• Білім және ғылым
  • 08 Тамыз, 2019

ӨМІРІ – ӨНЕГЕ

Жақында А.Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада табан аудармай 20 жыл еңбек еткен кітапханашы, қоғам қайраткері Дәрия Әбіқұлқызы Сарқытпаеваның 70 жасқа толуына орай кітапхана ұжымы әдеби-сазды кеш өткізді. Ардагерін ардақтаған ұжымның ұйымдастырған мәдени іс-шарасына Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрамына енетін 26 кітапхананың жас кітапханашылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дәрия Әбіқұлқызының әңгімесіне құлақ салсақ, 1972 жылы Алматы қаласына келгенде алғаш табан тіреген жұмысы – осы А.П.Чехов атындағы кітапхана екен. Ардагер кітапханашы тәжірибесін, өмірден көрген-түйгенін, басынан өткен қызықты жайттарды ортаға салды. «Мен үшін бүгінгі кездесудің орны ерекше. Өткен күнді еске алып, бүгін тарихқа айналған әдемі күндерім көз алдыма елес­теп отыр. Бұл жерде жиырма жыл жұмыс істеп, төрт перзентімді өмірге әкелдім, өсіп-өндім. Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымай, тек алға жылжумен болдық. Алғаш қалаға келгенде тіркеусіз қызметке тұру мүмкін емес еді. Соған қарамастан осы кітапханаға жұмысқа тұрып, жан-тәніммен беріле қызмет атқардым. Әдеби кеш, кездесу, сырласу кеші деп сан алуан мәдени-рухани шараларды ұйымдастырдық. Бұл киелі шаңыраққа кім келмеді?.. Ә.Тәжібаев, М.Хакімжанова, Ф.Оңғарсынова, О.Бөкей... секілді көптеген танымал тұлғалардың әңгімесін тыңдадық. Кітапхана қара шаңырақ қой, студенттер мен оқушылар кездесуді өте жақсы көретін. Әсіресе Қыздар институтынан ағылып келетін еді. Жастарға ерінбей еңбек етіңдер, адал еңбек қашанда төрге шығарады дегім келеді. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, еліміз жарық жұлдыздай жарқырай берсін» деген тілегін жеткізді. Кездесу барысында қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Османова ардагер кітапханашының адамгершілік қырларына, қазақ қызына тән қасиеттеріне тоқталып, әйелдің жетістікке жетуі ең алдымен отбасындағы береке-бірлікке байланысты екенін атап өтсе, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Әйтенова кеш кейіпкерінің еңбекпен қатар өрілген өмірінен тәлім-тәрбие алып келе жатқанын жеткізді. Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Қасымбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, қазақ әйелдеріне үлгі болып келе жатқан ардагер кітапханашыға ұжым атынан сый-сияпат жасады. «Біз Дәрия Әбіқұлқызының шәкіртіміз. Алматының төріне келіп, жұмысын кітапханадан бастады. Еліміздің белгілі тұлғалары мен оқырман арасындағы алтын көпір болды. Ұрпақ тәрбиелеуде орасан зор еңбек сіңірді. Наурыз мерекесі, «Қыз сыны», «Жігіт сыны», ақындар айтысы секілді ұлттық құндылықтарды дәріптеуде үлгі көрсетті» деді ол өткен күндерді еске алып. Дәрия Сарқытпаеваның өмір жолына үңілсек, 1963 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне түсіп, еңбек жолын Луговой ауылындағы кітапханадан бастаған. Одан әрі Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы кітапханада еңбек еткен. Жұмыстан қол үзбей, Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын бітіреді. 1972 жылы Алматыға ауысып, А.П.Чехов атындағы кітапханада кітапханашы, аға кітапханашы, бас кітапханашы, үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі болды. 1991 жылдан арнайы шақыртумен Қазақстан Республикасының шет елдермен достық және мәдени байланыс қоғамында қызмет атқарса, 1997-2003 жылдары «Алматы Бөбек» қайырымдылық балалар қорының атқарушы директоры болды. Қажырлы еңбегі бағаланып, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10, 20, 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Намыс» орденімен марапатталды. Әдеби-сазды кеш барысында Дәрия Әбіқұлқызының жүріп өткен өмір жолынан көрме ұйымдастырылып, ән-жырдан шашу шашылды.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

1252 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы