• Тіл
  • 20 Маусым, 2019

БАҚАУОВ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНА «ТЕК!» ДЕМЕЙ МЕ?

Немесе аймақтағы «Қазақ тілі» қоғамының газеті неге жабылды?

Павлодар облысында мемлекеттік тіл мәселесі күйіп тұр... Ономастика саласында да түйнектей түйіліп, шешімін таппай тұрған проблемалар аз емес.  Осы орайда республикалық БАҚ-та облыс әкімі Болат Бақауов бірнеше мәрте өткір сынның нысанасына айналды. Сондай шақтарда осы жолдардың авторы және өзге тіл жанашырлары Ертістің Кереку өңірі жұртшылығының абыройын, әкімнің  ар-намысын мүмкіндігінше қорғап бақты! Айналып келгенде өңірдің бетке ұстар азаматтары мансаптының кереқарыс кеңсесі үшін емес,Тіл үшін, Ұлттық рух үшін атойлап шыққан еді. Ал осы кезеңдерде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османова болса, тіл мәселесіне қатысы жоқ шенеуніктердің бірі секілді жағдайды сырттан бақылап, үнсіз отырды.

Көңілге томпақ келетін, елдік намысты қоздыратын мәселелердің қоясын ақтарып 2018 жылдың 19 наурызында «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының басқарма мүшелері Болат Бақауовтың атына хат жазып, «Сәуле Османованың кәсіби біліктілігі тиісті деңгейде емес, соның салдарынан тіл саласында олқылықтар орын алып, облыстың беделіне нұқсан келтіретін сыни материалдар үсті-үстіне жариялануда, басқарма басшысы тіл жанашырларымен ынтымақтаса жұмыс істей алмайды» деген ойларын жеткізген. Қоғамдық ұйымның мөрі басылып, белсенділерінің қолы қойылған хатқа облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев бізге белгісіз қандай да бір себеппен «шығарып салма» жауап (2018.18.04) қайтарды. Аймақ басшысының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде тіл жанашырлары атынан сөйлеген осы жолдардың авторы әлгі жауаппен келіспейтінін айтып, хат пен жауаптың көшірмелерін Болат Ба­қауовтың қолына ұстатқан еді. Сондай-ақ Сәуле Османованың қоғам белсенділеріне, тіл жанашырларына жалған сөйлеуге бейім екені, тіпті мемлекеттік қызметшінің әдебіне жатпайтын өрескел мінез көрсететіні жөнінде оның өзі мен өзге басқарма басшыларының көзінше айтып салған-ды. Қоғам белсенділерінің кеңестік кезеңнен бері тіл майданының күрескерлері атанған беделді де белгілі адамдар екеніне Сәуле Ғабдылжапарқызының пысқырып та қарамайтынына тоқталып, «Оны облыс прокуратурасында жауапты қызметте істейтін бауыры мен ұлы қолдап жүрген жоқ па?» деген күмәнді ойын зиялы қауым алдында жария еткен еді. Содан бері бірнеше ай өтті. Облыс­тық тілдерді дамыту жөніндегі бас­қарманың бұрынғы басшылары Талғат Әбілқасымовтың және Қабжан Еділ­байдың тұсында дәл сол азаматтардың қамқорлығының нәтижесінде ондаған жылдар бойы жарық көріп келген «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының «Ертіс дидары» газетінің шығарылымы тоқтады. Әу баста мамандығына сәйкес неміс тілінің мұғалімі болып істеген басқарма басшысының қазақ басылымына деген теріс көзқарасының салдары оқырмандарға оңай соққан жоқ... Облыс әкімінің орынбасары, кезінде Сәуле Ғабдылжапарқызының қолдаушысы сияқты болып көрінген Мейрам Бегентаев өзге қызметке ауысты. Аталмыш басқарманы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының құрамына қосып, қайта құру көзделген. Сондай құрылымдық өзгерістер енгізу жоспарына сәйкес біраз білікті кадрлар қысқартылды. Ал Сәуле Османова әлі өз тағында отыр, келешекте жаңа басқарма басшысының орынбасары қызметін атқармақшы. Облыс әкімі Болат Бақауов жоғарыда баяндалған жайдан толық хабардар. Сөйте тұра, қоғам белсенділері мен тіл жанашырларының өтініші мен ұсынысына қандай да бір жауап қайтаруды жөн көрмеді. Мұндайда біздің қоғамда жаңа мазмұнға ие болған «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген ескі мәтел еске түседі екен. Ендеше, «Сәуле Османованың қолдаушысы кім, Болат Бақауов па, әлде басқалар ма?» деген сауалдың туындауы негізсіз емес деген ой көкейден кетпейді.

Арман ҚАНИ, «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық ұйымының Басқармасы мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері

939 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы