• Білім және ғылым
  • 20 Маусым, 2019

Ғұламаға арналған туынды

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кино залында әлемдік философияның жарқын өкілі, ғұлама ғалым, адамзаттың екінші ұстазы атанған отандасымыз әл-Фарабидің өмірінен сыр шертетін тағылымды деректі фильмнің көрсетілімін тамашалап қайттық. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында «Мedar» халықаралық мәдени зерттеулер орталығы (Түркия) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе отырып түсірген туынды екен. Фильм көпшілікке үлкен әсер қалдырды. Әл-Фарабидің тұлғалық қасиеттері, философ, ғалым ретіндегі өнегелі істері, ғылымға қосқан үлесі, өркениеттің дамуына жасаған құнды еңбектері кеңінен суреттелген. Бұл шара ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2020 жылы аталып өтетін әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылғанын айта кетейік.

Әл-Фарабиді ұлықтауға ғалымның есімін алып жүрген Қазақ ұлттық университеті көп үлес қосып жатқанын айта кеткеніміз орынды. Фильмнің құндылығы неде деген сауал төңірегінде ой қозғайтын болсақ, ол ­әл-Фараби заманын барынша бүгінгі уақытқа жақындатып әкеліп, барлығын ұғынықты етіп көрсетуге тырысқан. Ойшылдың рөлін сомдаған артис те түр-тұлғасы, болмысы жағынан лайықты таңдалған. Туындының өне ­бойында түрік және қазақ ғалымдарының түсініктемелері беріліп отырады. Бұл да үш бөлімнен тұратын деректі фильмнің жүгін көтеріп тұр. Аталмыш шараға көрнекті фарабитанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кинотанушылар, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ ­ҚР-дағы Түркия Республикасы Бас елшілігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Туындыны көріп отырып, біз әл-Фараби бабамызды қаншалықты танып, білеміз деген сауалға жауап іздейміз. Білетінімізден білмейтініміз көп сияқты. Бабамызды өз елі, қазағы әлі де дұрыстап тани алмай жатқандай. Бірақ осындай туындылар арқылы мұндай олқылықтың орны толатыны анық. Шын мәнінде, деректі фильмдердің ұтымды тұсы – тұлғаның бейнесін жан-жақты танытуында жатыр емес пе?! Бұл тұрғы­дан алғанда ол өз мақсатын толық жүзеге асырды деуге негіз бар. Енді алдағы уақытта оны қалың көпшілікке насихаттап, тарату керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, деректі фильм ҚазҰУ қатысқан екінші ірі халықаралық жоба болып табылады. «Әл-Фараби – екінші ұстаз» атты алғашқы фильм голландиялық кинодокументалис­термен бірге әзірленіп, Еуропада және Қазақстанның ұлттық теледидары эфирінде көрсетіліпті. Қазіргі уақытта ҚазҰУ жүзеге асырып жатқан әл-Фараби туралы үшінші киножобамен жұмыс барысында Қазақстан, Түркия және Египетте түсірілім жүргізілді, таяу уақытта олар Иорданияда, Сирияда және түркі әлемінің ұлы ойшылы өмір сүрген және басқа да елдерде өтеді екен. ҚазҰУ жыл сайын ғалымның мұрасын кеңінен тарату және насихаттау мақсатында таяу және алыс шетелдердің белгілі сарапшылары мен ғалымдары арасында танымал әлемдік диалог алаңына айналған халықаралық форум өткізіп келеді. Қайырымды қала идеясын негізге ала отырып ҚазҰУ жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформа­ларының симбиозын құрайтын «Al-Farabi University Smart City» инновациялық жобасын жүзеге асыруда. Оның негізінде ҚазҰУ жаңа буын университетінің – «4.0 Университет» моделін жасады. Ол БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде өткен Өркениеттер Альянсы форумында таныстырылып, нәтижесінде оны әлемдік деңгейде кеңінен тарату ұсынылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп ҚазҰУ «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобаны жүзеге асыруда. Голландия, Түркия, Италия, Иордания, Қытай, Египет жетекші университеттерінде және басқа да елдерде ашылған әл-Фараби ғылыми-білім беру орталықтарының саны осы уақытта 10-ға жетті. Бұл орталықтарда қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениеті оқытылуда.

Д.Айтқожаұлы

1015 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы