• Тұлға
  • 27 Маусым, 2019

ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫ...

Теріскейдегі «Қостанай таңы» газеті ғасырға жуық уақыттан бері шығып келе жатқан Тобыл-Торғай өңіріндегі бірден-бір қазақ басылымы. Іргесін қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан ­Сералин қалап, Бейімбет Майлин көтерген. Орманы қалың Қостанай облысында 10 мың данамен тарайтын абыз басылымның екі тізгін, бір шылбыры басылымның отымен кіріп, күлімен шығып жүрген белгілі журна­лист, Қазақстан ­Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері Жанұзақ АЯЗБЕКОВТЫҢ қолында. Төл мерекеге орай әріптес ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– «1974 жылдың жауынды күзінде Алматы­дан Қостанай өлкесіне бір топ журналист қауым келдік. Сол сапардан Қостанай-Тобыл өлкесіне талай жігіт пен қыз ғашық болып оралды. «Оралды» дегенді тура мағынасында айтып отырмын. Солардың бірі – Жанұзақ ­Аязбеков оқуды тамамдап, еш жаққа мойын бұрмай, Қостанайға тартты. Осы өңірде еңбегі еленіп, жұлдызы жанды. Жәкең қазір облыстық телерадио басшыларының бірі». Бұл Жетпісбай Бекболатұлының жазбасынан алынды. Дәл солай ма, аға? – Дұрыс. Сәл-пәл өзгерту: мен бірін­ші рет Қостанайға бір жыл ерте, 1973 жылы ­келгем. КазГУ-дің журналистика факультетінің ІІ курс студенттері ауылшаруашылық жұмыстарына екі ай жегіліп, қазіргі Ұзынкөл ауданындағы «Үйкескен» деген ауылда болған едік. Рас, табиғаты да, адамдары да ұнаған. Бірақ негізгі себеп – жастық романтика. Отбасындағы 8 баланың ортаншысы болған соң, әке-шешем де «ел көрсін, жер көрсін» деп, университет бітірген бойы Қостанайға жолдама алғаныма қарсылық білдірмеді. Сөйтсек бұл тағдырдың жазуы екен. – Аға, бүгінгі журналистиканың кешегіден басты айырмашылығы неде? Жүрегіңіздің бір бұрышында сол бір кеңестік жылдардағы жур­налистикаға деген сағыныш елес бермей ме? – Соңғысынан бастайын. Сағыну – табиғи қасиет. Қайта айналып келмейтін құбылыстарды сағынғанда адамның жаны толқиды, іштей өткен өмірдің әлдебір қырын түсініп, бүгінгімен салыстыра тұшынасың. Бұл жас келген сайын кез келген адамның бастан кешетін күйі. Сондықтан Төлеген ақынның сөзімен айтқанда: «Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап». Журналистика мен үшін – муза. Біздің кезімізде журналистикаға ес кіргеннен құлай беріліп, қаршадайынан ізденіп, ақын-жазушы, журналист болам дейтіндер сан сынақтан өтіп түсетін. Біздің курс сондай таңдаулылардың бірі болды. Реті келгенде айтайын, айталық Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай, ақын, «Мұқағали» журналының Бас редакторы Батық Мәжитұлы, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, белгілі телетарлан Нұртілеу Иманғалиұлы, жазушылар Жеңіс Бақадыр, Серік Жәнәбіл, Бақыт ­Мерекенова, фантаст-жазушы Жүніс Сахиев,­ ­Дидахмет Әшімхан (марқұм), Сейітқұл Оспанов (марқұм), ақындар Сайлаубай­ Тойлыбай, Қанеш Қанафин, Мылтықбай Ерімбет, ғалым, филология ғылымының докторы Сейдолла Садықов, ғалым-журналист, филология ғылымының докторы Серікқали Бәйменше, қонаевтанушы Ораз Қауғабаев, публицистер Әбдімүтәл Әлібеков, Орынбек­ Жолдыбаев, Тілекқабыл Боранғалиев, ­Бекен Шоланов, Марат Әбдіқалықов, Гүлсім Мұқышева, Райхан Ахметова, сарапшы-журналист Әшірбек Амангелдиев, осылай кете береді. Бәрі белгілі тұлғалар. Біз батыр ұстаз Мәлік Ғабдуллин, ғалым-ұстаздар Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Қалижан ­Бекхожин, Абдул-Хамит Мархабаевтардан дәріс тыңдаған ұрпақпыз. Ал енді бірінші сауалға келсек, кешегі журналистикада жанкешті ізденімпаздық, тереңдік басым еді. Жаяу-жалпылап іссапарға шығамыз. Кеңес заманында облыста 220 ұжымшар болатын. Соның бәріне бардым. Көзбен көріп, қолмен ұстағанға не жетсін. Беріде, осыдан төрт жыл бұрын облыстың барлық қалалар мен аудандарын бір жылда түгел аралап шықтық. Халықпен жүзбе-жүз кездесудің әсері зор екенін көзбен көрдік, жүрекпен сездік. Ал қазір іссапарды ғаламтор алмастырды. Монитордан-ақ керекті ақпаратты қаузап тастайтын болды. Бүгінгі журналистиканың бір ерекшелігі – журналист жан қинамайды. Себебі ақпарат тасқыны орасан. Қолайыңа жаққанын пайдаланасың. Бірақ дайын асқа тік қасық көбейді... Тіпті ең осал тілші де оп-оңай мақала құрастыра салатын болды. – Әдетте қаламгердің қолынан шыққан кез келген туынды публицистика бола бер­мейді. Сол сияқты әр журналист публицист бола алмайды. Бірақ сізге бұл екі қасиет қатар берілді. Қайсысының жүгі ауыр? – Сенің публицистика, публицист деп отырғаның қазақ журналистикасында әлі бір ізге түспеген, қазақша баламасы орнықпаған ұғымдар. Әйтсе де көсемсөз, шешенсөз турасына А.Байтұрсынов анықтағандай, өзара бітісіп кеткендіктен, мен үшін екеуінің де жүгі бірдей. Бүгінде жұртты таңғалдырып, тамсандырып жаздым ғой десең де, міз бақпайтын құлық пайда болды. Тіпті қасыңдағы жанашыр деп жүрген тұрғыластар шын жүрегімен пікір айтуға селқос. Осы селқостық қоғамды жайлап бара ма деп үрейленемін... – Интернет пен ақпарат берудің жаңа тәсілі күн санап дамып жатыр. Осынау ғаламторшыл ұрпақ қайда, қалай бағыт алды? Бұл медиадүмпудің қарқынды даму барысы туралы не дейсіз? – Ақпараттық айла-тәсілдердің дамығаны сондай, адам ақпараттың құлақкесті құлына айналды. Қашып құтылу былай тұрсын, ендігі жерде керек емес ақпараттан қорғанатын халге ұшырадық. Кез келген сайтты ашуыңыз мұң екен, «сізге тың ақпарат берейін бе?» деп ескертпе сумаң етіп, алдыңыздан шығады. Смартфонның айдарынан жел есіп тұр. Саусағыңыз талмаса болғаны. Ғаламторда отырған өскелең жастар таңғажайып, сиқырлы дүниеге елітіп, ақиқат өмір мен жасанды дүниенің ара-жігін ажырата алмайтын халге ұшырады. Ал келешекте медиадүмпудің соңы жаппай сипат алып, журналистика адамдардың күнделікті қалыпты әдетіне айналуы бек мүмкін. – Ғаламаторды ақтарып отырып, «ХVІІІ ғасырдан бері оқырманы іздеп жүріп оқитын газет атаулының басына бұлт үйіріліп келеді» деген ақпарат оқыдым. Интернет жуық арада газет атаулыға тиісті үлесті түп-түгел «жеп» қоймақ. Мерзімді баспасөз құралдарының 4-5 жылдық қана өмірі қалыпты. Бұл сәуегейлікпен келісесіз бе? – Келісетін не бар? Бұл, өзің айтқандай, көнерген сауал. Жауабы да белгілі. Мен қайталайын. Баспасөз кеше де, бүгін де, ертең де болады, жасай береді. Озық елдердегі («The Guardian», «Асахи симбун», «Иомиури симбун», «Sydney Morning Herald», «Нью-Йорк таймс» т.с.с) миллиондап шығып жатқан газеттерге қараңыз. Біздің ел рухани қызметтің бұл түрінде әлі өркендеу сатысындамыз. Түптің түбінде біз де газет оқудың осы деңгейіне жетеміз. «Газеттің ісі – бір күндік, сөзі – мың күндік». Марк Твен «Дүниенің бұрыш-бұрышына жарық беретін екі-ақ күш бар. Оның бірі аспандағы – күн, екіншісі жердегі – газет» деген. Ал пенде қанағатсыз, күндердің күні әлеуметтік желіден де жалығып, жүрегі айнып, қағазға басылған кітап, газетке қайта бас қоятынына шүбәңіз болмасын! – Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын қазақтілді журналистердің басты көзірі деуге болатындай. Өйткені мұнда ұлт болып ұйысудың алғышарттары жазылған. Өткенді бүгінмен бағалаудың сипаты айқын­далады. Сіз не дейсіз? – Біз әлі өзімізді-өзіміз тереңнен танып-біліп болған жоқпыз. Ғасырлар қойнауынан қазақтың қадір-қасиетін, ұлттың болмысын сұрыптап, сараптап жаңа буынға ұсыну керек. Сосын жаңа ұрпақты заманауи парасатты, зерделі, иманды қазаққа айналдыру. Міне, баспасөздің бұған қосар үлесі, көрсетер қызметі орасан. Елдегі ақпарат құралдарының өзегінде ұлттық мүдде жатуы тиіс. Елбасының бұл мақаласы ұзақ мерзімге құрылған ірі жоба. – Жанұзақ Аязбекұлы, газет шығарудың қара жұмысынан хабардар әрбір әріптесіңіз жанкешті еңбегіңізді ерекше бағалайды. Күнделікті болып жатқан саяси оқиғалар бас редактор бағанына, естіден қалған ұлағатты ойлар, тұщымды пікірлер бүгінде «Ел сөзінде». Жалпы бұл айдардың басты мақсаты неде? Кітап болып басыла ма? Оқырман сұрағы осы. – Мен газет оқырманы үшін осы қызметті жеңілдетуге аз да болса сеп болсын деген мақсатпен «Бас редактор әлемін» де , «Ел сөзін» де оқушыға ұсындым. Ұзақ жылдар жинап-теріп, қойын дәптерге түсірген жазбаларым газет оқырмандары тарапынан қолдау тапты. Хаттар жазды, телефон шалып әлі күнге дейін жалғастыра беруді өтінгендер тыйылған жоқ. Ел айтқан сөздерді тізбелеп, елдің өзіне қайтара ұсынғанның пайдасы барын түсіндім. Алла жазса, биыл күзге қарай оқырмандардың сұрауымен жеке кітап етіп шығармақ ниеттемін. – Кезінде облыстық теледидарда жүргізген «Замана» бағдарламасында үнемі қоғамдағы қордалы мәселелерді қозғапсыз. Соның бірі – тіл. Осы арада мына бір жайтты айтпасқа болмайды. Іс-қағаздар екі тілде жүргізіледі. Қазақ тіліндегі құжаттардың қатары көбейді деген мәліметтің ар жағында аудармашылардың құлағы қылтиып тұрады. Белгілі бір дәрежеде мемлекеттік мекемелердегі аудармашылар қазақ тілінің дамуына кедергі келтіріп жатыр деуге келе ме? – Мұның екі жағы бар. Бірқатар мекемелер мен ұйымдардағы, кәсіпорындардағы шаласауатты аудармашылар өздеріндегі онсыз да мүшкіл халдегі тілдік жағдайды шұбарлап аударып, қазақ тілін жүнін жұлған тауықтан бетер қылады. Тіпті өрескел қателерді көргенде көз ұялады. Мұн­дайда намысың келіп, «бұлай аударғанша ау­дармай-ақ қойсын!» дейсің. Екінші жағы, аудармашылар қазақша аударып әрекет етіп жатса, орыстілді тұнып тұрған мекемелерде әйтеуір мемлекеттік тілді ұмытпау керектігін, онымен санаспаса болмайтындығын меңзейтін секілді. Қазақ тілі – Қазақтың жалғыз ұлы сияқты. Жалғызыңды ардақта, аяла, төбеңе көтер! Қазақ тілі еліміздің жаппай мұқтаждығына айналғанша тіл туралы айтқанымыз айтқан... – Елдегі соңғы реформалардың ілкімдісі – жаңа әліпбидің қабылдануы. Дегенмен, латыннегізді әліпбиге көшу бекітілмей жатып, жекелеген БАҚ бастап кетті. Бұл асығыстық емес пе? Осы тұрғыда «Қостанай таңы» қандай қадам жасауда? – Ең бастысы, біз дәл осы мәселені науқангершілікке салмауымыз керек. Бұл – ең шешуші қадам. Ұлт үшін де, ұрпақ үшін де. Сол себепті асығыс қадам жасамау керек. Көшелер қате жарнамаларға, бильбордтарға толып кетті. Себебі жаңа қабылданған емле ережесін әлі оқып түсініп, игермей жатып аттандатып отырмыз. Шаласауаттылыққа осылай өзіміз жол ашпайық. Асықпай, ­саспай, ыждағаттылықпен бастаудың орнына алабажақ дүниені көлденең тартып жатырмыз. Оның үстіне ағылшынша үйрену деген талап бар. Қостанай өңірінде орыстілді қазақтар ­балаларын орыс мектептері мен балабақшасына бере бастады. Ондағысы – онсыз да төрге шыға алмай, табалдырықта тұрған қазақ тілін үйренгеше, орысша оқып, ағылшынша үйренген баламыз далада қалмайды, келешегі жарқын дейді. Міне, асығыстықтың салдары. Ал енді біз газетке келетін болсақ, алдымен газетіміздің сайтында латынша қазақ әліпбиін іліп қойып, қазақшадан тікелей латыншаға аударып беретін бағдарлама енгіздік. Редакция үйінің маңдайшасын латын қаріпімен жазып қойдық. Апта ­сайын «Тobyl Torgai Tynysy» деген айдармен жаңалықтар бағанын, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа емлесін түсіндіру мақсатында «Kel, emle úıreneıik!» айдарын беріп келеміз. – Сіз әдебиет сыншысысыз. Әдеби ­басылымдарда салиқалы көркем сындарыңыз басылды. Айталық, «Бальзак неге жылады?» әдеби сынды жазуыңызға не түрткі болды? Неге аз жазасыз? – Ес білгелі көркем әдебиетке құлай берілгендердің сойынанмын. Сонау кеңес заманынан бері әлі күнге дейін әдебиет дейтін киелі табалдырықты аттап алып, киесіз дүниемен айналысатын жазармандарға өкпелімін. «Әдебиет – ардың ісі» екенін біле тұра, арзан шығармаларды үсті-үстіне шығарып, қолдан мақтатып, биліктің күшімен жарнамалап, елдің көз алдына көлбеңдеуді әдет қып алғандар жол бермейтін болды. Осындайда төрткүл әлемге әйгілі болған туындылар мен туындыгерлердің тағдыр-талайына барлай қарасаң, шындыққа көз жеткізетін жағдаяттар аз емес. Айталық, «Горио әкей» романының соңғы нүктесін қоя салып, басты кейіпкері Горио әкейді романда өлтіргеніне бола Бальзак ағыл-тегіл жылап, отырған орындығынан құлап түсіпті. Бәлкім, тіпті бұл бальзактанушылардың әсірелеген аңызы бола-ақ қойсын, ең ­бастысы – жан терлемей, жүрек толғанбай шынайы ­туынды шықпайды дегенді айту. Мен ұзақ жылдар бойы Бальзактың романдарын, ол туралы жазғандарды оқыдым. Рас, аз жазатыным – көп уақытым оқуға кетеді. Қазір ­автор кітабының бетін ашпай-ақ, ешкімнен қымсынбастан сала құлаш пікір жазып ­тастайтындар жиілей бастады.

Халықпен жүзбе-жүз кездесудің әсері зор екенін көзбен көрдік, жүрекпен сездік. Ал қазір іссапарды ғаламтор алмастырды. Монитордан-ақ керекті ақпаратты қаузап тастайтын болды. Бүгінгі журналистиканың бір ерекшелігі – журналист жан қинамайды. Себебі ақпарат тасқыны орасан. Қолайыңа жаққанын пайдаланасың. Бірақ дайын асқа тік қасық көбейді... Тіпті ең осал тілші де оп-оңай мақала құрастыра салатын болды. Смартфонның айдарынан жел есіп тұр. Келешекте медиадүмпудің соңы жаппай сипат алып, журналистика адамдардың күнделікті қалыпты әдетіне айналуы бек мүмкін.

Есіме 10-сыныпта оқып жүргенде «Жұлдыз» журналында (1972) жарық көрген «Жастық жалыны ма?» деген рецензиям түсіп отыр. Содан бастап көркем әдеби сынға деген ықыласым ауды. Университет қабырғасында студент бола жүріп, Мәскеуден шығатын «Вопросы литературы» деген журналды жаздырып алып оқыдым. Кейін 5-курсты бітіріп, диплом қолға тигенде таудай болып үйілген сол журналдарды қазір белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмешовтың (ол кезде төменгі курс студенті болатын) ағасының балконына қалдырып кеткен едім. Алматыдан аттанып, сонау Қостанайдан бір-ақ шыққасын ол журнал естен шыққан. Арада қырық жыл өткенде жазушы інім есіме салғаны бар. Айтайын дегенім, сонау жастық кезден-ақ әдеби сынға ықыласым ауған бейбақпын. Біле білгенге шығармашылыққа шынайы баға беру автордың төккен терінен кем түспейді. – Елге белгілі әдебиет сыншысы: «Постмодернистік ағымға қазақ қаламгерлері әлі де сенбей келеді. Мен де сенбеймін» деп төтесінен келіпті. Сыншылар айтып жүргендей, ол расымен ұлттың рухани құндылықтарын жоққа шығаратын құрал ма? – Бұл жерде постмодернизмге сену ­немесе сенбеу маңызды емес. Постмодернизм – ауқымды бағыт, ағым. Бұл әдебиет тарихындағы классицизм, романтизм, сентиментализм, символизм, авангардизм, реализм, тағы сондай «измдер» секілді заман тудырған құбылыс. Бірақ мұның тұрпаты бұрынғыдан ерекше. Бұл адамзат қоғамының жоғары даму сатысында дүниеге келді. Мұның табиғат заңдарына қарсы тұру, Құдайды мойындамау, дәстүр атаулыны жоққа шығару сынды көзқарасты сипаты басым. Сондықтан да тамыры тереңге кеткен дәстүрлі әдебиеті бар елдер мұны қабылдай қоймауы заңды. Өйткені әр қоғамның даму деңгейі әртүрлі. Дамыған, озықпыз ­деген елдердегі киберәдебиет, яғни ғаламтор кеңістігінде пайда болған технологиялық, желілік әдебиеттің болмысы мүлдем бөлек. Қазір айтып жүрген постмодернизмнің салқыны солардан келді. Бұл әл-әзір қазақ топырағында өсіп-өніп, көктей қойған жоқ. Бірақ бізде болмайды дегендік емес. Заманында Абай поэзиялық модернизмнің қазақы үлгісін жасады. Кемелденген социализмде Төлен Әбдік «Оң қолын» жазды. Тәуелсіздік кезеңінде Мұхтар Мағауин «Жармақты» ұсынды. Дәстүрлі әдебиеттің уызы аузынан кетпеген біздің оқушыға бұлар бәріне бірдей оң жамбасына келеді дей алмаймын. Радикалды постмодернизмнің үркітіп отырғаны – дәстүрлі әдебиетті күресінге тастап, көркем ойды жоққа шығарды. Ол сырт көзге жаңғыру-жаңару секілді көрінгенімен, шын мәнінде адам ойына келгенін істеп, табиғи құмарлығы мен құштарлығына шексіз еркіндік беру деген тобырлық санаға ­бастайды. Мұндай сипатын алғанда рухани құндылықты жоққа шығарушылық қисыны бар. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

Қостанай

1119 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы