бар, болды. Осы заңдылықтар орфография, емле ережелерін жасаған кезде ескерілуі тиіс. Ал емле ережесін жасаудан бұрын әліпбиді жөндеп алу керек. Әліпби жөнделмейінше дұрыс емле шықпайды.

Назира ӘМІРЖАНОВА, филология ғы­лымының кандидаты: Құрметті әріптестер, «біткен іске сыншы көп». Шын мәнінде өте күрделі жұмыстың бір шеті болса да бітті. Оны барлығымыз мойындауымыз керек. Емле ережесін жасау бір-екі адамның ғана жұмысы емес, оған көптеген тіл білімінің мамандары тартылды. Бірнеше жиын өтті. Емле филологтар, фонетистер немесе морфологтар үшін емес, жалпы халық үшін жасалады. Сол себепті ол жазуға тиімді, жеңіл болуы тиіс. Егер емле ережесін морфологияға, фонетикаға қарай тартып күрделендіре берсек, жазарман азаяды, қазақ сауатсызданады. Кез келген тілге реформа жасаған кезде емле ережесінің аз болуын қадағалайды. Себебі ережесі көп тілді меңгеру қиын. Біздің емле ережеміз ондай көп емес. Тек базалық норманы сақтап отырмыз. Ал оны емес, түгелімен фонетикалық принципті негіз етіп алатын болсақ, онда кірме сөздерді бірізді жаза алмай қаламыз. Әркім қалай естісе, солай жазатын болады. Мұндай жағдай 30-жылдары болған. Мысалы, Құдайберген Жұбанов «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында «Коммунист» деген сөзді естілуіне қарай «Кәмүніс», «Кәмөнес» деп 16 түрлі қылып жазады. Одан кейін «ұ», «ү», «ы», «і» сияқты қысаң дыбыс­тарды барынша үнемдеп жазу – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Сол 30-жылдары кез келген жерге осы әріптерді қосып жазу белең алды. Мысалы, «Ысталин», «ырақмет» деп жазды. Кейін ол өздігінен редукцияланды. Емле қайта қаралды. Жазу кезінде негізгі мағынаны құрайтын дыбыстар ғана таңбаланатын болды. «Еміле» деп жазу туралы айтып отырсыздар ғой. Егер олай жазатын болсақ, жазудағы қуат сыйымдылығы, энергия, уақыт кететінін ескеруіміз керек. Сол себепті де бірінші кезекте халықты ойлайық. А.Байтұрсынұлы да кезінде «Дыбыстың асылын жазайық» деді. Сондықтан қазіргі ұстанымымыз өте орынды деп айта аламын. Әрине, емле жасаудың алғашқы кезеңінде қиындықтар, кемшіліктер болады. Кирилл әліпбиін 1940 жылы қабылдадық. 1957 жылы ғана бекіттік. Яғни 17 жыл бойы оны жетілдірдік. Сол сияқты біздің де емлеміз бірден кемшіліксіз болып шықпайды. Шыдамдылық керек. Ғалымдар осы мәселеге жұдырықтай жұмылуымыз керек.

Тыныштық ЕРМЕКОВА, филология ғылымының докторы: Әліпби ауыстыру ХХ ғасырдың басынан орта кезеңіне дейінгі ғалымдардың да бас қатырған үлкен мәселесі болды. Өйткені жазу – ұлттың бөлінбес бір бөлшегі. Сондықтан да ол әрқашан ұлтқа қызмет етуі керек. Латын графикасына көшу мәселесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бастап қолға алынды. Демек, халық жазу арқылы өзінің рухани тамырына бет бұруы керек. Әрине, латын графикасы біздің төл жазуымыз емес. Дегенмен, алдымызда рухани тамырдан бет алып, жаңа ғасырдың да көшінен қалмау міндеті тұр. Сондықтан да жазу мәселесіне келгенде қайшылықтың туындауы заңды. Ол қайшылықтың бірі – әліпби. Әліпбидің бірнеше рет өзгеруі, дыбыстық жүйемізде кейбір таңбалардың болмауы емле жасаушыларға үлкен қиындық тудырғаны жасырын емес. Сондықтан Үкіметке әліпбиді әлі де жетілдіру керек екенін жеткізу керек. Ал екінші мәселе – емле. Бұл тұрғыда ғалымдардың көзқарасы екіге жарылып отыр. Соған қарамастан емле жасау кезінде барлық тараптың талап-тілегі ескерілді. Емле ережесін жасаушылар аз жұмыс жасады деуге болмайды. Қыруар жұмыс істелді. Бірақ оны жетілдіруден де бас тартпауымыз керек.

Қаламқас ҚАЛЫБАЙ, филология ғылы­мы­ның докторы: Дұрыс айтасыз, емле ережесіне қатысты екі түрлі көзқарас бар. Біз соны біріктіре алмай отырмыз. Біріншісі – жазуды жеңілдету. Жазу мүмкіндігінше оңай болуы керек және қоғамға ыңғайлы болуы тиіс. Бірақ дәл осы ұстаным өзінен-өзі екіұштылық туғызып отыр. Оңайлатамыз дейміз, бірақ кірме сөздерді жазғанда осыдан 70 жыл бұрын жоғалтып алған дүниені қайтадан қалпына келтіруге тырысамыз. Бұл мүмкін бе? Осыған ғылыми зерттеу жүргізіп барып, шешім қабылдағанымыз жөн. Жазу санаға бейімделуі керек. Санада жоқ нәрсені жазу қиын. Қазіргі жас ұрпақтың санасында ол жоқ. Олар тұрмақ, біздің қатарластарымыздың да санасында жоқ. Сондықтан оны дағдыға айналдыру үшін таза механикаға сүйенгелі отырмыз. Яғни балалардың санасына «осылай жазу керек» деп күштеу механикасын қолданбақпыз. Бұл жайында В.Щербаның «Жазуды механикаландырған дұрыс, бірақ қалай дегенде де жазу санадан туындауы керек» деген сөзі бар. Екінші қайшылық – жоғалтқанымызды қалпына келтіруге тырысу. Осы ретте тағы да пікіріміз екіге жарылады. Кейбір ереже­лерді қайтарғымыз келеді, ал кейбірін «қалыптасып кетті ғой, осыған тиіспейікші» деп қалдыруды жөн көреміз. «У» мен «и» әріптеріне де қайта-қайта оралып, тағы да тіл табыса алмай отырмыз. Айтыс-тартыстың туындап отырған себебі – кирилл әліпбиі санамызға әбден сіңісіп кеткен. Осындай кезеңде қай халықтың да жазуы ауысатын болса, бітпес дауға айналатын еді. Осы ретте ортақ мәмілеге келіп, шешімін табу – міндетіміз.

Нұрсәуле РЫСАЛИЕВА, филология ғы­лы­мының кандидаты: Мен орфографиялық топтың мүшесімін. Ағылшын, француз тілдерінен дипломым бар. Бір кездері ғалымдар бүкіл әлемге тән фонетикалық транскрипция жасауға талпынды. Қазақ тілінің кирилл әліпбиі дәл осы міндетті атқара алады. Яғни кез келген тілдегі сөздің оқылуын дәлме-дәл болмаса да, бара-бар нұсқада осы әліпбимен жазуға болады. Біз әліпбиімізге реформа жасаймыз деп, қайда бара жатырмыз? Осы ой маза бермейді. Қоғамда кіммен сөйлессеңіз де, жасыратыны жоқ, көпшілігі қабылданғалы тұрған әліпбиден ат-тонын ала қашады. Кейбірі тіпті бұл әліпби бекітілсе, орыс тіліне көшетіндерін де айтады. Ал орфографияға, емле ережесіне келетін болсақ, емле жасаушылардың отырысына қалмай қатысып жүрмін. Өте үлкен еңбек жасалып жатыр. Бірақ бұл емле жасау жұмысы маған салтанатты шараға киетін көйлек тігу жұмысы сияқты елестейді. Сол көйлекті тігуге жарты метр мата берілген. Ал осыдан балға киетін, етегі ұзын көйлек шығар дейді. Жарты метр мата деп отырғаным – әліпбиден 10 әріпті алып тастаған. Демек, ағылшындардың естіп тұрғанын жаза алмайтыны сияқты жағдай бізде де болайын деп тұр. Олай болмауы үшін қолданыста бар дыбыстың барлығына әліпбиден таңба берілуі керек. Біз «ч» әрпін әліпбиге енгіздік, бірақ «ц»-ны алып тастадық. Іс жүзінде «ц» әрпі «ч»-ға қарағанда бірнеше есе көп қолданылады. Медицинада бұл әріпсіз аяқ алып жүре алмайсыз. Демек, қандай дыбыс болса, соған таңба белгілеу керек. Ал таңба бер­месек, ол дыбысты қолданыстан мүлдем алып тастауымыз керек. Олай болмаса, латын әліпбиіне көшпей-ақ қойғаны­мыз дұрыс.

Ермұхамед МАРАЛБАК, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері: Бүкіл мәселе дыбыстардың орнын анықтауға байланысты туып отыр. Шындығын айтқанда, «дауысты дыбыстан дейін дауыссыз дыбыс, дауыссыздан кейін дауысты дыбыс келеді» дегеніміз – мектеп оқушыларына арналған ереже. Одан басқа да дыбыстардың орнын анықтайтын ережелер мен заңдылықтар бар. Ешкім бұған мән бермейді. Мысалы, дауыстылар мен үнділерден кейін неге «-мын» жіктік жалғауы жалғанады? Басқа қатаңдарға, ұяңдарға «т»-дан немесе «д»-дан басталған жіктік жалғауы жалғанады. Ал неге дауысты дыбыспен, «ю»-мен аяқталатын сөздерге «-лар»-дан басталған көптік жалғаулар жалғанады? Ал «гу етті», «зу етті», «қит етті», «ду етті» деген шұғыл айтылған сөздердің арасында ешқашан дауысты дыбыс жазылмайды. Егер жазсақ, «бұрқ етті» дегенді – «бұрық етті» деп, «жарқ етті» деген «жарық етті» деп жазуымыз керек болады.

Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ: Үнді мен қатаң дыбыстар тіркесе алады. Еліктеуіш сөздерде барлық дыбыс тіркеседі.

Бейбіт ИСХАН: Иә, өйткені үндінің үні бар ғой.

Ермұхамед МАРАЛБЕК: Егер біз тарата жазуды мойындайтын болсақ, бір тілге екі емле арнауымызға тура келеді. Яғни кірме сөздер мен терминдерге бір ереже, төл сөздерге бір ереже болады. Ал екі ереже болса, халықты одан сайын адастырамыз. Кей ағаларымыз «Президент» деген сөзді «Пірезейдент» деп таратып жазуды ұсынып жүр, бірақ олай тарата беруге болмайды. Қазақ тілін игерудің заңдылықтары бар. Осы заңдылықтарды ешкім ұсынған жоқ. Тек қана тарата жазу керек дейді де, кірме сөздерді де таратады немесе кірме сөздер­де бұрынғы ереже қалады. Осындай екіжақтылық бар. Содан кейін қазақ тілінде сөздер тек бастапқы буындарда ғана ашық болып келеді. Соңғы буындарда көбінесе қысаң­да­натын, езулік тартатын заңдылығы бар. Бұны үндестік заңын зерттеген Халел Дос­мұхамедов айтқан. Біз соған мән бер­мейміз. Егер таратып жаза беретін болсақ, сөздің соңғы екінші-үшінші буындарына «ұ» дыбысы немесе «ы» дыбысы қосылады да, созыла түседі. Қорыта айтқанда, қазақ тілінің үндестік заңын, тіркесім заңын толықтай зерттесек қана мәселемізді шешу әлдеқайда жеңіл болар еді.

Диграфты нұсқа неге қабылданбады?

Нұргелді УӘЛИ, филология ғылымының докторы: Құрметті әріптестер, орфографияда шешілмеген біраз нәрсе бар. Тиянақталғаны да қаншама. Оны аңғару үшін 30, 40, 50-жылдардағы жазуды қарау керек. Сол кезде ғана орфографияның бұрын қандай болғаны, қазір қандай жағдайда екеніне көздеріңіз жете түседі. Орфографияны біреуіміз фонетикалық, екіншіміз морфологиялық, үшіншіміз синтаксистік, төртіншіміз лексикологиялық ыңғайда қараймыз да, сан түрлі пікір айтамыз. Сан тарапқа тартамыз. Алдымен мынаны айтыңыздаршы, «и» мен «у»-ды жазудан қиындық көрдіңіздер ме? Студенттер осы екі әріптен көп қате жіберді ме? Газет-журналдарда осы екі әріпті қате жазғандарды көрдіңіздер ме? Орфография қай жерде қате болса, сол жерді тексереді. Ал «меніңше былай», «морфологияда былай» деген нәрсе – талас. Біз әріптестеріміздің: морфологтардың, фонетистердің, синтаксистердің – бәрінің пікірін тыңдаймыз. Бәрінің керек жерін аламыз. Айтып отырған пікірлері орфографияны оңтайландыра ма, жоқ па, соған қараймыз. Бұл – бір. Екіншіден, емле ережесінде «сингармонизм заңы сақталмаған» деп қалай болса, солай пікір айтамыз. Бұл – жауапсыз сөз. Сингармонизм сақталған, бірақ қай сингармонизм? А.Байтұрсынұлының сингармонизмі сақталған. Ал қай сингармонизм сақталмаған? Бастан-аяқ «о»-мен, «ұ»-мен жазылатын сингармонизм сақталмаған.Оның да себебі бар. «Ұлұмыз» деп жаза алмаймыз. Себебі қосымша жалғанады. Сол кезде еріндік сингармонизм қайда қалады? Міне, осыны ескеріңіздер. Сол сияқты сөздің басына «ы» әрпін қосып жазу, «р»-мен басталатын сөздердің алдында қысаңдарды жазу мәселесіне келсек, бұлардың бәрі реттеліп келе жатыр, бірсыпырасы реттелген де. «Р» әрпінен кейін ашық дауыстылар тұрса, «ы», «і» жазылмайды. Неге? Себебі ашық дауысты мен қысаң қысқа дауысты редукцияланады. Себебі сөз «Рақмет» дегенмен қалмайды ғой. «Рақметтеріңіз», «Рақметолла» деп ұзара түседі. Бұл – аглютинация, яғни жалғамалылық. Осы жалғамалылыққа қарама-қарсы ықшамдалу деген заңдылық бар. Ықшамдалу – тілдің әлеуеті. Оны да сақтауымыз керек. Біз жоғары мектепте ықшамдалу заңдылығын оқымадық. Оған мән де бергеніміз жоқ. Ал ықшамдалудың да бірнеше деңгейі бар. Олардың да өз әлеуеті бар. Осыны ескеру керек. Әліпбиге келейік. Естеріңізде болсын, әліпби үш рет бекітілген жоқ. Тек таныстырылды. Диграфты нұсқа неге қабылданбады? Себебі ол ықшамдалуға, аглютинацияға келмейді. «И» мен «у» туралы пікірталас бекер туындаған жоқ. Онда да бір уәж бар. Бұл әңгіме 24-жылдары Омаров пен Аймауытовтың арасындағы айтыстан шықты. Бізде кішігірім әдістемелік қате бар. Ол қате мәтін орфографиясына тән. Себебі біз тек түбір сөзді қарастырып жатырмыз. «Су» дегенді – «сұу», «ту» дегенді «тұу» деп жазайық дейміз. Ол оңай. Ал енді «суландырылмағандықтан» деп қосымша жалғаңызшы, сонда қалай болады? Қанша әріп қосылады? Осыны ескермейміз. Жазу деген не? Жазу – ықшамдылық, икем­ділік. 1924 жылдан 1957 жылға дейін қанша ереже ауысты. Ештеңе тиянақталған жоқ. Мәселен, 50-жылдардағы «Социа­листік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сынды газеттердегі жазуға өте мұқият қарайтын, сауатты авторларды да қарап шықтым. Әркім әрқилы жазған. Бұлай болмайды. Егер бұлай жалғаса берсе, талас көбейе түседі. Себебі педагогтардың арасында да, халықпен де байланыс нашар. Әңгіме осында. Ал халыққа түсіндіріп айту керек.

Анар САЛҚЫНБАЙ: Бүгінгі қазақ естігенін айтып отыр ма, әлде оқығанын айтып отыр ма? Оқығанын айтып отыр. «Ми» деп жазсаңыз, «ми» деп айтады, «мый» деп жазып берсеңіз, «мый» деп оқиды. Ықшамдау деген қазақ тілінің негізгі заңдылығы ма? Оның әлмисақтан келе жатқаны рас. Бірақ ол негізгі заңдылық емес. Неге? Негізі заңдылық – Ахмет Байтұрсынұлы айтқан үндестік заңы. Бұл заңды да ескердік дейсіз. Бірақ емле ережесінің 30-параграфында халықтың тілі де, құлағы да әбден үйреніп кеткен «көгөніс», «шегара» деген сөздерді айналып келіп, «көкөніс» (kókónis), «шекара» (shekara) деп беріп отырсыздар. Бұрын «көгөніс», «шегара» деп айтып-жазып едік, оны да бір кездері өздеріңіз үйреттіңіздер. Енді қайта айналып осы сөздерді өзгертіп жатырмыз. Бұл өзіміз айтып отырған ықшамдалуға да, үндестік заңына да келмейді. Менің ойымша, болашақта жазылатын емледе қазақтың үндестік заңы бірінші орында тұруы керек.

Фаузия ОРАЗБАЕВА: Құрметті әріп­тестер, біздің арамыздағы пікірталас таза ғылыми ұстанымға сүйенген. Сол себепті жалпы халыққа түсініксіз. Біз тілдік дәйек­терге, сөздік қорымыздағы бүкіл сөздерге сүйеніп, ортақ қорытындыға келуіміз керек. Мұндай айтыс-тартыстың да қаупі бар. Оның соңы жақсылыққа, ақиқатқа апарса жақсы. Сәті түсіп тұрған латын әліпбиін енгізу процесін тоқтатып тастамасын. Ол үшін тездетіп ортақ пікірге келуіміз керек.

Ерден ҚАЖЫБЕК: Арыстарымыздың керемет сөзі бар: тілді біз сияқты сауатты, ақылды адамдар бұзады дегенге саяды.­Емле ережесін халыққа жақын, түсінікті қылып жасауымыз керек. Әрине, әзірге онда қайшылықтар бар. Ахаң бір жаңалықты дәлелдеу үшін орынсыз ереже шығарудың қажеті жоқ екенін айтады. Байқап қарасақ, ғалымдардың арасында айтарлықтай қайшылық та жоқ екен. Бәрі таза терминологиялық, ғылыми келіс­пеушілік. Бір-бірімізді терең түсін­бейміз. Кейде басқаша қабылдаймыз. Мәселен, «фонематикалық» деген терминді еуропаша ойлаймыз. Кейбіреулер «фонемдік» деген принципке қарсы, бірақ Ахаңша «дыбыс жүйелілігі» деп айтса, қабылдайды. Сондықтан біз, мамандар, бір пәтуаға кел­­ме­й­інше, осындай басқосуларды тоқтат­пауы­мыз керек. Ал өмір бойына бір-біріміз­бен келіспей, әр тарапқа тарта берсек, елден ұят.

Нұрперзент ДОМБАЙ: Бүгінгі басқосуға уақыт бөліп келгендеріңізге рақмет! Құнды пікірлер айтылды. Ертең емле қабылдау кезінде, әліпбиімізді бекітер кезде ортаға салған ойларыңыздың пайдасы тиеріне сенеміз.

Дайындағандар: Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, Әсел САРҚЫТ

3232 рет

көрсетілді

140

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы