• Білім және ғылым
  • 03 Сәуір, 2019

Көш басындағы оқу орны

Наухан АСАНОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері

Баршаңызға белгілі, биылғы жылды еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Елдің жарқын келешегі – білімді жастардың қолында екені ақиқат. Ал білімді азамат болып, мемлекеттің дамуына үлес қосу үшін міндетті түрде қазіргі заманға сай маман ретінде қалыптасқаның жөн. Осындай сапалы да, білікті мамандарды даярлап келе жатқан Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұрған оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне биыл 85 жыл толып отыр. 

Иә, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, университеттің іргетасы сонау 1934 жылдың 15 қаңтары күні қаланған екен. Содан бері оқу ор­нының даңқы алыстарға кетті. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да білімгерлер бакалавриат-магистратура-докторантурада үздіксіз сапалы білім алуда. Білім беру жүйесі заман талабына сай ұйымдастырылған. Халықаралық агенттіктер аккредитациясынан өткен оңтайлы оқу бағдарламаларымен, соған сәйкес тиісті оқу-әдістемелік, соңғы үлгідегі техникалық-материалдық құралдармен қамтамасыз етілген. Белгілі отандық және шетелдік ғалымдар білім берудің барлық деңгейлерінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әлемнің озық үлгідегі инновациялық технологияларын қолдана отырып дәріс береді. Айта берсек, жетістіктер аз емес. Мәселен, жыл сайын ҚазҰУ-да шетелдік студенттер саны көбеюде және академиялық ұт­қырлық негізінде қосдипломдық бағдарламалардың іске асырылып жатқаны да көңіл қуантарлық жағдай. Биыл білім алушылардың саны жиырма бес мыңнан асты, оларға екі мыңнан астам оқытушы-профессорлар, оның жүзден астамы – академиктер, дәріс беріп, ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасайды. Қазіргі заманда университет туралы білгісі келетін адамдар: «Оның материалдық-техникалық базасы қандай екен? Талапқа сай ма?» дегендей сауал қойып, қызығушылық білдіреді. Бұл әбден орынды. Студенттер 14 оқу ғимаратында білім алып, 17 студенттік жатақханада тұрады. Сонымен қатар Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, ғылыми кітапхана, Интернет орталығы, заманауи спорт кешені (жүзу бассейні, стадион, т.б.), «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығы, денсаулық диагностикасы бар емхана, Жас Ғалымдар Үйі, жоғары деңгейде арнайы жабдықтармен қамтылған әскери кафедра, теле-радио кешені және баспа-полиграфиялық кешені өз қызметтерін көрсетуде. Спорттық-сауықтыру лагері Қырғызстан республикасының «Ыстық-Көл» демалыс орталығында орналасқан, жазда демалуға барлық мүмкіншіліктер жасалған. Биыл заманауи жобамен 1300 орындық жатақхана салу жос­парлануда. Демек, университет басшылығы материалдық-техникалық базаны нығайтуға әрдайым көңіл бөліп келеді. Халықаралық байланыс­тар жөнінде айтатын болсақ, ҚазҰУ бүгінгі таңда әлемнің 418 ірі университеттерімен оқу, білім-ғылым саласында белсенді ынтымақтастық орнатып отыр. Жыл сайын 600 озық ғалымдар, қызметкерлер мен 2000-нан астам білім алушылар халықаралық зерттеу жобаларына, біліктілігін арттыру мақсатында тағылымдамаларға қатысуда. Олар: АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, Германия, Израиль, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Түркия, Қытай, Ресей, т.б. жетекші шетел мемлекеттерінің сертификаттарына, дипломдарына ие болуда. Докторанттарымызға әлемнің 46 елінің белгілі ғалымдары жетекшілік етсе, былтырғы жылы 938 магистрант, 192 докторант шетелдің жоғары оқу орындарында тәжірибеден өткені де едәуір нәтижелі көрсеткіш болып табылады. 2003 жылы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орын­дарының көшбасшысы болып Болонья қаласындағы Ұлы Хартия шешімімен Университеттердің еуропалық білім кеңістігіне кірсе, 2006 жылы сапалы білім берудегі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды. 2014 жылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындары арасынан ұлттық рейтингте бірінші орынды иеленіп келеміз. Сондай-ақ, жоғары сатылы Еуроодақ сарапшыларының бағалауы бойынша, ҚазҰУ ғылыми-технологиялық және инновациялық әлеуеті жағынан Қазақстан ЖОО-лары арасында талассыз көшбасшы болып табылды. Әлемдік білім кеңістігінде QS – «Top universities» (әлемнің үздік университеттері) халықаралық рейтингтік агенттігі бар. Аталған агенттіктің ресми қорытындысы бойынша 2016 жылы ҚазҰУ әлемнің ең үздік 800 университеті ішінде 236-орынды иеленсе, 2018 жылы 220-орынға көтерілді. Қазіргі кезде Қазақстанның Ұлттық ашық білім беру платформасының іске қосылуы арқасында Университеттің онлайн курстары Қазақстандық және шетелдік оқу орындарының білімгерлері тарапынан үлкен сұранысқа ие болуда. Бүгінде көптеген мектеп түлектері ҚазҰУ-дың студенті атансақ деп армандайтыны белгілі. Осы жөнінде бірер ақпарымызды айта кетсек, артық болмас. Биылғы оқу жылы ҚазҰУ талапкерлер таңдауының көшбасшылығына шықты, он мыңнан астам талапкер оқуға түсті, мемлекеттік білім грантына 6600 талапкер ие болып ҚазҰУ-дың студенті атанды. Біздің университет дайындап шығарған мамандар еліміздің әлеуметтік-саяси өміріне, ғылыми-интеллектуалды дамуына, жалпы экономикасына зор үлес қосуда. ҚазҰУ түлектері мемлекеттік ұйымдар мен өндіріс орындарында, ірі банктерде, әлемдік компаниялар мен жоғары оқу орындарында, халықаралық ұйымдар мен шетелдерде, ғылыми-зерттеу институттарында, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Олардың ішінде келесі ірі компанияларды атап көрсетуге болады: Microsoft Kazakhstan, KPMG, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры», «Қазақстан Ұлттық Банкі», «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, «Ұлттық ғарыш» агенттігі, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі, «Қазфосфат», «ҚазмұнайГаз» ұлттық компаниялары, «Еуразиялық банк» АҚ, «Ел Арна» ТРК және т.б. Қорыта айтқанда, универси­тетте жастардың сапалы кәсіби шеберлігінің дамуына, білімгерлердің ойлау қабілетін жетілдіріп олардың шығармашылық қасиеттерінің қалыптасуына, жеке қабілеттерін көрсетуіне және интеллектуалдық әлеуетінің дамуына барлық жағдай жасалған.

4131 рет

көрсетілді

40

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы