• Қоғам
  • 08 Тамыз, 2019

Жастар – ел келешегі

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Жастар жылы аясында жас суретшілер шығармашылығын қолдау мақсатымен «ArmandaStar» топтық көрмесін ашты.

Республикалық көрмеге Нұр-Сұлтан, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе, Петропавл қалаларының кәсіби маман ретінде енді танылып келе жатқан жас суретшілері өз туындыларын ұсынды. Көрмеге Людмила Айтуарова,­ Дилором Әшірбекова, Әлия Амренова, Гүлбарам Асқарова, Темірлан Әбенов, Нұрболат Базарбаев, Бақыт Жораев, Гүлнара Дайырова, Айгерім Кәрібаева, Азамат Нұртазин, Наркес Иманғазы, Мейрман Ілиясов, Айдана Құлахметова, Валерия Сергеева, ­Анеля Хакімова сияқты жас суретшілер қатысты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: ­«Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, жастарды қолдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Жастар – әр мемлекеттің келешегі. Бүгінгі көрме де талантты жастарды қолдау үшін ашылып жатыр. Қазақстанның өнері дүниежүзіне танылып келеді, жас­тарды да осы қатарға шығарғымыз келеді. Бүгінгі көрме олардың алғашқы қадамы, келешекте бұл суретшілер үлкен көрмелерге қатысатынына кәміл сенемін» деп пікірін білдіріп, жас суретшілерге сертификат табыстады. Жас суретшілердің шығармашылықтарынан жаңа ізденістерді, бейнелеу тілін қалыптастыруға деген талпынысты, өткенмен сабақтастықты көруге болады. Экспозицияда бейнелеу өнерінің кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер, цифрлы кескіндеме сияқты түрлері қойылған. Шығармалардан түрлі бейнелеу құралдары арқылы өткеннің және бүгінгі күннің көрінісін тамашалауға болады. ArmandaStar – болашақта қазақ бейнелеу өнерінің жарқын бейнесіне айналар талантты суретшілер. Көрме экспозициясына түрлі тақырыптағы жұмыстар қойылды, осыған орай әр суретшінің шеберлігін, өзіне тән ерекшелігін айқын байқауға болады. ­Дарынды суретшілердің туындылары аталған көрмеге тұңыш рет ұсынылып отыр. Кейбір шығармалар «ArmandaStar» көрмесіне арнайы салынғанын атап өткен жөн.

Смайыл БАЗАРБАЙ Нұр-Сұлтан

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы