• Руханият
  • 13 Маусым, 2019

Ұлылыққа тағзым – ұрпаққа тағылым

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлы даланы мекен еткен Мәңгілік елдің рухани жаңғыруы идеясын баршамыздың ұлы мақсатымыз ретінде алға тартып отыр. Бүгінде ұлттық тарихымыздың бары мен жоғын түгендеу бағытында еліміздің әр өңірінде толассыз жүріп жатқан саналы әрекеттердің бір парасы қасиетті Ұлытау топырағында да сан тармақты ізденістер сипатында көрінуде. Сондай танымдық әрекеттердің бір тарауы төл тарихымыздан өз орнын ойып алуға тиісті тұлғалардың бірі Кетбұқа бабамыздың өнегелі өмірі мен тағылымды тағдырына қатысты болып отыр.

XII-XIII ғасырларда өмір сүріп, Шыңғыс хан, Жошы, Құлағулармен тізе қоса жүріп, ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде көшпен­ді­лердің жаңа тарихын бірге жасасқан, қайқы қылыштың жүзімен ғана емес, қара дом­быраның үнімен де ел тағдырын шешкен біртуар тұлға Кетбұқа есімі кешегі күнге дейін әредік-әредік аңыз үлгісінде айтылып қалып жүрсе де, дарабоз жанның тарихи тағдырына тереңдей ден қою әрекеті қолға алына қоймағаны жасырын емес. Қалың жұртшылықтың қалауымен Жез­қазған қаласында 2013 жылы қарашаның 23-де құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғам­дық бірлестігінің ең басты мақсаты да қал-қадірінше осы олқылықтың орнын толтыру болған еді. Сол себепті аталмыш бірлестік алғашқы құрылған сәтінен бастап, Кетбұқа тұлғасын тану, тарих перзентіне қатысты түрлі деректерді ел игілігіне айналдыру бағы­тындағы іс-әрекеттердің ұйтқысына, ұйымдастырушысына айналды. Нәтижесінде әлемдік тарихта айшықты ізі қалған дарабоз тұлғаның төңірегіндегі әрқилы алып-қашпа сөздердің құны ­азайып, керісінше, Кетбұқа бабамыздың бірегей тұлғасы тарихи дерек-мағлұматтар негізінде айқындала түсті. Қазір айтуға оңай болғанымен, ондай нәтижеге қол жеткізу оп-оңай келе қалған жоқ. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлес­тігінің қолға алуымен әртүрлі жұмыстар атқа­рылды. Енді сол жұмыстардың жалпы бағдар-бағытына, көздеген мақсатына, қалай іске асқандарына, тағы басқа да жайттарға тоқталып өтелік. 2013 жылдың 23 қазанында Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалы-драма театрында Жез­қазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының азаматтарының қатысуымен өткен жиналыста тарихи тұлға Кетбұқа бабаның есімін жұртшылыққа танымал ету мақсатында «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Сол жиналыста қоғамдық бірлес­тіктің Жарғысы қабылданып, бірлестіктің атқарушы органы төралқа мүшелері мен тексеру комиссиялары сайланды. Көпшіліктің ұсынысын ескере келе, «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа» атты жинақ дайындалып, Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан 3000 данамен шығарылды, оның 1500 данасын Қазақ­станның облыс, қалалары мен елді мекендерінің кітапханаларына, оқу орындарына және жеке тұлғаларға тегін тарату ұйымдастырылды. Кетбұқаны халық арасында насихаттау мақсатында журналист Шахмұрат Ибадатұлының «Ұлы баба есімі дәріптелді» атты кітапшасы 300 данамен «Асар» «ЖК Битанова С.Д» баспасынан басылып шықты. Бұл кітап Ұлытау-Жезқазған аймағындағы мекемелер, оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылды. 2014 жылдың1 қыркүйегінде Білім күніне орай Жезқазған қаласындағы оқу орындарында өткен жиындарға бірлестіктің белсенді мүшелері арнайы қатысып, сөз сөйлеп, Кетбұқа туралы кітаптарды сыйға тартты. Ұлы бабаны халық арасында насихаттау мақсатында Бірлестіктің белсенді мүшелерінің қатысуымен 2014 жылдың 10 қазанында Қызылорда қаласындағы С.Майқанова атындағы театр ғимаратында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Шығыс Қазақстан облыстық кітап­хана басшыларының ұсынысы бойынша бірлестіктің белсенді мүшелері Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражайында шығысқазақстан­дықтармен онлайн жүйесінде Кетбұқа туралы жақсы хабар өткізілді. Бірлестіктің ұйымдастыруымен, 2015 жылдың 20 ақпанында Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетінде «Қазақ елінің қаһармандық тарихы мен Кетбұқа тұлғасы» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Конференцияға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Қызылорда облысынан арнайы келген еңбек ардагері, ақын Дінәлі Бұқарбаев Кетбұқаға арналған поэмасынан үзінді оқыды. Күйші, профессор Жанғали Жүзбай сөз сөйлеп, Кетбұқаның «Ақсақ құлан» күйін орындап берді. Конферен­цияны ұйымдастыруға, оның жоғары деңгейде өтуіне жерлесіміз Мұханбет Жұманазарұлы Көпеев көп көмек жасады. Бірлестіктің арнайы тапсыруымен тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев «Кетбұқа – жырау, аталық, қолбасшы» аталатын тарихи-танымдық кітап жазып шықты. Бұл кітап та қолымыз жеткен жерлерге тегін таратылды. 2015 жылы 5 маусым күні Жезқазған қала­сын­дағы театр ғимаратында күйші, про­фессор Жанғали Жүзбайдың «Ақсақ құлан. Кетбұқаның күй мұрасы» жинағының тұсау­кесері өткізілді. Жинаққа Кетбұқаның 25 күйі енгізіліп, нотаға түсірілген. Ж.Жүзбайдың атқарған үлкен жұмысына театр ғимаратына жиналған жұртшылық зор ризашылық білдірді. Демеуші азаматтардың ұйымдастыруымен күйші иығына шапан жабуып, астына ат мінгізді. 2017 жылғы қазан айының 2-5 ара­лығында Жезқазған қаласының Қызылорда қала­сында өткізілген мәдени күндері аясында Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы, Қорқыт атындағы Қызылорда университеті мен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Х- ХІІІ ғасырлардағы түркі қоғамы және оның тарихындағы Кетбұқаның орны» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжрибелік конференция өтті. Жетінші қазанда Қазақстанның әр тұсынан келген ағайындар Жаңақорған ауданы аумағында орналасқан Төлегетай баба мен Қылышты қожа кесенесіне аттанды. Төл тарихымызда есімдері аталып, өзіндік тарихи орындарымен мәлім болған Төлегетай баба мен Қылышты қожа, Кетбұқа рухтарына бағышталып Құран оқылды, ас берілді. Қоғамдық бірлестіктің алғашқы күнінен бастап қолға алған жұмысы Жезқазған қаласының көрнекті жерінен Ұлы бабаға еңселі ескерткіш орнату болатын. Кетбұқа ескерт­кішінің салтанатты ашылуы 2017 жылдың 8 қарашасы күні болды. Сол күні Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде (Кеңгір өзенінің бойы) орналасқан ­Жошыхан кесене­сінің қасына орнатылған стелланың ресми ашылуы болды. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқару кеңесінің Бас директоры ­Бахтияр Қырықпышевтің ұсынысымен корпо­рацияның қаржыландыруымен қаламыз­дағы Кетбұқа ескерткішінің жанынан мемо­риалдық кешен орнату жұмыстарының дайындығы жүргізілуде. Жезқазған қаласы әкімшілігі мен «Қазақ­тың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, туған қаламыздың 65 жылдық мерейтой аясында, тамыз айында «Кетбұқа күйші атындағы I Халықаралық күйшілер сайысы» өтеді деп күтілуде.

Төлеген Бүкіров, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

949 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы