• Руханият
  • 24 Шілде, 2019

ҚАПЕЗДІҢ ӘНДЕРІ

«ҚЫЗЫЛЖАР, СЕМЕЙДІ-АЙ!»

Қазақ халқының ақындық-саз­герлік дәстүрлі өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған тарихи тұлғаның бірі – Қапез Байғабылұлы. Ол ең алдымен ағартушы-қайраткер ретінде аймағына танылған, «ұстаз­дардың ұстазы» атанған адам еді. Алла берген ерекше қабілетінің арқа­сында ақындығымен де, сазгер­лігімен де тарихта аты қалды. Көзі тірісінде шығарып айтқан көп әндері өзімен бірге кеткен. Соңында қалған ел ұмытпай есінде сақтап келген әндерінің белгілісі – төртеу. Тағы бір әнді Қапездікі деп, 1995 жылы тарихи-фольклорлық-музыкалық-этнографиялық экспедиция кезінде Жалаңаш ауылында еңбек сіңірген әртіс, режиссер Нағима Таласбаева апамыз айтып берген еді. Ол әннің қайырмасы «Қызылжар, Семейді-ай, Ойласам ұйқым келмейді-ай!» деп келетін. Осы әннің әуезі халықтық мәнерде болғанымен, мәтіні зарлылау, ауырлау, Қапездің өзге әндерінен әуездік өрнегі жағынан алыстау естілген. Анық-қанығына көзіміз толық жетіп тұрмаған соң, басы ашық төрт әнді осыдан отыз жыл бұрын-ақ халық назарына­ ұсынғанбыз. Төртеуін де қазір ел біледі. Сол төрт әнге тоқталмас бұрын, жоғарыда аталған ән туралы айтылған аңыздарды оқырман ­назарына ұсына кеткенді жөн көрдік. Иә, расында, Қызылжар мен Семей­ қайда, Шет Меркі мен Орта Меркі, Ақтоғай, Кеңсу, Арал қайда? Қызылжар мен Семейден бері Қапез ауылына дейін мың шақырымнан астам қашықтық бар. Әйтсе де, осы әннің шығу тарихы «мен Қапездікімін» деп мен мұндалай береді. Әннің шығуына қатысты ел аузында бірнеше аңыз айтылады. Бәрі де аштық жылдарына байланысты. Бірінші аңыз былай­ дейді: Отызыншы жылдардағы аштық кезінде Қапез ашығып, адасып жүрген адамдарды жинауға кіріскен күндердің бірінде Ақтоғайдың бойын бойлап келе жатса, бір еркек бар дауысы­мен ән салады. Бүкіл Ақтоғайдың аңғарын басына көтерген дауыс ерекше ащы, айрықша зарлы, әуезі құлағыңның құрышын қандырардай, ал сөзі құйқаңды шымырлатардай: Ей, сексен, көрем деген жасым ба едің? Қайран ел, қайда кеттің қасымда едің? Жал-жая, қазы-қарта жеген басым, Өлексе жейін деген асым ба едің? Қызылжар, Семейді-ай, Мені іздеп ешкім келмей ме-ай?! Қапез жақындап барса, әлгі шал алдында өліп жатқан жас баланың аяғын жанталаса сорып, құшырланып жатыр екен... Осы көрініс есінен кетпеген Қапез «Қызылжар, Семейді-ай, Ойласам ұйқым келмейді-ай!» деп қайыра ән салған дейді. Келесі айтушылар «Қапездің аш-жалаңаштардан құрған «Облатком» деген ауылының дені сол Қызылжар мен Семей жақтан еді. Солардың әрқайсысының зар-мұңын, арман-аңсарын, жай-күйін толық білгеннен кейін де Қапез осы «Қызылжар, Семейді-ай!» әнін шығарған» дейді (Бірақ «Облаткомының» құрамындағы елдің көбі Қарағанды облысынан еді. Қызылжар мен Семейден аз болатын). Мына аңыз тіпті ауыр. Текес деген өзеннің екі айырылып қайта қосылған жерінен арал пайда болған. Сол арал кейін «Қызылжар-Семей» деп аталып кеткен. Олай болатыны – Аралда иесіз қалған барак болған. Ол колхоздың қоймасы болыпты. Қойма бастығы Қызылжардың қазағы екен. Қоймада ештеңе қалмаған соң бос тұрған жерге аштықтан ауып келген жерлестерін қоныстандырыпты. Барактағылар шетінен ауырады, шетінен өлім аузында жатады. Бір түннен кейін баракта тірі жан қалмай, түгел жантәсілім етеді. Мұны көрген қойма бастығы қатты қорқады. Қорқатын себебі ел ішінде «адамдарды бір баракқа тығып, бір емес, бірнеше әулеттің өліміне себеп болды» деген өсек тарауы мүмкін еді. Осы өсек тарамасын деп, ол барактың сыртына шөп жиып, ішіндегі өліктерімен қосып өртеп жіберіпті. Ол жігіт осы әрекеті әшкереленіп, итжеккенге айдалған. Қапез осы оқиғаны есіне алып «Қызылжар, Семейді-ай!» әнін шығарған дейді. Қалай болғанда да, осындай алыпқашпа тарихы бар әннің әуездік- мәтіндік болмысын саралауды кейінге қалдыра тұрып, Қапездің елге танымал болған төрт әні туралы аз-кем сөз қозғайық.

«АЙХАЙ»

Қапездің ашаршылық жылдары қазақтың ауыр жағдайын көзімен көріп, көңілінен өткізіп, ашына айтқан әні – «Айхай». Бұл туынды қара өлең мен жоқтау сарындарының іштей үйлесуі мен өзара сабақтасуы негізінде шығарылған. Әннің шығу тарихы мынадай: 1932 жылғы аштық кезінде Кеген өңіріне Қызылжар, Семей, Қара­ғанды жақтан 60 үйлі әулет ауып келеді. Солардың басын қосып, ашына – тамақ, жалаңаштарына – киім тауып беруді ұйымдастыру аудандық оқу бөлі­мінің беделді қызметкері, ел ішіне құрметті Қапезге тапсырылады. Қапез осы жұмысты ойдағыдай атқарады. Сол қызметі үшін үкіметтің «Құрмет грамотасымен» марапатталады. 1931-1933 жылдардағы сталиндік геноцид тұсында аштыққа ұрынған халықтың қайғы-қасіретін Қапез осы әніне арқау еткен. Оны өзінің ең сенімді достарының ортасында, көбінесе, үйде жеке отырғанда орындаған. Бұл әнді оған Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Нұрбек Балабеков, Майлы Ормановтар ғана айтқыза алған (Әнді Қапездің жары Жібек Байғабылкеліні, шәкірті Жетенова Зиба, баласы Нұржігіт Қапезұлынан жазып алғанбыз. Ал 1988 жылы эфирге алғаш шығарған және Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының фольклор кабинетіне жаздырған – Ғалымжан Досанұлы). Ән қара өлеңнің 11-буынды, қайталанған қос тармақты құрылымында шығарылса да, бұл сипаттар жоқтаудың белгілеріне жақындайды. ­Жанына батқан ауыр қайғыны музыкалық тіл көмегімен әуезі мен мәтінінің асинхронды сабақтастығы арқылы (әуездің бірінші жолы 7-буыннан соң кідіріс жасаса, әуездің екінші жолы біріншісінің аяғындағы 4 буынына асинхронды жалғасып, екінші жолы 3+8 болып бөлінеді) 11-буынды мәтін әуезбен айтылғанда 7 не 8 буыннан тұруы ән құрылымын, шындығында, жоқтау сарынына ұқсатып кетеді. Өзекті өртеген өкінішті, өксікті сезімдер, әншінің құлазыған көңілін V-сатыдан төмен түскен әуез иірімі (яғни V-IV-III-II-I-V↓) – теріс айтылған әдеттегі дәстүрлі интонациялар болып табылады (1-суретте):

Оған қоса мелотармақ ортасындағы «айхай» сөзіне айтылған III-IV-V-жоқтау интонациясы да әуез әсерін күшейте түседі. Қара өлең секілді бұл әннің диапазоны да октавалы. Әйтсе де, лексикалы қайырма да бастапқы интонацияларды дамытып, ән ырғағы да бір нұсқада өрбиді. Бұл көркем әдіс арқылы сазгер азалы көңіл күйге, қаралы сезімге батқан адамның кейпін көрсетіп, бұл кейіп әнде тұрақты сақталуын қамтамасыз етеді.

«ДҮНИЕ-АЙ»

«Дүние-ай» атты туындыда Қапез өзін шебер ақын, ғұлама ойшыл ретінде танытады. 1937 жылы күзде бір-бірін сатпауға уәделеспек болған бір топ зиялылар Қапездің үйінде бас қосады. Әшейінде әзіл-қалжың аралас ақжарқын көңілмен кіретін әріптестер бұ жолы томаға-тұйық, тоң-теріс көңілмен босаға аттайды. Өйткені бұған дейін «Ораз Жандосов­ пен Ыдырыс Көшкіновтерді ұстады» деген суық хабар жеткен болатын. Оларды кімнің ұстап бергені белгісіз, солай болса да «алдын ала сақтық жасайық» дегенді құлаққағыс ету үшін Қапез арнайы шақырған. Әңгімені қалай бастаудың жөнін білмеген олар дастарқан басында жұмған ауыздарын ашпаған күйі отырып қалады. Сол кезде қашанда сөйлемесе отыра алмайтын жасы үлкен, 1919 жылы Ұзынбұлақта алғашқы мектеп тамын салдырған, ақындығы мен шешендігі, әншілігі де бар ағартушы-ұстаз Майлы Орманов: – Сырттан дұшпан келе ме? Олар кім? «Елім» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей,­ аттың жалы, түйенің қомында жүрген алаш ұранды азаматтарды қатардағы алашы­ ұстап бере ме? – деп барып кідіріп: Жапалақ жалп етеді жар басында, Немене жоқтың күні бар қасында. Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай, Қасқыр да қас қылмайды жолдасына, – деп тақпақтата жөнелгенде Қапез одан әрі бұрын естілмеген әуезбен жаңа ән бастап кетеді: Қасқыр да қас қылмайды жолдасына, Болмаса бір арамдық өз басында. Жер бетін топан қаптап кетсін мейлі, Түбінде өзен ағар, дүние-ау, арнасында? Аууууу! Ақтоғай, Кеңсу, Арал, Орта Меркі, Айдында аққу жүзсе, көлдің көркі. Кейбіреу бүгін тату, ертең араз, Берген соң бұзылмасын, дүние-ау, ердің серті… Сөйтіп, Қапездің үйіне жиналған ел жақсылары ән арқылы серттескендей болып тарасады. Бірақ 1937 жылы желтоқсанда бәрі де «халық жауы» деген жаламен ұсталып, алды ату жазасына кесіліп, арты он жылға итжеккенге айдалады (Әнді – Жібек Байғабылкеліні, жыршы, Қапездің шәкірті Нұрақын Қасымбекұлынан жазып алғанбыз. Эфирге алғаш шығарған және Құрманғазы атындағы Алматы­ мемлекеттік консерваториясының фольклор кабинетіне жаздырған – әнші Ғалымжан Досанұлы). Өлеңде астарлы мағына, емеурін сөз, теңеу-аллегориялар мен параллелизм әдістері образ жасау­да ұтымды пайдаланылса, қайырмада өмірлік фәлсафадан туындаған түйін сөздер адамның осы дүниеде қонақ екенін тағы бір айқындайды. Әннің «Дүние-ай» деп аталуында терең гәп бар – ол шексіз даналық пен шыдамдылық, көрегендік пен түпсіз терең сұңғылалық, өмірге және адамға сүйіспеншіліктен туған көзқарастардың сөз бен саз тоғысқан саф қорытпасы. Адам өмірі өткінші, жалған және қу дүние – бос әуре екендігі әннің үш буынды (♫♪) ырғақтық тобының астарына жасырылады да, осы ырғақтық топ «Дүние» деген ән атауын одан сайын тереңдете, толықтыра түседі (2-суретте):

Осы бір ауыз сөз арқылы Қапез шексіздік (дүние) философиялық ұғымы адам болмысынан тыс тіршілік, табиғат, қоршаған орта, Жаратушыға тән екенін әуездік-мәтіндік емеурінмен білдіреді. Әннің өне бойында f-e-d интонациясы қайталанып, жасырын ойды жеткізгісі келетіндей. Әннің бастапқы d-минорлы бағыттағы ладтың «бар қасында» деген жолдарда ауытқып f-мажорлы бағытқа ауысуы, әрі ән әуезінің толқынды дамуы да өмірдің өткінші, жалған екенін ескертіп тұрғандай. Шумақтың әуездік өрнегі, негізінен, төмен бағытталса, қайырмада ол толқынды дамумен алмастырылады. Әннің басынан-ақ жоғарғы тоника игеріліп, әуезінің дамуы­ төменгі және жоғарғы бірінші сатылардың арасында тынымсыз қозғалыста өтеді. Сөйтіп, қара өлеңнің әдеткі октавалы диапазоны тұғырланады. Ән иірімдерінде секірісті интонациялар байсалды қозғалыспен толтырылып отырады. Ән тақырыбының күрделілігі оның құрылымдық ерекшелігіне әсер еткен. Әннің тұтас бітімі сирек кездесетін төрт жолды шумақты құрылым құрайды (АВСД). Қайырма шумақтың жалғасы ретінде қабылданады. Себебі мұнда 7-ден соң 4-буынды кідіріп айту заңдылығы, яғни 11 буынды өлең өлшемі сақталады. Қайырма шумақтың әуезін ешбір қайталамайды, мұнда үзіксіз даму-өзгеру тоқталмайды. Алғашқы екі жолы бірдей болса да, қалған үшінші, төртінші жолдары жаңарған әуезге негізделеді. Бұл да адам өмірінің тұрақсыздығын білдіріп тұрғандай.

«ҚАПЕЗДІҢ ҚОШТАСУЫ»

Бұл әнді Қапез 1937 жылы айдалып бара жатқанда шығарған. Қапезбен бірге 300-ге жуық адам Кегеннен Қырғызсайға, одан Алматыға айдалады. Ел-жұрт, туған-туыс Қырғызсайға (Подгорный) дейін жаяу еріп барады. Қапез Қырғызсайға жеткенше жол бойы әнді шырқайды. Ән «халық жауы» деген жаламен нақақ айдалғандармен бірге Красноярскіге, Барнауылға, Иркутскіге, Ухтаға, тіпті Мурманскіге дейін барып, елге қайта жетеді. Алайда оралған азаматтардың ішінде Қапез жоқ еді (Әнді Әтен Майлы­қызы­мен Нұржігіт Қапезұлынан және сол жолы Қапездермен бірге айдалып барып, жастарының кішілігіне бола бір жылдан соң елге оралған Мүсілім Шәкіров, Қанәділ Әбді­кәрімов­ ақсақалдардан жазып алып, хатқа түсіріп, 1989 жылы баспасөзде жариялаған болатынбыз. Әнді фольклор кабинетіне жаздырған – Ғалымжан Досанұлы). ­«Қа­пез­дің­ қоштасуы» деп аталып жүрген бұл әнінде итжеккенге айдалған Қапездің елімен қоштасып айтқан мұң мен өкініші жатыр. Сазгердің жан күйзелісі әннің мәтіні мен музыкалық көркем тілі арқылы үздік жеткізілген. Мұнда Жетісудың қара өлеңдерінің өлкелік ерекшеліктері айқын көрінеді. 11-буын (7+4), ұзақтығы жағынан шумақтан асып түсетін көлемді қайырма, октавалы ән көлемі және әдет-ғұрып сарындарына тән d-g-a-b-c-d ладтық иірім бар (3-суретте):

Октавалы кеңістікті игеру – бунақта және бунақаралық еркін секірісті интонациялар (секста, кварта, квинта) арқылы жүзеге асады. Бұл – қазақ әндеріндегі жаңа құбылыс(!) Мұндай өзге иірімдер екінші және төртінші тармақтардың соңында (a1-d1-g1) кездеседі. Елімен қоштасқан Қапездің өксік аралас өкініші әннің негізгі өзегін құрайтын жоқтау интонациясы арқылы жеткізіледі. Жоқтау интонациясы III-IV-V-сатылар қозғалысымен байланысты және осы иірім әнде бірнеше рет қайталанады. Ән әдет-ғұрып сарындарына тән ↓V-I-II-III (d1-g1-a1-b1) субквартадан басталған дыбыстық иірімнің керісінше орындалған қозғалысымен басталып, жоқтау интонациясын қайталаумен болады. Ондай иірім «бос қалды ма», «өзегім бар» деген шумақ сөздерімен сәйкес келіп, қайырманың басты интонациясын құрайды. Жоқтау сарындарының тар көлемді ладтық ерекшелігіндей квинта диапазонынан аспайтын лексикалы қайырма екі түрлі әуеннен құралса да, екеуі де аталған жоқтау интонациясын вариантты дамытып отырады. Оның үстіне 11-буынды шумақ қайырмаға келгенде тұрақты 7-буынды өлең өлшеміне көшеді. Бұл ерекшелік те жоқтау сарынының белгісі. Итжеккенге айдалып, елінен айырылған адам­ның қайғысының жанына батуы осындай қайғылы, ызалы, өкінішті сезім мен үзілмес үміт, арылмас арманды көңіл күйдегі әуезбен көрсетіледі. Әннің негізгі бөлімі де күрделі шумақты құрылым құрайды (АВСД). Қос бөлімді қайырма шумақты қайталамайды (ЕF). Әндегі мәтін мен әуез синхронды сабақтасса да, декламациялық сипат алған әуезде репетициялы дыбыстық қайталаулар жиі кездеседі. Олар ән мәтінінің мән-мағынасының мазмұнын айқын жеткізеді.

«МЕРКІ»

Қапездің «Меркі» деген шығармасы кәсіби әннің «өзін таныстыру» тобына жатады­ (Әнді – Жібек Байғабылкеліні, жыршы, Қапездің шәкірті Нұрақын Қасымбекұлы және Әтен Майлықызы, Жетенова Зибадан жазып алып жариялағанбыз. Алғаш эфирге шығарған әрі Алматы консерваториясының фольклор кабинетіне жаздырған – Ғалымжан Досанұлы). Мұнда Қапез туған жерге деген сүйіспеншілікпен бірге, өз өмірінің кезеңдеріне қысқаша тоқталып баға береді. Сазгер қарапайым қара өлеңнің ерекшеліктерін күрделендіреді (3-суретте). 11-буынды өлең құрылымы ән әуезінің цезуралы бөлінуіне келгенде асинхронды құбылысты қолдану нәтижесінде өлең құрылымына сай екі емес, үш музыкалық сөйлемге бөлінген. 1-сөйлем – жеті буын, 2-сөйлем – жеті буын, 3-сөйлем – сегіз буын. Және осы құрылым қайырмада да қайталанады: 3-cөйлем 7-буын, 7-буын және 8-буын болып бөлінген. Әннің әуездік дамуын кесте түрінде былайша көрсетуге болады:

шумақ           қайырмасы А       А1         В                А2       A3     B 7-буын 7-буын 8-буын 7-буын 7-буын 8-буын

Яғни қайырма шумақ әуезін дамыта, жетілдіре қайталайды. Жалпы ән құрылымы – қайталанған қос тармақ. Әр жеті не сегіз біркелкі ырғақпен келген тармақтың соңы қосынды ырғақпен аяқталып отырады. Ол әннің музыкалық дамуына белгілі бір реттілік сипат береді. Ән иірімі қайталанбалы және квинтадан аспайды.

ҚАПЕЗ ӘНДЕРІНЕ ТӘН  ӨЗІНДІК СИПАТТАР

Қорыта айтқанда, талданған Қа­пез­дің төрт әнінен сазгердің жеке қол­таңбасына тән ортақ ерекше­ліктерді байқауға болады: – Талданған төрт әннің бәрі авто­биографиялық туындылар. Ал олардың жанрлық топтама­сы әртүрлі: өзін та­ныс­тыруға арнал­ған; елмен, жермен қош­тасу ниетімен шы­ғарылған; көзімен көріп, көңіліне түйген құбылыстар мен оқиғаларға құ­рыл­ған; өмір мен өлім, жақ­сы­лық пен жаман­дық, сатқындық пен дос­тыққа адалдық ұғым-түсініктері фи­лософиялық психологизмге құрылған әндер. Әндер тақырыбы әншінің жеке өмірінен гөрі қоғамдағы саяси қай­шылықтар, адам мен қоғам тартысы, адам өмірінің маңызы терең фәлсафа дәрежесінде қорытындыланады. Сондықтан Қапез әндерін Жетісу мек­тебінің лирикалық-психологиялық тар­мағы деп бағалауға тұрады; – Талданған төрт әннің үшеуі V-сатымен басталып, алғашқы меложолда төменгі субквартаға немесе жоғарғы V-сатыға тоқталады. Ол сазгердің әнші ретіндегі жеке интонациялық иірімі болса керек. Жетісу әндерінде жиі кездесетін пентатоникалық дыбыс қатары талданған Қапездің төрт әнінде қолданылмайды; демек, бұл – Қапездің қазақтың ән әуезіне қосқан өзіндік қолтаңбасы деп тануға тұратын жаңалығы. – Әндерінің ырғақтық дамуына реттілік, бірқалыптылық тән. Әдетте, тар­мақ соңы қосынды ырғақпен өрнек­телсе, қалған бөлігі біркелкі ырғақпен өрбітіледі; – Төрт әннің төртеуі де өлең құрылымы жағынан 11-буынды болса да тек екеуі ғана қара өлеңнің қалыптасқан музыкалық құрылымы – қайталанған қос тармақты негіз етсе, қалғаны шумақты құрылым құрайды; – Қапез әндерінің екеуінде кәсіби әншілерде ғана пайда болатын төрт меложолды ән құрылымы анықталды (АВСД). Ол әнші шығармашылығында музыкалық құрылымның күрделенуін көрсетеді; ­Демек, Қапез де дара шығармашылық стилін айқындауға саналы түрде барған сазгер деп нық айта аламыз. – Төрт әннің ладтық құрылымы әдет-ғұрып сарындарының дыбыс қатарына сүйенеді. Ол квинта көлеміндегі дыбыс қатарына (I-II-III-IV-V) төменнен субкварта қосу арқылы октавалы деңгейге жеткізіледі; Демек, Қапез дәстүрлі ән иірімдерінің шеңберінен мүлдем алыс­тап кетпей, соған жақын өрнекті тапқан жаңашыл сазгер. – Талданған төрт әннің екеуінде өлең мен ән асинхронды сабақтасуы нәтижесінде қайталанған қос тармақ ырғақ тарапынан 7 не 8 буынды бөліктерге бөлінді; – Қапез әндерінің төртеуінің де көлемді (тіпті көлемі шумақтан асып түсетін) лексикалы қайырмасы бар, ол шумақ мазмұнын толықтыра, айқындай түседі. Ал Жетісу қара өлеңдерінде көптеп кездесетін шумақ соңындағы қысқа қайырым Қапезде қолданылмайды; Қайырмасы әдетте әннің негізгі шумағына қайшы келмейді, керісінше, оны дамытып, толықтыра түседі. Бұл тағы да ұлттық дәстүрлі ән өнеріндегі Қапездің өзіндік айшығын айқындайды. – Домбыра сүйемелі төкпе дәстүріндегі қос дауыстылықпен басталса, шумақ ішінде бір дауысты шертпемен ән әуезін қайталап, әнші дауысына қосарланады.

ТҮЙІН

Жетісу кәсіби әншілік дәстүрінде Қапез Байғабылұлының шығармашылық мұрасы айрықша орын алады. Сазгерді ойшыл,­ философ деп тану керек. Терең психологизмге құралған әнші туындылары – өмірдің қиын өткелдерінің жемісі. Өйткені көреген Қапез өмір болмысын ән арқылы шынайы баяндайды. Әншінің әуездік-мәтіндік көркем тілі күрделі. Поэзиялық мәтінде философиялық теңеулер, параллелизм, астарлы мағынадағы сөздер жиі әрі үйлесімді қолданылады. Қапез әндерінің музыкалық құрал­дарында жоқтау, қара өлең және кәсіби әннің ерекшеліктері үйлесім табады. Фригий тетрахордының интонациялары, асихронды құбылыстың әсерінен 11-буынды өлеңнің әнімен айтылғанда 7-8-буынға айналуы, ауыспалы мағынадағы емеурін сөздер – бұл әдістер Қапез әндерін жоқ­тау­мен­ байланыстырса, ал 11-буынды,­ қос тармақты құрылым, ­октава диапазоны,­ Жетісу қара өлеңдерінде қалыптасқан лексикалы қайырманы қолдануы Қапез әндерін қара өлең жанрына­ жақындатады. Әнші мұрасында ән арқылы өзін таныс­тыру тақырыбының болуы, секірісті инто­нациялар арқылы октавалы диапазонды еркін игеру, ән құрылымдарында қос тармақты әндермен бірге шумақты құрылымдардың кезігуі (АВСД), әдетте қайырмада ұдайы әуендік өзгерудің жалғасуы және қайырмада басқа әуеннің енгізілуі, асинхронды құбылыс Қапез әндерінің кәсіби ән өнеріндегі жетістіктері болып есептеледі. Осы дәстүр­лердің үйлесімді сабақтасуымен Қапез әншілігінің жеке қолтаңбасы анықталады.

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты, өнер зерттеушісі

Рамазан Стамғазиев, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, музыкатанушы

4053 рет

көрсетілді

82

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы