• Тұлға
  • 23 Мамыр, 2019

Халида Әжіғұлова, құқық докторы (PhD): Мектептегі авторитарлық жүйені жою керек

Шетелде оқып келген жастар қайда жүр? «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің елге нақ қандай пайдасы тиіп жатыр? «Ана тілі» газеті Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD Қауымдастығымен бірлесе отырып, «Қазақ әлемі: Болашақ» атты жаңа жобаны қолға алды. Қазақстан PhD Қауымдастығы – бүгінгі таңдағы қазақстандық ғалымдардың шетелдегі аса ірі бірлестігі, оған Ұлыбритания мен Ирландияның ең озық университеттерінде білім алып жатқан докторанттар мүше. Қазіргі кезде бұл қауымдастық түрлі сала бойынша оқып жүрген 82 докторанттың басын қосып отыр. Оның ішінде медицина, қаржы және инвестиция, гидрология, химия, биология, генетика, физика, экономика, математика, IT, бизнес басқару сияқты мамандық иелері бар. Докторанттардың 85 пайызы – халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлері, қалғаны – британ жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алған. Олар Шелл, Мишлен сияқты ірі индустриалдық компаниялардың инвестициялары есебінен Ұлыбританияның өндірісіне арналған зерттеулер жасаумен айналысады. Жоба аясында шетелде оқып, ғылыммен айналысып жүрген жастармен тілдесеміз. Олардың әрқайсысы өзінің ғылыми жобасы, зерттеп жүрген мәселесі, ел дамуын көздеген идеялары, мазалайтын ойлары туралы баяндайды. Сонымен, жаңа айдардың алғашқы қонағы – жас ғалым Халида Әжіғұлова.

Халида туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол – заңгер және құқық қор­ғаушы. Адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігі және Қазақстандағы ғылымды дамытуға лайық және қолайлы жағдай жасау – оның басты мақсаттарының бірі. Халида Ұлыбританиядағы Лестер университетінің халықаралық құқық бойын­ша ­доктор дәрежесін алған. ­Оксфорд универси­тетінің құқық магистрі, Британ жоғары білім Академиясының мүшесі. «Deloitte» компаниясының салық заңгері, БҰҰ-ның заң кеңесшісі, Қазақстан және Британ университеттерінде заң бойынша дәріс оқыған, Қазақстандағы Novalex заң фирмасының негізін қалағандардың бірі. Нидерландыдағы Босқындар және көші-қон туралы құқық бойынша судьялар халықаралық қауымдастығы­ның, Ұлыбританиядағы Заңгер ғалымдар, Әлеуметтік-құқықтық ғылымдар қауым­дастықтарының мүшесі... Тізе берсек атқарған ісі, атқармақ ісі, идеясы көп. Онысы көзінен-ақ байқалады. Жанып тұр... Соған қарамастан қарапайым. Өте сыпайы. Біз бейсенбі күні кездесеміз деп келіскенбіз. Алайда Халиданың аяқ астынан астанаға барып-қайтуы керек болып, бір күнге шегердік. Онда да сыпайылық сақтап, шұғыл шаруасы шығып қалғанын ескертіп, хабарлама жіберіпті. Әйтпесе, сұхбатқа келіскен күні хабарласқаныңда бір жаққа кетіп бара жатқанын айтып, телефонды тастай салатындар да бар... Жә, келіскен күні, келіскен жерге уақытынан сәл ертерек бардым. Халида туралы мәліметтерге тағы бір көз жүгіртіп, жобасы туралы, тағы не сұрауға болатынын да пысықтап алмақпын. Кешігетінін ескерткен хабарлама келді. Жолда екен. Күн жауынды. Ал мұндай ауа райында Алматыда көлік кептелісі дегеніңіз ушығып кетеді. Кофеханаға әр кірген адамға елеңдеп отырмын. Халидамен хабарлама алмасқаным болмаса, осыған дейін көрген адамым емес. Бірақ кірген бойда таныдым. Өңі жылы. Аспан түстес көздері күлімдеп тұрады екен. Амандастық. Оның елге оралғанына көп болмапты. «Биологиялық сағатым бейімделе алмай жатыр, тайм-менеджментімді жүйелей алмай жүрмін» дейді өзі күлімдеп. Даяшыға зімбір қосылған шайға тапсырыс беріп, әңгімемізге кірістік. Негізгі тақырыбымыз – Халиданың қолға алған Global Village School жобасы... – Еліміздегі білім жүйесі туралы көп ойланамын, – деп бастады әңгімесін ол. – Бізге білім беру жүйесін өзгерту керек. Балалар мектепке қуана баратындай, сабағын ықыласпен оқитындай болса деймін. Неге? Себебі қазір, өкінішке қарай, бұл салада жағымсыз жаңалықтар көбейіп кетті. Оқушыға қол жұмсаған мұғалім, балалар арасындағы әлімжеттік, буллинг, зорлық-зомбылық көрсету... Онымен қоймай, сол қылықтарын видеоға түсіріп алғанды қызық көреді екен. Осылардың бәрін естіген, білген кезде қорқасың. Балалар үшін. Еліңнің болашағы үшін. Бұл неден болып жатыр? Білімнің дұрыс берілмегенінен. Білімді адам, санасында иненің көзіндей сәулесі бар адам ондай азғындыққа, қатыгездікке бармайды және жол бермейді де. Бүгінде ауыл мен қала мектептерінде берілетін білім деңгейі жер мен көктей. Бұлай болмау керек еді ғой. Бұл әділетсіздік! Ауылдағы балалардың сапалы білім алу құқығын аяққа таптау. Еліміздегі әр азамат, әр бала – байлығымыз емес пе? Ендеше, ол мейлі ауылда, мейлі қалада – қай жерде тұрса да сапалы білім алуы керек. Ол үшін не істейміз? Біздің жобамыз осындай мәселелерді қамтиды және шешу жолын да ұсынады. Оған «Болашақ» бағдарламасымен және өз күшімен шетелде докторантурада оқып келген жастарды тартамыз. Жоба 10 жылға есептелген. Алғашқы екі жылында шетелде білім алып келген жастар бір-біріне жақын орналасқан үш ауыл мектептеріне кеңесші болып жұмысқа орналасады. Ондағы директорға, меңгерушілер мен мұғалімдерге баламен қарым-қатынас жасау, қабілет-қарымын анықтау, тұлға ретінде дамыту сынды мәселелерде бағыт-бағдар беріп, үйретеді. Яғни әлемнің озық университеттерінде алып келген білімін, тәжірибесін нақты пайдаға жаратады. Біздегі мектептер баяғы кеңестік кезеңдегі авторитарлық жүйеде қалып қойған. Оқушыны түк білмейтін надан санау, жоғарыдан қарау... Дамыған елдерде олай емес. Мысалы, мен Лестер қаласындағы Medway Community Primary School бастауыш мектебінде сабақ бердім. Онда қалай? Оларда ұстаз – оқушының досы. Оқушы қателік жіберуден қорықпайды. Себебі мұғалімі ол білмей қалса, көпшіліктің көзінше ауыр сөз айтып ұрыспайды, ұрмайды. Ізденісін бағалап, қай жерден неге қателескенін түсіндіреді. Сондықтан да болар, олардың оқушылары батыл, кез келген жаңа нәрсеге қорықпай кіріседі, ойын ашық айта алады. Ал біздің балаларымыздың олардан қай жері кем? Біздің балалар өте талантты, зерек. Тек оларға сол қабілеттерін дамытатын жағдай жасау керек. Қателік жіберуге қорықпайтын, білмегенін сұрай алатын, сыни ойлай алатын орта қалыптастыруға тиіспіз. Олар қайта мектепте жүргенде қателік жіберіп, оны түзетуді үйренсін. Сонда үлкен өмірге барынша дайын болады. Сол екі жылдан кейін атқарылған жұ­мыстың нәтижесін бағалаймыз. Ұстаздар мен мектеп басшылығының оқушымен қарым-қатынасы жақсы жаққа өзгерсе, оқушылардың білімге деген құштарлығы артып, үлгерімі түзелсе, біз сол мектеппен жасаған келісімшарт бойынша қызметімізді жалғастыра береміз. Ал нәтиже шығара алмаған ұстаздарға басқа жұмыс тауып береміз. Бұл тәжірибе шетелдерде бар. Outplacement деп аталады. Яғни жұмыстан қысқартылып қалған адамға сол ауылдан басқа жұмыс тауып беруге көмектесеміз. Сол себепті де жобамызда мектеппен қоса, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды да қарастырдық. Мектеп базасында біліктілікті арттыру орталығын ашамыз. Онда келген ересектерге бизнес-жоспар жасау, кәсіп бастау, компьютерде бағдарлама жазу, тіпті құрылыс, дизайн негіздері сынды білім береміз. Мысалы, компьютерде бағдарлама жазудың тілін меңгерген адам белгілі бір тұраққа не мекенге байланбайды. Ол ауылда отырып-ақ қаладағы бір компанияның сайтын жүргізуі мүмкін. Ғаламторға байланысы болса жетеді. Сондай-ақ біз ауылдық жердегі туризмді дамытсақ дейміз. Ауыл тұрғындарына сол маңайдағы тарихи орындарға, табиғаты әсем жерлерге туристік тур ұйымдастыруды, гид болуды, клиент тарту және оларға қызмет көрсету жолдарын үйретеміз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша мұндай маман­дықпен оқып келген түлектер өте көп. Солардың білімін осы салада пайдаланамыз. Шетелде білім алып жүрген, бітіріп келген жастарды ауылдық жерлерге тарту – бүгінгі күндегі ең маңызды міндетіміздің бірі. Мемлекет те жастарды осы бағытта жігерлендіруі керек. Ал олардың қазіргі ұсынып отырған ұстанымы тиімді емес. Неге? Бір жыл бұрын ғана «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің міндетті еңбекпен өтеу мерзімінің ережесіне өзгерту енгізілді. Енді түлек ауылдық жерде жұмыс істейтін болса, міндеттелген 5 жылдық еңбек өтілі 3 жылға қысқарады. Бірақ бұл жерде бір кемшілік бар. Түлек толық штатта қызмет етуі керек, яғни қосымша жұмыс алуға құқы жоқ. Егер бұл ереже бойынша қарасақ, түлек шетелде оқып келген соң үш жыл бойы бір ауылдық мекемеде ғана жұмыс істеуі керек. Менің ойымша, бұл өте тиімсіз. Біріншіден, көптеген мектептерде шетелде оқып келген жастарды жергілікті ұжымның бауырына тарта қоюы екіталай. Яғни «Біздің орнымызды тартып ала ма?» деген қорқыныш болатыны заңды. Ал егер ол біз ұсынғандай тек кеңесші ретінде келсе, жағдай басқа. Онда жергілікті кадр­ларда «нанымды тартып алады» деген қорқыныш сейіледі. Өздеріне көмектесуге келгенін, қабілет-қарымын арттыруға көмектесетін ниетін түсіністікпен қабылдайды. Екіншіден, шетелдік университеттерде докторантурада оқып, докторлық зерттеу жасап келген түлектер елге келген соң ғылымнан қол үзіп қалмауы керек. Шетелде оқып, ғылыми бағытын тапқан адамның бір мектепке байланып қалуы дұрыс емес. Мен, мысалы, құқық докторымын. Білімімді, әрине, елімнің игілігіне жұмсаймын, білім беру жүйесін жақсартуға арнаймын. Бірақ, екінші жағынан, ғылымнан алшақ қала алмаймын. Ізденісімді жалғастырып, ғылыми мақалалар жазып, конференцияларға қатысып отыруым керек. Сол себепті ­шетелде білім алып келген жастың бір мектепте ғана директор, орынбасар ­немесе мұғалім болып отыруы дұрыс емес деп ойлаймын. Ал олар кеңесші қызметін атқарса, ғылыми ізденісі мен мектептегі қызметін қатар алып жүруге мүмкіндігі болады. Бұған қоса біз, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға да күш саламыз. Мектеп ­басты акционер ретінде ұйытқы болып, өзін-өзі қаржыландыруға қабілетті болады. Соның есебінен ұстаздардың еңбекақысын көтереміз. Еңбекақы көтерілген жерге білікті маман тарту да оңай. Сонымен қатар ұстаздар мен оқушылардың түрлі ғылыми байқауларға қатысуына, конференцияларға барып, білім мен тәжірибе алмасуына кететін шығындарды жабуға арналған қор жинай аламыз. Мектепке заманауи жөндеу жұмыстарын жүргізіп, спорт алаңдарын салып, оны корпоративті клиенттерге жалға беру арқылы да табысты арттыруға болады. Бұл жерде мектеп ғимаратын жалға беруден қорқудың қажеті жоқ. Бастысы мектепке, оның мүлкіне зиян келмеуін ойластырып, барлық мәселені келісімшартта анық жазу керек. Тіпті тек эко-туристік бағытта ғана жалға беруге де болады. Егер ауылға солай корпоративті клиент тартсақ, тұрғындар да оларға үйлерін, бөлмелерін жалға беріп, табыс таба алады. Соның бәрінің нәтижесінде біз бір мектептегі білім беру жүйесін жақсарту арқылы балалардың оқу-білімге деген қызығушылығын арттырамыз, ұстаздардың қызметін жеңілдетеміз, еңбекақысын көтереміз, ауыл тұрғын­дарына қаржылық сауаттылықты, қаражат табу жолдарын үйретеміз. Осылайша ауыл тұрғындарының қалаға жаппай көшуін тоқтатуға болар еді. Ауыл мектебін жаңаша құру арқылы жастарды, білікті мамандарды ауылға тартамыз. Жалпы алғанда, осы жоба аясында адамдар тұрғылықты жерін әлеуметтік жағдайына қарай емес, қалауына қарай таңдай алатын жағдай жасағымыз келеді. Қала мен ауылдағы өмір сүру деңгейінде, адамдардың жағдайында, балалардың алатын білімінде айырмашылық болмаса екен дейміз. Себебі қазір көптеген ата-ана баласының болашағы үшін қара шаңырағын тастап, қалаға көшіп келіп, жалдамалы пәтерлерде тұруға мәжбүр. Неге балалар өрттен қаза тауып жатыр? Неге көп балалы адамдар күн-түн демей жұмыс істеуі тиіс? Бұлай болмауы керек. Біздің жобаның әлеуметтік теңсіздік мәселесін де шешуге септігі тиеріне сенемін. Себебі ауылда жұмыссыз қалған жастар екі қолға бір күрек табылар деп қалаға келеді. Ал мұнда оларды қайбір жақсы таңдау күтіп тұр дейсіз? Амалсыз күзет, даяшы, аула тазалаушы сынды бейнеті көп жұмыстарға келіседі. Ал қалаға келген соң, дәл өзі сияқты жастардың қымбат көлік мініп, қымбат мейрамханаларда тамақтанып жүргенін көреді. Ондай бола алмағанына өкінеді. «Оның менен қай жері артық?» деген өшпенділік ой туғызады. Ал оның еш жері артық емес. Тек екеуінің арасындағы айырмашылық – жаңағы біз айтып отырған мүмкіншілікте ғана. Сол себепті «болашақтықтарды» осы мүмкіншілікті жасауға шақырайық. Мұны биліктің қолдауынсыз жүзеге асыру қиын. Бізге идеямызға қызығатын, қолдайтын, тіпті кемшін тұсы болса, жетілдіруге көмектесетін басшылар керек. Облыс, аудан, ауыл әкімдерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Сіз болып, біз болып ауыл мектебінің деңгейін көтермесек, еліміздің ертеңі қалай боларын болжау қиын. Қазіргі жағдайды түбірімен өзгертпесек, білімді жастар шекара асуын тоқтатпайды... – Жобаның басқа елдерде аналогы бар ма? – Аналогы жоқ. Бұл – таза біздің идеямыздан туындаған жоба. Мен Ұлыбританияда бес жыл, АҚШ-та бір жыл тұрдым. Екі елде де ауыл мен қала арасында біздегідей айырмашылық жоқ. Мысалы, бір жыл бұрын Лестер қаласынан 25 шақырым жердегі бір ауылға бардым. Стив Эванс деген досым, Лестер университетінің заңгер-дәріскері, мені қонаққа шақырды. Ол – Оксфорд университетінің нұсқасы бойынша заң саласының Ұлыбританиядағы ең үздік оқытушысы. Бірақ ауылда, кішігірім жер үйде тұрады. Лондонда емес, Лестерде емес. Бар болғаны 2000 тұрғыны бар ауылда. Бір мектебі, базары бар. Бірақ халқының жағдайы жақсы. Неге? Себебі олар табиғатын эко-туризмде жақсы пайдаланып отыр. Табиғат аясында мейрамхана ашып қойған. Ауылдағы біраз адам сонда жұмыс істейді. Ал мектептеріндегі білімнің сапасы соншалық, балалар ­Оксфорд, Кембридж сынды әлемдегі ең озық университеттерге еш қиындықсыз түсіп кетіп жатыр. Мысалы, Стивтің екі ұлы да – осы мектептің түлегі. Біреуі қазір Жаңа Зеландияда заңгер болып қызмет атқарады. Екіншісі Big Four деген үлкен компанияда аудитор. Осының бәрі мені шабыттандырды. Қатты қызықтым. Қазақстанда да осылай болса дедім. Жоба сондай ниеттен туған. – Сөздің шыны керек, қазір мұғалімдікке көбінесе мектепте нашар оқыған түлектер барады. Себебі, біріншіден, ұстаздардың айлығы аз, сәйкесінше, білімді жастар ондай қызметке келісе бермейді. Екіншіден, көп адам таңдамағандықтан грантқа түсу межесі төмен – мүмкіндігі жоғары. ҰБТ-дан аз балл жинап қалып, грант педагогикалық университеттен бұйыр­ған, сөйтіп бітірген соң ауылға келіп сабақ беріп жүрген, бірақ мектепте өзі үшке оқығандар баршылық. Осы тұр­ғыдан алғанда мәселені бірінші кадр дайындаудан бастап шешу керек деп ойламайсыз ба? – Біздің жобада бұл да қарасты­рылған. «Болашақпен» оқып келген жастар тек мектептерге ғана кеңесші болып қоймай, сол аймақтағы педагогикалық оқу орындарымен де байланыста болады. Аптасына бір рет сонда барып дәріс оқиды. Студенттерді бірінші курсынан бастап біздің мектептерде тәжірибеден өтуге шақырады. Мектептегі жүйені, балалармен жұмыс істеуді үйретеді. Дұрыс айтасыз, мәселенің салдарынан бұрын себебімен жұмыс істеу керек. Біздегі жоғары оқу орындарының да білім беру жүйесі көңіл көншітпейді. Кеңестік жүйенің сарқыншағы әлі бар. Студенттер тек теорияны меңгереді, ал коммуникация дағдылары ескерусіз қалады. Баламен жұмыс істей алмайтын маман оған дұрыс білім де бере алмайды, себебі түсіндіре алмайды, жеткізе алмайды. Біз осының бәрімен жұмыс істейміз. Сол себепті де «Болашақ» түлегінің үш жыл бойы бір мектепте жұмыс істегені тиімсіз. Ол бұл уақыт ішінде шетелдік білімін ел игілігіне жұмсаймын деген ықыласынан жұрдай болуы ғажап емес. Тіпті ескі жүйе оны «сындырып» жіберуі, «жұтып алуы» мүмкін. Сондықтан ол міндетті үш жылын өткізеді де, кетеді. Оның орнына тағы сондай басқа біреу келеді. Осылай жалғаса береді... Одан да оның үш мектеп, бір жоғары оқу орнында қатар жүргені пайдалы емес пе?

[caption id="attachment_52738" align="aligncenter" width="1000"]Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майк Гиффорд және AlmaU университетінің бірінші проректоры Алмагүл Қанағатовамен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майк Гиффорд және AlmaU университетінің бірінші проректоры Алмагүл Қанағатовамен[/caption]

– Сіздің ойыңызша, қазір елімізде мұғалімдердің беделі қандай? – Өкінішке қарай, өте төмен. Ұстаздарды ешкім сыйламайды десек те болады. Себебі өзіңіз айтып отырғандай, еңбекақысы төмен. Ал үздіктер ондай ақыға жұмыс істеуге келіспейді. Бәсекеге қабілеттілер ұстаздыққа келсін десек, еңбекақыны көтеру керек. Сосын олардың балаға білім берумен қатар басқа да міндеттері көбейіп кетті. Бітпейтін қағазбастылық... Бұл оның балаға жұмсалуы керек энергиясын, уақытын алады. Соны азайтайық. Жалпы жоғарыдан төмен қарай кететін пирамидалық жүйені жою керек. Облыстық, аудандық білім басқармаларының міндетін түбегейлі өзгерту керек. Мысалы, мен Ұлыбританиядағы мектепте сабақ бергенімде, олардағы жүйенің мүлдем басқа екенін байқадым. Әр мектепті директоры мен ата-аналар кеңесі басқарады. Мемлекеттік мектепте де солай. Ал әкімшілікке қарасты оқу департаменттері оларды басқармайды, тек бақылайды. Яғни мүмкіндігі шектеулі. Тек оқушы әр сыныпты аяқтағанда қандай білімді меңгеріп шығуы керек екенін ғана нұсқайды. Ал ол үшін нақты нені оқытуды, қандай оқулықты қолдануды мұғалімдер өздері шешеді. Сондықтан да ол жақтағы кейбір мектептерде оқулық деген атымен жоқ. Мен бастауыш мектепте сабақ бердім ғой. Онда 3-11 жас аралығындағы балалар 0-6 сыныптарда оқиды. Біз ешқандай оқулық пайдаланған жоқпыз. Мәселен, төрт 6-сынып болды. Соның төрт сынып жетекшісі әр тоқсан алдында жиналамыз да, қандай тақырыптарды оқытатынымызды, қандай материал қолданатынымызды жоспарлаймыз. Қатып қалған оқулық жоқ. Ауғанстан туралы бір тақырып болды. Оқушыларға видеоматериалдар көрсеттік. Ауған халқының мәдениетін, салт-дәстүрін зерттедік. Географиясын да оқыдық. Дебора Эллистің «Breadwinner» кітабын да пайдаландық. Онда Ауғанстандағы Талибандардың соғысы туралы жазылған. Кейін бұл тақырып Пәкістанға да қатысты болған соң, оқушылар «Мен Малаламын» кітабын оқыды. Малала Юсуфзайдың Талибандарға қарсы шығып, әкесімен бірге қыздардың білім алуына жағдай жасағаны, «Нобель» сыйлығын алғаны оқушыларыма қатты әсер етті. Ол жақтағы мектептерде әлеуметтік, нәсілдік, гендерлік теңсіздік сынды мәселелер сабақ барысында ашық айтылады. Мәселен, ғылым туралы сабақта ұстаздар ұялы телефонды мысалға келтіре отырып, оның құрамындағы металдарды алу үшін Африка елдеріндегі балалардың еш жағдайсыз, қауіпсіздігі сақталмаған шахтада қызмет ететінін айтып береді. Іске жарамай қалған телефондарды жою қиын болғандықтан, сондай улы, табиғатқа зиян заттарды кейбір кедей мемлекеттер ақша үшін қабылдап, өз жерін қоқыс жәшігіне айналдырғаны, солайша оның халқы түрлі ауру-сырқауға ұшырап жатқанын да жасырмай айтады. Яғни бала бұл сабақта тек ұялы телефонның құрылымын, жасалу жолдарын ғана емес, сол арқылы Африкадағы балалардың жағдайына қанығып, экологиялық сауаты ашылады. Бізге де осы әдісті алып келу керек... Әңгімеге қызу кірісіп кеткеніміз соншалықты, даяшының қашан шай әкеліп қойғанын да байқамаппыз. Суып қалған екен. Кесеге құйып жатып, жобаны жүзеге асыру қазір қай сатыда екенін сұрадым. – Жобаның идеясы осы. Концепциясы, жоспары дайын. Оны «Болашақ» бағдарламасының операторы Халықаралық бағдарламалар орталығына, Алматы менеджмент университетіне жібердім. Президент Асылбек Қожахметов, бірінші проректор Алмагүл Қанағатова ұнатып, бағаларын берді. Бізге қазір тек білім беру саласындағы лауазымды тұлғалардың тарапынан қолдау жетіспей тұр. Өзім орта мектепті Алматы облысындағы Текелі қаласында бітірдім, сондықтан жобаны осы облыстан бастасақ деген ойым бар. Бірақ басқа аймақтардан бастау туралы ұсыныс түсіп жатса, білек сыбанып кірісіп кетуге дайынбыз. Жаңадан үрікпейтін, балаларының болашағына бейжай қарамайтын, еліміздің нағыз ­патриот азаматтарынан қолдау күтеміз, – деді Халида әңгімесінің соңында. Оның көзінен үміт отын байқадым. Еліміздегі әр оқушы сапалы білім алатын болады деп үмітті. Жастардың шетел асып кетпей, ел игілігі үшін қызмет қылуына жағдай жасалады деп үмітті... Бастысы, осы үлкен іске, пайдалы іске қолдау білдіретін азаматтар табылады деп үмітті... Осындай қызықты әңгіме барысында суық шай ішіп отырғаным да, терезенің сыртындағы сұрқай күн де көңіл күйіме әсер етпеді. Ел ертеңіне мұншалық алаңдайтын адамдардың бар болғаны-ақ жаныңды жадыратып, жүрегіңді жылытпай ма? ­Халида шайын ішер-ішпестен балабақшадағы қызын алуға асығып кетті. Ал мен бәріне уақыт тауып, отбасын да, ғылымын да, азаматтық міндетін де тең ұстап жүрген оған риза болып отырмын...

Әңгімелескен Әсел САРҚЫТ «Ана тілі»

3120 рет

көрсетілді

56

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы