• Руханият
  • 08 Тамыз, 2019

Өркендеудің берік діңгегі

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын айта келе, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды­ ұсынған болатын. Сондай-ақ Елбасы мақаласында бағдарлама арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютермен жабдықтауға, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болатыны айтылды. Бүгінде аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан игі істер көп.

«ТУҒАН ЖЕР» – БІРЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ

Түркістан облысының аудан-ауылдарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында әлеуметтік нысандар, спорт алаңдары мен өзге де пайдалы ғимараттар салынып ­жатыр. Биылдың өзінде облыста сәуір айынан бері демеушілер есебінен 19 нысан ел игілігіне тапсырылған. Сонымен бірге 12 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа кейіпке енді. Нақты мысалдар келтіретін болсақ, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында балалар ойын алаңшасы салынса, Қызылкөлдің мәдениет клубына сахна орнатылған. Сондай-ақ осы ауданда ат ойындарына арналған атшабар алаңы ашылған. Ал Бәйдібек ауданында құны 4 млн теңгеге жуық «Жастар аллеясы» бой көтерсе, Түркістан қаласында «Ертегілер әлемі» атты үлкен балабақша ­салынды. ­Ордабасы ауданы Төрткөл ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілген. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасап жүрген кәсіпкерлер де аз емес. Мысалы, Түлкібас кентінің тұрғыны көп ­балалы ана Айымкүл Маткаримова өз отбасы атынан кент орталығынан 2 млн теңгеге заманауи­ аялдама салып берді. Осылайша,­ кәсіпкер қоғамдық көлік тосқан тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасады. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, Түлкібас ауданы Иірсу ауы­лына жұрт қызыға қарайды. Өйткені жеке кәсіпкер Әбілхан Дауылбаев­ секілді арқа сүйер азаматтары бар. Кәсіпкер ертеректе аудан орталығына көшіп кетсе де, ауылын ұмытқан емес. Биыл туған ­ауылына демеуші ­болып, 9 млн теңгеге соңғы үлгідегі түнгі жарық шамдары мен 64 жаңа темір-бетонды электр бағаналарын орнатқызып, тиісті ­сымын тартып берген. Ал Созақ ауданына қарасты Қозмолдақ ауылындағы мешітті жеке кәсіпкер Нұрбол Байтелиев­ өз қаржысына ­салып берсе, Сызған ауылындағы мешіт ауыл тумасы Сембі Алдасүгіровтің демеушілігімен ел игілігіне тапсырылды. Өңірде «Туған жер» бағдар­ламасының бір тармағы ретінде ­«Алтын ұям» жобасы да жүзеге асырылуда. Мектеп түлектерінің 10, 20, 30 жылдық мерейтойларын қайырымды іспен өрнектеуді мақсат еткен жоба бойынша түлектер орынсыз салтанат пен ысырапшыл өзге де іс-шаралардан бас тартып, өзі туып-өскен ауылға немесе білім алған мектебіне демеушілік жасауда. Мысалы, биыл Түркістан қаласындағы «Бекзат» шағынауданының 1999 жылы мектеп бітірген түлектері бір отбасыға баспана салып берді. Сонымен бірге Бәйдібек ауданында 1982 жылы туған азаматтар аз қамтамасыз етілген отбасыға үй әперді. Шардара, Түлкібас, Төле би аудандарының түлектері де көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға пәтер сыйлап, сауапқа кенелді. Туған ауылдарына жаттығу және футбол алаңдарын, спорт кешендерін салуды жақсы үрдіске айналдырғандар да аз емес. Мысалы, 2019 жылдың сәуірінен бері өңірде 10 спорттық нысан ашылып, біреуі толық жөндеуден өткен. Ауылды абаттандыруға атсалысып жүрген түлектер де көп. Тіпті туған ауылына мектеп салып беріп, ел қошеметіне бөленген жандарды тұрғындар мақтан тұтып, жастарға үлгі етуде.

Жалпы өңірде «Туған жер» жобасы ­бойынша алдыңғы жылы құны 6 млрд теңгеден астам қаражатқа 473 жоба жүзеге асырылған. Ал 2018 жылы демеушілер ­тарапынан құны 3 млрд 386 млн теңгені құрайтын 97 нысан іске қосылған болатын. Аяқталған 97 нысанның 28-і білім мекемелерінің құрылысы, 2-еуі медицина мекемесі болса, 12-сі жаңа салынған спорт нысандары және 2-еуі қайта жөнделген спорт алаңы. Сонымен бірге 15 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, ­5 ­нысан қайта жөндеуден өткен. Абаттандыру­ ­бойынша 30 жоба іске асырылған. Ал «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында биыл құны 29 млрд 767 млн теңге болатын жоба мен шаралар жүзеге асырылуда. Иә, Елбасы мақаласында айтылғандай, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру де маңызды. Туған жерінің тарихынан сыр шертетін әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзенін, халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс. Бұл орайда Елбасы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қажеттігін нақтылаған болатын. Осы орайда айта кетелік, Түркістан облысынан 20-дан астам нысан республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлер тізіміне енгізілген. Ал 60-тан астам тарихи-мәдени ескерткіштер облыстық маңызы бар қасиетті, киелі орындар тізіміне кірген. Осы нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын және Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Үкаша ата кесенесіне баратын автокөлік жолын салу, автотұрақ және орындықтармен қамту, Аппақ Ишан мешітінің шатырын ретке келтіру жұмыстары да қолға алынған.

ӨҢІР ТАРИХЫ – ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ

Елбасы Н.Назарбаев «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп, тарихтың біз үшін қаншалықты маңызды екенін атап өткен болатын. Ал тарихи деректер мен жәдігерлердің шоғырланған жері – ол, әрине, мұражай. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау қажет деп санайтынын, мұрағат деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталық түгелдей цифрлық форматқа көшкенін айта кетелік. Аталмыш орталықта бірқатар тұлғалардың мемориалды музейі орналасқан. Жалпы Түркістанға қадам басқан зияратшылардың, туристердің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының аймағына қызығушылығы басым. Кесенеге таяқ тастам жерде Түркістан қаласының тарихи-мәдени этнографиялық орталығы орын тепкен, мұражайлар бір-біріне өте жақын, әрі келушілер қиналмай таба алатын жерге шоғырланған. Көпшілік, әсіресе жастар жиі баратын тарихи орындардың бірі – 1995 жылы қайта құрылған Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени мұражай. Жиырма үш жыл ғана ғұмыр кешіп, көп іс тындырып үлгерген халқымыздың аяулы перзенті атындағы мұражай орналасқан ғимарат ХХ ғасырдың басында күйдірілген кірпіштен салынған архитектуралық ескерткіштер қатарына жатады. Мұражай қорында 2114 жәдігер тіркелген. Жәдігерлердің ең құндысы – Саттардың өзі отырған мектеп партасы мен патефоны. Мектеп партасының арқалық тақтайына ірі-ірі ­латын қаріптерімен жазылған жазуға көзіңіз түседі. Бұл жәдігерді түркістандық Елтай Бимағанбетов қария тапқан екен. Яғни Саттар бала осы партада отырып білімге сусындаған. Алғашқы ұлттық техникалық интеллигенция өкілдері сомдалған «Менің құрдастарым» сынды романды дүниеге келтірген Саттардан бұрын мектепте тағы бір ұлт қайраткері – Сұлтанбек Қожанов оқыған екен. Одан бөлек Түркістаннан қанаттанған тау тұлғалардың жәдігерлері келушілердің рухын биіктете түседі. Қаланың, қазақтың спорты туралы сөз қозғағанда алдымен еске түсетін Әбдiсалан Нұрмаханов, Октябрь Жарылғапов, Бекзат Саттарханов, Қайыс Аққалиев секілді спорт майталмандары жайлы мәліметтер де орналастырылған. Музейге алғашқы жартыжылдықта, бірлі-жарым шетелдіктерді қоса есептегенде, 1400-ден аса қонақ келіпті. Саттар Ерубаев әдеби-мәдени мұражайынан шамамен 150-200 метр жерде облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталық орналасқан. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін орталықтың экспозиция­сы «Ерте дәуірдегі Түркістан тарихы»,­ «Орта ғасырлық Түркістан тарихы» , «Шыңғыс хан мен Әмір Tемір дәуіріндегі Түркістан тарихы», «Оңтүстік Қазақстан жеріне ­Ислам дінінің таралу тарихы», «Қожа Ахмет ­Ясауи ілімі мен мұрасы», «Қазақ хандығы тарихы­ және Түркістан – қазақ хандығының Ақордасы», «ХІХ-ХХ ғасырлардағы Түркістан тарихы», «Тәуелсіз Қазақстандағы жаңа Түркістан» сынды негізгі сегіз бөлімнен тұрады. Жалпы 6000 экспонаты бар мұражай директорының орынбасары Тұрар Шамшитдинұлының айтуынша, негізі Ресей, Қытай секілді мемлекеттерден туристер көп келеді. Шетелдіктерді, әсіресе 16 қанатты киіз үй мен хан тағы қызықтырады екен. Облыстық тарихи-мәдени этнографиялық мұражайдың балансындағы тұңғыш ­дипломат Нәзір Төреқұлов мұражайының ең құнды жәдігері – дипломаттың патефоны мен жұмыс үстелі. Ал мұражайдың кино залында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге қатысты тарихи-деректі фильмдер қонақтардың сұранысына қарай қойылады. Олардың арасында режиссер Т.Ахметтің «Нәзірдің жарық жұлдызы» фильмі де бар. Сондай-ақ қаладағы теміржол вокзалына жақын орналасқан Нұртас Оңдасынов атындағы мемориалды мұражайға келушілер қатары да көбейе түсуде. Мұражайда Нұртас Оңдасыновтың тамақтанған ыдысы, қаламы, жұмыс үстелі, жазу машинкасы, патефоны, қалта сағаты, костюмі сынды өзі қолданған заттар көп. Экспонаттар арқылы Оңдасыновтың әлеміне еніп, өмірбаянымен танысуға мүмкіндік мол. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Осы орайда Н.Оңдасыновтың есімімен аталатын саябақ аумағында орналасқан мұражай қызметкерлері негізінен оқушылардың көптеп келетінін айтуда.

ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі деректерге жүгінсек, Кенесары хан өмірден озғанда артында бес баласы қалған. Ұлы Ахмет Сұлтан сол кезде небәрі 5 жаста болыпты. Бес ұлына әкелерінің бес заты үлестіріліп беріледі. Сонда Ахметке қылыш бұйырған. Ахмет қылышты көзінің қарашығындай сақтап, ұлы Әзімханға ақыл тоқтатып, ержеткесін тапсырыпты. Әзімхан Шымкент қаласында дүниеге келіп, осында ғұмыр кешкен. Сталиндік зұлмат жылдарда ол атадан қалған мұра – қылышты қара сандықтың түбінде сақтаған екен. Алмағайып кезеңде, яғни 1931 жылы Әзімхан Кенесарин әкесі аманаттап қалдырған қылышты сенімді жерге тапсыру мақсатында музейге әкеліпті. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының немересі Ә.Кенесарин 1937 жылы ату жазасына кесіледі. Тәуелсіздіктің таңы атқанға дейін музей қызметкерлері қылышты жұрт көзінен тасада ұстауға мәжбүр болды. «Хан Кененің қылышы – біздің ең құнды жәдігерлеріміздің бірі. Ол музейіміздің «фишкасы» деуге де болады. Әр өңірге барғанда қылышты міндетті түрде көрмеге қоямыз. Көрмеге Қарағанды, Маңғыстау өңірінен «Біз Кенесарының ұрпақтары едік» деп келіп жататындар көп. Әрине, тарихымызға, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге қызығып, оны бағалайтын ұрпақтың өсіп келе жатқаны бізді қуантады» дейді музей қызметкері, бөлім меңгерушісі Гүлмира Лазар. Біз әңгімелеп отырған тарихи-өлкетану музейі – еліміздегі алғаш болып құрылған мұражайлардың бірі. Оңтүстік өлкенің табиғаты мен тарихын, ежелден желісі үзілмей жеткен салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениеті мен өнерін паш ететін жәдігерлерді жинақтап, сақтап, бұқара халыққа таныстырып, болашақ ұрпаққа насихаттап келе жатқан облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1920 жылы қаланған. Деректерде мұражайдың негізін Шымкенттің тұрғыны, этнограф, тарихшы, география қоғамының мүшесі Борис Тризна­ қалағаны айтылады. Алғашқы уақытта оның міндеті қала мектептерін көрнекі оқу құралдарымен қамтамасыз ету болған, сондықтан да ол «Сырдария халық ағарту бөлімінің педагогикалық зертханасы және педагогикалық мұражайы» болып аталды. 1925 жылы музейге қайта құру жұмысы жүргізілді. Оған ортаазиялық табиғат және көне ескерткіштерді қорғау Кеңесінің ғылыми қызметкері М.Е.Массон қатысқан. Оның қайта құру жұмысы жөніндегі есебі мұражай қорында сақтаулы. Кейіннен музейдің жұмысы күнгейлік өлкенің өндіргіш күштері мен тарихын зерттеу ісі бойынша екі бағытта жүргізілген. 2014 жылы ОҚО тарихи-өлкетану музейі заман талабына­ сай салынған жаңа ғимаратқа көшті. Оны Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына­ жасаған іссапары ­барысында телекөпір арқылы ашқан болатын. Аумағы 2541,81 шаршы метр болатын музей «Табиғат, палеонтология, археология», «Этнография», «Қазақ хандығы және жаңа заман», «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын төрт экспозиция залынан тұрады. Алғашқы бөлімде өңірдегі өсімдік әлемі, минералды байлықтар мен алғашқы адамдардың өмір сүрген заманынан қалған құрал-сайман, керек-жарақтар орналас­тырылыпты. Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия институтының директоры, тарих ғылымының докторы Бауыржан Байтанаев­ «История Шымкента» атты ғылыми еңбегінде Шымкенттің 2200 жылдық ­тарихы бар еліміздегі ең көне қаланың бірі екенін нақты дәлелдер келтіре отырып жазған. «Өйткенi қала маңынан табылған заттар сөзiмiздiң нақты дәлелi. Ең бастысы, бiз Шымкенттiң тарихы өте тереңде жатқанын бiлдiк. Қазақтарда қала мәдениетi бар екенiн ұғындық. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi ІІ ғасырдан басталатын деректер мен ХХІ ғасырда жүргiзiлген зерттеулердi негiзге ала отырып, қаламыздың жасы, шамамен 2200 жыл екенiн анықтадық» деген өз еңбегінде ғалым. Дәлелді заттардың бірі, бүгінде музей сөрелерінен орын алған хұм – 2004 жылы қаладағы Тәуелсіздік саябағы салынып жатқан кезде кездейсоқ табылыпты. Қазба жұмысы кезінде хұмның бір шеті бұзылған. Музей қызметкерлері реставрация жасап, жәдігерді қалпына келтірген. «Ислам діні орнағанға дейін осы территорияда мекен еткен жергілікті халықтар зороастризм дінін ұстанған. Зороастризм заңы бойынша, адам қайтыс болғаннан кейін оның денесін әдейі айдалаға аң-құсқа жемтік болсын деп тастаған. Кейіннен мәйіттің сүйектерін жинап алып осындай хұмға салып, жерлеген. Хұм деген кәдімгі құмыраның үлкені. Музейге келушілерге ішіндегі сүйектер көрініп тұрсын деп, реставрация кезінде мамандарымыз хұмның бір шетін әдейі ашық қалдырды» дейді музей қызметкері. Кездейсоқ табылған жәдігер хұм ғана емес. Музейдегі ақ құлпытас ескі қала маңынан табылған. Музей қызметкерлері 1970 жылы осы маңнан өтіп бара жатып, әйелдер үстіне қырыққабат турап отырған бір көне затқа көзі түседі, құлпытастың бетінде әлдебір жазулар бар екенін аңғарады. Мұның бағалы жәдігер екенін білген мамандар музейге жеткізеді. Ғалымдар тексере келе құлпытаста «Бұл құлпытас Алланың нұры жауған адамның құрметіне қойылған» деп жазылғанын анықтайды. Алайда құлпытастың нақты кімге қойылғаны белгісіз. Музейдің қазақ хандығы және қазіргі заман залында – XV ғасырда Қазақ хандығының пайда болуы, нығаюы, әкімшілік-саяси, мәдени өркендеуінен ақпарат беретін, XV-XVIII ғасырларға ­жататын жәдігерлер – көне кітаптар, қыш құмыралар, қару-жарақ түрлері қойылған. XIX ғасырда Оңтүстік өлкесінің Қоқан хандығы, Ресей патшалығының құрамында болуы, КСРО-ның құрылуы, сол кезеңдегі облыстың экономикалық-саяси, мәдени жағдайын көрсететін жәдігерлер бар. Ал этнография залында ерекше әсемделген киіз үй бірден көзге түседі. Қазақтың атақты палуаны, күш атасы Қажымұқан бабамыз ел аралап, өнерін көрсетіп жүргенде үнемі осы киіз үйді алып жүріпті. Соның ішінде демалып, түнеген екен. 1940 жылы палуан әлгі киіз үйді Шымкентте тұратын досына сыйға беріпті. Күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбының ұрпақтары киіз үй музейде тұруы тиіс деген ниетпен 1970 жылы осында тапсырған. Қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс-жоралғысынан сыр шертетін залда ұлттық әшекей бұйымдар көп. Ал Тәуелсіз Қазақстан залында – ел Тәуелсіздігі жарияланған Декларациядан бастап, Мемлекеттік рәміздер, Ұлттық валютаның шығарылуы, Қорғаныс күштері туралы мәліметтер мол. Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде облыстың экономика, ауылшаруашылық, өндіріс, мәдениет, спорт салаларында жеткен жетістіктерін көрсететін жәдігерлер қойылған. Әрқайсысының өзіндік оқиғасы, тарихы бар. Жәдігерді іздеу, зерттеу, сақтау, ­насихаттау сынды үлкен күш-жігерді, табандылықты, ізденімпаздықты, терең білімді талап ететін музей ісі оңай емес. Бұл орайда музей ұжымының еңбегі бағаланып, 2016 жылы республика бойынша «Облыстық дәрежедегі үздік мемлекеттік музей» ­номинациясын жеңіп алды. Мамандардың дерегінше, жыл көлемінде облыстық музей және секторына 213 820 адам келген. Жыл ішінде 94 тұрақты және жылжымалы көрме ұйымдастырылған, 4521 экскурсиялық қызмет көрсетіліп, 295 лекция оқылған. 51 көпшілік іс-шара өткізіліп, 2115 жәдігер жинақтаған. Бүгінгі таңда мұнда жалпы 108 108 жәдігер сақтаулы. Қала тұрғындары, шетелдік қонақтар, әсіресе мұражайдың этнография залында жасақталған ұлтымыздың әшекей бұйымдары, ұлттық қолөнер, тұрмыстық заттарына қызығады екен. Халқының тағылымы мол тарихы­ мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық ­басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалайтынын білдірген Елбасы Н.Назарбаев бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – «неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақ­тап, аман алып шығатын символ­дық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы» екенін атап көрсетті. «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу, БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде мықтап айналысуы­ керектігін айтты. Осы орайда Түркістан ­облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихы терең Түркістан» атты ақпараттық туры өтіп жатқанын айта кетелік. Бұл жобаның мақсаты – өңірдегі киелі орындар тізіміне енген нысандарды ­таныстыру, ­насихаттау, танымалдығын арттыру, тарихи сананы жаңғырту және ішкі туризмді ­дамыту. Баспасөз туры аясында қатысушылар өңірдегі 40 киелі орынға ­саяхат жасап, жұртшылыққа насихаттайтын болады.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ

Түркістан облысы

1090 рет

көрсетілді

41

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы